Мейрамбек Бесбаев: "Қара пиар мен сары басылымға қарсымын"

апҚай заманда болмасын, қарапайым халықты өнер иелерінің өмірі мен іс-әрекеттері қызықтырған. Кейде халықтың сүйіктісіне айналған өнер тарландарының есімдері тірісінде-ақ әдемі аңызға айналып кетеді.  Елі алақанына салып аялап, әнін құмарта тыңдайтын сондай  әншілердің бірі – Мейрамбек Бесбаев. Өнер әлемінде өзіндік өрнегін салып жүрген Мейрамбек –«МузАРТ» тобының әншісі, ҚР мәдениет қайраткері. Қазақ эстрадасының маңдайалды әншілері дегенде, ең алдымен, Мейрамбек, Сәкеннің есімдері ауызға ілігеді. Бұл құрметтің салмағы қандай? Өмірдің әр белесінен өтіп, биікке көтерілу бір басқа да, сол биікте тұрақтап қалу – бір басқа. Екіншісінің салмағы ауырлау... Бұл құрмет бізге бір топта ән сала жүріп, ауызбіршілікпен жемісті еңбек етуіміздің арқасында бұйырған шығар. Басымыздан шуақты да, қиын-қыстау күндер де өтті. Халық бәрінен хабардар. Біз ауырсақ, бірге ауырды... Жетістектерімізге қуанды. Құрметтің салмағын ауыр деп айта алмаймын. Бәлкім, жылдармен есептелетін шығар?!  Жауапкершілікті сезінгенімізбен, бұл салмақтың қаншалықты ауыр екені сезілмейді. Өйткені, біз халықтың ішінде жүріп, олардың қолдауына, шынайы ықыласына бөленіп келеміз. Алдымызда бағыт сілтеп, кеңес беріп отырған ақылшы ұстаздарымыз бар. Болдым-толдым деп масаттанудан аулақпыз, қазақ эстрадасының ардагері «Дос-мұқасан» әлі де қазақты әсем әндерімен тамсандырып, 45 жылдығын тойлап жатса,  «Тараз» триосы  да сахнаның төрінен ән шырқап жатса, Алтынбек Қоразбаев домбырасын күмбірлетіп, қоңыр даусыман ән тербеп тұрса,  біздің демалуға хақымыз жоқ. Кей кездері халқымыз бізді мақтағанда да асыра сілтеп жатады, мұны біз олардың махаббаты деп білеміз. Халықтың махаббатына бөленген біз бақытты әншілерміз. «Өнердің қызығы мен шыжығын енді-енді түсініп келе жатқандықтан, осы тақырыпта еркін әңгімелескен ұнайды. Мені сахна әлемі қызықтырады» – депсіз бір сұхбатыңызда. Ән өнерінде болсын, шоу-бизнесте болсын, бір тұралау байқалатын тәрізді. Бұл тұралаудың сыры неде деп ойлайсыз? Әртіс пен халық арасын байланыстырушы құрал телеарна, радио және басылымдар екені белгілі. Бірінші себеп, осы бұқаралық ақпарат құралдарының алға баяу қадам жасап жатқанынан деп ойлаймын. Қазақша ән шырқайтын әншілердің телеарна мен радиоларға шығуы қиындау. Есесіне, орыстілді әншілер қазақ телеарналарынан көп көрінеді. Егер қазақтілді әншілерді телеарналар қолдау білдіріп, жиі көрсетсе, олардың арасында бәсеке туындайды. Сан өскен кезде, ішінен шын таланттыларды іріктеуге болады. Осы жерде сапа пайда болар еді. Тұралаудың екінші себебі, сахнаға шығатын әншілерді талғам таразысынан өткізетін көркемдік кеңестің жоқтығы. Мәселен, Роза Рымбаева шыққан сахнаға кеше ғана ақшаның көмегімен шыққан әнші шығып, ән салатын жағдайға жеттік. Осылай ұйымдастырылған концерттер халыққа ұнамайды. Сөйтіп, біздің эстрада көрінгеннің жетегінде кетіп қалып жатыр. Тұралаудың себептері осы шығар. Бірақ, құдайға шүкір, кейінгі кезде шығып жүрген қыз-жігіттердің ішінде ауыз толтырып айтуға болатын есімдер баршылық. Уақыт өте келе, осының барлығы бір жолға қойылады деген үміттемін. Алдыңғы буын аға-апалардың әдетте қазақ эстрадасының қазіргі жайына көңілі толмай жатады. Бірақ сіздің үнемі жас таланттарды, өнердегі жаңа бағыттарды қолдап жүретініңізді білеміз. Жас әншілердің бойында қандай  артықшылық пен кемшілік бар деп ойлайсыз? Кейінгі кезде өткізіліп жүрген телевизиялық байқаулар қазы болуға шақырып жүр. Байқау сахнасында өнер көрсеткен әншілерді ел алдында масқаралауға арым жібермейді. Сондықтан, жақсы жағын көріп, соны айтуға тырысамын. Қателерін көрсем, өзіне жеке айтуды орынды санаймын. Бәріне көңілім толады деп айта алмаймын. Жоғарыда айтып өткенімдей, нағыз таланттар да бар. Өкініштісі, соңғы кездері музыкалық арналардан беріліп жүрген қазақ қыз-жігіттерінің жартылай жалаңаш түсірілген бейнебаяндарын жиі көретін болдық. Бұл бейнебаяндар көрермен санасын улап жатыр. Осыдан 7-8 жыл бұрын теледидардан қазақ қызының осындай әрекетін көргенде, үрейленетін едік. Қазір елемейтін де болдық. Өйткені, көзіміз үйренген. Сыртқы бейнесін былай қойғанда, әннің сөзінде мағына, ұйқастың жоқтығы да қарынды аштырады. Жас әншілердің бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпан. Етек-жеңін жиып, мағыналы әндерді айтуға талпынған әншілерді көріп жүрміз. Бірақ олардың жағдайлары жоқ, тиісті жерге дейін үндері жетпей жатыр.  «Тарту» секілді жас топқа аға болып жүрсіз. Інілерден не күтесіз? Домбырадан сабақ алғаныммен, оның соңынан қуа алмадым. Тек «МузАРТ» тобының репертуарындағы әндердің сүймелдейтін партияларын ойнап жүргенім болмаса... Жақсы күйшілер жанымда жүрсе екен деп бұрыннан армандадым. Бір жағынан, консерваторияны жыл сайын бітіріп жатқан күйшілердің бәріне бірдей «Отырар сазы», «Құрманғазы» оркестрлерінен орын бұйыра  бермейді. Күй өнері – қазақты әлемге әйгілі ете алатын қасиетті өнер. Осы арманымды жүзеге асырып, қазақтың қара домбырасымен күмбірлейтін күй өнеріне титтей болса да үлесімді қосамын деген ниетпен Біржан, Қадіршат, Нұркен деген үш жігіттің басын біріктіріп, «Тарту» деген топ құрдым. Кейін орталарына Райымбек есімді әнші жігітті қостым. Елге ерекше тартуымыз болсын деп, топқа «Тарту» деп ат қойдық. Жоба жасап, продюсер болып, ақша табуды көздеген жоқпын. Продюсер болу – менің қолымнан келмейтін іс. Бар болғаны жігіттерге ағалық көмегімді көрсетіп жүрмін. Қазір Құдайға шүкір, топ жақсы жұмыс жасап жүр. Бірден лап еткен от тез сөнеді, жігіттердің уақыт өте жетістіктерге жететініне сенемін. «Намыс дода» байқауында сіздің елжандылығыңыз ерекше байқалды. Қазіргі жастардың патриоттық сезіміне көңіліңіз тола ма? Шынымды айтсам, толмайды. Ұлтжандылық адамның ішкі сезімі болғаннан кейін, сөзбен де әнмен де жеткізе алмаймыз. Қазақтың осы күнге дейін руға бөлініп, бір-бірін жатсынып жататын кездерін байқаймын. Елбасымыз «бірігейік, бір болайық» деген ұранды алға тартса да, жан-жаққа тартып, бөлектеніп жүретін жандарды көріп жүрміз. Кейде қазақтың атына сөз айтылса, үндемей тұра беретін, ал адай немесе қыпшаққа қаратылып айтылған сөзге шамданып шыға келетін қандастарымыздың барын да байқаймын. Осы ру-руға бөлінгіштік қасиет қазақтың бойынан кеткен күні, ұлтқа деген патриоттық сезім бас көтеретін шығар. Күнде сіз бен біз естіп жүрген, елінде байып алып, өмір сүру үшін  шетелге тайып тұратын азаматтар барда, елжандылық жоқ. Арақ пен темекінің сыртына көк туымызды салып қойған өндіруші кәсіпкерлерде ар мен ұждан жоқ деп тағы торығамын. Елімізге, жерімізге жаманшылық келмесін деп тілеймін. Қайсыбір тұстан жау келіп жерімізге төнсе, әрбір қазақ қасық қаны қалғанша жері үшін күресер еді... Сол кезде патриоттық сезім көрінеді. Бірақ, беті аулақ, осы бейбітшілігіміз мәңгі болсын! Ақын әрі әнші Роза Әлқожа «Мейрамбек ақынжанды адам болғандықтан, әнді жүрегінен жүректерге жеткізіп орындайды деп еді». Арасында қалам түртетініңіз жоқ па? Үнемі ой үстінде жүретін сияқтысыз... Қазақ өзі арманшыл, ақынжанды халық қой. Осы қасиет бойына біткен бір қазақ мен шығармын?! Ән орындаушысы болғаннан кейін әннің сөзіне, термелердің мағынасына үлкен мән беремін. Ақындармен әркез тығыз байланыстамын. Ақын достарым бар, олармен бірге жүріп, өзіңнен-өзің ақын болып кетесің кейде... Аз-маз жазып көрдім, бірақ бәрібір ақын болу үшін Құдайдан берілген талант болу керек. Менікі – әуесқойлық. Бірақ, сөз қадірін өз қадірім деп білетін азаматтар қатарынанмын. Егер депутаттық сайлауға түсу туралы ұсыныс түссе,  қабыл алар ма едіңіз? Өнер саласынан шыққан депутат ретінде сізге халық жеткілікті дауыс береді деп ойлаймын. Өмір бойы ән айтып жүремін деп ойламаймын. Келер күннің не әзірлеп тұрғаны бір Құдайға ғана аян. Сондықтан, жас келе эстафета таяқшасын жас әншілерге ұстататын болармыз. Сол уақыт келгенде, өнерден мүлдем кетіп қалмай, осы салаға қызмет етермін. Белгілі бір салаға ынтық болып, жан-тәнімен берілген адамға жұмыс табылады. Депутат болу әзірге ойда жоқ, халық шынымен сұрап жатса, келешекте ойланар ма едім?! Бір ойым, қазір депутаттардың құзіреті өз дәрежесінде емес сияқты. Талай депутат шырылдап кетті, сөздері далада қалды. Өз ойымды, сөзімді қор қылғым келмейді. Әзірге ән айтуға қабілетім жетіп тұрғанда, көп нәрсені халыққа әнмен ғана жеткізгім келеді. «Форбс» журналы сізді «Қазақстандағы ең бай әнші» деп таныпты. Атақты журналдың бұл жаңалығын көргенде қандай әсерде болдыңыз? Және бұл ақпарат қаншалықты рас?! «Форбс» журналының шығарушыларына рақмет айтамыз. Шынында, өзімізді бай адамдардың қатарынан көріп, «ойпырмай,ә» деп мәз болып қалдық. Дейтұрғанмен, көңілге бай болып, рухани байи түссек, артығы сол. Журнал әкімшілігі бұл есептеуді қалай жүргізгенінен бейхабармын. Мүмкін біздің жұма, сенбі, жексенбі күндері неше рет тойға шығып, ондағы пайдамызды қосып, жуық шамамен есептеген болар?! Алайда, туған-туыс бар, өнерде жүріп, достар таптық. Олардың қуанышына ортақтасамыз. Өзіміз де той жасаймыз. Яғни, тойдың бәріне табыс табу үшін бармаймыз... Басты мақсатымыз дүние жинау емес. Өнер арқылы тапқан қаражатты өнерге жұмсаймыз. «МузАРТ» ансамблін ұстап тұру үшін тер төгуге тура келеді. «Былай тартсаң өгіз өліп, былай тартсаң арба сынатын» сәттер де болады. Анау айтқан бай болмасақ та, ел қатарлы күнімізді өзіміз көріп жүрген жандармыз. Бай болғанға не жетсін?! Қол ұзарса, сауапты істер жасауға мүмкіндік те көбейеді. Сондықтан, Алла жазса, мұндай күнді де көре жатармыз. Батыстан бастау алған «Қара PR-ға» жиі ілініп кететін әншілердің бірі сізсіз. Алайда ел алдында жүрген кейбір әншілер арзанқол жалтылдаған жарнама жасағыш қара пиардың  қажеттігін айтады. Жалпы сіздің «қара пиар» туралы пікіріңіз қандай?  Қара пиар, сары басылымға қарсымын. Шынымды айтсам, бұдан шаршадым... Шоу-бизнестің жаңалығын жариялайтын басылымдардың көпшілігі шетелдің сары басылымдарына еліктейміз деп, «бүлініп» жатыр. Ел алдында жүрген саңлақтардың сыртынан болмағанды болды деп, істемегенді істеді деп, айтпағанды айтты деп даттау дұрыс емес. Танымал болуды мақсат тұтып, не болса сонымен айналысу – лас тірлік. Қоғамға танымал тұлғалар да ет пен сүйектен жаралған қарапайым адамдар. Ішеміз, жейміз, ойнап-күлеміз, қателесеміз, кейде ауырып қаламыз... Осыны іліп әкетіп, түймедейді түйедей етіп жазу немесе айту арсыз адамның ісі деп білемін. Қарабет болып танылу ділімізде де жоқ. Ләж болса, тек жақсы жағымнан танылғым келеді. Өйткені, мен де ата-ананың ұлымын, қарындастың ағасымын, баланың әкесімін... Сізді қайсібір арнаның бағдарламасына қонақ, әділқазы ретінде шақыруға  немесе газет-журнал тілшілері сыр-сұхбат жүргізуге құмар келеді. Кім білсін, бұл журналистердің өз жұмысының оқырманын, көрерменін көбейтуді  көздегеннен болар,  бәлкім шын мәнінде халықтың сұранысымен осындай өтініштер түсіп жататын болар. Бірақ, жасырын емес, сіз түрлі себептер айтып, көп жағдайда бас тартып жатасыз.  Осының себебін айта аласыз ба?  Біреудің жемі болғым келмейді. Мен туралы ақпарат жазатын кей журналдарға ренжимін. Осыдан үш жыл бұрынғы сұхбатты қайта жазып, жаңа суретті бір жерден тауып алып, жариялап жатады. Әрбір жерде көрінгім келмейді. Сағындырып көрінген дұрыс. Әр сұхбатта бір нәрсені қайталай беріп, уақыт өткізгеннен гөрі өзге тиімді іспен айналысқанды жөн санаймын. Журналистердің көңілін де қалдырғым келмейді, бірақ сүйінші сұрар жаңалық, бөлісетін жоспар болмаған соң, қайта-қайта шыға беріп не керек?! Жаңалық болып жатса, өзіміз-ақ жарияға жар салуға әрекеттенеміз. Алтынбек көкемнен алған сабақ, халықты сағындырып шыққанды дұрыс санаймын. Сұхбат құруға қанағатшылмын, менің әңгімелерім сирек жарияланса, менің ойым оқырманға әлдеқайда қызық болады деп ойлаймын. Ақпараты көп дейтін интернеттің тілін меңгере алмай-ақ қойдым. Маған керегі болмаған соң шығар, мүлдем қызығушылығым жоқ. «Жас алаш» газетінің бұдан талай жыл бұрынғы санының бірінде  атақ-даңқтың өнердегі шынайы талантарға емес, қалталыларға беріліп жататыны туралы сіздің пікіріңіз көп оқырманның ойымен дөп түскен еді. Халықтың өзіңізге тиесілі бағасын алдыңыз, ал Үкімет тарапынан  сіздің өнеріңіз қаншалықты бағаланып келеді? 1987 жылдан бергі сахнада келе жатқан өнер жолыма қарап, Елбасының қолынан алған марапаттауды өнерімді бағалағандық деп білемін. Үкіметке емес, халыққа қызмет етіп жүрген әншілердің бірімін. Алтынбек көкеммен жүріп-ақ, «бозторғай» деген атқа ие болғанымның өзі бір басыма жетіп жатыр. Мұны мен үлкен бағалау деп білемін. Ел ішіндегі Мейрамбек болып, еркелеп те жүретін едік. Енді Үкімет тарапынан беріліп жатқан атаққа сай болу үшін, еңбек ете түсу керек. Әкенің қызына деген махаббаты ерекше болады ғой. Кәусарыңыз қалай? Көбінесе сапарда жүретіндіктен, қызымды ерекше сағынамын. Оның үстіне Кәусар өмірге аңсатып, сағындырып, күттіріп келген сәбиім еді. Кейде қызыммен әңгімелесіп отырып, «Әке, ән айтпай-ақ қойшы!» – деген өтінішін естіп қаламын. Себебін сұрасам, «ән айтатын болсаң, кетіп қаласың!», – деп жауап береді. Қыз баланың әкесіне жақын болатыны рас, Кәусардың мені қалай сағынатынын ойласам, жүрегім ауырып кетеді. Мен үйде жоқта, киімдерімді құшақтап алып, иіскеп отырады екен. Құдайға шүкір, қызымның жасы бестен асты, есті қыз болып өсіп келеді. Әңгімеңізге рақмет. Сәттілік сізге әрқашан серік болсын!

Айнара Байжан, "Өнеге" журналы

Фотосурет әлеуметтік желіден