Ән тербер жүрегімді...

                        «Шәмші» көркем деректі фильмі  көрерменге жол тартты Қазыналы қазақ киносының алтын қоры тағы бір тың да төл туындымен толықты. Алматыдағы «Цезарь» кинотеатрында күллі қазақ даласын әнмен тербеген әйгілі халық композиторы Шәмші Қалдаяқовтың өмірінен сыр шертетін «Шәмші» атты көркем деректі фильмінің тұсауы кесілді. Тұсаукесерге Мұхтар Шаханов, Өмірзақ Айтбаев, Амалбек Тшанов сынды қоғам қайраткерлері, мемлекеттік әнұранымызды шығарған халық ардақтыларының аяулы жарлары Жәмилә Қалдаяқова мен Нәсіп Нәжімеденова, зиялы қауым өкілдері, әнші, композиторлар, журналистер мен киносүйер көпшілік қатысты.  Тұсаукесердің салтанатын өзі ашып, жүргізіп отыр­ған фильмнің продюсері, шәмшітанушы, композитор Қалдыбек Құрманәлі аталмыш кинотаспаның түсірілу тарихын қысқаша баяндап берді. 1991 жылы басталып, кейін түрлі себептермен түсірілуі тоқтаған деректі таспа 2011 жылы қайта қолға алыныпты. Картинаның режиссері – «Қайран, Шәмші» телефильмінің авторы Тілеген Ахмет. Шәмші бейнесін оған түрі де, болмысы да ұқсайтын Аманқос Садықов деген жыршы-термеші сомдапты. Атақты Ақан Серінің рөлін Ғабит Мүсі­репов атындағы Жастар және жасөс­пірімдер театрының актері Жомарт Зейнәбілов көркемдеген. Ал, бала Шәмшінің рөлі 8-сынып оқушысы Шәмші-Қалдаяқ Құрманәліге сеніп тапсырылған екен. Картинада композитордың қалың қауымға беймәлім қырлары да қамтылған көрінеді. – Осы фильмде Шәмші Қалдаяқовтың көзі тірісіндегі кадрлардан 10 минуттайын пайдаландық, қалған 40 минуты – оның әкесімен балалық шақта бірге жүруі, анасымен қоштасуы, Ақан Серінің басына барып мұң шағуы сияқты көркем кадрлар. Бұл фильм Алматы мен Астана қалаларында және Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Ақмола облыстарында, кей эпизодтары Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласында түсірілді, – дей келіп, – Қазақ музыка өнерінде өшпес із қалдырған Шәмші Қалдаяқов жайындағы фильмді алғашқы болып «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы көрермендері шілде айында тамашалайтын болады, – деп, аңдатпасын қосты Қалдыбек Құрманәлі. Тұсаукесерден кейін фильм­нің режиссері Тілеген Ахметпен сұқбаттасудың сәті түсті. – «Қазақ вальсінің королі» атанған халық ардақтысы туралы сіз түсіргеннен басқа деректі бейнетаспа жоқ екен. Жұрттың көзайымына айналған алғашқы телетуындыны жасауға не түрткі болды? Арнайы тапсырыс болған ба еді, әлде, өзіңіздің жеке ұмты­лысыңыздың нәтижесі ме? – 90-жылдардың басында «Қазақтелефильмге» қызмет ауыстырып келген едім. Деректі фильм түсіруді енді ғана бастап жүрген кезім. Бұл іске түрткі болып, белімді бекем будырған – Қазақ радиосынан Шәмші аға жайында дайындалған бағдарлама болды. Кездейсоқ естіп қалған радиохабар арқылы Шәмшінің әңгімесін алғашқы рет көңіл қоя тыңдадым. Содан ойға қалдым: «Япыр-ау, бұл кісі қайда жүр өзі? Ол туралы замандасы болған біз көріп-білмесек, бізден кейінгі ұрпақ мүлде бейхабар қалады ғой». Осындай ойдың жетегімен ертеңіне бастығыма кіріп, Шәмші аға туралы фильм түсіргім келетіндігін айттым. Марқұм Кәрім Танаев деген киногер жақсы адам еді. Менің ойымды бірден құптап, тапсырысыма қол қойып берді. Содан фильмнің сценарийін жазайын десем, қолымда дайын тұрған еш материал жоқ. 1991 жылдың қысында Орталық концерт залында Шәмші ағаның 60 жылдығына орай концерт өткен-тұғын. Сол кешті таспаға түсіргенім болмаса, сазгермен жақын сөйлесу мүмкіндігі болмады. Концертте көпшілік қауым қаумалай берген соң, композитордың қасына беттей алмағанмын. «Сәті түскенде, жақсылап әңгімелесермін» деген оймен қайтып кеттім сол жолы. Арада бірнеше ай өткен соң, сұрау сала жүріп, ағамызды әупірімдеп қайта таптым. Бұл кезде Шәмші аға Шымкент шаһарынан 200 шақырым жердегі шағын ауылда тұратын қарындасының үйінде қатты ауырып жатқан-ды. Хабар тиісімен, сол күнгі кеште-ақ пойызға отырып, операторыммен бірге Шымкентке тарттым. – Халық композиторымен қандай жағдайда кездестіңіздер? – Біз барардың қарсаңында аурудан әлсіреп, ес-түссіз жатқан Шәкең, міне, ғажап, біз барғанда далаға шығып, орындықта тыныстап отыр екен. Фильмдегі көпшілікке таныс бейнесі – қатты науқастан есін жиып отырған кезі. Ұзақ әңгімелесуге шамасы келе қоймады. Қайта-қайта дем алдырып, «керек-ау» деген нақты сұрақтарды қоюға тырыстым. «Менің Қазақстаным» әнінің туу тарихын сұрағанымда, Шәмші аға: «Кезінде біздің солтүстігіміздегі бес облысты «целинный край» етіп бөліп жатқанда, ақын досым Жұмекен екеуміздің соған титтей болса да қарсылық ретінде намыстан жаралған, жүректен шыққан ұран әніміз еді», – деп, асықпай әңгімелеп берді. Оны көрерменнің өзі де пайымдайды... Шәмшінің таспадағы дара бейнесі оның өмірінің соңғы сәттерінде ғана түсірілген. Одан кейін сәті түспеді... – Сол бір дидарласудан Шәмші болмысы туралы қандай ой түйдіңіз? – Адамның неғұрлым кемелденген сайын соғұрлым қарапайым бола түсетіндігін сол жолы Шәмші ағаның болмысынан байқадым. Әңгіме үстінде сол кездегі шенеунік туралы болсын, өзінің замандас, иықтас әріптестері – композиторлар мен әншілер туралы болсын, бір ауыз жаман сөз айтқан жоқ. «Осының өзі үлкен парасаттылық» деп ойладым. Шәмші аға төрт жыл Сахалинде әскери қызметте болған ғой. Содан ба, әр сөзінен тиянақтылық пен нақтылық көзге ұрып тұрды. – Шәмші ағаның өзі осы фильмді қалай бағалады? – Шәмші туралы дерек­ті фильмнің түсірілімі аяқтал­ғаннан кейін кезекті іссапарға кеттім. Қайтып келгенімде қыз­меттестерімнен Шәкеңнің қайтыс боларынан бірер күн бұрын: «Бір інім фильм түсіріп жатыр еді, соны көргім келеді» деген өтініш айтқандығын естідім. Әріптестерім киноны көрсетуге әрекет жасап-ақ баққан екен. Алайда, кинопленкасы кеуіп те үлгермеген ғой. Ұлы сазгерге өз бейнесін экраннан көрсете алмағаныма әлі күнге дейін өкінемін... «Қайран, Шәмші» фильмі композитор шығарма­шылы­ғының шарықтауын жан-жақты, толыққанды көрсететін фильм болуы керек еді. Біреулер сол фильм кадрларынан үзінділер пайдаланып бейнеклип жасап, енді біреулер ән кештерінің сахна төріне жеке сурет түрінде үлкейтіп іліп қойып жатады. Бірақ, бір қызығы, тарихи бейнені түсіруге себепші болғандығымды ешкім ауызға алмайтын. Қалай десек те, асыл тұлғаның тірі бейнесін алғашқы болып таспаға түсіргендігімді мақтан тұтамын. Иә, музыка өнерінде баға жетпес бай қазына қалдырған, тыңдаушыларының жүрегінен өзіндік ерекше орын алған, ұшқыр талант иесі, тамаша сазгерді халық қашанда құрмет тұтады. Сыр елі туралы әнінде: «Аңсатса Сыр өңірі, Ән тербер жүрегімді...», – деп, шалқып шырқаған Шәмші есімі қазақ елімен бірге мәңгі жасай бермек.

Жангелді АСАН zet1962@mail.ru