БАЙЫРҚҰМНЫҢ БАЛАСЫ

 

БАЙЫРҚҰМНЫҢ БАЛАСЫ

бар қазақтың дарасына айналды

 Tilen

         Бала кезден суретші болуды армандаған біздер үшін Шардара өңірінде Тілеубердіден асқан мүсінші  жоқтай көрінетін...  Сондықтан ол барып оқыған Алматыдағы көркемсурет ущиличесінен артық оқу орны жоқ деп ойлайтынбыз. Ауылда оны бәрі  Тілен  дейтін. Оның  даңқы біз 8-ші кластарда оқып жүргенде Темірланда күш атасы Қажымұқанның ескерткішін салумен  бірден өрлей жөнелді.  «Қажымұқан ескерткішін салған мынау біздің көрші ауыл Байырқұмдағы мүсінші  бала екен» деген сөз ауылда, әсіресе, Арыс пен Шардараның арасында  Арыстанды-Қарабастың желіндей қатты есіп кеткен еді  сол кезде...  Керемет дүниелердің бәрі біздің ауыл-аймақтан басқа жақта, тым алыста болады деп ойлайтын  қатып қалған қағиданы алғаш бұзған, жаңылыспасам, осы Тілен Бинашев болды. Біз Тіленмен танысуды ойлайтынбыз. Оның қасында жүріп, мүсін жасағанын өз көзімізбен көрсек, үйренсек  деп армандайтынбыз. Байырқұмда  Тіленмен бір ауылда бірге өскен, ауылда мен мұғалім болып жүргенде Қызылқұмда кеңшардың көркейту суреттерін бірге салған  Елтай суретші есіп тұрып, онымен бірге талай ескерткіш-мүсіндерді соққанын соғып отыратын... Қызыл шарапқа қызыңқырап қалған кезде... тіпті көп мүсіндерді Тілен емес...  өзі жасағандай өзеуреп кететін... Әңгіме өзім қатты құрметтейтін дарынды мүсінші Тілен Бинашев туралы болып отырғасын, мен әрине, Елтай досымның бұл «артық кеткеніне» кешіріммен қарайтынмын... Tilen 1   Сыртынан атына қанық Тіленді мен Алматыға Елтайды ертіп  бір келгенде үйіне іздеп барып, танысқан едім. Беймезгіл уақытта шалабурыл Елтайға еріп барғасын ба, үйдегі  әпкеміз Тілеудің «інілерің келіп отыр ауылдан» дегеніне елпілдей қойған жоқ.  Біз күткендей дүкенге де жүгірмеді ...  Сондықтан сүлесоқтау қайтқанымыз есімде. Кейін Алматыға суретші боламын деп барған мен ауылға ақын болып оралдым да, мүсінші Тілеумен жолымыз түйісе қойған жоқ. Ақын-жазушылар арасында аты көп шыға бастағанда ғана елеңдеп қалатын едім. Айта кету керек, суретші-мүсіншілердің ішінде әдеби қауымға жақын жүретін, өмірден өткен қаламгерлер-қайраткерлердің мүсіндерін жасаумен аты шыққан Тілен Бинашевтың аты жиі естілетін. Кейбір ескерткіштерінің кейбір қалаларға қойылып жатқанын еміс-еміс  естіп қоятынмын. Тілеу өзінің үлкендігін көрсетіп, кейінгі кезде маған жиі хабарласа бастады. «Сен өмірі Алматыда тұрмайсың ғой. Қашан көрсем,  сапарда жүресің, қолың тиетін кезі бола м өзі?»-деп кейіп те қоятын. Маған әсіресе, ұнағаны, оның Арыста Мұңлық-Зарлық ескерткішін тұрғызуы еді. Өйткені Мұңлық-Зарлық дастаны біздің бала жасымыздан санамызға сіңіп қалған болатын. Менің өзімнің де «Мұңлық-Зарлық мұқамы» атты жыр хамсаятым бар еді... Эпостық жырға сүйенген ескерткіш композициясы  өзгеше өрнекте , Тіленнің өзіне тән  пластикалық шешімде сәтті бейнеленген.   Кейін менің қолыма Тілеуберді  Бинаштың «Мүсін» кітабы тиді. Көлемді де, көркем кітапқа 2012 жылдың 12 желтоқсан күні қолтаңба жазып қойған екен, күйбең тіршіліктің күрмеуімен жүріп, соған жарты жылдан асқанда барып, зорға қолым жетті. Мәдениетке мән берген азаматтығын көрсетіп, демеу қолын созған Ербол Шымкентбайұлының арқасында  жарық көрген сапалы кітап-альбом  Тілеудің бар шығармасын алдыңа жайып салатын көркем дүние болып шығыпты. munlyq zarlyq«Мұңлық-Зарлық», Керей-Жәнібек,  «Баба рухы»  монументтері,  Қажымұқан, Абылай  хан, Құрманғазы, Қорқыт баба, Күләш Байсейітова ескерткіштері Тіленнің өнердегі эпикалық кең құлашын көрсетеді. Ал лирикалық лебі бар «Атамекен», «Әуен», «Сырласу», «Байырқұмның баласы»,  «Көктемгі жаңбыр», «Сүйінші», «Қиял», «Бинаш ата», «Аршагүл ана», Байырқұмның қыздары», «Кемпірқосақ», «Дала қызы», «Сыр бойы», «Сағыныш» және т.б. туындылары туралы көп сөз айтуға болады. Тілеудің оң жамбасына жақсы келетін шағын мүсіндері нің әрқайсы үлкен  армандарға жетелеп, терең ой қозғайды. Бейнебір  үлкен ойларға жетелейтін шағын лирикалық әсем жырлар секілді әсер қалдырады...  Ал саябақ мүсіндеріне келсек, сәтті шешімдер тапқан  түрлі мүсіндер бейнебір табиғат әлемімен біте қайнасып кеткеніне куә боламыз. Кітапта Тілен туралы қазақтың бүкіл жайсаңдары жақсы тілегін аямапты. Актер Асанәлі Әшімов пен ақындар Мұқтар Шаханов, Тұманбай Молдағалиевтерден  бастап, Серік Тұрғынбеков, Ибрагим Исаевтар қостап,  талай тарландар жүрек жарды лебіздерін білдіріпті. Бұның өзі де көп нәрсені аңғартса керек. Талантты  таланттар таниды. Жігітсің сен баба рухы қолдаған, Талайлардың өр тұлғасын сомдаған. Фараби мен Төлебидің жерінде, Саған дейін сендей шебер болмаған!»- деп жырлайды мұзбалақ  Мұқтар Шахановтың  өзі... Көне Сырдариядан көркем  сыр аулап, мұрасы мол Мұрынқарақтан шежіре жинап,  қазақтың бас батыры болған  Алатау батыр бабасына зиярат етіп өскен, Арыстан алысқа шырқаған Тілеуберді  Бинаш бүгінде қолына алған тасы тарихқа, ағашы асыл дүниеге айналып шыға келетін  дара дарынды мүсінші. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,  ҚР Суретшілер одағының мүшесі. Шаңырағын шағын  мұражай-көрмеге айналдырған, соңынан қызы Гүлфиядай үздік  шәкірттер  ерткен ұлағатты ұстаз. Тарихымен тамсантқан тәмам елді, Даламдағы бұл да бір дара белгі – Ұзаққа ұлын ұзатып салып тұрып, Мұңлық-Зарлық мұңданып қала берді...- деп,  бір кезде ауылдан Алматыға аттанып кеткеніміздей,  бүгінде баяғы «Байырқұмның баласы» бар қазақтың дарасы ретінде танылып,  қазақ бейнелеу өнеріндегі бедерлі де, белгілі тұлғаға айналып отыр. «Бинаш ата» жаққан өмір шырағы өнер шырағына айналып, мәңгілік маздап жана берсін  деп тілейік.  Соған шүкір дейік,  Тілеуберді  аға-дос!   Барған сайын   Шардара даласына, Асығатын  ұлы Сыр жағасына. Байырқұмның баласы  бір кездегі Айнала бер бар қазақ дарасына!

 Қазыбек ИСА,

www.qazaquni.kz