Ою-өрнектерге қашан көңіл бөлеміз?

cde64d30c91d0f0ef64b9c5f75aaa07d_bigБүгінгі қоғамның бейнесі бөлек. Алыс-жақынмен қатысып тұрамыз. Біздің елімізге ат басын бұрып жүргендер де аз емес. Олардың кейбірі құр босқа қарап жүрмейтін секілді. Қазір ебі келсе, екі асауды қалайтын заман емес пе? Қазақ топырағына қадам басып, ұлттық сусынымыз – қымызды сіміріп, еліне барғаннан кейін соны патенттеп алған неміс азаматы жайында басқаша қалай айтуға тура келеді?! Сондай-ақ көкпар деген ойынды қырғыздар меншіктеп алып жатыр. Оған қарсы қалай әрекет ете аламыз? Ел ағалары ол жайында жұмған аузын ашқан жоқ. Енді өзге жұрт біздің ою-өрнекке ауыз сала бастады. Бұл жайында оларға сөз ете қалсаң, оны жай ұқсастыққа балайды. Фахриддин САДЫҚОВ, қолөнер шебері: – Біздің ата-бабаларымыз осындай байлықты аманат етіп кетті. Осы бағыт­та қандай істер қолға алып жүрміз? Өкі­нішке қарай, қарапайым жұрт оны біле бермейді. Біздің бойымызда бейжай­лық бар. Ұлттық дүниелерді ешкім қол­ды етпейтін секілді. Оған бас-көз болып тұр­масаң, көрінген көлденең көк атты оны ыңғайына пайдаланып кетуі ғажап емес. Өйткені қазіргі таңда бұрынғыдай шекараны тас бүркеп тұра алмаймыз. Ке­летін адам келеді. Көптеген ұлттық бай­лықты көзі көреді. Сосын оған әзір­ге ешкімнің еге болмай отырғанын аң­ға­рады. Жақсысын өзінің ыңғайына пай­д­аланудан шет қалмайды. Соңғы уа­қыт­та біздің кейбір құндылықтарды өз­гелердің меншіктеп алып қойып жат­қанының басты себебі осында болса ке­рек-ті. Сондықтан бұл тұрғыда ғылы­ми сараптама жасалып, өз дүниемізге ие болудың қамын жасаған артық бол­мас еді.  Рас, бүгінгі таңда біз үшін көптеген жай­лар­ға қөңіл бөлуіміз қажет екені көрі­ніп тұр. Әуелгі мақсатымыз – өзіміздің ұлттық болмысымызды жоғалтпау. Бұған қанша­лық­ты назар аударып отырмыз? Жас ұрпақ қазіргі заманның ықпалымен кетіп бара жатқан секілді. Өйткені олар ұлттық дүние­лерді архаизмге кеткендей көреді. Шын­ды­ғында, олай емес қой. Дүниенің төрт бұ­рышын аралап көрсеңіз, өзінің тереңнен тартқан тарихын насихаттап, ұлттық бол­мы­сына көңіл бөліп жатқан жұрт аз емес. Бір қызығы, олардың көбісі өркениетті ел­дердің қатарында саналады. Алысқа ат шал­дырмай-ақ, іргемізде тұрған Қытайды айтуға болады. Шетелден келген қонақтың алдында өздерін қаншама дәуірден бері келе жатқан ежелгі ұлт екенін дәлелдейтін дүниелерді ұсынады. Ұлттық киімдер, ою-өрнектер және басқа да нәрселерді ескер­мей қалмайды. Жер бетіндегі тағы бір алып ел – Үндістан да қашаннан да ұлттық бей­не­сін жоғалтқан емес. Қиыр Шығыста жат­қан кәріс пен жапон да олардан қалыс қал­май­ды. Түбі бір туысымыз – өзбектің өзі ұлт­тық кескін-келбетін сақтап келеді. Ала шапан мен тақиясын тастамайды. Одан кейін олардың ұлттық дүниелеріне ауыз сала алмайсың. Өйткені олар өзгенің ал­дында өздерін әлдеқашан насихаттап, ұлт­тық дүниелерін дәлелдеп қойған. Біз соған әлі де шамамыз келмей, қолдағы бар­дан айырылып қалып жатқан жайымыз бар. Гүлмира ӘШІРБЕКОВА, филология ғылымының кандидаты: – Өткен ғасырдың бастапқы кезе­ңін­де халқымыз ұлттық дүниелерді ұл­ық­тап келді. Өкініштісі, біз тарих үшін қас-қағым сәтте солардан көз жазып қал­ғандай күй кешіп жатқанымыз бел­гі­лі. Базбір жылдарда қазақты сондай құндылықтан ажыратуға көп жұмыстар жасалды. Оны ескіліктің қалдығы деп үгіт­теді. Осының зардабын тартып отыр­мыз. Айтыңызшы, бүгінгі ұрпаққа қан­дай ұлттық киімдеріміз болды деп са­уал қойып көрсеңіз, тәптіштеп бере ала ма? Басқа да сауалдарға күмілжіп қа­ла­ды. Бұл біздің ұлттық болмыстан ажы­рап бара жатқанымызды аңғарта­ды. Сол айтқандай, қалың қазақ қазір ою-өрнектің түрлерін атағанда қош­қар­мү­йізден басқасын тілге тиек ете ал­май­ды. Шын­дығында, олардың саны көп қой. Мәселен, қосмүйіз, то­ғыз­төбе, ар­қар­мүйіз, сыңармүйіз, қы­рық­мүйіз, сы­нық­мүйіз, үшқұлақ, үш­жапырақ жә­не өзге де ою-өрнектер же­терлік. Мо­йын­дайықшы, қазір олар­дың көбі­сін біле де бермейміз, ажырата да ал­май­тын жағдайға жеттік.  Әрбір ұлттың ерекшелігін осындай дү­ние­лер айғақтап тұратыны белгілі. Алдағы уақытта дүниежүзінде айбынымызды асы­рып, беделімізді биіктетеміз десек, осын­дай дүниелерді ұмытпағанымыз абзал. Ал­айда бойымыздағы бойкүйездік қасиет салдарынан әлі күнге дейін барымыздан жоғалтқанымыз көбейіп барады. Жалпы, ою-өрнек пен өзге де ұлттық дү­ниелерді күнделікті тыныс-тіршілікте пай­далануға әбден болады. Атап айтқан­да, қала сәулетінде де оны кәдеге жаратқа­ны­мыз артық емес. Зәулім ғимараттарды салу барысында қазақтың ұлттық ерекше­лігі ескеріліп жатса, одан еш ұтылмайтыны­мыз анық. Дегенмен бүгінгі таңда оларды іс­ке асыра алмай келеміз? Оған кім кедергі болып отыр? Алланың қалауымен қазаққа бостан­дық таңы атты. Енді өшкенімізді жандырып, жоғалтқанды түгендеу бүгінгі ұрпақтың бас­ты парызы болса керек-ті. Замана ық­па­лымен кетіп қалмай, ұлттық болмысты ұлық­тап, өзгенің алдында қазақтың қан­дай болғанын дәріптесек, дүниежүзіндегі ұлт пен ұлыстар арасында еңсеміз тік, бе­деліміз биіктей түседі. Оны өмірдің өзі дә­лелдеп отыр. Өйткені ата-бабалар қалдыр­ған қаншама құндылық талайдың қызы­ғушылығын тудыра түсетіні айдан анық.

Әділжан Үмбет