Сын ба, әлде сандырақ па?

    Қазақ әдебиеті сынының негізін салушылардың бірі, сыншы-ғалым, Қазақ КСР Халық жазушысы Мұхамеджан Қаратаев: «Егер сын шын пайдалы, жанды, әсерлі сын болса, ол қашанда көркем әдебиеттің белгілі бір кезеңінің нәтижесі бола тұра, сол әдебиеттің басындағы барлық құбылыстарын толық зерттеп, терең түсіну арқылы оның алдын болжайды, жөн сілтейді, әдебиет қозғалысына дем береді, көтермелейді, жетектейді. Сөйтіп әдебиеттің болған, бар жағдайының туындысы болумен бірге өзі сол әдебиеттің жаңа жағдайда өсуіне әрекет жасайды, құрал болады» («Қазақ әдебиеті сынының міндеттері», Қазақ Совет жазушыларының 1-пленумында жасаған баяндамасы) – десе, ал «періште болып туылып», өмірден әділдіктің туын көтеріп, өнерде «әулие болып өткен адам, – Б.Сарыбалаұлы» Зейнолла Серікқалиұлы: «Шын мағанасында, нағыз сын, менің ұғымымда, бастапқы жазушы қалам тартқан... Сүйікті тақырып байлығын ары қарай жандандырушы, қаламгерлермен жарыса толғанып, автор ойын ұштаушы, қажетті жерінде тіпті жетілдіруші, дамытушы. Барлық кезде бірдей ол жазушыны, шығарманы тек түсіндіруші болып қалмауға тиіс», – дейді. Бұл екі сыншының әдебиет сынына деген көзқарасы, арман-тілегі мен мақсат-мұраты бір екенін байқау қиын емес. Бірақ солардың жолын қуып, шығармасының кемшілігін дәл тауып авторлаға жанашырлықпен қолдау көрсетіп,  достық пікір айтатын білімді, білікті, парасатты сыншыларды өз басым әлі көре алмай жүрмін! Қазіргі қазақ әдебиеті сынында көпіре мақтау мен сыпыра жамандайтын ат төбеліндей шоғыр пайда болды. Мақтайтындар жазушы мен шығарманы тек түсіндіріп, авторды жанын сала дәріптеумен әуре болады да, ал сынға алдым дегендерін оқып отырсаң дені «тобық жасырар тереңі жоқ», ғылыми негізі әлсіз, шығарманың арғы қатпарына бойлай алмаған, жеңіл қарпып, көрінеу тұрған бірлі-жарымды кемістіктерді көлденең тартып қазбалаған балдыр-батпақ дүниелер. Тіпті, кейбіреуінде туындының табиғатына үңілуден көрі, өз басының өкпе-назын айту, пікір көтерген болып автордың жеке басына шабуылдау, кекеп-мұқау, тырнақ астынан кір іздеу жәйіті басым. Сол арқылы қаламгерлердің құқығы мен бет-беделіне, атақ-даңқына қаса-қана кір келтіріп жүргендер де жоқ емес, бар. Мұндай мақаланың көкесін өзін Зейнолла Серікқалиұлы, Сағат Әшімбаев, Бақыт Сарыбалаұлымен қатар қоятын, «берік принципті сыншылардың бірімін» дейтін Жұма-Назар Сомжүректің мақаласынан да байқадық. Мен емес, кез келген көзі қарақты саналы оқырман «берік принципті сыншының» біз сөз етпекші болып отырған мақаларын оқығаннан кейін қандай ойда қалғанын айтудың өзі қиын. Енді Жұма-Назар Сомжүректің алғашқы мақаласына үңліп көрелік. Мақаланың «Ашынғаннан шығады ащты даусым» («Үш қоңыр» №27, 17 тамыз 2011 ж.) деген тақырыбын оқып зорлық-зомбылық көргіп, өмірден күдер үзген адамның жанайқайы болар деп ойлағанмын. Оның үстіне мақала: «аттап басқан сайын алдыңнан шыға келетін әділетсіздік атты сайтанның сапалағы кімнің де жанын жегідей жеп, жүйкесін кеміршіктей кеміріп жұқара береді ғой. Әділетсіздікке етіміз үйреніп кеткені сондай, оның көбіне төзіп жүре береміз. Төзбегенде де, оған қарысы қылар қайраным жоқ. Әділдік іздеп арыздансаң, оны таппай шаршайсың», – деп басталады. Сөйтсек, «мүшәйрада жолы болмаған», дұрысы «мүшәйраның жүлдесіне іліне алмай қалған» Ж-Н.Сомжүректің жанақайы болып шықты. Иә, мына рахымсыз пәни дүниенің кесірінен жолы болмайтындар бұрын да болған, қазір де бар, бұдан кейін де бола береді. Өмір сонысымен қызық. Адамның ойлағанындай бола беретін заман қайда?.. Өткен жылы мерей тойын тойлап, мүшәйра жариялап, ақын-жазушыларымыз мәре-сәре болған қазақ поэзиясының қос шыңы Мұқағали Мақатаев пен  Қасым Аманжолов та өз заманының «әділетсіздігінен» айналып өте алмаған. Сондықтан да М.Мақатаевтың: «Шаңбасқан архиптерден табылармыз», – деп Фәриза Оңғарсыноваға мұң шағыуы мен Қ.Аманжоловтың: Жеңісім менің жарық етсе, Келеді дос болып ант беріп. Бір жерімнен қалт кетсе, Кетеді шіркін жалт беріп, – дегені де сол сіз айтқан әділетсіздіктердің бір парасы болар. Сол себептен де Ж.Ерманов Мақатаевқа арнаған «Бақ пен сор» деген өлеңінде: «Ойы биік, Бойы биік ортадан Жанды-сөнді лапылдаған өрт адам. Ешкім оны сипаған жоқ маңдайдан, Ешкім оны қаққан емес арқадан. Басын исе, адалдыққа иетін Ешкім оның түсінген жоқ  ниетін. Өзегінен теуіп жатқан өмірді ол Өгейсімей, Өліп-өшіп сүйетін!» – деп жырлапты. Қандай керемет көркем образ! М.Мақатаевтың бүкіл болымысы мен жасампаздығы осы екі шумаққа сиып тұрғандай. Ж-Н.Сомжүрек мүшәйрадан жолының болмай жүргенін көбінесе Жазушылар одағының төрағасы Н.Оразалиннен көреді екен. Өйткені, екі мақаласының да үштен бір бөлігі Н.Оразалинді күнәлауға арналған. Тіпті, кейде Н.Оразалиннің ар-намысына тиетін сөздер де кездеседі. Оның бәрін тізбелеп айтып отырудың өзі ұят. Дейтұрғанмен сөзімізге дәлел ретінде Ж-Н.Сомжүректің сөздерінен ситат келтіруге тура келеді. Ол: «Әділ қазылар алқасы деген жай аты ғана. Жазушылар Одағының шексіз билігіне ие болып алған, «мәңгілік мәртебелі құрметті» төраға Нұрлан Оразалин жыр мүшәйраларының жүлдесін жабық конкурс талаптарына сай емес, өз мүде-тілектестеріне қарай бөліске салуды әдетке айналдырған. Жабық конкурс, бүркеншек ат деген де жай қулық. Яғни, қулықтарына құрық та, сырық та бойламайды. Күні бұрын келісілген, жобаланған өз авторларына жүлде үлестіріледі», –  деп бар күнәні Н.Оразалиге үйіп-төгеді де, аяқ астынан жалт беріп: «Қазылар алқасының  төрағасы ақсақал ақынымыз Тұманбай Молдағалиев екенін бұрын оқып естігенбіз. Тұмекең жетпістің бел ортасын асып, сексенге қарай аяқ басқанда пенделікке бармас, Құдайдан қорқар, табандылық танытар, әділеттілікке, жолсыздыққа жол бермес деп үміттенгенбіз. Қайдағы?! Бас жүлдені Жүрсін Ерманға алып бергені – 2008 жылы сол Жүрсін ұйымдастырып өткізген «Бір өлең – бір әлем» атты жыр мүшәйрасының бас жүлдесін Тұманбайға бергізгенінің қарымтасы екенін жұрт бірден біле қойды». «Тұманбай мен Жүрсін сауда айырбасын жасады», – деп Т.Молдағалиевті айыптауға өтеді. Ол және «Сәкен Иманасовтің жазылмаған өлеңіне комиссия төрағасы – әділ «қазы» Тұмекең (Тұманбай) досына мырзалық жасап,  қолында тұрған тегін ақшаны тегін бере салған» («Үш қоңыр» №33, 28 қыркүйек 2011 жылы «Мүшәйра – мазақ һәм «тойымсыздар тобы»), – деп «тисе терекке, тимесе бұтаққа» дегеннің керін келтіреді. Ж-Н.Сомжүрек: «Жүлде алғандардың көбі бұрынғы мүшәйраларда да сыбаға алып, мүшәйра номенклотурасында еніп алғандар екен. «Қазақ әдебиеті» газетінің бетін бермейтіндер де солар. «Өздері би, өздері қожа, өздері ұлы ақын» болып алғандар кілең», – деп ызаға булығады. Автордың бұл сөзіңізге сенсек. Қазақ әдебиетінде «мүшәйра номенклотурасына» мен «Қазақ әдебиеті» газетінің бетін бермейтін» ақындардан басқа қара үзіп озып шығатын ақындар болмаған болмай ма? Сол үшін де мүшәйраны солардың жеңіп алары сөзсіз ғой. Оған амал нешік?! «Екінші орын алған Иран-Ғайып пен Біліспек Әбдіразақтың өлеңдерін газет баспапты. Соған қарағанда онша болмаса керек. Үшінші орын алған үшеудің бірі Сәкен Иманасовтың жыры да жаряланбапты. Сол себепті пәлен-түңлен деп пікір айта алмаймыз, – Ж-Н.С.». «Өздері би, өздері қожа, өздері ұлы ақындарға» «Үш қоңыр» газетіне шығу таңсық болмаған шығар. Мен бірдеме білсем Иран-Ғайып пен С.Иманасов қазіргі қазақ поэзиясының алдығы қатарынан көрініп жүрген ақындар. Ал Білісбектің өлеңі «онша болмай қалғанан» емес, төте жазудан кириллициа аударатын адам болмай қалғанын білмегеннен кейін, бұлай айтуға қалай аузы барды екен. Обал-сауап деген бар емес пе?! Білісбек Ж-Н.Сомжүрек ойлағандай «онша болмаған» өлең жазбайды. Оған менің сенімім кәміл! «Жүлдегелердің өлеңдерінде баяндау, айту бар да, өз ойларын көркемдік кестелермен көркемдеп жеткізу жетіспейді. Теңеу, эпитет, метафора, балау, әсерлеп суреттеулер жоқтың қасы. Тың ой, тың әсерлі тіркестер, оқырманға ой салатын мықты түйіндер де некен саяқ, – Ж-Н.С.». Бұлай жеңіл-желпі айта салу адамға оңай. Бірақ бұл поэзияға жасаған қиянат есептеледі. Автордың бұл сөзін теріске шығару үшін алысқа бармай-ақ дәлел ретінде Ж.Ерманың жоғарыдағы екі шумақ өлеңін алуға болады. «Үшінші орын алған Рысбек Дәбейдің «Мақатаев көшесі. Саябақ» өлеңі: Өтірік күлетін,                          өтірік жылайтын, Жәдүгөй жандарға                                 жайың жоқ ұнайтын... Өлеңге айналған өмірдің өзегі, Парақтар бетінен халімді сұрайсың, – деп басталыпты. Өмірдің өлеңге айналғаны жөн, ал парақтар бетінен Мұқағалидің Рысбектің халін сұрайтынын қалай түсінеміз? Мұқаң әлде кезінде оған халін сұрап өлең арнап па екен? Арнаған күнде де оны мұнда қыстырудың қисыны қайсы?», – деп Ж-Н.Сомжүрек өзіне-өзі сұрақ қойып, оған жауап таппай дал болады. Құдды «домбырам недейді, мен недеймін» дегеннің дәл өзі. Ал ақын бүгінгі қоғамда өмір сүріп отырған кей адамдардың рухани байлықтан құры жаяу қалып, ақшаның құлына айналып бара жатқанына налиды. «Өтірік күліп, өтірік жылайтынтар» көбейіп кетті, ондай «жәдүгөй жанжарға ақындар ұнасын ба?». Тек ақындар үшін «өмірдің өзегі өлең болып» кітапқа жазылып  қала береді. Сол кітаптан оқып «сіз бен біздің халімді сұрайтын жандар табылады» деген үкілі үмітін келешектен үзбейді. Ақын мұңын Мұқаңның тас мүсінімен бөліседі. Ж-Н.Сомжүрек және «үшінші шумағын: «О, Мұқа! Мен сені сағынам біртүрлі...», – деп түйіндейді. Бүкіл ел болып төбемізге көтеріп жатқан Мұқағалиға жай ғана бүртүрлі сағыныш лайық па екен? Мұқаңа ондай сағыныш қажет емес. Біртүрлісі қай түрі? – деген де сұрақ туады», – деп буынсыз жерден пышақ ұрады. Бірақ ақынның: «Жанымды жеп сұрғылт күннің реңі, Шуырған ел... Байғұс қанден үреді. Кеше сені келеке еткен көп тобыр, Салқын бақта серуендеп жүреді», – деген өлең жолдарынан Ж-Н.Сомжүрек қисынсыз сүрағының жауабын ала алады деп ойлаймын. Сол үшін де ақын Мұқағалиді «біртүрлі» сағынбай қайтсін. Онымен қоймай Ж-Н.Сомжүрек: «Қалған шумақтары да татымды, тұшымды, жүрекке жылы жолдары жоқ. Түйін де әлсіз. Мұқағалиға арналған жырлардың түйіні жай түйін емес, тас түйін болмас па?»,  –  деп мысалға: ... Қайран ақын Майгүл қызын сағынып, Темір жолға әлі қарап тұрғандай... жолдарын келтіріп: «Қаза болған қызын сағынған ақын неге темір жолға қарап тұруы керек? Кеңсайға жерленген жеріне қарай қараса керек-ті», – деп ақынның алқымынан алады.  Мұқаңның Майгүл атты қызын трамвай басып өлтіргенін былайғы жұрт жақсы біледі. М.Мақатаевтың тас мүсіні ақынның өз атындағы трамвай жолына қаратылып соғылғаны да ақиқат. Сол себептен де ақын өлеңінің тақырыбын: «Мұқағали көшесі. Саябақ» деп қойған жоқ па? Егер Ж-Н.Сомжүрек айтқандай Кеңсай туралы болса онда ақын өлеңінің атын мүмкін «Мұқағалидің мүрдесі. Кеңсай» деп қойған болар ма еді. Бірақ өлең мүлде басқаша жазылары сөзсіз. Алайда Ж-Н.Сомжүрек: «Жазушылар одағы басшыларының поэзияға деген талғамдарының тым төмендігіне, қарабайлығына қайран қаласың. Бұл – әділдікті белден басу, өзім би, өзім қожа деп, ойларына келгенін істеп, тайлақтай тайраңдап, бұдан әлде қайда жақсы өлеңдерін жолдаған өзге жақсы ақындардың бетіне түкіру», – деп Одақты қарғап-сілеуден бір жаңылмайды. Ж-Н.Сомжүрек ынталандыру силығын алған Ж.Бөдештің «Жетісу суреттері» деген өлеңінен мына шумақты жұлып алып: «Шындықты жалған десе кім оңады, Мүк басып, көгертіп тұр құм обаны. Асан қайғы желмаясын шөгеріпті, Жер жоқ деп Жетісудай мұнан ары. Біріншіден, бірінші жолдың өлең мазмұнына еш қатысы жоқ (Қалай қатысы жоқ? Сөз шындықтан бұзылмайды. Өйткені жер жаннаты Жетісудың  құм обаларының өзі де көгалға айналып кеткенін айтып отырған  жоқ па? Қандай көркем сурет десеңізші! – Ә.Ә.). Себебі, Жетісуды жер жәннаты емес деп кім айтты? (Өзіңіз де бұл шындыққа мойын ұсынып отырған жоқсыз ба? – Ә.Ә.) Екіншіден, мүк тундрада өсетін өсімдік, кейін торфқа айналады. Осы  екінші жолдың мағанасы буалдыр (Себебі, сіз мүктің Жетісуда да өсетінін білмей отырсыз. Сондықтан білмейтін нәрсеге орынсыз бас сұғыу  дұрыс емес. – Ә.Ә.). Құм обалар, негізінен, Жетісу жерінде емес, Қарақұм, Қызылқұмдарға тән. (Оған көз жеткізу үшін сіз Жетісудың жерін бір аралап шығуыңыз керек сияқты, – Ә.Ә.). Сосын, құм обаларды мүк басып тұр деуге бола ма? (Неге болмасын? Өйткені Жетісудың басқа өңірден артықшылығы осында тұрған жоқ па? – Ә.Ә.). Үшіншіден, төртінші жолдың мағанасы мүлдем кері кетіп тұр. Автор «Жетісудан артық жер жоқ» дегісі келген, бірақ «ары» сөзі артық деген сөздің синонимі емес. «Әрі қарай» ары қарай жол жоқ дегенде айтылады, (Демек, сіз «ары» сөзін  «автор Жетісудан артық жер жоқ дегісі келген» деп түсінген екенсіз, онда «ары» сөзі бұл жерде «артық» сөзімен ауыспалы мағанада қолданылып тұр. Ол ақындық шеберлігінің айқын туындысы. Оған дау айту орынсыз. – Ә.Ә.). «Келесі бір шумақта: Қашанғы қара тасқа тер сіңбейді, Сіңбеген тер жел қағып өлсін мейлі. Жеті судан қыз алған Жұматайым, Хафиздің аруларын менсінбейді, –  дейді. Алғашқы екі жолда түк мағана жоқ, менсінбейдіге ұйқас үшін ала салған. Қара тасқа тер сіңдірмек болып жүрген кім бар, – Ж-Н.С.». Обьективтік түрде қарасақ әрине, қара тасқа тер сіңбейді. Бірақ тасқа тер сіңірмек болған Ж.Бөдештің поэзиясы. Өйткені, ескі фольклорда, бүгінгі жазба әдебиетте де қаратас қаталдықтың, ымыраға келмейтін мейірімсіздіктің бейнесі ретінде алынып келгені белгілі. Ақын: «Қашанғы қара тасқа тер сіңбейді», – деп дүниеге жар сала отырып, көкірегі қараңғы, жүрегі тасқа айналып кеткендердің кеудесіне саңылау түсіріп, тас жүрегін жібіту үшін тынбай еңбектеніп келе жатқан дауылпаз ақын. Қазақ атам «тіл тас жармаса, бас жарады» деген сөзді бекер айтпаса керек. «Ал Бөдеш болса: «тасқа тер сіңбейді, сіңбесе өлсін мейді», – деп қара тасты қарғайды. Сосон Жұматай Жетісудан қыз алса, өзі де сол өлкеден емес пе. Егер ол өзге өлкенден болып, Жетісудан қыз алса сөз басқа. Міне, бір шумақта қаншама қисынсыздық, қайшылықтарға ұрынған, – Ж.Н.С.».Мен мұнда қара тасты қарғаған Бөдешті байқап отырған жоқпын. Демек, ақынның поэзияға төккен тері кеуіп буға айналып өлсе де, ертең шық болып жерге қонып кәдеге жарайайтынына сенеді. Ал Жұматай Жетісуда туа ма, жоқ басқа өлке де туа ма бұл жерде оның маңызы шамалы. Оған бола «қаншама қисынсыздық, қайшылықтарға ұрынған» деудің қажеті жоқ.«Бірінші жолдағы «қашанғы» емес, «қашаннан» болып қолданылуы  керек. Қашанғы қара тас, баяғыдан көнеден бері деген мағананы білдіреді. Сонда көне тасқа тер сіңбесе, жаңа тасқа тер сіңер ме еді деген сұрақ туады емес пе? Тастың көнесі жаңасы деген бомайды. Тастың бәрі жермен қоса жаралған, – Ж-Н.С.»Бұл жерде «қашанғы»  орнына «қашаннан» дегенді қолданатын болсақ, әрине, өлең жолының мағанасы сіз айтқандай мүлде басқа арнаға бұрылып кетері сөзсіз. Ақын сол үшін де «қашанға дейін» деп айтудың орнына  «қашанғы» деп сөзді өте орынды қолданған. «Қазақтың бұрынғы қара өлеңдерінің көбінде алғашқы екі жолы соңғы екі жолымен мағананлық жағынан байланыспай, тек ұйқас үшін қолданылып отырған. Қазір ондай өлең құрауға болмайды, – Ж-Н.С.». Бұл костюм брлокимен қазақтың тақиясын киуге болмайды дегенмен бірдей ғой. Мұқағали да қара өлеңге күпі кигізіп, шекпен жауып үкілеп жіберген жоқ па?! «Өл, тіріл, бірақ қалайда бір шумақтың төрт жолы бір мағанаға бағынып, бірімен бірі тығыз байланыста болу керек. Бөдеш қазіргі өлеңге қойылар осы қатаң талапты белден басып, ескі сарынға түсіп кете береді, Ж-Н.С.». Мұнда автор қайдағы қатаң талапты айтып, қазақ поэзиясының ата тегі болған қара өлеңнен бір жолата ат кекіліңді кес деп отырған жоқсыз па? Егер Ж-Н.Сомжүректің айтқанындай болса бүгінгі қазақ пэзиясысы мәңгүрт поэзияға айналмай ма? Содан барып басқаға мазақ болмаймыз ба?! Бар гәп осы екі шумақ өлеңде тұрса алып тастауға да болады. Оған бола Ж.Бөдештің бұл өлеңі ақсап қалмайды. Сол қара жорасынан бір танбай тайпалып кете береді. «Ал екінші өлеңі «Мұқағалиға мұң шағу» – Мұқағали туралы емес, өзі туралы шығарылған өлең. 13 шумақ өлең түп-түгел Мұқағалиға арыз айтып, өз мұңын шағып, шағымданудан тұрады. Жеке басының күйін күйіттеп, адрессіз әлде кімдерге реніш білдіреді, аш арадай талаған алаяқтардан есемді кім алып береді дейді. Композицилық тұтастық жоқ, бірді айтып бірге кетеді, – Ж-Н.С.». «Мұқағалиға мұң шағу» деп тақырыптың өзі айтып отырғандай. Ақын Мұқаңа қалай мұң шақса да өз еркі өзінде. Ақын мұңын шағу арқылы Мақатаевті қазақ поэзиясыда пір тұтатын, асқақ рухынан күш-қуат алатын ағаларының бірі екенін айтып отыр. Пәнни дүниеде Жәркеннің мұңын тыңдайтындар айналасында қалмай бара жатқанына налиды. Сол арқылы Мұқаңның рухымен сырласып бір жеңілдеп рахат тапқандай болады. Бұл жерде ақын сіз айтып отырған «композицилық тұтастық»  дейтін тар шеңберді тасталқан еткен. Бұл нағыз ақынға тән мінез бен шабыт. Ол біреудің адресін нақтылап жазатындай журналистік зерттеу жүргізіп отырған жоқ қой. Ол жеке басының күйін күйіттесе де, қазіргі қоғамның бет бейнесін өткір де, көркем тілмен кестелеу арқылы біраз келеңсіздіктердің бетін ашқан. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген аталы сөз осындайда айтылса керек.   «Дей дей келіп: Арыстандай ақырған сен болмасаң, Ақын болып мен дағы жартпаспын, – деп түйіндейді. Ақын болып жартпайтының өзі біліп отырса, онда мүшәйраға қатысып несі бар демеске лажымыз жоқ. Қысқасы, бұл өлеңде Мұқағали жоқ, Бөдештің өзі ғана бар, – Ж-Н.С.».Мұнда  ақын «арыстандай ақырған» арқа сүйер ағамыз, сіз поэзияға «айбынды алып тасқын болып» келіп, бізге сара жол ашпасаңыз сіздің артыңыздан ақын болып ере алмас едік. Ақын болып та жарытпас едік. Құдайға шүкір, менің бүгінгі деңгейге жетуім сіздің арыстандай ақырған асқақ рухыңыз, артыңызға қалдырған асыл мұраңыз деп әлемге жар салады. «...Өлеңнің тақырыбы да дұрыс емес, Мұқағадиға емес, Мұқағали рухына мұң шағу» десе болар, – Ж-Н.С.». Өлеңнің тақырыбы қалай дұрыс емес, әрине, Мұқағали бақилық, әруақты адам болғандығы үшін рухына мұң шағылатыны ақиқат. Тақырыбын «Мұқағали рухына мұң шағу» деп өзгертудің не қажеті бар? «Ынталандыру сыйлығы тізім бойынша үлестірілген Қуандық Шолақовтың «Өлеңнің өзегінде өлең бар» былай түйінделеді: Алынарын сезген арман шыңы бір, Бақытты ақын,                         құшқан көңіл гүлі нұр. Мен білетін болсам егер бірдеме, Аранына сұм ажалдың сен жазған, Симақ емес тірі жыр мен ірі жыр. Алғашқы екі жолдың мағанасын қара сөзге айналдырып барып әзер ұғасың, – Ж-Н.С.». Біз бұл сөзді қара сөзге айналдырмай-ақ түсініп отырсыз. Әдейі түсінбегендей сыңай танытып отырғаныңыз сыншыға жараспайтын жат қылық. «Екінші жолдағы «...құшқан көңіл гүлі нұр» түсініп көріңіз. Үшінші жолы мүлдем артық, босқа қыстырылып тұр. Өзі айтқандай біз де бірдеме білсек, – Ж-Н.С.». Бұныңызға жол болсын, бақытты ақынның көңіл гүлі нұрды (әрине, күннің нұрын, сезім нұрын) құшып, өбіп тұрған жоқ па? Осы жолды оқып отырып Қ.Шолақов шынымен бақытты ақын екен деген ойда қалдым.  Үшінші жол босқа қыстырылып тұрған жоқ, керісінше өлеңнің ажарын ашып, ойын одан ары айқындай түскендей. «Соңғы екі жолдағы түйін сөзді қазақ болған жақсы ақындардың бәріне ертесінде-ақ айтып жүрміз. «Енді екінші өмірің басталды, сені ажал алғанмен жырларың мәңгі жасайды», – деп. Дұрысы, соның алдындағы тәп-тәуір шумақпен бітіре салу керек еді, – Ж-Н.С.». Сонда бұл бақилық болған жақсы ақындарға айта-айта жауыр болған сөз дегеніңіз келеді ғой. Бұл жерде ақын Мұқағалиға арнағасы келген екен арнасын, оны неге біз арнама деп айтуымыз керек. Сіз айтқандай «алдындағы шумақпен бітіре салса» ақын бұл өлеңін атқа жайдақ мінгізіп жіберген болмай ма? «...Батық Мәжітұлының «Ескі қарасаз», «Азаттықтың ақыны», «Қазағына қанатты жыр қалдырды» атты үш өлеңнің үшеуі де Мұқағалиға арналған. Ал үш өлеңнің екіншісі Жетісуға, үшіншісі тәуелсіздікке арналсын деген мүшәйра қайда? – Ж-Н.С.». Ең өкініштісі сыншы Б.Мәжітұлының үш өлеңін толық оқымағандығы белгілі болып тұр. Ақын «Ескі Қарасаз» деген өлеңін оқып отырсаңыз: «Сарыала қаз, үйректер қонар маңы, Сонда оянған ақынның бала арманы. Ескі Қарасазды сен білесің бе, Қара өлеңнің қара жұрт, қара орманы. Ақын үшін бұл аймақ ең көрікті, Әрқашанда ұлына дем беріпті. Қараша үйдің қасиет, киесі бар. Талбесігі осында тербеліпті», – деп Мұғалаи ақынмен оның туған жері Қарасазды қатар қойып жарыстыра шебер кестелейді. Ары қарай өлең осылай өріле береді. Бірақ Ж-Н.Сомжүрек «Ескі Қарасазды» Жетісудың бір пұшпағы екенін білмейтін сияқты. Өйткені, «ақын үшін бұл аймақ ең көрікті» екені ақиқат. Осы өлеңді оқып отырып ақын Жетісу туралы өлең жазбапты дегеніңіз ақылға симайды. Ал Б.Мәжітұлының «Азаттық ақыны» деген өлеңі тәуелсіздікке арналған. Ақын Б.Мәжітұлы өлеңнің бірінші шумағынан тартып соңына дейін тәуелсіздік туралы жырлайды. Тек әр шумағының соңғы жолын «Мұқағали өлеңдерін оқыды» деп түйіндеп отырған. Оған да мысал келтірейік пе. Мысалға, өлеңнің соңғы екі шумаын алайық. Ақын: Азаттық деп ән салғандар, Асуларға жол салғандар, Көк байрағын желбіретіп, Көктемдерін қарсы алғандар – Мұқағали өлеңдерін оқыды. Сапарларға сайланғандар, Құшақтарын жайған жандар, Ақ Ордамыз – Астананың, Иесіне айналғандар – Мұқағали өлеңдерін оқыды – деп, тәуелсіздікті жырлайды. Бұл өлең шумақтарын талдап жатудың өзі артық. Осыны біле тұра Ж-Н.Сомжүрек: «Демек, конкурс шартына сай еместігіне қарай мүлде есепке алынбауы керек емес пе. Мүшәйраны ұйымдастырып отырған Жазушылар одағы, оның тағайындаған әділ қазылар алқасы бұл шартты көрер көзге неге бұзады? Судың да сұрауы бар. Бұл – нағыз заң бұзарлық, тіпті бас бұзарлық. Мүшәйраға бөлінген миллиондаған теңге қаржыны талан-таражыға салғандық. Олай болса бұл қаржы полициясының араласатын шаруасы. «Үш қоңыр» газеті жай қалдырмай тиісті орындардың тексеруін сұрайды деп ойлаймыз», – деп Жазыушылар одағына қисынсыз жала жабады. Білмеген у ішеді деген осы шығар. Онымен қоймай бұл іске «Үш қоңыр» газетін араластырып бекер босқа газетті арандатуға дейін барған. «Атақты Серік Ақсұңқарұлы басқа ақындардай тер төгіп жатпай-ақ «Рух» деген бар болғаны үш-ақ шумақ жыр жазып ынталандырыу сыйлығын оп оңай қалпақпен ұрып алыпты» депті Ж-Н.Сомжүрек. Өзі атақты ақын болса әрине ынталандыру сыйлығын қалпақпен ұрып алатыны хақ. Ол және «...Мағжаннан – Мұқағалиға айналып, Ордаңа ойнақ салам бір күні. Енді осындай лепіре беруге бола ма екен?» – дейді. Атақты ақынның Мағжаннан – Мұқағалиға айналып Ордамызда ойнақ салса не болыпты. Ақын елдің серісі, еркесі емес пе? Оны кешіруге болады. Әйтеуір, «Ордаңа ойран салам» деп отырған жоқ қой. Одан Құдай сақтасын! «Еркін Ібітанов атындағы арнайы жүлдеге ие болған Жарас Сәрсектің «Пайғамбар ақын» өлеңінде Мұқағалидың бейнесі де, оның пайғамбарға ұқсатарлық еш қасиеті де суретілмейді» дегеніңізге келісуге де, келіспеуге де болады. Келіспейтінім бұл жерде пайғамбардың орны мүлде бөлек, келісетінім  Ж.Сәрсектің Мұқағалиды пайғамбардан кем көрмейтіні. Оны ақын өзіңіз айтқандай «қарапайым жыр жолдарымен» әдемі жеткізе білген. Мүмкін өлеңнің атын «Мұқағалидың қазасын естігенде»  десе болар ме еді? Енді Ж-Н.Сомжүректің екінші мақаласы «Мүшәйра – мазақ һәм «тойымсыздар тобы» хақында» («Үш қоңыр» №33, 28 қыркүйек 2011 жылы) атты мақалаңызға аялдап өтейік. Бұл мақалаңызда да алдынғы мақалада айтылған Жазушылар Одағының төрағасы Н.Оразалин мен комиссия төрағасы Т.Молдағалиовке деген әләулайыңызды қайталаудан бір жазбайсыз. Себебі, сізге ерегескендей Т.Молдағалиев «Шығыс шынары» мүшәрасында бір милллион теңгені қанжығалайды. Бұл да сізге рухани соққы болып тиген. Сол себептен де бұл жолы сын жебеңіз алдымен Т.Молдағалиевқа атылыпты. «Тұманбай сонау студенттік кезінде «Студент дәптері» деген тұңғыш жыр жинағымен танылған ақын. Мен ол кітабын ол кезде оқи алғаным жоқ. Дегенмен  онда және одан кейінгі жыр жинақтарындағы махаббат тақырыбы бір-шама жақсы жырланған болу керек, махаббат жыршысы атанып кетті, – Ж-Н.С». Тұманбайдың алғашқы жыр жинағын Ж-Н.Сомжүректің оқи алмағанына Тұмекең күнәлі емес. Ал одан кейінгі жыр жинақтарын да оқи алмағаны сыншы үшін дұрыс болмаған. Сол себептен де Ж-Н.Сомжүрек: «...махаббат тақырыбы бір-шама жақсы жырланған болу керек» деп «сенімсіз» пікір айтады. «Ел бекер айтпаған шығар, Мына бір миллионға бағаланған өлеңінде соның бәрін өзі жоққа шығарып, ауылда өзіне қарамағанын, одан кейін де өзіне қыз ғашық болмағанын, сөйтіп кезінде ондай бақыт бұйырмағанын айта келіп: ...Қыздар онша қызықпаған жігітті, Махабаттың жыршысы деп жүрген кім? – деп тамамдайды. Осындай да сөз бола ма екен – Ж-Н.С.).  «Ел бекер айтпаған шығар...» дегеніңізді түсінсем бұйырмасын. Ақын «махаббат жыршысы» деген ел берген мадақты бұл жерде жоққа шығарайын деп отырған жоқ. Керісінше соның астарын аша түспекші. «Біріншіден, махаббат жыршысы болып, тамаша махаббат лиркасын тудыру үшін ақынға қыз қарап, ғашық болуы шарт емес. Сол қарамаған қызға ақынның өзі ғашық болса, сонда ғана ғашықтық жырлары туады – Ж-Н.С.» дегеніңіз бен келісуге болады. Бірақ, ақын Тұмекең бұл өлеңінде «маған қыздар ғашық болған соң махабат жырын арнадым» деп отырған жоқ қой. Ақынның: «...Біздің ауыл қыздарының бәрі де, Қараған жоқ маған ғашық  көзбенен», «... Маған ғашық қызды көре алмай, жігіттіктің базарына кіріптік». «...Бастапқыда отыратын қасымда, Қара қыз да Тұманбайды ұмытты» , – деген өлең жолдарынан мектеп құшағында жүргенде өзі ұнатқан қыздарға көңілін білдіре алмай, іште тұншыққан сезімнің жетегінде жүріп «жігіттіктің базарына» байқамай кіріп кеткен ұяң, ұялшақ ақын баланың бейнесін көре аламыз. Т.Молдағалиевтың «Студент дәптері» деген жыр жинағындағы өлеңдердің дүниеге келуіне мүмкін мектептегі ғашықтары себепші болған шығар, кім білсін?! «Тұманбай осы өлеңінде өзіне қыз қарамағанын анасынан көріп, мені неге сұлу қылып тумадың деп кінәлайды. Бұл да бос сөз. Неге десеңіз Тұмекең жасында қыз қарайтындай көрікті жігіт болған. Қарата аламаса өзінің қырсыздығынан болар. Анасын бекер кінәлаған. Қысқасы бұл өлең емес – әләулай, – Ж-Н.С.». Мына сөзіңізден Тұманбай емес, өзіңіз «әләулайымға» салып лағып кеткеніңізді байқау қиын емес. Ақын Тұмекең: «...Туғаннан соң, асыл анам, Тұмашын, Неге сұлу қылып тумаған?..», – деп бала кезінде махаббатта жолы болмағанын «сыртқы сұлулықтан болу керек» деп келте ойлаған балалық ақымақтығын еске алып, жұртқа тамаша әзілмен, мөлдір лирикамен бүгін әшкере етіп отыр. Бәрімізде бала болдық, мектепте оқыдық. Махаббатта ғана емес, кез келген нәрседе жолымыз болмай қалса ата-анамыздан немесе басқада себептерден көретінбіз. Балалық махаббат дегеніміз тек өткінші сезім ғана. Бұл кез келген баланың басында бар оқиға... Бұл нағыз балалық бал дәуреннің ақиқаты. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды. Ақын және сол кездегі жолы болмаған сезімін: «Мұртым жаңа тебіндеген кезімнен, Өрттей өршіп бір мұң тұрды көзімде. Мен не үшін өкпеледім өмірге, Маған бақыт бермедің деп кезінде», – деп ойын одан ары аша түседі. Оған бола «қыз қарамағанын анасынан көріп, мені сұлу қылмадың деп күнәлайды» дегеніңіздің өзі бос сөз. Т.Молдағалиевтың бұл өлеңі туралы ақын Зейнолла Тілеужанұлы: «Мен Тұмағаңды мектепте оқып жүргенде білгем. Қазақ халқы алғашқы кітабынан таныған. Тіпті, бір кездері осындай ұлағатты, үлкен ақын болсам деп, ол кісінің қылдан нәзік лирикасына еліктеп өлең жазғам. Сондықтан Тұмағаңа сын айтуға өзімнің өрем жеткен жоқ деп санаймын», –  деп жазыпты «Жүлдеден әркім-ақ бар таласы... Сонда да солардың бар таңдамасы» («Үш қоңыр» №30, 7 қыркүйек 2011 жылы) деген сын мақаласында. Бұл нағыз өлеңнің парқын, нарқын білетін ақынның жүрекжарды шын сөзі. Біздің одан алып-қосарымыз жоқ. Ж-Н.Сомжүрек: «Бұл жолы да қанағатсыздық, тойымсыздық танытыпты...», «...мақтағанды кім жек көрсін. Ұлықбек Жүрсінге үшінші орынның 400 мың теңгесін шытырлатып санап берген. Неткен мырзалық! Жоқ бұл мырзалық емес – еркінсіп, дандайсып, әбден бетімен кеткендік! Әйтпесе, ата сақалы аузына шыққан  алпысқа келіп, ақсақал атанған ақын, мүшәйраға осындай жасық жырларын ұсына ма», – деп жағадан алып, бет жыртысуға дейін барғаны ұят болған. Ал «Жақсы деген жай сөз, Ондағы қаптаған қателіктерді логикалық жағынан қисынсыз жолдарды З.Тілеужан бұлтартпай дәлелдеп берген», – деген пікірімен аз да болса келісуге болады. Өйткені, ақын З.Тілеужанов аталмыш мақаласында Ж.Ерманның өлеңіндегі ағаттықты дәл басып көрсеткен. Әсіресе, Жүрсін «қол созып махаббаттың жүлдесіне» мен «өлең күні не болар Ұлықбексіз» деген екі жолдан оңбай сүрінген. Ол туралы З.Тілеужанов: «...махаббатта жүлде болған, оны жеңіп алған адамды көрген де естіген де емеспін». Ал «...Ұлықбек өлеңсіз-ақ күн көреді екен де, ал өлең – қазақ поэзиясы Ұлықбексіз өле қалады екен?!» – дейді. Өте дұрыс пікір. Жүрсіннің бұл ағаттығы сыншы Есмағанбет Исмайыловтың: «Өлеңдерді бұрқыратып көп жаза бергенше, тақырыптарды, өмір көріністерін, ақындық дүниеде толғағын жеткізіп, терең меңгеріп жаз деген қағида осыдан туады. Ақын да баптаулы жүйрік ат, қыран құс сияқты емес пе?! Жүйрікті күнде бәйгіге қоспайды, қосса да жүлде алмайды, бабына келтіріп қосқанда ғана үмітін ақтайды», – деп айтқанын еске салады. З.Тілеужановтан лайықты бағасын алған екінші ақын Ж.Сарсектің «Дауыс» деген өлеңін жан сала терістемек боласыз. «...Басында қарасөзбен баяндалған аңдатпа болмаса, өлеңнің не туралы, кім туралы екенін біле алмас едіңіз. Бар болғаны бес-ақ шумақ. Күн шығатын жағымды ғайып қыламын деді ме, Күн сүйетін тәнімді майып қылам дедің бе? Көлденеңдеп көк атты көңілімді қалдырып, Аздығымды бетіме айып қыламын деді ме? – дейді. Неге аздығымызды? Біз шешендерден аз ба екенбіз? Бұл не сөзі? – Ж-Н.С.». Мұнда ақын Шығыс Қазақстанды және онда жасап жатқан қазақтардың аздығын пайдаланып елдің шырқын бұзып, бассыздық жасаған көлденең көк аттыларға образды тілмен ойлы да, салмақты сұрақ тастайды. Бірақ Ж-Н.Сомжүрек: «Екінші шумағында да осындай «деді ме, деді ме» дей береді. Ал осы жолдардан ақынның өр дауысын тауып алыңдаршы. «Дауыс» деп тақырып қойғанымен, сол дауыс жоқ. Жай қарабайыр, момақан, майда жырлар. «Майып қылам деді ме» емес, майып қылды ғой. Төрт азаматымызды бірдей жайратып салып отырса, Сәрсек жай «көңілімді қалдырып» деп жұқалайды», – деп Жарасқа «жан даусыңмен аттан сап, бар қазақты атқа қондырып шешендердің басына қара бұлт үйіріп, кек алуға рұхтандыру керек еді» дегісі келіп тұр. Бұл ескі жараның аузын ашып, ұлт араздықты қоздырумен бірдей ғой. Ол елдігімізге сын. «Сосын өзінше былай лепіріп тақпақтай жөнеледі: Сол қолыммен қаусырсам –                                              бір дегенім немене, Оң қолыммен қаусырсам –                                              мың дегенің немене? Өз үйімде сілтеген білек деген немене, Арыстаннан алсаң да жүрек деген немене? Мағынасыз сылдыр сөздер тізбегі бұл, – Ж-Н.С.». Біле білсеңіз бұл шумақта асқақ дауыс та, қарысы келген дұшпанын оңмен де, солмен де жайратып салар мығым күш те бар. Нағыз қазақ батырларына тән қаиетті байқау қиын емес. «Одан кейінгі түйін шумақтың бірінші жолындағы: «Өшіккенді жайменен өткізетін өңешпіз? – дегенді қалай түсінеміз? Өшіккен шешендерді жайменен өңештен өткізе саламыз дегені ме? Онда өңештен өткіземіз дегеннің не жөні бар? – Ж-Н.С.». Әрине, біздің халық өте сабырлы, егер кімде-кім қитығына, намысына тие беретін болса қазы-қарта жегендей қиналмай-ақ, қинамай-ақ қылқытып жұта салады дей келіп, ақын бұл ойын «обалсызға опынып оғаш болды-ау демеспіз» түйіндейді. Бірақ Ж-Н.Сомжүрек: «Сәрсектің обалсыз яғни обалы жоқ деп отырғаны кім? Опат болғандар ма, елде опат еткен шешендер ме? Обалсызға, яғни обалы жоққа қалай опынамыз? Тіпті, солай деп айтуға болмайды ғой. Ал айтқан екенсіз түсініп көріңіз. Опынып деген – өкініп дегеннің синонимі. Сосын Сәрсек не нәрсені «оғаш болды демеспіз» деп отыр. Орын алған оқиғаны неге оғаш демейміз», – деп қисынсыз сұрақ қойып, сансаққа жүгіртеді. Түсінбейтін несі бар. Сәрсек 19 жылдың алдындағы оқиғаны «оғаш болды демеспіз» деп отырған жоқ, керісінше «өшіккенді жайменен өңешпен өткізіп жібергенімізді» оғаш санамайтын халықпыз деп отыр. Ал «Осы жолдарды жазған ақынның ақындығына, тіпті, қазақ тілінде дұрыстап сөйлем құрап ойын жеткізе алатынына күман келтіре бастаймыз. Әйтпесе, осыншама шатыстырып кісі жаза ма?» дегеніңізге жол болсын! Бұл жерде мен ақын З.Тілеужанның: «Жарас Сәрсек «Дауыс» деген шағын өлеңінде ел мұңын, жер құнын, ерлікті, тектілікті арқау еткен», – деген пікірімен толық келісемін. Бірақ Ж-Н.Сомжүректің: «Түйін шумақтың қалған екі жолы да оңып тұрған жоқ. Көңіл қарыз болсақ та, Өмір қарыз болсақ та, Біз ешкімге тарихта жермен қарыз емеспіз... – дейді. Жарайды, ешкімге де жер қарыз емеспіз. Бірақ шешендер кісілерімізді бізден жер даулап өлтірген жоқ қой. Сәрсекше, жер қарыз болмағанымен, көңіл қарыз екенбіз және өмір қарыз екенбіз. Егер өмір қарыз болсақ, олардың адамдарымызды өлтіріп жүргені біздің өмір қарыз болғанымыздан ба?..», – дегенінен бірдеме түсінсем бұйырмасын. Бұл өлеңнен менің түйгенім, ақын тарихта біздің қазақ ұлтарақтай жері мен халқын сақтап қалу үшін «мың рет өліп, мың рет тірілді». Ал сіздер қуғын-сүргін көріп біздің жерге өмірлеріңді сақтап қалу үшін келгенде біздің қазақ құшақ жая қарсы алды, өз туысындай бауырына  басты, қолында барын аямады, керек десең сендер үшін өмірлерін қиюға дейін барды. Сонда мына істеп отырған қылықтарың дұрыс па деу арқылы жалпы қазақ жерінде жасап жатқан келімсектерге поэзия тілімен ескерту жасайды. «Бірінші орын – 800 мың теңге сыйлық алған Қазыбек Исаның «Жапандағы жалғыз үй» жыры туралы Зейнолла Тілеужанов «тақырып ашылмаған» деп пікір айтқан екен. Алғаш оқығанда мен Зейноллаға қосылғандай болғам», – деп бұл ойынан айныған себебін Ж-Н.Сомжүрек жалғыз үй болып отыратын шопандардың үйімен түсіндіре келіп: «Қ.Исаның бұл жыры ерікті тақырыпқа арналған, көңіл-күй лирикасы. Өлеңді түсініп оқитын оқырманды бей-жай қалдырмайды. Ақын – көңіл-күйінің, жүрек сезімінің құлы. Жүрегіңді кернеген сезіміңнің, күмбірлеп туған көңіл күйіңнің құлы болмасаң, ақын да бола алмайсың. «Жапандағы жалғыз үйде» сол көңіл күй шертілген, оқырманның да көңіл күйін қозғайды. Өлең сол мақсатына жетіп тұр», – деп көңіл жықпас пікір айтады. Бірақ ақынның нені айтпақшы болып отырған өзекті ойын ашып бере алмаған. Өйткені, Қазыбек Исаның бұл өлеңі жай көңіл күй лиркасы ғана емес, шексіз тереңдікке тартқан ой иірімі мен алғыр философия бар. Сол үшін оны әр адам шама-шарықынша әртүрлі түсінеді. Ақынның нені айтпақшы болғанын білу үшін өлеңнің тереңіне сүңги алатын Мұхамеджан Қаратаев, Есмағанбет Исмайылов, Зейнолла Серікқалиұлы секілді парасатты сыншылар қажет бізге. Ж-Н.Сомжүрек және: «...Былтыр Ұлықбек Серік Ақсұңқарұлына бас жүлде беріп, «Джип» мінгізсе, биыл Серік оның қарымтасын қайтарып отыр. Обалы нешік, Ұлықбектің «Аманжол құдығы туралы балладасы» тәп-тәуір. Бірақ түйіні қате тұжырымдалған. «...Арқалы жырларынан от шашырап, Ақынның жарқырайды көлеңкесі», – дейді. Өзін жарқыратпай көлеңкесін жарқыратқаны миға қонбайды. Бейнелеп айтқанның да қисыны болу керек қой. Неше жерден әсерлеп, неше жерден бейнелеп айтсаң да көлеңкенің  жарқырағанын елестете алмайдың» – дейді. Демек, «айырбас сауда» деген вирос Ж-Н.Сомжүректің  ой-санасын әбден шатастырған жіберген. Соның кесірінен бе, Ж-Н.Сомжүрек Ұлықбекке тисудің басқа жолын таппай ақынның «...Арқалы жырларынан от шашырап, Ақынның жарқырайды көлеңкесі» деген өлең жолдарына «өзін жарқыратпай көлеңкесін жарқыратқаны миға қонбайды», – деп орынсыз шүйліккені дұрыс болмаған. «Бірінші орын – бір миллион теңге берілген Темірхан Медетбектің «Қасым ағам-ай» жыры осы орынға олқы болып тұр. Темірхан соңғы жылдары лекітіп лепіре беретін, екпінді жырдың, асқақ сөйлеудің, әсерелеудің жөні осы екен деп сөзді орынды-орынсыз, жөнді-жөнсіз сапыра беретін стиль тауып алды. Сыналып та жүр, бірақ сынға құлақ аспайды, – Ж-Н.С.». Темірхан арқалы ақын, сондықтан өлеңдері де арқалы. Оның өлеңдерінен тасқын судың екпінін байқауға болады. Т.Медетбековтің өлеңдері сонысымен құнды. Медетбековтің өлеңдерін сынап жүргендердің сыны «тобық жасырар тереңі жоқ» жалаң дүниелер. Сол себептен ақынға сын шыбын шаққандай да әсер етпей жүр. Бірақ Ж-Н.Сомжүрек: «Мына жырында сондай лепірткен. «Қасым ағам-айды» қырық рет қайталайды. ......................... Сенің сөздерің Көк мұздың өзін Осындай өртеп Жалын қылады. ...Сенің жырларың Жерді тітіретіп Жеті қат көкке жарылысқандай.. Сенің жырларың Тастар мен тастар Зарядтар мен зарядтар Қақтығысып соқтыққандай. Бұл асыра әсірелеу емес, жөнсіз әсерелеу. Поэзияда асыра әсерелеу – көркемдіктің бір түрі. Бырақ миға қонбайтын жөнсіз әсерелеу шеберлік емес, көпіртуге жатады. Темірхан көпіртудің шебері болып барады» дейді. Біріншіден, Ж-Н.Сомжүрек: «Темірхан «Қасым ағам-ай» қырық рет қайталайды» деп өтірік айтып отыр. Өйткені, бар-жоғы 52 жолдан тұратын өлеңде 9 рет қайталаған «Қасым ағам-айын» ол бес еселеп жіберген. Олай айтудан ұялмай ма? Екіншіден, Ж-Н.Сомжүрек: «поэзияда асыра әсерелеу – көркемдіктің бір түрі» – деп мойындаған болады да, артынан «бірақ миға қонбайтын жөнсіз әсерелеу шеберлік емес, көпіртуге жатады, – деп сөзіне дәлел ретінде аққынның жоғарыдағы өлең жолдарын мысалға келтіреді. Бірақ мен бұл өлең жолдарынан миға қонбайтын жөнсіз әсірелеуді көріп отырғаным жоқ. Бәрі өз арнасында, өз орнында. «Сынның мақсаты, – дейді Чернышевский, – әдеби шығарманың жақсылығы мен кемшілігі туралы озық қауымның ой-пікірін қалың көпшілік арасына жеткізіп тарату болып табылады. Әлбетте, ол мақсат тура, нақты нысана айқын болған жерде ойдағыдай іске асады». Әлімжан ӘШІМҰЛЫ.  www.masa.kz/article/view/id/2992 *Тақырып өзгертілді