Ақындардан «Шабыт» қашты ма?

logoАстанада дәл осы күндері «Шабыт» өтіп жатыр. Біраздың шабытын шақырса, біраздың шабытын қашырған бұл фестивальдың нәтижесі шыға жатар... Бірақ біздің айтпағымыз – «кімнің өліп, кімнің қалғаны» емес, қаймағы сылынып, көк сүті қалған кей «құбылыс» хақында. «Сүт сұрай келіп, шелегіңді жасырма» де­ген, ендеше, мынаған назар аударыңыз­шы: Биыл он алтыншы жылға қадам басқан халықаралық «Шабыт» шығармашыл жас­тар фестивалі ұйымдастыру комитеті­нің шешімі бойынша төмендегі номинация бойынша өтеді: І. «Классикалық музыка» номина­ция­сы (Ағаштан жасалған үрмелі ас­пап­тар, мыс­тан жасалған үрмелі ас­пап­тар, соқпалы аспаптар, баян-аккор­деон) ІІ. «Бейнелеу өнері» номинациясы (мүсін өнері, сәндік-қолданбалы өнер). ІІІ. «Халық музыкасы» номинациясы (халықтық аспаптар ансамблі). ІV. «Эстрадалық вокал» номинация­сы. V. «Үздік әдеби шығарма» номина­ция­сы (проза). VI. «Хореография» номинациясы (ха­лық биі). Кілтипан неде? Осыған дейін 15 байқауда қатардан та­былып келген ақындар енді неге биыл он алтыншы лектен аластатылып, журна­лис­тер неге есіктен сығалай да алмай қал­ды? Онсыз да ешкім басынан сипай қой­ма­ған ақындардан енді «Шабыт» та қашты ма? Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері: – Онсыз да ақындардың қаламақы алмастан өз күнін өзі көріп жүргелі 20 жылдан асты ғой. Оларды жылына бір рет те болса «шабыттандыратын» «Ша­быт» бар еді, енді одан да қағылуы, меніңше, бұл – қып-қызыл қиянат! Осы­ған дейін қыс артынан көктем ке­лер деп үміттеніп келген ақындардың ендігіде үміт оты жалп етіп сөнбесе болғаны. Ең болмаса ақындар бірін-бірі танып, бірінің аты озғанына екін­шісі мәз болып, өздерін сәл де болса қоғамға керек деп санап жүрер еді ғой. Бүгінгі жастың өлеңін оқысаң, мұң мен қасіретке тұнып тұр. Жүрегіңді жылы сезімге баурап, көңіліңді шалқытатын жыр неге тумайды деуші едім? Сөйт­сем, алдағы күннен үміт күте алмайды екен ғой. Енді – «Шабыт­тың» да ақын­дар мен журналистерді өгей ұлдай өзек­ке тепкені...  Себебі ақын – ұлттың сөзі, ұлттық ой­дың қайнар бұлағы, жыраулардың үні мен кешегі Махамбеттің мінезі осы ақындарда еді... Айдос СӘДУАҚАСОВ, журналист: – Мен өзім 2006 жылғы «Шабыт» халықаралық фестивалінің журналис­ти­ка саласы бойынша лауреатымын. Сон­дықтан бұл байқаудан поэзия мен жур­налистиканың шеттетіліп қалғаны­на үз­іл­ді-кесілді қарсымын. Қазақ «Өнер алды – қызыл тіл» деген. Біз қазіргі кезде көр­кем сөз бен мәнерлі, жатық сөйлеуден айырылып бара жатқан халықпыз. Қа­зір­гі біздің тілімізде жар­гон, қала сөзі, кір­ме сөздер өте көп. Сон­дықтан да қа­зіргі буында сөйлеу мәдениеті мен әде­би ойлау жұтаң. Осы олқылықтың орнын толтыруда және қо­ғам­ды ұйыстыруда дәл осы поэзия мен журналистиканың рөлі өте зор. Оның үстіне, қазіргідей ақ­парат­тық майдан­ның қызып тұрған зама­нында әрбір ұлт­тың бес қаруы сай болуы керек. Ал біз дәл керек кезінде неге кереғар іске бет бұрамыз? Керісінше бүгінгі жас ақпараттық технологияны терең меңге­ріп әрі өзінің ұлттық мазмұ­нын сақтап, оны жетілдіруге атсалысуы тиіс. Осы ор­­айда озық оперативті, се­нім­ді, шы­найы журналистиканың өкілдерін тәр­биелеуі­міз керек. Өйткені біз, шыны ке­рек, дәл бүгін шетелдік БАҚ-тың кө­шір­месіне ай­на­лып бара жатырмыз. Біздің журналис­тер­дің бір кемшілігі – ақпаратты беруде заманауи форма бар да, ұлттық мазмұн әлсіз, керісінше жур­налистиканың кей са­ла­сында мазмұн бар, бірақ оны за­ма­науи формада жет­кізе алмаушылық бай­қалады. «Жоқ, жоқ» дей бермей, бізге он­дай жур­налистерді тәрбиелеу керек, ал тәрбие­леуде осын­дай байқаулардың рөлі өте зор. «Шабыт» болсын, жалпы, конкурс атау­лының бір артықшылығы – жас­тар­дың, әсіресе өз болашағын жур­на­лис­ти­ка­дан тапқысы келетін жастар­дың осы салаға деген құштарлығын арт­ты­ра­ды. Және байқаулардың бір жақсы жері оның аясында әртүрлі тәлімгерлік сабақтар өтеді. Сол жерлерде отан­дық озық ойлы мамандар, қоғамда өзін­дік орны бар журналистер өз шы­ғар­ма­шылығын жаңа бастап жатқан журна­лис­тер­ге бағыт сілтейді. Олай болса, біз аталған бай­қауға әлі де болса журналис­тика мен поэзияны қалайда қосуымызға тыры­суы­мыз керек. Әрине, «Шабыт» – біздің еліміздегі өнер мен шығармашылықты жетілдіруге бағытталған жалғыз байқау емес. Жыл сайын БАҚ арасында түрлі бәйгелер мен конкурстар ұйымдастырылып тұрады. Жыр мүшәйралары да жеткілікті. Алайда «басқа ұлдарым – бір төбе, Ертөстігім – бір төбе» демекші, «Шабыттың» да көңілге ұялатар сенімі мен шабыт шақырар бір сиқыры бар. Яғни басқасын айтуға құлқы болмаса да, «Шабыттың» лауреатымын» деген сөзді қай қатысушы болсын мақтанышпен айтары анық. Онсыз да біз «Азия дауысы» секілді кезінде Қазақстанның атын әлемге танытқан әлемдік деңгейдегі ән байқауын уыстан шығарып алдық. Сондай-ақ тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының да тағдыры түсініксіз күйге енді. Енді көзіміздің қарашығындай «Шабыттың» аясын тарылтып, арнасын суалтсақ не болғанымыз? Шығармашыл жастарымыз баз кешіп, еш нәрсе жасауға зауқы соқпай қалса ше? Біз осы жағын, өнердің көңіл күйі мен мәдениеттің жан-жүрегін ойладық па?

Мариям Абсаттар