Астанада өткен айтыс аламанының бас жүлдегері – Айнұр Тұрсынбаева

34a7ca3e8628bc54e779c035fe811655_500_0_0"Нұр Отан" партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауржан Байбек: «Бабамыздан қалған айтыс егемендіктің,тұрақтылықтың арқасында дамып келеді.Осындай ұлттық өнерді партия әрдайым қолдауға дайын. Айтыспен партияның табиғаты бір. "Нұр Отан" партиясы да,айтыскерлер де халық мұң-мұқтажын билікке жеткізуші дәнекер» деді.
Қадірлі айтыссүйер ағайын, кеше, Астана қаласы «Конгресс-холл» сарайында "Нұр Отан" партиясының тікелей қолдауымен, «Жәдігер» қоғамдық бірлестігі мен «Қазайтыс» сайты бірлесіп ұйымдастырған "Кіл жүйрікте кім жүйрік" деп аталатын аламан айтыс болып өтті. "kazaitys.kz" сайты алты алашқа сауын айтып, аламан айтысқа қатысатын айтыскерлерді сайт оқырмандары өздері іріктеп бәйгеге қосқан 8 ақын, өңкей кіл мықты, көмейінен жыр төгілген, «сен тұр, мен атайын» дейтіндей атағы алашқа кеткен айтулы ақындар болатын. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар сыналған шаңды бәйгенің тізгіншісі болып белгілі әнші, ҚР-ның еңбек сіңірген артисті Нұрлан Өнербаев жүргізді. Алғашқы сөз кезегін алған "Нұр Отан" партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауржан Байбек: «Бабамыздан қалған айтыс егемендіктің,тұрақтылықтың арқасында дамып келеді.Осындай ұлттық өнерді партия әрдайым қолдауға дайын. Айтыспен партияның табиғаты бір. "Нұр Отан" партиясы да, айтыскерлер де халық мұң-мұқтажын билікке жеткізуші дәнекер» деді. Айтыстың шымылдығын «Қол бастағаннан сөз бастаған қиын» - деп, алғаш сөз бастап айтысқан Мұхтар Ниязов пен Біржан Байтуовтың екеуі де екінші айналымға өтпей қалды. Екінші рет сөз жарыстырған Айнұр Тұрсынбаева мен Жандарбек Бұлғақов мәреге қатар жетіп, ел алдында тамаша айтыс көрсете білгендіктен екінші айналымға бірдей өтті. Айтыстың үшінші жұбы Қытайдан келген қандасымыз Қанатбек Зәйтоллаұлы мен Айбек Қалиев айтысында Қанатбек Зәйтоллаұлы басым түссе, балта тілді Балғынбек Имашев пен саңлақ ақын Сара Тоқтамысова айтысында Балғынбектің асығы алшы түсіп екінші айналымға өтті. Бұл жолғы айтыстың тағы бір ерекшелігі, бабы да, бағы да жанып, қара үзіп финалға шыққан ақындардың басжүлдені алуы оңайға соққан жоқ. финалға шыққан ақындарға тосын си жасалды. Айтысып отырған екі ақын белгілі уақыттан соң, экран бетінен ұяшықтар талдап, сол ұяшықтың ішінде көрсетілген суретке қарап өздерінің ақындық шеберлігі арқылы жырмен бейнелеп беруі керек болды. Сонымен, екінші айналымның бірнші жұбы Балғынбек Имашев пен Жандарбек Бұлғақов бәйге көрі­гін қыз­дырып, әзілмен астарлап айтысып ел-жұртты риза етті. Екінші жұп Айнұр Тұрсынбаева мен Қанатбек Зәйтолла ортасындағы айтыс жері бөлек болғанмен жүрегі бір екі елдегі қазақтардың тағдыры туралы өрбіді. Алдан Смайыл, Мұхаметжан Тазабеков,  Серікзат Дүйсенғазин,  Серік Ақсұңқарұлы бастаған әділқазылар алқасы жеңімпаздарды анықтағанша сахнаға Нұрлан Өнербаев ағамыз, айтыс өнерінде алдаспандай жарқылдап, қайталанбас қолтаңбасын қалдырған шынайы талант, жыр жампозы – Оразалы Досбосыновтың ұлы Нұрсолтан Оразалыұлын шақырды. Әр айтыс сайын тыңнан түрен салғандай айшықты ой, соны ұйқас, көркем образ, қазақы теңеулерімен дараланып тұратын Оразалының артында қалған жалғыз ұлы да әке жолын қуып көпшілікке өлең оқып берді. Көзіне жас алмасада сәби тілінен шыққан өлең шумақтарына тебіренбеген жан жоқ. "Нұр Отан" партиясының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек сахнаға шығып айтыстан түскен 1 миллион ақшаны марқұм Оразалы ақынның ұрпағы ұлы Нұрсолтан мен қызы Нұршаға табыс етті. Әділқазылардың шешімі бойынша, дүйім жұртты толқыта елеңдетіп, салмақты сөзбен ой өрбітіп, қиыннан қиыстырып, аз уақытқа жақсы-жаманды сыйыстырып халыққа жеткізген үшін  Бас бәйгені Айнұр Тұрсынбаева жеңіп алып, 2 миллион теңгені қанжығасына байлады. Бірінші орынды Жандарбек Бұлғақов (1 500 000 т.), екінші орынды Балғынбек Имашев (1 000000 т.) иеленді. Қытайдан келген қандасымыз Қанатбек Зайтолла үшінші орынды қанағат тұтты (750 000 т.). Айбек Қалиев, Мұхтар Ниязов, Біржан Байтуов, Сара Тоқтамысова сынды ақындар «Нұр Отан» партиясының марапат қағаздарымен және 500 мың теңге сыйақымен марапатталды. Соңында, Бас муфтиден арнайы сыйы Сара Тоқтамысова куйеуі екеуіне Ұмра қажылыққа жолдама берiлдi. Kazaitys.kz  сайтының арнайы жүлдесінБалғынбек Имашев еншілеп, астына ақбозат мінді.

Тоқтар Жетпісбай, kazaitys.kz