Ибрагим ИСАЕВ. "Уақыт қана өтіп жатыр нүктесіз..."
2013 ж. 15 қыркүйек
5188
6
Ибрагим ИСАЕВ,
Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты.
"УАҚЫТ ҚАНА ӨТІП ЖАТЫР НҮКТЕСІЗ..."
НҮКТЕ Бір ғұмырың жетсін мейлі, жетпесін, Өкінесің уақыт сырғып өткесін. Маған дейін қоя алмаған ешкім де, Мен де уақыттың қоя алмаймын нүктесін. Армандарың шарлай берсін көк төсін, Өте алмасың сезді де арғы бетке шын. Жарығының азайғанын сезгендер, Өмірінің ерте қойды нүктесін. Жүрсек дағы қиындықтан қорғанып, Өмір бізді, біз өмірді алдадық. Тіршілікке қанша нүкте қойсақ та, Уақытқа ешбір нүкте қоя алмадық. Бұл жалғанға болсын мейлі өкпеңіз, Үтір ғана біткен өмір, біткен іс. Бақытқа да жеткізбейтін жылдамдық, Уақыт қана өтіп жатыр нүктесіз. Барлығын да кері қайырған күні, Бұл адамзат әбден тойынған күні. Тоқтайды өмір, өледі бар тіршілік, Уақытқа нүкте қойылған күні БЕЙІТ Өлінің үйі екенін сезгенменен, Көрдім де бір бейітті күмбездеген. Байқадым, тірі кезде асып-тасқан, Пейілі өлгенде де өзгермеген. Жүрмейді айтқаныңмен өмір сенің, Бұл жанды сырттай ғана білуші едім. Қол ұшын бермей кеткен ешбір жанға, Ешкімнің түсінбеген көңіл шерін. Өзі емес, жатыр мұнда сүйектері, Баяғы жылуы жоқ жүректегі. Құлқынын тойдыра алмай өтті өмірден, Білмеймін, осы жанға не жетпеді. Жетпеген оған жалғыз мейірім еді, Ол өзін мейірімсіз боп әйгіледі. Онда да сәби жүрек елжіреді, Ал, енді тоқтады екен қай жүрегі!? Бар еді талай сарай, талай бағы, Қалды екен өлген кезде қалай бәрі! Осынау қу дүниеге тоймай көзі, Жатса да іріп-шіріп қарайды әлі. Өзінің денесіндей бөлмесінде, Не ойлап жатыр екен өлгесін де. Мәңгілік көрші болып тұрақтапты, Елеусіз бір мүсәпір іргесінде. Бірі бай, бірі кедей, екі бейбақ, Белгісіз енді нені жатыр ойлап. Мүсәпір кетті пейіш есігіне, Сараңды кетті дозақ отына айдап. Мүсәпір көршісіне алаңдады, Пейіштің маңайынан таба алмады. Сырласып жүргісі кеп о дүниеде, Іздеп жүр сол мүсәпір сараңды әлі. СӨЗ ҚАДІРІ Айтып жүр ғой дейміз дағы ел енді, Терең ғой деп қабылдаймыз тереңді. Олай да ойлап, былай да ойлап көр енді, Қыбырлаған жыбырлаған жәндік көп, Ұқпай қойдым «шыбын жаным» дегенді. «Жан» деген бір қасиетті ұғымды, Кім де болса әлде қашан ұғынды. Ал, шыбынның қандай қасиеті бар, Неге «жанға» теңеп жүрміз шыбынды. Сөз қадірін жүрміз бе әлде сезбей құр, Ойға сіңбес сөздер бізде аздай бір, Я, шыбында қасиет бар біз білмес, Я, ақымақ айта салған сөз ғой бұл.
АЗАТ ЕЛДІҢ АЗАМАТЫ
Азат Перуашевқа
Өзіміз де тақтайдай, – Сөзіміз де тақтайдай. Кейде осы сөйлейміз-ау сақтанбай, Қазақ деген ат қандай. Азат деген ат қандай, Жалын бардай осы сөзде жылынар. Осы сөзде өшпейтұғын шоқ бардай, Азат пенен қазақ деген бір ұғым. Келетұғын жақсылықты көргісі, Азат деген – бостандықтың белгісі. Азат жайлы айтқан кезде, алайда, Атты ойнатып ұпай жинау жоқ ойда. Құрастырмай ертегісін, Туған елдің ертеңі үшін. Мұрындық боп жүрген жан ол талайға, Кейде тіреу болар жерде. Тіреу бола алмаймыз, Кейде сүйеу болар жерде. Сүйеу бола алмаймыз, Сөйтеміз де бірімізді біріміз. Құрғақ сөзбен алдаймыз, Шындығында осы біздер қандаймыз? Сақылдап бір аяз соғып тұрса да, Лапылдап бір жанар кезде жанбаймыз. Азамат кім, Азат кім? Ол да нағыз жанашыры қазақтың. Ешкімді де алмайтұғын жағадан, Ақылды адам – қарсыласы көп адам. Солар ғана суырылып шығады, Шыға алмайтын додадан. Кеңейтуге туған елдің өрісін, Қайрат-күшін жұмсап жүрген сол үшін. Жылып тұрар, парламентте отырған, Азаматтар сендей болса, деп ішің. Қанша елдің қалаулысы дегенмен, Халық үшін ой айта алмай тереңнен, Сөзі де жоқ, өзі де жоқ, әйтеуір, Сүмірейген депутаттар көрем мен. Жүрмесең де бүкіл елді асырап, Батылдығың басқалардан басым-ақ. Қашып жүрген жоқсың қуыс-қуысқа, Айтып жүрсің ойларыңды ашып-ақ. Құдай өзі сақтасыншы, билікте, Жүргендерден абыройын шашып ап. Халқы үшін жасамаса бірдеңе, Депутаттар депутат боп жүр неге? Неге олар отырады маужырап, Үй күзеткен мысық сынды іргеде. Келмейді оны кедей дегім, бай дегім, Іздеп жүрген жан емес ол жайлы орын. Жалтақ емес, азамат ол тік өскен, Қажет жерде шаршамайтын күрестен. Текті ойлар туады тек тектіден, Азат – елдің Азаматы деп білем! ТӨРГЕ ҚҰМАР БІР ТЕКСІЗ АҚЫНҒА Ұмтыласың замандас, төрге неге? Төрге қарай ретсіз өрмелеме. Өзінің де, сөзінің бедері жоқ, Беделсізге төргі орын сән бере ме. Таразыла ойыңның әр бөлшегін, Көтерілмес беделің төрмен сенің. Төрге шықсам сыйлы адам боламын деп, Төрге ұмтылу «өспейтін» өлген сенім. Болмаса да төр саған лайықты, Отырасың әйтеуір қарайып бір. Төрдегі орның тұрады елестетіп, Жас балаға жайылған жаялықты. Бедел деген төрде емес, абыройда, Төрде ұқсаймын деме сен Абылайға. Өзіңнен де сыйла адам бар екенін, Төрге ұмтылмай тұрғанда тағы да ойла. Реті бар, орны бар әр нәрсенің, Сатып алған орның жоқ төрден сенің. Маған салса, тексізге сен сияқты, Босағадағы орынды бермес едім. Төр дегенің көр емес, киелі орын, Ақылы бар адамдар біледі оны. Мықты екем деп ұмтылма төрге қарай, Шықты екен деп газетке бір өлеңім. Төр орыны ақылды ақсақалдың, Ақсақалға ал сені ұқсатар кім? Орныңды тап өзіңе лайықты, Келіп жүрсе егер де жақсы ат алғың. Төрге неге соншама қаталадың, Сол орынды салып жүр қалтаңа кім? Ұят деген басыңда қалмаған ба, Төрде отырсың, қасыңда жапалағың. Төрде отырған адамды тұрғыз мейлі, Төрге құмар, сені жұрт жалғыз дейді. Сен сияқты ақымақ бейшаралар, Өлген кезде көрден де төрді іздейді. ҚАЙРАУ немесе ЖЕҢІС ТҰҒЫРЫНА ЖЕТУЖастар арасында қазақша күрестің
жеңімпазы Мәди Ғабиденұлына
Бұл дүниеде адамзат көз ашқалы Күрес, күрес, өмірдің күрес бәрі. Біреу жеңіп, ал біреу жеңіледі, Жол бастайды жеңіске жол ашқаны. Жеңілісің – ол сенің шегінісің, Айла керек, күш керек жеңу үшін. Намысыңды үнемі қайрау керек, Шығу үшін жеңістің төріне шын. Намысың мен қайратың қабысқанда, Ала алмайды сені еш арыстан да. Жеңілесің сенімің жоғалғанда, Жеңілмейсің бойыңда намыс барда. Сол намысың жеңіске жетектеген, Жете алмайды жеңіске тер төкпеген. Жігеріңді жаниды жеңіс сенің, Жігерімен көрікті еркек деген. Бұл жеңісің баспалдақ келесіге, Елің сақтап жүреді сені есіне. Ертең халқың басына көтереді, Көтереді қолыңды төреші де. Мәди деген асқақтап атың әлі, Сені сыйлы орталар шақырады. Қазақ деген қашаннан батыр халық, Талайлардың маңдайы жарқырады. Сен солардың жалғастыр жолын енді, Кім сыйлайды деп едің жеңілгенді. Енді ешқашан шегінбе алған беттен, Ел де жақсы көрмейді шегінгенді. Сенің елің мынау ел, сенің далаң, Жасымасын жігерің жалындаған. Сүйікті елің өзіңді тану үшін, Биіктерің көп әлі алынбаған. Сол биіктің бәрінен көрін, балам, Биіктерді бағындыр бағынбаған. Сен көтерсең қазақтың туын көкке, Сонда сенің қуанып қолыңды алам!СӨЗ САЛМАҒЫ
«Алтынды көрсе періште жолдан таяды» – дейміз. Неге?
Айтады-ау біздің қазақ та, ойланбай кейде, Жұмақты қолмен орнатып қойғандай жерге. Періштені де жолынан тайдыра салар, Өздері түзу жолынан тайғанда кейде. Періште сонда періште болады қалай, Алтынды көрсе жолынан таяды оңай. Құныққандардың кейінгі айтқаны шығар, Айтпаған шығар қазақтар баяғыда олай. Еркек арбаған көргендей сайқалдың көзін, Айналайын деп ұққандай айқайдың өзін, Қасиетті сөз деп бүгінде қолданып жүрміз, Періштемін деп оттаған сайтанның сөзін. Өзімізді өзіміз алдау үшін де, Тоймайтын терең құлқынды қорғау үшін де. «Алтынды көрсе періште жолдан таяд» деп, Жарық дүниенің өзгерттік тербелісін де. Бұрмайтын жандар айтқан-ау құранға бетті, Таба алай қойдым ойланып бұған себепті. Біз түсінетін адалдық – періште ғана, Құдайдан қорқып, ойпырмай, ұялсақ етті!НЕСІБЕ
Мынау өмір адамзатқа қымбат неге, несімен, Деп ойласам, сондай кезде түседі еске несібем. Қиналасың, ойланасың бұл өмірде құр қалып, Жүрген жоқпын ба екен дейсің несібемнен осы мен. Бірақ ондай күпір ойдан арашалап өзімді, Басқа арнаға бұра салам ойымдағы сөзімді. Бар болмысым осы менің, ашқан кезден көзімді, Несібем деп түсінемін бойымдағы төзімді. Өз несібем өзімді іздеп табатынын сезем де, Қалғып кетпей, қарғып кетем өмір дейтін өзенге. Жаратқанға шүкір деймін, өкінбеймін ешқашан, Несібемнен айырмаған мынау қиын кезеңде. Несібесі бар адамның, көңілінде бар байлық, Жетпейтініңді ойлайсың ғой, таусылғанда қалмай түк. Шын несібе жаныңды ұғып, жалындырып келмейді, Ол несібе – несібе емес, күтетұғын сарғайтып. Қиналғанда ұстатпайды, қанша асығып, әлектен, Кей несібе досым болып жолығады кенеттен. Несібемнің көзі де тұр, ізі жатыр қаншама, Өмірімнің жолдарында бұған дейін мен өткен. Сол несібем есік қағып тұрмаса да күнде кеп, Мені әйтеуір бұл дүниеде жаратушым жүр жебеп. Өкінбеймін, шүкір деймін, мынау жарық жалғанға, Несібемнен айырмаған жаратқанға ырза боп. www.qazaquni.kz