Орыстар қазақ драмасын "ұлы шығарма" деп бағалады...

Dulat  

Өнердегі  орасан оқиға орыстың солтүстік астанасында өтті

Жақын күндері тәуелсіздік алған кезеңдегі қазақ өнерінің жаңа дәуірі басталды. Былайғы жұрт, бөтен адам байқамаса да, зиялы қауым, білікті билік селт етуге тиіс орасан оқиға орыстың солтүстік астанасында, яғни қазіргі Ресей Президенті В.Путиннің туған жері, кіші отанында өтті. Санкт-Петербург қаласындағы тарихы өте бай Державин Мұражай-үйі театрының сахнасында қазақ драматургінің жаңа шығармасы, тың пьесасы қойылды... Елді елең еткізіп, дүйімді дүрбелеңге салған пьесаның авторы “Орыстың текті тұқымдарының тарихи тұғыры Санкт-Петербург қаласы маған біржола құда түскен сияқты» деген қазақтың аса танымал қаламгері, жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат ИСАБЕКОВ. – Дулат аға, премьера құтты болсын! Орыстың тарихи астана­сының көрермендері сіздің жаңа дүниеңізді қалай қабылдады? – Бұл – менің Санкт-Петербургте қойылып жатқан үшінші пьесам. 20 қазан – менің туылған күнім еді, биыл­ғы жылдың 20-шы қазаны күні Санкт-Петербургте менің «Ескі үйдегі екі кездесу» деп аталатын пьесам «Транзитный пассажир» деген атпен Г.Р.Державин атындағы театрда қойылды. «Транзитный пассажир» – Санкт-Петербургтегі айрықша қойылым болды. Қойылымның жаңалығы – театр дәлізіне кіргеннен бастап, фойеде қазақ музыкасы құйылып тұрды, яғни Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқасы» фортепиано мен скрипканың сүйемелдеуінде әуеледі. Абай әуені орыс көрерменіне қатты ұнады. Бір әйел: «Абайдың ақын екендігінен хабарым бар еді, бірақ композитор екенін білмеппін. Абайдың «Айттым, сәлем, Қаламқасын» әлемдік ұлы музыка қорынының қатарына кіргізу керек» - деп тамсанды. Ресейде білім алып жатқан қазақ жастарының да қуаныштары қойнына сыймай, төбесі көкке жеткендей шаттанды... Бірақ, мені толғандырғаны – орыс­тың еңселі қаласында пьесамның қо­йылып, қошеметке бөленуім емес, ке­меңгер Абайды алаңдатқан қазақтың бой­күйездігі мен қайырымының тапшылығы... Абай заманына кейін арада ғасырда астам уақыт өтті. Әттең, қазақ өзгере алмай келеді. Санкт-Петербургтегі қазақ өнерінің қуанышымен бөлісейін, қазақтың бас газетінің басшысына телефон шалдым. Қаржының аздығын, жердің шалғайлығын сылтауратты. Мен “Өнерде шекара жоқ” дегенді кім айтып еді деп ойладым... Қазақ басылымдарының бірде-біреуі ләм-мим деп жақ ашпады, қазақтың зиялы қауымы да селт етпеді. Шетелде қазақ драматургінің бақандай алтыншы пьесасы қойылды, бірақ “Қазақ үні” газетінен басқа қазақ редакциялары хабарласқан да жоқ. Қазақтың болмысының қаперсіздігіне әрі таңданып, әрі қапаландым... Оңтүстік Кореяда алғаш рет қазақ пьесасы қойылғанда «Қазақ әдебиеті» газетіне арнайы бір беттік мақала беріп едім, сондағы жігіттер: «Мына мақаланы газетке бассақ, біз орнымыздан кетеміз», – деп айтқан көрінеді. Сонда, немене Исабеков «халық жауы» ма?.. Осы күнде «Қазақ әдебиеті» газетінде Дулат Исабековтің аты аталмайды. Менің 70 жылдық мерейтойымда жаратқаннан қысылып, жұрттан ұялғанынан бір сұхбат шығарды. Сосын «Халықаралық театр фестивалі» күні менің пьесаларымды 12 театр (6 театр шетелдік, 6-уы қазақстандық) қойды. Бұл – қазақ мәдениеті түгілі, тіпті, орыс мәдениетінде болмаған ерекше құбылыс. Осы кезде де «Қазақ әдебиеті» бірде-бір мақала жарияламады. Міне, қазақша «кек алу» деген осындай болады... Мен одан мұқалған жоқпын. 70 жылдық мерейтойымда және «Халықаралық театр фестивалі» күнінде Елбасымыз екі рет құттықтады. Бір қызығы, менің шығармашылығым жайлы монография қазақ тілінде емес, орыс тілінде шықты. Оны жазған марқұм филология ғылымдарының докторы Виктор Бадиков. Ертеректе де осындай бір оспадарсыз жағдай болған. Менің «Көкнәр» повесім туралы “Совет әдебиетінде Дулат Исабеков марихуананы бірінші жырлады” деп, орынсыз қара күйе жаққан... – Орыс өнерінің саңлақтары сахналаған жаңа дүниеңіз «Ескі үйдегі екі кездесуде» де әдеттегідей адамның ішкі-жан дүниесіне үңілу мен түңілуден түзілгендей әсер қалдырады. Әйткенмен, қазақ пен орыстың болмысы тым жақын, етене егіз емес. «Транзитный пассажир» көңіліңізден шықты ма? – «Ескі үйдегі екі кездесу» атты пьесамды орыстар «Транзитный пассажир» деп атапты. Оқиға Алматы қаласында өтеді. Спектакльді талдап отыру қазір маған қиынырақ. Дегенмен, орыстар пьесаның ойын, идеясын терең жеткізуге барынша тырысқан. Қойылым барысында қазақ ұлтына тән болмыс-бітім мен қоңыр қарапайымдылықты шынайы бере алмаған тұстар да болды. Барар жолда суық тиіп еді, сахнаға шыққанымда тамағым қарлығып, даусым мүлдем шықпай қалды. Осының өзі менің әділ сындарымды көсілтіп айтуға кедергі етті. Дегенмен, орыс актерларының қазаққа тән емес іс-қимылмен шай құюын, әйелдің қолын еркін сүюін, кейіпкерлердің есімін қазақша дұрыс атамауын ашық айттым. Қойылымның кейбір тұстарында кейіпкерлердің ішкі жан-дүниесін, толғанысын дұрыс бере алмады-ау деген ойға келдім. «Финалын басқаша аяқтау керек» деген ұсыныс айттым. Тағы да кем-кетік жер­лерін толықтыруды тапсырдым. Қойы­лымның басты рөлін сомдаған – Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Виктор Хари­тоновтың өзі қазақ еліне келіп, режиссурадан мастер-класс өткізуге ықылас білдірді. Қазақ: “Айтпасаң – сөздің атасы өледі” дейді, орыстар «Транзитный пассажирге» «Ұлы шығарма» («Гениальное произведение») деп үкі тақты. Бірақ, ол байғұстар Дулат Исабеков үшін 1000 орыстың «Ұлы шығарма» деп ұрандағанының – бір қазақтың “Жақсы шығыпты” дейтін жалғыз сөзіне жетпейтінін қайдан білсін!.. Айнұр АХМЕТ