ДОСАНОВ СОТТА ЖЕҢІП ШЫҚТЫ

2
1294
ҚР Мемлекеттік және М.Шолохов атындағы халықаралық сыйлықтардың лауреаты, Ресей әдебиет академиясының академигі, дүниежүзінің көптеген елдеріне танымал жазушы Сәбит Досанов Ұлттық баспасөз клубында журналистердің басын қосып, жиын өткізді. 
Дау-дамайдан қашанда аулақ жүретін Сәбеңнің сабылуына Қытайдан атамекеніне оралған Тұрсынәлі Рыскелдиев деген жазушы себепкер бопты. Сәбеңнің қазақ халқының бүтіндей бір ғасырлық өмір-тарихын шебер тілмен тамаша суреттеп жазған төрт томдық «Жиырмасыншы ғасыр» роман-эпопеясы үшін Мемсыйлық аларының қарсаңында қысастықпен не әлдекімдердің айдап салуымен оған «Аса шебер әдебиет ұрысы» деген жала жапқан Т. Рыскелдиев, баспасөз бен телеарнаны шулатып, осы уақытқа дейін 25 том кітабы жарық көрген Досановтың басын дауға қалдырғанымен қоймай, бір жыл бойы Алматы қалалық сотына сүйреп, бір миллион теңге талап еткен.Тұрсынәлінің сондағы тулайтыны – «Досановтың Мемлекеттік сыйлық алған «Жиырмасыншы ғасыр» роман-эпопеясының екінші кітабында («Ұйық») менің «Тау тағысы» романым мен «Ұлы көш» романымның 1-ші, 2-ші кітаптарындағы оқиғалары, ойлары өріп жүр» деген шағым. Екі жазушының романындағы Рыскелдиев айтып жүрген ұқсастықтарды сотта қарамай-ақ, Жазушылар одағында арнайы комиссия талқылап, сараптама жасалынып, әділдігі айтылуы керек еді, алайда олай болмаған. Бір жыл бойы сабыр сақтап, соттың әділ шешімін күткен Сәбең ақыры жеңіп шыққан. Баспасөз мәслихатына қатысқан жазушы Тұрсын Елеусізов, ақындар Мырзан Кенжебай мен Әмірхан Балқыбек, заңгер Нарынғали Жұмабаев, әдебиетші Құралай Аққошқарова сөз сөйлеп, Рыскелдиевтің көзсіз талабы Сәбит Досановқа жабылған нақақ жала, қысастық пен күншілдік екенін ашып айтты. «Халық жанын қорғаушы образ – Ақбас қыран «Жиырмасыншы ғасыр» романында өмір мен бүкіл романның өн бойында өрбіп отыратын алыс эпостардан жеткен халықтық идеалдардың мәңгілігінің символы. Халық жанын білдіретін және ғасырлардан-ғасырларға қорғап келе жатқан, өзінің үздік ұлдары үшін алаңдайтын ғажайып Ақбас қыран образы бұған дейін әдебиетте болған емес» деп, кезінде көлік тұрмақ ұшақ апатына да қыңқ демеген Сәбеңнің жүйкесіне жүк боп тиген жаланың жолын кескен әділ заңның күшіне мінгенін айтты олар. Сонымен, Досановты бір жыл бойы сансыратқан дауға біржола нүкте қойылды деуге болады.
Төре ҒАЛИ,
«Айқын» газеті

2 ПІКІРЛЕР

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз