Табыл мұрасы қалың томға топтастырылды

1
2113

«Атамұра» баспасынан жарық көрген бұл кітапта қазақтың тұңғыш бард әншісі, ақын, композитор Қазақстан Республи­касы­ның мәдениет қайраткері Табыл До­сымовтың бардтық әндері мен өлең­дері, көзі тірісінде түрлі басылым­дарға берген сұхбаттары, жеке мұрағатынан алынған, оқырманымен енді табысып жат­қан жыр­лары мен фотосуреттері, қайтыс болған­нан кейінгі көңіл айтулар, есте­ліктер, қалам­­­дастардың арнау өлең­дері топ­­тастырылған.

Әдемі безендірілген, 440 беттен тұра­тын мазмұнды кітап талантымен талайды сүйсіндірген Табылдай Алаштың арда туған азаматының шығармашылық мұра­сын танып-білуге, оның терең шығарма­шылығын насихаттауға үлкен мүмкіндіктер берері сөзсіз. Бұл жинақты табылтануға деген алғашқы талпыныстың айқын көрі­нісі деуге тұрарлық дүние десек те болады.

Қалың бір томды құраған жаңа жинақ мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед пен «Атамұра» кор­по­ра­циясының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рақымғали ҚұлМұ­хаммед сынды руханият жа­на­­­­шыр­­­­ларының қамқорлығымен жарық­қа шығып отыр. Сонымен қатар аталған жи­нақты құрастырып, шығаруға Табылдың достары: Т.Досымов атындағы рес­пуб­ликалық қордың президенті Бижан Қалмағамбетов, «Жұлдыз» журналының бөлім редакторы Жұмабай Құлиев, «Ха­бар» арнасы бас продюсерінің орын­басары Арман Сқабылұлы, «Алаш айнасы» газетінің бас редакторы Серік Жанболат және Табыл мұрасын зерттеуші журналист, «Айқын» газетінің тілшісі Қан­шайым Байдаулетқызы үлкен еңбек сіңірді.

Алты Алашқа атағы жайылған қазақтың тұңғыш бард әншісі, ақын Табылды Досы­мовтың бақилық болғанына да үш жылдың жүзі болыпты. Жарықтық тірісінде тиісті дәрежеде лайықты бағасын ала алмай кетсе де, оның талантын ел танып баға­лады. Қырда туып қырда түлеген, қара гитара асынған қазақтың қара баласы қазаққа ән мен жырын қалдырып, мәңгілік сағынышқа айналып кете барды…

Табылдың көзі тірісінде талай сұх­бат­тасып, ол жайлы басылым беттерінде бір­неше мақала жазған журналист Қаншайым Байдаулетқызы бард-ақын туралы, ол қайтыс болардан аз ғана уақыт бұрын, қалың қауымға ой тастап: «Кейінгілер Табылдыны таниды деп ойлайсыз ба? Ойламасаңыз, бұған кім кінәлі? Қанша тартса да, қысқа жібі күрмеуге келмейтін, өнерден басқаны бақ деп білмейтін, қаймағы бұзылмаған ауылда жатқан қас талант па? Жоқ, әлде оны іздемейтін, іздегісі келмейтін, тұмсығының астын­дағыдан әріні көрмейтін тиісті орындар ма? Қаптаған концерт ұйымдастырушылар мен продюсерлік орталықтар қайда қарап жүр? Табылды Досымовтың кешін көп кешіктірмей өткізіп, дәл қазір алтын дауысын «Алтын қорға» жазып алмасақ, ертең сан соғып қалуымыз әбден мүмкін. Уақыт өз дегенін жасайды. Табылды Досымов өзгермейтін, қар­таймайтын, мәңгі жас болып жүре беретін темірден жаралған жоқ. Ертең оның да белі бүгіледі, беттен әр, бойдан күш-қуаты кетеді. Біз күнде туылмайтын саңлақ­тарымыздың елеусіз, ескерусіз қалуына қалайша жол береміз?! Ойлан­саңыздар екен, ойға алсаңыздар екен!» – деп ағынан жарылып, ақиқат іздеуге талпынып еді. Алайда Табылдың маңдайына бұйырған қысқа ғұмыр толағай талантты бейқам жатқан қоғамнан бөліп әкетті. Ақынның «замани зарға» айналған жырлары оның ішкі жан дүниесі мен түйсік-санасына бір сәтке тыным бермегендей:

Мәңгі-бақи мекенімді табу үшін

Дендерден,

Мен де бір күн кетер ме екем,

бақұлдасып сендермен.

Махаббаттың жаршысымен, қалу үшін

қоштасып,

Қабіріме келер талай қос ғашық.

Достар, сонда қабіріме келмеңдер!

Тірілерді танымайды өлгендер!

Достар, сонда көз тікпеңдер табытқа.

Мен сендерді күтем ылғи тамұқта!

Достар, сонда қабіріме келмеңдер!

Тірілерді танымайды өлгендер!

Өлмеңдер!

Ерлеңдер! 

Жуырда Табылдың сөз бен саз мұрасының жанашырлары оның өнері мен өмірінен сыр шертетін «Із тастап аққан бір жұлдыз…» атты салмақты жинақ құрастырып шығарды.

Осылайша талайлы тағдырына мойын­сынып, өлең мен өнерге адал қызмет еткен Табылдың өз сөзі әлі талай ұрпақтың са­насында сілкініс жасап, ғасырлармен бірге үндесе бермек.

Алдағы күндері Атырау облысы – осы өлкенің төл тумасы, халқымыздың ардақты ұлы, біртуар ақын Табылды Досымовты еске алуға арналған бірқатар ауқымды мәдени іс-шаралар мен ақын мұрасын арқау еткен шығармашылық кеш өткізгелі отырғандығын бүкіл республика жұрт­шылығы біліп отыр. Бүгінде елімізде Та­былдың әдеби-музыкалық мұрасына ден қойған жанкүйерлері көп. Баспадан жаңа шығып отырған «Із тастап аққан бір жұл­дыз…» атты жинақ та – сол жан­күйер­лер­дің, Табылдың жақын дос­тарының еңбегі. Осы орайда, жақын арада Атырау облы­сында ұйымдастырылатын Табылды До­сымовты еске алуға арналған шаралар аясында аталған жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімі өткізілсе деген талап-ниетіміздің де бар екендігін жасырмаймыз.

Алмат Исаділ «Алаш айнасы» газеті

1 Пікір

  1. Туған өлкемнің бард ақыны туралы оқушыларыма Поэзия баспалдағы таңдау пәні бойынша зерттеу өлеңдерін оқу «Дендерім- байтақ мекенім» өлеңнің патриоттық сезімін туғызды.»Із тастап аққан бір жұлдыз» кітаппен танысып көп мағлұмат алдық. Өлеңдерін оқып, зерттеу жұмысына қатысып, Табылдымен мақтанамыз, ағайын!

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз