Айтыс арқылы өз саясатын жүргізбек болған Бекболат Тілеухан айыпталды

3
2906

Қазан айында Астананың төрінде «Нұр Отан» партиясының қолдауымен өткен айтыста Жүрсін Ерман төбе көрсетпеді.

Айтыстың ардақтысы атанған азамат сахна төрі түгілі қазылар қатарында да отырмады. Бекболат Тілеухан мен Мұхамеджан Тазабеков ұйытқы болған жыр сайысына Жүрсін Ерман әдейі бармадым деп отыр. Пікірінше, бұл азаматтар айтыс секілді адал өнер арқылы өз саясаттарын жүргізбек. Бірақ, Жүрсін Ерман айтысты «жеке меншігі ретінде есептемейтіндігін» айтты.

Жүрсін Ерман. Бұл азаматты айтыс десе ішкен асын жерге қоятын қазақтың бәрі таниды. Және халық жыр сайысын Жүрсін Ермансыз елестете алмайды. Алайда, Астанадағы дүркіреген соңғы айтыста, яғни «Нұр Отанның» қолдауымен, Бекболат Тілеухан мен Мұхамеджан Тазабековтың ұйытқысымен өткен жыр сайысында Жүрсін Ерман қарасын да көрсетпеді.

Атамұра өнерін 30 жыл бойы өрге сүйреген азаматтың бұл кеште тіпті аты да аталмады. Алайда Жүрсін Ерманның өзі бұл кешке шақырту алғанын айтып отыр. Бірақ «осыған дейін айтысқа демеуші болу міндетімізге жатпайды» деп бас тартқан нұротандықтар съезд алдында жыр сайысына аяқ астынан ие бола қалғаны шамыма тиді» – деп ашулы. Оның үстіне Бекболат пен Мұхамеджан айтысты қолға алам дегенінен шошыдым деп отыр….

«Мұның ар жағында теріс пиғылдар жатыр деп есептеймін. Дін арқылы ақындардың басын шырмау біраздан бері басталған. Қажылыққа жіберіп, басқаша әсер етіп жатыр. Біздің біраз ақынымыздан айырылып қалдық. Ең талантты ақынымыз Балғынбектің өзі бұлталақтап жүр», – деді Жүрсін Ерман.

Бұған қатысты Бекболат Тілеуханның пікірін білмекке 31 арна тілшілері телефонына хабарласты. Бірақ, Алты Алаш сүйіп тыңдайтын Бекболат Тілеухан іссапарда жүргендіктен бе, жауап ала алмады. Бұған қоса, Жүрсін Ерман Астана күнінде айтыс өткізем дегенде партия қолдамаған деп отыр.

«Егер билік осы мұраны қолдаймыз десе, бұған дейінгі айтыстарды неге көрсетпейді? Өйткені айтысты жекелеген мақсаттарымызға пайдаланамыз деген жігіттердің ықпалы жүріп тұр», – деп налиды Жүрсін Ерман.

Ал Жүрсіннің «шекпенінен» шыққан орақтілді оралдық ақын Бауыржан Халиолла Астанадағы соңғы өткен айтысты «шоу» деп бағалады. Жүрсінсіз айтысты елестету қиын, ал оны киелі өнерден шеттеткені жанға батады деген пікірде.

«Өнербаевтың келіп жүргізуі табиғатын аша алмады. Ең болмаса Жүрсіннің бата берсе, қазы болып отырса қандай ғажап», – деді ақын.

Ал, «Нұр Отан» партиясы Жүрсін Ерманның өкпесіне ешқандай қатысымыз жоқ деп ресми түрде жазбаша жауап берді.

Партия қаржылай көмек көрсетпепті, тек ұйымдастырушылық және ақпараттық демеу білдірген.

Айтыстан түңілдім деген Жүрсін Ерман алдағы тәуелсіздік күніне орай тендер жарияланған жыр сайысын ұйымдастыруға да аса құлық танытып отырған жоқ. Өйткені, тендерді айтыстың қызығын ғана көруді көздейтіндер жеңіп алады дейді.

Ал, біз соңғы жылдары басынан қиқу кетпеген киелі өнерге қатысты мүдделі азаматтардың пікірін жариялауға әзірміз.

31 арна

3 ПІКІРЛЕР

  1. Жүрсін аға! «Дүние бір қисық жол бұраңдаған» деген ғой, бүгін жалт беріп «тосын мінез» танытқан тағдырыңыз ертең оңғарылар бәлкім. Жүрсін Ермансыз айтысты елестету қиын расында, небір жыр додаларын өткізіп еді, кезінде. Соңғы уақытта ғажап өнеріміз «арзандап» барады. Сөздің парқын білмейтіндер әлбетте оны «шоуға» айналдырады. Айтысты тендермен алатын болғаны ма? тендер деген нағыз жымысқы саясаттың құралы ғой. Қашан көріп едіңіз біздің елде тендердің таза өткенін?! Сөз маржаны, ғажап өнеріміздің «саудаға салынғаны» жаныма батады. Мәдениет министрлігі, М.Құлмұхаммед ағаларымыз осы мәселені оң шешіп беруіне қауқарсыз болғаны ма? Қайда қарап отыр?

  2. Қазіргі заманда ұнамаған адамды ысырып шығара салатын әдетке етіміз үйреніп-ақ қалды. Алайда мойымай айтысты жандандыру қажет. Енді ғана айтыстың ауылы оралдыма десек, бұл да саясаттың бір ұшы екен ғой. Жүрсін ағай мұндай дүниеге жол бере салуға болмайды.

  3. Сақынадағы айтыс дүкенде сатылат азық түлик секілді полуфабрикат рухани асқазанды тойдырмайтын бір тектес қашан қарасаңда сол бір баяғы ақындар. Теледиардан болатын айтыстың төркінінде батыстың сасық саясат әдістемесінен еншлеп алған бұқаралық ақпарат құралдары арқылы контроль сознания жасап жүрген амалы жатырма дейсің. Жүрсін ағаға айтарым қамықпай аулды жердегі қазақтар арасында сайстар ұймдастырып шәкірт тәрбиелеп айтысты теледидардан, не сақынадан тамашалайтын айтысқа жат ноқтадан оны айрып ел ішіне еркін қоя беретін неге саясат жүргізбеске деп айтқым келет

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз