Оқушы үйінің бақшасынан құнды тарихи жәдігер тапқан

photo_106710Өткен жылы Алматы облысы, Қапал ауданының 7-сынып оқушысы Еламан әкесімен бірге бақшада жер қазып жүріп көне шіберек қалта тауып алады. Қалтаның іші толған – жүздеген көне тиындар.  Ғалымдар мұны өте құнды тарихи жәдігер деп есептейді.  Еламанның анасы Раушан Үсенова ұлының тапқан қазба байлығын жергілікті мұражайға миллион теңгеге сатқысы келеді. Алайда облыстық мәдениет басқармасы сату бағасын төмендетуді сұрап отыр. Мұражай әкімшілігі меценаттардың бірі сатып алып, зерттеуге ғалымдарға береді деп үміттеніп отыр. "Мұражайдағылар ұлымның тапқанын қойған сомамызға сатып алудан бас тартып отыр. Ал біз жоқшылықты өмір сүреміз. Ұлыма жаңа киім, оқу құралдары мен велосипед әпергім келеді" – дейді Еламанның анасы. Дәл қазір табылған тиындар мұражайда сақтаулы. Мамандардың айтуынша, табылған тиындарды зерттеу арқылы біздің тарих үшін жаңалықтар ашылуы мүмкін. Еламан енді археолог болуды армандайды. Тағы да жәдігер таппақ оймен жас бала үй ауласын қазуды тоқтатар емес.