Еркектерге арналған мақала...

18 Маусым 2013
«Медовый месяц емес, медовая жизнь» Сізге әйеліңіз (егер үйленген болсаңыз) әркез «Сіз неге ашылып әңгіме айтпайсыз, не үшін балаға мен секілді қарамайсыз, маған неге көңіл бөлмейсіз, неге мені тыңдамайсыз, неге заттарыңыз шашылып жатады?» деген сауалдар қоя ма? Бұған «жоқ» дей алмайтын шығармыз, сірә. Мұны мойындау керек. Әйел мен ердің кейде бір-бірін түсінбей қалатын кездері болады. Кейде дейміз-ау... «Сенсіз тіршіліктің сәні жоқ» деп бір-бірін сүйіп қосылғандардың бүгінде жұбы жараспай, сүйіспеншіліктеріне сызат түсуіне не себеп? Үйленгеннен кейін бәрімізді бір-ақ сұрақ мазалайды: «Неге осы?..». Бәрі «неге осыдан» басталады... «Тойға дейін – махаббат, тойдан кейін – сынақ», – деп әзілдеген бір танысымның сөзінде зіл бар. «Мұсылман отбасының тойдан кейінгі өмірі біреулер айтып жүргендей, «медовый месяц» емес, «медовая жизнь» болу керек», – деп мешітте уағыз айтқан имамның сөзінде жан бар. Сонымен, шаңырақтың шайқалуына нендей себептер әсер етеді? Бұл сұраққа ер мен әйелдің әу бастағы жаратылысындағы ерекшеліктерді (ескеріңіз: кемшіліктерді емес, ерекшелігі деп қабылдайық) психологиялық әрі ғылыми тұрғыдан талдап, түсіндіруге тырысып көрелік. Біріншіден, адам түйсігін зерттеуші ғалым-профессор Дженнифер Грейвстің пікірінше, әйелдер нақтылықты ұнатады. Ал еркектер абстрактылы ойлауға бейім. Оқиғаны, сөзді қабылдауы да басқаша. Әйелдердің: «Сіз осы менің сөзімді тыңдап отырсыз ба? Неге мен айтқан нәрселерді тез ұмытасыз?» – деген сауалдарды жиі қоюы сондықтан. Әйелдер күніне 20 мың сөз сөйлейді Екіншіден, нәзік жандыларда түйсік пен сөздік интеллект жақсы дамыған. Әйелдер әңгімелесу арқылы сергіп қалады. Ғылыми зерттеулерге қарағанда, олар күніне 20 мың сөзге дейін сөйлей алады. Алла тағала солай жаратса не істейсіз? Ал еркек байғұстың бір күндік «сөздік қоры» асырып айтқанда, 7 мыңнан аспайды екен. Барлық еркектен сөзуар шешен шыға қояды деу қиындау. Әйел затының аузы «тынбау» себебін түсінуге болады. Зерттеу нәтижесі осылай дейді. Әлгінде айтқандай, жұмыстан шаршап келіп, көзіңіз жұмылып, төсекте талықсып жатсаңыз да жарыңыз жағдайыңызға қарамастан: «Сіз неге әңгіме айтпайсыз?» – деп, «жау жағадан алғанда, бөрі етектен алуы» – заңдылық дер едік. Сондықтан осы нәрсені ескере келе: «Сенің осы сөйлеуден неге аузың ауырмайды. Әңгіме айтудан шаршаған жоқсың ба? Құдай үшін тыныштық берші, ұйықтайықшы», – деп зеки көрмеңіз. Тағы қайталап айтамыз, естен шығармағаныңыз жөн: әйелдер сөйлеу арқылы жаны жай табады. «Әйел миында адамды сабырға шақырып, сабасына түсіретін зат – серотонин көбірек. Ал еркек миында ол аздау, сол себепті де бөріктілер шаршау басып, сергігісі келгенде эмоция мен сөз атаулыдан қашады. Олардың кешке жұмыстан келген соң, не теледидар қарап, не газетке үңіліп, әйтеуір ұзақ әңгімеден қашқақтай бастайтыны да сол», – деп жазыпты жуырда белгілі қаламгер Сәкен Сыбанбай «Алматы ақшамы» газетінде. Көзі ұйқыға кетсе де түйсігі ояу Үшіншіден, әйеліңіз: «Сіз неге балаға мен секілді қарамайсыз?» – деген сұрақты сізге жиі қоя ма? «Жоқ» дейтін еркектің өзі жоқ шығар-ау... Бұл да сізді «мазалайтын» мәселе екенін мойындамай көріңіз. Балаңыздың түнде асты бүлініп немесе қарны ашып жыласа, былқ етпей, «аттың басын жіберіп», ұйқыны «сойып» жата беретін сіз бен бізге әйелдеріміздің ренжитінін түсінуге болады. «Түнімен жылап шықты ма не? Мен түк сезбей, қатты ұйықтап қалыппын ғой. Жұмыстан шаршағам ғой», – деп ақтала кетеміз. Солай сөйлесек жақсы ғой. Кейде: «Түнімен ұйқы бермедіңдер ғой», – деп өздеріне бәле болатынымызды қайтесіз?! Осы әділдік пе? Ал ана байғұс баланың әр аунап түскенін сезіп жатады. Мұның сыры мынада екен: «Менің көзім ұйқыға кетсе де, түйсігім ояу жатады», – дейді балаларымыздың анасы. Сіздіңше, еркектердің сезімі яки түйсігі жоқ тасжүрек пе? Олай дей көрмеңіз. Алла тағала о баста аналарымызды отбасының тыныштығын сақтауға, берекесі мен мерекесін арттыруға бейім етіп жаратқан. Ал ерлердің миында отбасын асырау, нәпақа табу секілді жауапкершілік сезім басым. Ұйықтаған кезде оның миы да демалады. Сәбидің қыңқ-сыңқ еткен дауысын сезбей, «қорылын» жалғастыра беретіні содан. Төртіншіден, мойындаңызшы, көп жағдайда сіз бен біз танауымыздың астындағын таба алмай жатамыз. Өтірік деп көріңіз ендеше. Біздің іздеген нәрсемізді табудағы бар әркетіміз: «Нәскиім қайда, көйлегімді қайда жібергенсің, телефонымды қайда тастадым?» – деп, өзіміз қойған затымызды әйелімізден сұраудан ары аспаймыз. «Сіздің бір нәрсе іздеуіңіз «қайда, қайда» дегеннен басталады», – деп әзілдеген әйелдің сөзін жоққа шығаруға әрекеттенбей-ақ қойыңыз. Ғалымдар бөріктілерде «туннельдік аңғарымпаздық» сезім дамығанын, демек, алыстағы, ірі нәрсені жақсы көре білетінін айтады. Еркектердің ұсақ-түйек заттарға көзі түсе бермейтінінің себебі осы екен. Керісінше, келіншектердің миы әрбір шағын детальды да аңғаруға қабілетті. Әйеліңіз кейде шашын қысқартады, жаңа сырға тағады, жаңа көйлек сатып алғанын сізге көрсеткісі келеді. Біз оның басқа иіссу сепкенін де байқамауымыз мүмкін. Ақыры өзі айтқан соң ғана «құтты болсын, керемет екен, тамаша ғой» деген сөзге көшеміз. Ал нәзік жандылар мойныңызға бір асылғанда қайда барғаныңызды, аузыңыздан шыққан иістен не жегеніңізге дейін сезіп қояды. Ұсақ-түйек дегеннен шығады, біз айналадағы шашылған заттарға, ыбырсыған нәрселерге мән бермейміз. Салақтығымыздан деуге аузымыз бармайды... Жаратушының солай жаратуынан. Сөйтеміз де қабырғамыздан қыбыр-сыбыр сөздерді естіп жүреміз: «Сіздің неге заттарыңыз шашылып жатыр?» Иә, дәл солай деп қойыңыз. Осы дұрыс па? Бесіншіден, Алланың мына бір құдіретіне таңдай қақпауға шарамыз жоқ. Жаратушы Иеміз ер мен әйелді бір-бірінен ерекше етіп жаратқан ғой. Бір ғана мысал, отағасы кешке жаңалық көргенде немесе кітап, газет-журнал оқығанда, қысқасы бір шаруамен айналысқанда, оған тірі жан иесі «кедергі» келтірмеу керек екен. Жаңалық көрсек, әйеліміз бір нәрсе сұрай қояйын десе «әй, қоя тұршы, не деп жатқанын түсінбей қаламын», баламыз еркелей келсе, «әй, балам, ана бөлмеге ойнай тұршы» деп көкірегінен итере саламыз. Енді ойлап көріңіз, күні бойы, мүмкін бірнеше күн күткен әйел мен бала-шағамызға бұл біздің берген жауабымыз... Осы дұрыс па? Еркектер бір мезетте бір ғана шаруамен айналыса алады. Ал әйелдер олай емес. Бір сәтте бірнеше жұмыстың басын қайырып жатады: қазанда шыж-быж, аузы, құлағы, ойы телефонда, бос емес, екі қолы қамыр илеумен «занят», бала жыласа, арасында омырауын «салп» еткізе қояды, көз қиығымен «Келінге» («Қазақстан» телеарнасындағы телесериалды айтамыз) көз салады, арасында тырнағын егеп, жұмыстан шаршап келген «үлкен баласының», яғни күйеуінің көңілін көтеріп, әңгіме де айтып үлгереді. Енесінің көңілін де табуға уақыт табады. Осының бәрі бір мезетте, бір бөлмеде жүзеге асып жатады. Ал біз диванға кеп, сылқ ете қаламыз: шаршадым білем, жантая кеткім келеді. Бізге сол кездегі аса қажетті нәрсе бұл. Түйсікті «тұтқындау» Алтыншыдан, әйелдер үйдің күйбең тіршілігіне, көзге көрінбейтін шаруларына мойымай, түзде жүрген жолдасына ара-кідік хабарласып, айналадағы аруларға «алаңдаған» күйеуінің (екі-үш баласы бар отағасының) назарын өзіне аудартып қояды. Имиджін жиі өзгертіп, өзін жаңадан үйленген «қыз» қалпына келтіріп, әрі-бері сан саққа жүгірген адамның арам санасын сап тыйып, түйсігі түскірді «тұтқындап», өзіне мойын бұрғызып қоятыны асқан жігерлік, ақылдылық емес пе? Оған еркектер балаша қуанып: «Өз әйелімнен артық кім бар дейсің», – деп (әрине, оны іштей, естіртпей айтып) әйелін жаңа көргендей, құшырлана құшақтай кетеді. Әйел – отбасының көркі, берекесі мен мерекесін келтіруші жан деп отырғанымыз осы ғой. Үйде ыдыс-аяқ сылдырлай кетсе, әйеліне ренжіп қалса, оған жиі наразылық сезімі оянса, еркектің ойы бұзылды дей беріңіз... Ажырасумен немесе жұп ауыстырумен мәселе шешімін табардай, сірә...

Момын еркектен батыр шығару – әйел ісі

Жетінші, әйелдер бір нәрсеге қапаланса немесе қатты ренжісе сізге немесе өзінің анасына (егер анасы болса...) іштегі шерін шығарып, эмоциясын білдіріп, жеңілдеп алады. Осы кезде сіз сәл сабыр етсеңіз болғаны. Оны тыңдауға тырысыңыз. Әрине, қиын. Бірақ істеуге болады. Басқа амал жоқ. Ашуыңызды жұтып жіберсеңіз мәселе шешілді дей беріңіз. Сәлден соң ашудың басы қайтып, әйеліңіз сізге жалпақтай, өзінен кінә іздей бастайды: «Өзімнен де бар ғой. Үндемей-ақ қойсам болатын еді. Кешіре салсам нем кетеді осы?» Өйткені, бұл тәжірибеде анықталған нәрсе. Көпшілік әйелдердің сыныққа «саңқ» ете қалатынын, олардың психологиясын, тез ашуланып, тез қуана кететінін әрбір еркек білуі тиіс. Әйелді қуандыру да тез, шамына тию де оңай. Болмашы нәрсеге көңілі көтеріліп, керісінше, ұсақ-түйекке де ренжи салады. Бұл – оның кемшілігінен емес, ерекшелігінен, Жаратушының солай нәзік етіп жаратуынан. Бұл ретте ердің табиғаты өзгешелеу: бар уайымды ішке жұтады, сыртқа шығармайды. «Сіз неге өз уайымдарыңызбен бөліспейсіз?» – деп бұрымдылардың буынсыз жерден пышақ ұруының себебі осы. Егер екеуі де шер тарқатқыш болып шықса не болар еді? Шаңырақ бір күнде шайқалар еді. Алланың ер мен әйелді екі түрлі етіп жаратуында үлкен даналық бар. Сегізінші, ер өз әйелінің алдында өзгелерге қабілетті болып көрінгісі келеді. Ақылды әйелдер әрдайым күйеуін көтермелеп, оны мақтан тұтып жүреді. Осындай асқақ арман, ізгі құрмет түптің түбінде ердің намысын қайрап, момыннан батыр шығарған аналарды көріп те жүрміз ғой. Бұл – әйелдің тек бала-шағаны ғана емес, отағасын да тәрбиелеуге қабілетті екенінің дәлелі. Неге отбасында отағасының абыройы жоқ? Психолог Нұрғали Асановтың айтуынша, бөріктілердің бойындағы азаматтық қасиеттердің азайып бара жатқанына психологиялық себептер де кінәлі, көп нәрсе отбасында алған тәрбиеге тікелей байланысты. Қазір шаңырақтардың көбінде ерлердің үстемдігі бәсең, кей үйлерде тіпті отағасыға деген құрмет те жоқ. Мұның себептері сан қилы: еркек не жұмыссыз болуы мүмкін, не табысы мардымсыз, не мінезі тым жұмсақ, не, керісінше... «Қалай болғанда да, отбасындағы тізгінге ие бола алмай жүрген ер-азаматтар бар. Ал үйде осындай «тәрбие» көріп өскен, әкесін адам санамайтын, шешесінің айтқанына ғана құлақ асатын ұлдан ертең жігерлі жігіт, айбынды азамат шығады дегенге қалай сенесіз? Демек, бізде отбасылық институт негізінің өзі шайқалған. Мұны қайта қалпына келтіруіміз, әулеттегі әке рөлін, ер-азамат бағасын орнықтыруымыз қажет», – дейді психолог. Алла тағала Қасиетті Құранда: «Еркектер әйелдерді билеуші. Өйткені Алла, бірін-бірінен артық қылды», – десе (Ниса сүресі, 34-аят), тағы бір аятта: «Еркектер әйелдерге пана, қамқоршы, жауапкер, қорған, басқарушы», – деген. Ер мен әйелдің елең еткізер ерекшеліктері – олардың артықшылығы. Жаратушы Ие Құранда солай деген. Шаңырағымыз шайқалмасын! Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ, ҚМДБ баспасөз хатшысы