Көмулі жатқан шындық

Шәкәрім өлеңдерінің текстологиясы мәселесі дұрыс арнаға түспей келе жатқандығына кім кінәлі? 

         Ит үреді, керуен көшеді десек те, уақыт озған сайын кейбір керемет шындықтардың көміліп қалатындығы жасырын емес. Соның бірі Абай және Шәкәрім өлеңдерінің дұрыс хатқа түсірілуі (текстология) мәселесі. Шәкәрім бабамыздың туылғанына 155 жыл болса да, өлеңдері, сөздері әлі де бір дұрыс арнаға түспей келе жатқандығына кім кінәлі? Неге дұрыстамаймыз? Әлде олардың қажеті жоқ па?  Осы сұрақтарға жауап іздеп көргіміз келді. Қайым Мұхамедханов бұл түйіндерге  ғұмырын арнаған. «Шәкәрім мен Қайым.Тағдырлас»  кітабындағы  Қайым Мұхамедхановтың  Шәкәрім жайлы «Құдай» деген сөзден құдай сақтасын...» атты мақаласында былай дейді: «Шәкәрімнің асыл мұрасын мүлтіксіз жариялап, халыққа  кіршіксіз жарқыратып жеткізу – біздің аса жауапты әрі құрметті борышымыз». (Семей, 14 ақпан, 1989 жыл) Мәселе Шәкәрім жайлы болған соң, басқасы басқа,  бабамыздың өзіне сөз беруді жөн көрсек. Шәкәрім Құдайбердіұлы «Қазақ тілі» газетінің басқармасына  өтініш деген  хатында былай деп жазады: «Төменгі сөзіме газетіңізден  орын берсеңіз екен. Баяғы түріктің ақыны (поэт) Физули өлеңінің басында айтқан: «А, Құдай! Менің өлеңімді үш түрлі антұрғаннан сақта. Бірінші, әннің ретін білмейтін кісіден сақта, себебі: ондай кісіге айтқан жақсы өлең де жаман көрініп, байыбына бара алмайды. Екінші, күншілден сақта, оның себебі: жақсы өлеңімді жамандап, теріс мағыналап, халықтың жүрегіне азғыру салады. Үшінші, қате жазудан сақта, оның себебі: менің «көз» деп жазғанымды  «көр» деп жазып, ашық көзімді соқыр көрсетеді»,  – деген. Сол айтқандайын, Ташкенттегі «Шолпан»  журналы менің өлең қылған «Ләйлә – Мәжнүн!» әңгімесін соншалық көп қате қылып басыпты. Оны түзету қайтадан бір кітап жазғаннан қиын.          Кей өлең мүлде жоқ, кейінің жартысы жоқ, әріп қатесі есепсіз көп. Өлеңімді соқыр, ақсақ, шолақ қылыпты. Өлеңнен хабары бар кісі оқыса, ол менің кемшілігім емесін білер. («Қазақ тілі», 1924 жыл, №13 (412)) Міне, осы  бабамыздың айтқанына қиянат жасап отырған жоқпыз ба? Әрине, қиянат! Ал, кандидаттық, докторлық  т.б.  атақтар алып, нан тауып,  «ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс» болып жүрген Шәкәрімтанушылар,  бір ұрпақ өсетіндей жиырма жылдың ішінде  осы мәселенің маңыздылығын біле тұра, текстологияға түсірмеген. Егер Қайым Мұхамедханов өтірік айтпаса, Шәкәрім өлеңдерінің  көпшілігі қате жазылған. Ақын өлеңді қате жазған жоқ, өлеңді  көшіріп, баспаға берушілердің қатесі. Сонда қазіргі  Шәкәрімтанушылар тұңғыш Шәкәрімтанушы Қайым Мұхамедхановтың айтқанын, зерттеуін елемей қате жазылған өлеңдер негізінде қандай жаңалық ашып жүр? Мүмкін, ақынжанды цензористердің өзгерткен  көшірмелері негізінде өтірікке - өтірік қосып жүрген шығар? Ойға тағы да бір сұрақ оралады. Халық мүддесі үшін жазған  Шәкәрім өлеңдерін – халық мүддесі үшін деп зерттеп жүрген ғалымдар неге ең бірінші  баба өлеңдерін текстологияға түсірмейді? Оған жауап он бесінде туған айдан да айқын көрінеді. Себебі, заманында, «яки өз уақытында» атақ алсам, нан тапсам деп, жанталаса  кіріскен зерттеулері, егер, Шәкәрім өлеңдері  текстологияға түсер болса,  түкке тұрғысыз болып қалуы ғажап емес.  Сол себепті, олар Шәкәрім өлеңдері мен сөздерінің дұрыс бұрысын айқындауға ел алдында ашық емес, жасырын қарсы. Осындай пенделіктің кесірінен бір – бірімен астыртын байланысқан «жасырын сыйласқан мафия»  ғалымдардың  «ғалымдығының»  кесірі Шәкәрім шындығын көмуге бағытталады. Егер барлығы ел мүддесі үшін дейтін  болсақ, халық қамына шын пейілмен  кірісер болсақ, кісі қолынан қаза тапқанына 82 жыл болған философ ақынның еңбектерін неге айтқандарын айдай етіп, дұрыс жазып,  ашып шығармасқа? Бұл «ата сөзі балаға өсиет» деген қазақ халқы үшін  үлкен сын. Қазіргі таңда   елімізде Шәкәрімтану орталықтары баршылық.Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы білім ордасында Шәкәрімтану орталығы орналасқан.Аталмыш орталықтың директоры   Ақмарал  Төлеуғазықызы бұл мәселе жайында былай деп сөз қозғады: «-Біздің бұл   іске, яғни Шәкәрім Құдайбердіұлы өлеңдерінің дұрыс арнаға түсірілуіне білек сыбана кіріскенімізге біраз уақыт болды.  Жинаққа шыққан, әр түрлі баспада жарық көрген ақын өлеңдерінің барлығын салыстырып,  деректерге сүйене  отырып сараптаудамыз. Шәкәрім өлеңдерін тестологияға түсіру оңай емес, ауыр дүние. Сондықтан бұл іске аса үлкен жауапкершілікпен қараған жөн.»   Ғарифолла Есім, Балтабай Әбдіғази, Бақытжан Рақымжанов,   Тұрдықұл Шаңбай т. б.  шәкәрімтанушы атанып жүргендердің ешқайсысы текстология мәселесімен айналыспаған. Егер олар  бұған кірісетін болса, баяғыда-ақ, аз ғана уақыттың ішінде орнына келетін іс еді. Шәкәрімтанушылар  отыз жылдан бері кіріспеген бұл мәселені біз шеше алмаймыз.

  Рүстем Мұхаметрахимов

Семей қаласы