Сәнгер әрі әнші Лидо: "Әйел сүйікті болса, сұлу көрінеді"

19Сізді ең сәнді әншілердің бірі деп санап, өзіңізбен сән жайында әңгіме-дүкен құрғым келеді. Өткен жылдың күзінде Kazakhstan Fashion Week сән апталығында алғаш рет өзіңіздің сән топтамаңызды назарға ұсынған болатынсыз.Сән әлеміне кешігіп келдім деп ойламайсыз ба?

Мүлдем ойламаймын. Өйткені менің сәнге қызығушылығым бала күнімде оянған. Әншілікпен айналыссам да, дизайнерлік өнерім әркез өзіммен бірге жүрді. Себебі, менің әр образым өзімнің қиялымнан туады. Сахналық образдарыма мен идея, уақыт, еңбек жұмсаймын. Сондықтан, мен әркез сән әлемінде жүрдім деп айта аламын. Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді демекші, мен әншілікті бір жолға қойып алғым келді. Сәнгерлікпен әншіліктің бірін таңдау кезінде мені қызықтырғаны вокал болды. Сіздің дизайнерлікке қызығушылығыңызды не оятты? Менің анам тігін шеберханасында киім тігуші болып жұмыс істеді. Мені киім тігу өнеріне баулыған – анам. Үш жасымнан бастап анамнан қалған қиынды маталардан қуыршақтарға киім тіктім. Бала бақшаға барудың орнына анаммен бірге тігін шеберханасында балалағымды өткіздім десем де болады. Кеңес Үкіметі тұсында балаларға арналған түрлі конкурстар болатын. Сондай конкурстарда менің жасаған туындыларым, тіккен киімдерім «ең үздік құрастырушы» немесе «ең үздік үйлестіруші» деген атақтарды алып беретін. Шыбықты қала исең солай өседі деген осы шығар?! Демек, сән әлеміндегі сіздің ұстазыңыз анаңыз болды ғой?! Ал қазір сән әлемінде кімдерді беделді дизайнер санайсыз? Алғашқы ұстазым, баулушым – анам. Ал беделді дизайнерлер өте көп. Маған олырды ерекшелеп айту қиынға соғып тұр... Марлен Дитрих, Жаклин Кеннеди, Виктория Бэкхем секілді дизайнерлердің талғамдарын жоғары бағалаймын. Инстаграм деп аталатын әлеуметтік желідегі суреттеріңізді бақылап отырамын. Түйгенім, тек сахналық образдарыңызды емес, күнделікті «луктарыңызды» да биік талғаммен таңдайды екенсіз. Күнделікті киімдеріңізді өзіңіз тігесіз бе? Әр түрлі жағдай мен баратын орындарыма байланысты образдарымды таңдаймын. Қазір уақыт тапшылығына орай менің киім тігіп отыруға мүмкіндігім жоқ. Менің қарапайым өмірдегі киімдерімді Алматының «ZARA», «ТopShop» секілді дүкендерінен сатып аламын. Қарапайым образды аксессуар, қымбат аяқ киім және сөмкемен түрлендіргенді ұнатамын. Біле білсеңіз, кез келген қыз баласы аксессуарларға неғұрлым құмар болса, оның образдары да соғұрлым сәтті шығады. Құпия болмаса, тағы қандай дүкендерден киінесіз? «ZARA», «ТopShop», Massimo Dutti дүкендерін ұнатамын. Біздің Алматыда өкінішке орай, сапасы мен бағасы бір-біріне сай келетін бренд-дүкендер аз. Шетелге шығу мүмкіндігі туып жатқанда, осы секілді дүкендерден киім алуға тырысамын.

547668_318784611584458_1557736320_n

Ал сахналық образдарыңызды тек өзіңіз ойластырасыз ба, әлде көмекке келетін стилистеріңіз бар ма? Көбінесе өзім. Анамның пікірімен санаса отырып, ерекше киім үлгілерін көрсетуге тырысамыз. Менің соңғы түсірілген «Махаббат жыры» деп аталатын бейнебаянымдағы образдарды ойлап тапқан – анам. Лидо, қалай ойлайсыз, қазіргі таңда сізге жақыны ән айту ма әлде киім тігумен айналысу ма? Екеуі де менің ең әуелі жаным қалайтын сүйікті ісім және кәсібім... Кәсібіңіз бен сүйікті ісіңізді былай қойғанда, сіз келіншек әрі анасыз... Иә, дұрыс айтасыз. Мен уақытымның көп бөлігін сүйікті отбасыма арнауға тырысамын. Риана және Рахман атты қызым мен ұлым бар. Қызым 4 жаста, ал ұлыма – бір жыл жеті ай. Әйел адамның гардеробында қандай киімдер мүлдем болмауы тиіс деп ойлайсыз? Мұндай сұраққа жауап беру қиын.Әйелдің киген киімі оның көркіне көрік қосып тұруы тиіс. Гардеробты біркелкі киімдермен толтырудың қажеті шамалы. Әйел көркі – шүберек. Сыртқы көрініске үнемі тәжірибе жасап отырғаннан ұтылмаймыз, керісінше ажарлана түсеміз.Сондықтан, гардеробты бір түсті не біркелкі киіммен толтырмауға кеңес берер едім. Ал гардеробтан міндетті түрде табылуы тиіс әйел заты не деп ойлайсыз? Көйлек-көншек аз болса да, аяқ киім мен аксессуарлар көп болуы керек. Мәселен, менің гардеробымнан аяқ киімдердің түр-түрін кездестіруге болады. Өте арзан немесе тым қымбат аяқ киімдер де бар. Аксессуар, сөмке және әдемі аяқ киім арқылы бір көйлектен түрлі образ құруға болады. Киім таңдауда өте кірпияз көрінесіз... Жалпы өмірде кез келген нәрсені таңдауда сондай кірпиязсыз ба? Иә, өте кірпиязбын. Жеті рет өлшеп, бір рет кесетін адамдар қатарынанмын. Лидо, күнделікті күйбең тіршілікте өзіне қарамайтын әйелдерді жиі кездестіремін... Олар шаштаразға баруға, бояу мен әдемі киінуге мүлдем көңіл бөлмейді... Бұған не себеп деп ойлайсыз? Әдемі болып көрінгісі келмейтін әйел баласы жоқ шығар. Әйелдердің өздерін күтпеуіне әр түрлі себептер мен кедергілер болуы мүмкін. Бірі тым принципшіл болса, бірі еріншек, ал келесілеріне өмірлерінде орын алған жағдайлар себеп болады. Тым табиғилықты сүйетін принципшіл әйелдер шаштарын бояудан бас тартады. Отыз жастан асқанда қанша қаламасақ та, шашқа ақ түсіп, өңі де қаша бастайды. Мұндайда шашты бояу қажет. Қазір сән салонадарында немесе дүкендерде қолжетімді бағада өте сапалы шаш бояулары сатылады. Шашын өсіріп жүретін қыз-келіншектер шашқа мүлдем қайшы тигізбей, бұрымдарын өсіруге талпынады. Бұл да зиян. Себебі, шаштың ұштары өскен сайын қурай береді. Қыздың көркі шаш екенін ескеріп, оның ұшын кесіп, үнемі күтімде ұстау керек. Бір кездері тал шыбықтай жіңішке болған қыздар, отбасын құрып, дүниеге бала әкелгеннен кейін өз-өзіне қарауға уақыт таппай жатады... Бір әйелдер үшін шүберектен гөрі жан байлығы маңыздырақ болып көрінеді. Олар сыртқы келбетке мән бермейді.Сырт келбеттің сұлулығынан жүректегі сұлулық артығырақ деп санайды. Мінездің көркемділігіне не жетсін, әрине?! Алайда, қыздарға әсемдік жарасады. Ал өзіңіз екі баланы өмірге әкелгеннен кейін қалай қалыпқа келдіңіз? Мен жүкті кезімде нормадан көп салмақ қоспауға тырыстым. Соның әсерінен бірден бұрынғы қалпыма келдім. Құрсағыма сәби біткен кезден бастап арнайы күтімдерге үлкен мән бердім. Терінің созылып кетуінен сақтайтын иісмайларды қолдандым. Майлы тағамдар мен ет тағамдарды ұната бермеймін. Дұрыс тамақтануға тырысамын. Спорт залында жаттығамын, бірақ уақыт тапшылығынан жиі барып тұруға мүмкіндігім жоқ. Салмақ жинау тұқым қуалайтынын да естен шығармаған дұрыс. Менің ата-анам – арықша келген бойшаң кісілер. Алға қойған қандай жоспарлар бар? Қазір шеберханамызда қызу жұмыс жүріп жатыр. Сән көрсетілімдеріне дайындалып жатырмыз. Осы күзде жаңа әнбаян түсіру жоспарымда бар. Бұл жолы жаңа орыс тіліндегі әнге түсірмек ойдамыз. Сіз өз киімдеріңізге бағаны қалай қоясыз? Олар сәнді киінгісі келетін қарапайым қыздар үшін тым қымбат емес пе? Жеке дүкендер желісін ашу жоспарда бар шығар... Бағаны киімнің тауары мен жұмысының көптігіне орай қоямыз. Көйлектерім арзан деп айта алмаймын. Шеберханада нағыз кәсіби тігінші-дизайнерлер жұмыс істейді. Біз көйлектерді тек қымбат матадан тігеміз. Оған қоса тігілетін түймелер мен аксессуарлар тағы бар. Киімнің пішілуінен әрбір тігістерін қадағалап отыруға тырысамын, шама-шарқымызша о баста ойда суреттелгендей дүниелер шығаруға талпынамыз. Сонымен қатар біздің көйлектер тек бір данада сатылымға түседі. Бірнеше рет қайталау үшін қомақты қаржы қажет. «Зара» және «Манго» сияқты әлемге танымал киім дүкендеріне үлкен инвестиция құйылған. Олардың бір киім үлгісінің көшірмесін арзан матадан әлем бойынша бірнеше ел қайталап тігеді. Сондықтан бағалары арзан келеді. Біздің мүмкіндіктеріміз әзірге шектеулі. Бәрі бірден бола қоймайды. Сондықтан біз шығаратын көйлектердің бағасы қымбаттырак болып тұр.Кез келген дизайнер секілді мен де жеке киім дүкенін ашуды армандаймын. Уақыт өтсе, ол да орындалар... Сіздің көйлектеріңізді сатып алушылар арасында әншілер бар ма? Әзірге әншілер жоқ. Тапсырыс берушілердің көбі – Астаналық қыз-келіншектер.Назыма Ғаділбек, Майя Веронская секілді танымал тележүргізушілер де менің тұтынушыларым. Ал көйлек тігуге қажетті мата, түймелерді қайдан аласыз? Әзірге Алматының мата дүкендерінен аламын. Алматының мата дүкендерінен Кореядан, Италиядан әкелінген сапалы маталарды сатып алуға болады. Болашақта өзге елдерден тапсырыспен алдырту да ойымда бар. Сұлулықтың басты құпиясы неде деп ойлайсыз? Сүйікті әйелдің сұлу болмауы мүмкін емес. Осымен бәрі айтылып тұрған шығар... Әңгімеңізге көп рақмет! Еңбегіңіз жемісті болсын!

Айнара Байжан