Жұбаныш ЖЕКСЕНҰЛЫ, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, әнші: Шоу-бизнестің түп-тамыры бизнесте емес, өнерде

09HPlTYP – Жұбаныш Жексенұлы, сіз үшін шоу-бизнес деген не? Жалпы, қа­зақ­стандық эстрадада шоу-бизнес қалып­тасып үлгерді ме? – Өз басым кәсіпкер болмаған соң «бизнес» ұғымына кең көлемде тарқатып түсінік бере алмаймын. Өйткені шоу-бизнес дегеннің өзі бір сөзбен түсінік бере салатын ауқымы тар, жеңіл сала емес. Одан да бүгінгі қазақстандық эстрада жөнінде әңгімелегенім дұрыс болар. Әрине, әріптестерімнің көңіліне тиіп кетпесін, бірақ қазіргі отандық эстрада өте ұятты жағдайды бастан кешіріп жатыр деп ойлаймын. Жаңадан шығып жатқан жас әншілерге қарап, еліміздің қара шаңырақ, құдіретті сахналарына жаның ашитын кездер болады. Шоу-бизнеске, эстрадаға және жалпы, өнерге келген, келмек ойдағы адамның бойында ең алдымен сауат болуы тиіс. Ол – музыкалық қана емес, жал­­­пы, адами сауат. Бұл сауат жалғыз әнші­­лер­ге ғана қатысты емес, сазгерлері­міз­ге де тікелей қатысы бар қасиет. Себебі сауатсыз сазгерден еш уақытта сауатты ән шықпайды. Шынын айту керек, қазіргі сазгерлердің арасында сенімсіздікпен «мына әнді тыңдап көрші, ұнай ма, ұнамай ма» деп алаңдайтындар аз, бәрі шығарған әні болса болғаны, ол тап бір ғажайып, дара, еш жерде жоқ, тың дүние, қазіргі тілмен айтқанда, бірден хит болатын ән екеніне сенімді. Жалпы, мұнымен сазгерлер өздеріне-өздері сенімсіз болуы керек дегенді меңзеп отырғаным жоқ, бұл сенімсіздіктің түбінде жауапкершілік, сыни көзқарас жатыр. Ал сынға төтеп беретін, жауапкершілікпен туындаған кез келген дүние жерде қалмайды деп есептеймін. – Бизнес дегеннің өзі – ақша табу. Егер эстрада өнеріне, әншілікке бизнес деп қарайтын болсақ, бірінші орында ақша табу тұрып, тәлім-тәрбие мәсе­лесі екінші орында қалып қоймай ма? Жалпы, эстрада өнер ме, бизнес пе? – Нарықтық заманда шын мәнінде бар­­лығы сатуға және сатып алуға ғана бейімделіп кетті. Эстрадаға қатысты айтар болсақ, бағанадан бері айтылған сазгер­лер­дің әнінің сапасы, өңдеушілердің әнді өңдеу шеберлігі тағысын тағы айналып келгенде тапсырыс берушінің тапсырысын тез арада орындап, өзіне тиесілі ақшасын тезірек алу үшін ғана жасалуы мүмкін. Жа­сыратын несі бар, қазірдің өзінде эстрада өнеріне, әншілікке бизнес тұрғы­сы­­нан қарап, ақша табуды ғана көздейтін­дер өте көп. Ал бұл мақсатта өнер жолында жүр­гендерді өзіңіз айтып отырған тәлім-тәр­бие, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру мәселесі қызықтырмайды, ол қазір­дің өзінде екінші орында тұр. Эстраданың түп тамыры өнерде, бірақ қазіргі заманда ол еріксіз бизнеске айналды, оған көнбес­ке амал да жоқ. Жалпы, өнер – ақша табу емес, жан дүниеңнің талантқа толып, жү­регің­нен шабыт бере ақтарылған шағыңда халық­қа жар салып, құдай берген ерекше да­рының­ды паш ету. Бәлкім, заман ағымы­на қарай кейбір жандардың бойындағы да­­рынынан ақша табуына, пайда көзіне ай­­нал­дыруына, бала-шағасын асырап, тұр­­мысын оңалтуы­на тура келген де шы­ғар, дей тұрғанмен өнерді кәсіпке айнал­ды­ра отырып, өте сапалы дүниелерді де ту­­­­дыру­ға болады емес пе?! Жастардың ара­­­сында «халыққа өтпейді» деген тұрақты сөз тіркесі пайда болыпты. Сонда «өтеді» не, «өтпейді» деген не мағына береді? Ха­лы­қ­­қа бәрі де өтеді, егер шын жүректен ай­­тылса және шын жүректен жазылса ғана... – Сонда сіз бүгінгі сазгерлердің жазып жүрген әндері өскелең ұрпақ­тың сана-сезіміне, ой-өрісіне, таны­мы­на қалай әсер етіп жүр деп ойлай­сыз? Егер эстрада шоу-бизнес болса, сазгерлерге қандай да бір талап қою орынсыз болмай ма? Мысалы, әннің сөзі дұрыс емес деген сияқты т. б. – Саясатқа араласқаным емес, деген­мен өнердің өзі, әсіресе эстрада – тұнып тұрған идеология. Таңның атысынан кеш­тің батысына дейін сөзінде мән-мағына жоқ, тәрбиелік талғамы жоқ әнді радио мен телеарналардан айналдырып бере берсе, ол қысқа мерзімнің ішінде құлаққа жағымды естіле бастайды, сөзі санада жатталып, сол әнді тыңдай бергің келеді. Сондықтан бұл жерде жалғыз сазгерлерді ғана кінәлай алмаймыз. Бұрынғыдай көркемдік кеңес те жоқ. Эфирге кім шы­ғып, кім өнер көрсетіп жатыр, қадағалай­тын адам көрінбейді. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа болмаған соң кім көрінген елдің алдына шығып, аузына түскен әнін орындап жүр. Бұдан өскелең ұрпақ қандай өнеге алсын, бұл сана-сезім мен ой-өріске, танымға қалай ғана жақсы әсер етсін?! Дегенмен шоу-бизнестің түп тамыры бизнесте емес, өнерде, сондықтан қатаң талап қай кезде де әншіге де, сазгерге де қойылуы тиіс, тіпті бизнес болған күннің өзінде өнер кәсіптің бір түрі екен деп еліміздің болашағы – жастардың сана-сезіміне сызат түсіріп алмауымыз керек. – Егер өз қолыңыздан ән жазу келсе қандай тақырыпқа басымдық берер едіңіз? – Сазгерліктің жас ерекшелігіне қарай да өзіндік салмағы бар сияқты. Егер дәл қазір бойыма ән жазу қабілеті дарыса, махаббат тақырыбынан басқа тақырыптың барлығына жазар едім. Махаббаттың не­ше­­ме түрі бар, ол жалғыз жігіттің қызға не­­месе қыздың жігітке деген махаббаты емес. Қазір, өкінішке қарай, махаббат ту­ра­­лы әндердің өзі «күйем, сүйем» деген­нен аса алмай жүр. Ішкі сезімді «сүйем» де­мей-ақ жеткізуге болады. Тіпті Отанға де­ген махаббатыңды жырлап тұрып, ойың­дағы махаббат ұғымын кеңінен та­рата аласың. Сондықтан мен елге, жерге де­ген сүйіспеншілік жайлы жазар едім деп ойлаймын. – Әншілер кәсіпкерлер сынды салық төлеулері тиіс деп есептейсіз бе? – Бір кездері депутаттарымыз осындай ұсыныс айтып, әншілер қауымы біраз уақыт дүрлігіп еді. Өз басым осы орайда нақты пікір айта алмаймын. Төлесін десе де, төлемесін десе де келісемін. Жалпы, ән­шілерге салық салудың да пайдалы жақ­тары көп болар. Кез келген адам мемле­кетке салық төлеуі тиіс, төлейді де, мұны айтпаған күннің өзінде қазіргі қаптаған саны бар, сапасы жоқ әншілерден арылу­дың, оларды саралап, елегіштен өткізіп, шын дарын иелерін сахнада қалдыратын да, бәлкім, сол салық болар. Өз басым кон­церттерден, іс-шаралардан түскен қар­жым­ның белгілі сомадағы салық мөлшерін уақытында төлеп тұрамын. Дегенмен той­лар­да ән салып жүрген әншілерге салық салу арқылы қазақстандық эстрада­ны та­зарту дегеннен гөрі отандық шоу-бизнестің кәсіби деңгейін көтеру көзделсе жақсырақ болар еді. Мысалы, Қытайда фонограм­ма­мен ән айтуға заңмен тыйым салынған. Егер бізде де кез келген концерт жанды дауыста өтуі тиіс деген талап қойылса әншілер іріктелер еді. Әрине, радио мен телеарналардан берілетін әндерге сапалы музыка қажет, ол кезде фонограммаңды беруіңе болады, ал халықтың алдына шық­­қанда тыңдаушыны алдамай, жанды дауыс­та ән салған дұрыс. – Өнер саласына деген мемлекеттің бүгінгі көзқарасы мен қолдауы жеткі­лік­ті дәрежеде ме? – Жоқ, өкінішке қарай, қажетті дәрежеде деп айта алмаймын. Себебі айтып өткен салығымыз да, басқасы да өнерге деген мемлекеттің қырын қарауы іспетті көрінеді. Мемлекеттің өнер саласына деген көз­қарасы мен қолдауы қажетті дәрежеде емес деу әншілерге көмек көрсетілмей жатыр деп жыламсырау емес. Ол – шоу-бизнестегі қадағалаудың дұрыс ұйымдас­ты­рылмауы. Меніңше, дәл қазір эстра­даның қоғамдық рөлі айшықтала алмай отыр. – Сөзіңіз аузыңызда, сонда дәлірек айтқанда, қазіргі заманғы қазақы шоу-бизнеске не жетіспейді? – Заманауи қазақстандық шоу-бизнес­ке білім мен терең ізденіс жетіспей­ді. Білім дейтін себебім – білімді адам жалғыз музыкалық жағынан емес, елінің сонау атам заманғы тарихы, мәдениеті мен өнері, тілі мен әдебиеті қандай кезеңдерді басынан кешті, артында қалған ұрпаққа не қалдырды, қалай қалдырды, ендігі ұрпақ нені білуі тиіс, нені білмеуі тиіс, осының барлығын саралай келе сазгерлікке келеді, ал әнші соның барлығын ой елегінен өткі­зіп барып сапалы әнді айтуға құлшы­нады. Терең ізденіс дегеннің өзі – осы зерттеу. Әйтпесе сахнаға шығып әу дедім, әйтеуір, ән салдым, теледидардан көрсетті, таны­малмын деп айту кез келген қалта­лының немесе тамыр-танысы бардың барлығы­ның қолынан келеді. Алайда біле білгенге өнер жолы өте ауыр. Осы күрделі жолдың күрмеулі белестерінен сүрінбей өтіп, сапалы еңбек ете білген әншілеріміз тым аз. Халықтың шынайы ықыласына бөленіп, әндері ғасырлық ғұмыр кешкен өнер адам­дары ғана бұл атқа лайықты. – Әнші демекші, сіз әншіліктен бө­лек, тележурналист қызметін де ат­қа­рып жүрсіз ғой, жалпы, бүгінгі отандық БАҚ-қа қандай баға бересіз және ән­шілік пен журналистиканың қайсысы жаныңызға жақынырақ? Екеуінің бірін таңда десе қайсысын таңдар едіңіз? – Мен өзімді тележурналист санамай­мын. Тележүргізуші болып жүргенім рас, бірақ журналистикадан өз басым өте алшақпын. Мен үшін журналист маманды­ғы – өмірдегі ең күрделі, ең қызықты мамандықтардың бірі. Сол үшін де журналист қауымға ерекше сыйластықпен, құрметпен қараймын. Өз ісінің парқына жетіп, қызметін терең қызығушылықпен атқарып жүрген өз ісінің нағыз мамандары, ұшқыр журналистерге қатты қызығамын. Ал мен журналист емеспін, тіпті тележүр­гізуші дегеннің өзі орынсыздау ма деп ойлаймын. Егер менің авторлық бағдар­ламам болып, сол бағдарламаны өзім жазып, өзім түсіріп, өзім жүргізсем, бәлкім, сол кезде тележүргізуші деуге лайықты болар ма едім. Мен жүргізіп жүрген хабар­лардың барлығында сценарийі дайын, жазылуы бойынша оқып беремін, бар болғаны сол ғана. – Бәлкім, сіздің ойыңызда жүрген тележоба бар шығар? – Иә, несін жасырайын, менің де ой түбіне терең жасырып, түйіп қойған жобам бар. Бірақ оны іске асыру үшін қыруар қаржы керек екен. – Құпия болмаса қысқаша айтып берсеңіз... – Телеарналардың бірінен әр өңірдің ансамбльдерінің басын қосып, байқау ұйымдастыру. Біздің жер-жерімізде қан­ша­­ма талантты, өнерлі азаматтардан құ­рал­ған ансамбльдер бар. Бірақ халық олар жай­лы бейхабар. Міне, менің жобам осын­дай, ансамбльдер бәйгесін өткізсем деймін. – Сонда тележүргізуші болу сіз үшін қазір тек табыс көзі ме? Мұндай сұрақтың туындауына түрткі болатын жайт, қызметте сол саланың маманы отыруы тиіс қой, ал бізде танымал адамдар арқылы телебағ­дарламалар шығару сәнге айналған сияқты...  – Жоқ, тележүргізуші болу мен үшін тек табыс көзі емес. Шынымен де қазір халық ара­сында танымал адамдарды пайда­ла­нып, телеарналардың немесе телебағдар­ламалардың рейтингісін көтеруді көздей­тіндер бар. Бірақ мені рейтинг үшін бағ­дар­ламаларды жүргізуге шақырады деп ойламаймын. Менің қазір жүргізіп жүрген хабарларым сазды, әуенді бағдар­ламалар. Бәлкім, музыкадан хабары, білімі бар деп шақыратын болар, өзіме де ұнайды. Дұрыс-ақ, әркім өз мамандығы, өз саласы бойынша қызмет етуі керек. Тіпті менің телебағдарламалар мен концерттер­ді жүргізуіме қырын қарайтындар да бар шығар. Ал журналистер бұл мамандыққа қол жеткізу үшін жылдап оқиды, маман­дығы бойынша жақсы жұмысқа тұруға талпы­нады, ал танымал әншілердің телеар­наларда жұмыс істеуі бірнеше бос кадрдың орнын алуы мүмкін. Бірақ менің айтпағым мынау: телебағдарлама жүргізу тележурналист болу емес, телебағдарла­маларды тек журналистер жүргізуі керек деген де заң жоқ. Кейбір бағдарламалар бар, оларды тек нағыз, тәжірибелі журна­листер ғана жүргізе алады, ондай жерде, әрине, талас та жоқ. Мен журналистердің алдына түсіп, журналист болып кеткен жоқпын, бірақ бағдарлама жүргізушілігіне шақырту болса неге бармасқа? – Әншілерге зейнетақыны кім төлейді? – Зейнетақы реформаларына қатысты соңғы кездері айтылған өзгерістерде әншілердің, жалпы, әртістердің зейнетақы­сы да қоса айтылды. Өзгелер үшін жауап бермей-ақ қояйын, өз басым өмір бақи жұмыс істеп келемін. Соңғы бірнеше айда болмаса, жалпы, еңбек жолымды мектеп­тегі музыка пәнінің мұғалімінен бастап, колледж, институтта да сабақ бердім, облыс­тық филармонияда, кейіннен «Гүл­дер» ансамблінде жұмыс істедім. Бір сөзбен айтқанда, ауыл, аудан, облыс, республикалық деңгейде сатылап қызмет істеп келемін. Әр әншінің тұрақты зейнетақы аударымдары жүріп тұратын жұмысы бар, ол жалғыз әншіде емес, жалпы, кез келген азаматтың тұрақты жұ­мыс орны болуы тиіс. Ал әншілердің көпшілігінде әншілік – қосымша табыс көзі ғана. Егер әнші тойларға барып ән салып жүрсе, бұл оның ақшаға құныққандығын білдірмейді. Қазір жан бағу, отбасын асырау дегеннің барлығы оңай емес, ақша тауып, өмір сүру керек. Ал егер әншінің сахна мен тойдан өзге тұрақты жұмыс орны болмай қалса, оған ешкім зейнетақы аударымын жасамайды, демек, сол кезеңдерде үзіліп, әлеуметтік аударымдар тоқталады. Әншілердің көпшілігінде патент бар, яғни осындай бір кезеңдер бол­ған кезде зейнетақы аударымдарын өздері аударуы мүмкін. – Сіздің жеке өміріңізге араласқа­нымыз емес, бірақ оқырмандарды өнер жұлдыздарының отбасы жайлы ақпараттар көптеп қызықтыратыны сөзсіз, сіз де отбасыңыз жайлы қысқа­ша айтып өтсеңіз. – Дұрыс айтасыз, жеке өмірдің аты – жеке өмір. Кейбір журналистер салмақты сұхбат жүргізудің орнына жеке басыма қатысты қызықсыз сұрақтарды қойып мезі қылады. Отбасым туралы айтсам, әйелім және екі ұлым бар: екеуі де студент. – Білуімізше, сіздің кенже балаңыз мектепті өткен жылы ғана тамамдап, биыл жоғары оқу орнына түсті. Осы мектеп бағдарламасындағы ән сабақ­тарында қазір қандай әндер жаттала­ды екен, сіз қызығушылық танытып көр­діңіз бе? Өзіңіз де бір кездері му­зыка пәні­нен сабақ беріпсіз, бәлкім, са­лыстырып көрген боларсыз? Олар­дың ұлттық тәлім-тәрбиеге жақын­ды­ғы бар ма?  – Шыны керек, балаларымнан мектеп­тегі жүргізіліп жүрген сабақтар жөнінде сұра­майды екенмін. Оның бір себебі өзім де мектепте мұғалім болдым, жобасын білемін. Бірақ мен музыка сабағында оқушыларға нотадан бастап үйрететінмін. Балалардың барлығы бірдей музыкант болып шығуы мүмкін емес, дегенмен сабақтың аты – сабақ. Қазір балаларға арналған әндер жоқтың қасы, мүмкін, бар да шығар, бірақ сапасыз. Балаларға ұнамаған соң ешкім оны күнделікті аузынан тастамай айтып жүрген жоқ. Балаларға сай ән болмаған соң, менің ойымша, қазіргі оқушылар «ауырмайды жүректің» төңірегіндегі әндерді жаттап жүрген де болар. Қазіргі баланың бәрінде ұялы телефон бар, ғаламтор қосулы, күніне неше түрлі әнді жүктеп, тыңдап, жаттап жүр. Ал сіз айтып отырған мектеп­тегі ән сабағында шынымен-ақ не жаттап жүр, өте қызық, ойланатын мәселе екен. Бірақ шынын айту керек, олардың ұлттық на­қыштағы дүниелерді жаттап, айтып жүр­геніне күмәнім бар. – Балаларыңыздың сіздің жолы­ңыз­ды қумақ ойы бар ма? – Үлкен ұлым – гитарист, кіші ұлым актерлықты таңдады, болашақта режиссер болғысы келеді. – Демек, ұлдарыңыз да өнер жолы­на қарай бет бұрған екен ғой, сәттілік­тер тілейміз. Әңгімеңізге көп рақмет, өнері­ңіз өрлей берсін! PS: Өнер деген ұғымның тереңіне түсіп, мән-мағынасын шын жүрегімен, ниетімен, пейілімен түсіне білген адам үшін өнер – жер-жаһанда өмір сүретін кез келген адамды дұрыс тәрбиелей алатын, ғұмырының мың түрлі тарапынан келіп тоғысқан арналарында бағыт-бағдар беріп, жол сілтейтін күш. Мына заманда еліктеушілік белең алды, батыстық музыка десе ішкен асын жерге қоярдай күй кешетін жастарға мына халық елдің болашағын, ұлттық мәдениетті сеніп тапсыра ала ма? Сондықтан әр отбасы Отанның сол ошақ басынан басталарын сезініп, перзенттерін патриоттық сезімге баулып, отансүйгіштіктің, ұлтжанды азамат болудың негізі ұлттық құндылықтарда екенін үнемі айтып отырса екен деймін. Бұл орайда музыканың да маңызы зор, ақ бесіктен басталған ананың бесік жыры уақыт өте келе қазақтың қоңыр үнді әуендерімен жалғасын тапса, келешек ұрпақтың ұлтының ұлы азаматтары болары сөзсіз және мен оған кәміл сенімдімін.

 Сандуғаш Әлімжанова, "Алаш айнасы"