ЖҮРЕКТЕГІ ЖІБЕК СЕЗІМ

Ғашық болу — арлы да инабатты ұғым. Ғашық болғандардың түбіне ғашық болмағандар жеткен. Кейбіреулер ғашықтық жайлы сыр айтсаң, оны нәпсіқұмарлықпен өлшейді. Егер махаббаттың соңы төсек ләззатымен аяқталар болса, онда асыл сезімнің, өмірдің мағынасы бар ма? Біздің азғындығымыздың басы ғашық болуды ұмытқанымыздан емес пе екен? Дүниені сұлулық құтқаратынын айтқан кім еді? Дәл қазір ойыма келер емес. Сұлулыққа сұқтану, оны аялау, қастерлеу – адам баласының асыл қасиеті, қазынасы. Сұлулық, әдемілік нәзік өрнек секілді, ол қылдан да жіңішке, иірімі өрмекші жібіндей әлсіз. Сол сұлулықтың өзегі ғашықтық емес пе еді? Оны қалай ғана жоққа шығармақпыз... Ғашық болмаған жаннан мейірім күте алмайсыз. Мейірім – ғашықтықтың бастауы. Сол күні қалта телефоным шырылдағанда, мен еш ойланбастан тұтқаны көтердім. Арғы тараптан ізетті дауыс естілді. Аман-саулықтан соң: «Сізбен кездескім келеді, уақытыңыз бар ма?», – деді. Кесімді әрі сенімді сөйлегенін дауыс ырғағынан сезіп отырмын. Үнінің өзінде ерекше бір мейірім бар еді. Мен не дерімді білмей абдырадым. Әлден уақыттан соң: «Мені танисыз ба?» деуге әзер шамам келді. «Қарындасым арқылы нөміріңізді алдым. Сізді танимын, тойда көргенмін». Не десем екен? Ойланып тұрғанымды білсе керек, кешкі сағат алтыда кездеселік деп уақытын да өзі белгіледі. Дауысы өте қоңыр, баяу, бір қалыпты. Мұндай кісілердің тұрақты, сабырлы болатынын білетінмін. Кешкі сағат алтыны көрсетті. Кездесер мезет жақындаған сайын, жаным жай табар емес. Асығулымын. Мұндай сезімді басымнан алғаш өткізген шығармын, бәлкім, мен үшін мұндай тосын толқулы сәт енді қайтып келмес-ау... Ақыры уәделескен жерімізде кездестік. Тез тіл табысып кеттік. Мен өзіме үй салып жатқанымды айттым. Ол болса өзінің құрылыс саласында істегенін, тәжірибесі мол екенін ұқтырды. Мұның өзі бізге белгісіз жақындық сыйлағандай. Бұрыннан танитын секілдімін, бұрыннан көріп жүргендеймін, құдай-ау, бұрыннан қасымда жүрген адамдай... Бір сәт өзімнің жарым ретінде де елестетіп үлгердім. Сезім сергелдеңі дегеніміз осы болар, сірә... Ол болса сабырлы. Өзінің басынан өткен тағдырын ақырын бастай жөнелді. Он жыл болыпты сыбай-салтаң, жалғыз жүргеніне. Бұрын үйленген екен. Ұлды болыпты. Бірақ өзі сүйіп алған жарының көзіне шөп салғанын көргенде, тұтас тағдыры шыр айналыпты. Соңы – ажырасу... «Содан бері күлмеймін», – дейді суық қалпында. Ертегідегі Күлмесхан патша қазіргі өмірге оралғандай. Егер басқа біреудің аузынан естісем бұл сөзді, мен сенбес едім. Бірақ дәл осы кезде сенбеске шарам жоқ еді. Күлкісін ұмытқандардың да барын біздің күлекеш дәуіріміз ұғар дейсің бе? Сол күлкіні ұмыттырғандар беймәлім бір жерде баяғы мұңсыз қалпында, басынан ештеңе өтпегендей, көңілді әңгіме айтып отырмасына кім кепіл? Неткен ауыр еді? Кіммен кім ажыраспай жатыр? Бірақ екі адамның қосылуы оңай болғанмен, ажырасуы қиын. Ол да күйзеліпті, күңіреніпті. Осындай оқиғалардың кесірінен ойран болған отбасылар қаншама? Мен де сондайлардың бірі едім. Менің де тағдырым соған тым ұқсас. Менің де қосағым опасыздық жасады. Оны да төсегінен басқа қызбен жатқан жерінен ұстап алғам. Неткен ұқсас еді? Тағдыр ма? Жазмыш па? Екеуміз де үнсіз қалдық. Құйылған қызыл шай суып қалған. Әңгімені неден бастап, неден аяқтарымды білмей мен отырмын. Ол байырғы суық та сабырлы қалпында, үнсіз отыр. Осы бір үнсіздіктен ауыр не бар. Көбіміздің түбімізге сол үнсіздік жеткен. Үнсіздік асау толқынды өзен секілді, кешіп өту қиын. Бір сәт бұрынғы күйеуім есіме түсті. Оның маған жасаған аяусыздықтары, құрбыларыммен, жақын достарыммен бірігіп істеген қиянаттары еске түсті. Адамдар отбасын қорғау үшін жанталасуы керек еді. Жоқ, ол оны қорғамақ түгіл, талай жылғы қорғанымызды құлатумен айналысты. Ақыры жолымыз енді қайтіп түйіліспесін деп, екі бағытқа кеттік. Қазір де жолбикелердің соңында жүр деп естимін. Бірақ еш әсерсіз, маған түк қатысы жоқ, өмірі көрмеген, тек біреудің аузынан естіген бөтен кейіпкер секілді. Адамдар бір-біріне тез бауыр басса, бір-бірін тез ұмытып та кете алады екен ғой. Ал ұмытылмайтын, оның аты есіңе түссе, әлдебір жібек сезім көкірегіңді өртеп жіберердей күй кешетін кездеріңіз болады. Міне, бүгінгі кездесуіміздің сондай асқақ сезімге ұласарына мен осы бастан-ақ сеніп отырмын. Өйткені оның әрбір әңгімесі риясыз, шынайы. Көзінде әлдебір мұңның табы бар, бірақ оның өзі өзіне тереңдік сыйлайтындай. Ол үнсіздік өзенін кешіп өтті. Ақырын ғана әңгіме бастады. Бәрін ұмытып біз балалық шағымызға көштік. Еһ, қайран қимас мезгілдер, егер адамдар сөзімді тыңдаса, онда балалық пен жастық шақтарыңды естен шығармаңдар дер едім. Сол кездің естеліктері ғана даңғыл жол секілді көкірегіңде сайрап тұрады. Мен шығыстың қызымын. Бесқарағай ауданында бұла өскенмін. Аттың жалында бойжеттім. Тура ұл секілді едім. Мінезім де, жүріс-тұрысым да. Сол шақтарды әлі сағынамын. Көңілімнен кетпейді. Шығыстың сұлу табиғатына қарап бой түзедім, ой түзедім. Ол не әңгіме айтса да, мен ұйып тыңдаудан жалығар емеспін. Арасында күліп аламын. Ол сырбаздығынан жаңылмайды. Ұзақ сөйлестік. Мен үшін бақытты минуттар жылжып жатқанын жаным сезіп отыр. Бітпесе екен деймін, осылай отыра беруден жалықпас едім ешқашан. Ол маған емес, мен оған жіпсіз байланып қалғандаймын. Бейтаныс адамға бұлай құлайдай илану басымнан алғаш өткенін кім түсінер. Оның ыстық демі жүрек тұсымды қытықтап тұрғандай, дір ете қалдым. Сездірмеуге тырысып, әңгімені басқа арнаға бұрдым. «Маған да, саған да бақыт сыйлар жан табылар...» деген сөзді әзер айттым. Кетер кезде оған орамал сыйладым. «Бұл орамалың менің жүрек жақ тұсымдағы қалтамда сақталады» деді. «Саған жылу берсін... Сен де мәңгілік менің жүрегімдесің...» деген ойды бүгіп қалдым. Содан бері сол бейтаныс жігіт хабарласса екен деп тілеймін де жүремін. Ол телефон соққанда не дерімді білмей, тілім күрмеледі де қалады. Ол соны білгендей, мені қинағысы келмейді. Бұрынғыша сыйластықтың арқауын үзбей жүріп жатырмыз. Ал жүрегім... жүрегім басқаша сөйлейді. Оған ғашықсың дейді. Бірақ бұл сөзді қалай жеткіземін? Қалай айтамын? Күнде алдайды сан мың арман, Алданбауға жан-тәніңді салып қал. Егізіңмен еркелелей біл, қол бұлғайды  барлығы алдан, Ешқашан да егіз болмас табыттар. Осы бір өлең жолын арнап отырмын. Бәлкім, бұл жазбамды оқыр, менің сағыныштың түпсіз иірімде сүңгіп жүргенімді сезер...

Алтыншаш БАЯШҚЫЗЫ