Ахметжан Есімовтен тағы бір әнші кешірім сұрады

photoЖыл сайын өткізу дәстүрге айналған Майра Ілиясованың "Күміс көмей, жезтаңдай" атты дәстүрлі әншілер фестивалі биыл да назардан тыс қалған жоқ. Жанды дауыста ән шырқалатын бұл гала-концертті тамашалауға Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов мырзаның өзі келген. Алайда концерт жанды дауыста өткізіледі деп хабарланғанымен, фонограммалы ән нөмірлері көп енгізіліпті. Бағдат Сәмединованың ән орындауға кезегі келгенде алдын-ала жазылған дауыс ерте ойнап кетіп, әнші сахнаға шығып үлгермей қалды. Ән айтылып жатса да, сахнадан Бағдат әнші көрінбеді. Кейін Бағдат Сәмединова бұл жағдайды ұйымдастырушылардың 4 және 14 нөмірлердің орнын ауыстырып алғанын айтты. Шығу нөмірлері ауысса да, көрермен Сәмединовадан жанды дауыстағы әнді күткен еді... Өнерге таласы бар талғампаз тыңдарман наразылығын көрсетіп, "тірі дауыста ән салыңыздар" десті. Техникалық ақаулар үшін кешірім сұраған Майра Ілиясова мен Бағдат Сәмединоваға қала әкімі Ахметжан Смағұлұлы музыкалық сүйемелдеусіз ән орындап беруін және халықтың кешке тірі дауыста ән тыңдауға келгенін айтты. Әкім мен көрерменнің талабын ескерген Бағдат Сәмединова мен Майра Ілиясова жанды дауыста ән айтып, халықтың көңілінен шықты. Сәмединова ханым ыңғайыссыздық тудырған жағдай үшін кешірім сұрады. Айтпақшы, байқау нәтижесібойынша бас жүлдені – Жақсыгелді Майасаров жеңіп, 1 миллион теңгені ұтып алса, халық аспаптарын қолдана отырып, эстрадалық ән орындау аталымы бойынша - Нұрболат Абдуллин де 1 миллион теңгені алып қайтты. Бас жүлдені Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов табыс етті. Ал көрермендер көзайымы болған Әзиз Балтабекұлы ең жас әнші ретінде марапатталды.