Берік УӘЛИ. Ұлттың мүддесін үнемі қазақ журналистері қорғап жүреді…

8
3450

Шымкентте шығатын жергілікті «Саясат ақпарат» газеті танымал әріптесіміз Берік Уәлимен сұхбат жүргізіпті. Қазір мемлекеттік қызмет атқарып жүрген Берікті оңтүстіктегі ағайындар құшақ жая қарсы ала қоймағанын білеміз. Шымкент жершілдігімен, рушылдығымен аты шыққан өңір екенін несіне жасырамыз. Басқа ауылдың баласын ұната қоймағандары анық. Сондықтан болар БАҚ беттерінен Берікті аяқтан шалған, етектен тартқан мақаларды жиі көзіміз шалады. Мына сұхбатта Берік әріптесіміз ағынан жарылыпты. Мұндай сұхбатты аз тиражбен шығатын газет оқырмандары ғана емес, бүкіл қазақ оқырмандары біле жүргені абзал болар деп назарларыңызға ұсынып отырмыз.                                                                                                                                                                                 «Шын-ақпарат»

Берік Уәлиұлы ҚҰРМАНҒАЛИ, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары-баспасөз қызметінің басшысы:

 «Бізде Ұлттық партия жоқ қой»

– «Берік Уәли» деген есімді қазақстандықтар ең әуелі телеарна арқылы таныды. Расын айту керек, Сіз жүргізген «Дода» ток-шоуының асыға күтетін кең аудиториясы болатын. «Хабар» арнасындағы, бір қарағанда, тым ресмилеу көрінетін «Бетпе-беттің» де бетін бері бұрып, халыққа біршама жақындаттыңыз. Қоғамдық жұмыстардан да шет қалмайсыз. Ал, осыдан тоғыз ай бұрын Шымкенттен бір-ақ шығып, мемлекеттік қызметке қадам бастыңыз. Сондықтан жұртшылыққа өзіңізді жақынырақ таныстырсақ деген ойымыз бар…

– Туып-өскен ауылым – бұрынғы Семей облысының Ақсуат ауданына қарасты Ойшілік ауылы. Мектепті сонда бітірдім. Ойшілік – қазақтың қаймағы бұзылмаған ауыл. Ата-анам – қарапайым еңбек адамдары. Бүгінде соңғы 10 жылдан бері Алматы қаласында тұрады. Жалпы, менің бойымдағы журналистикаға деген икемділік пен бейімділік әке жағымнан да, шеше жағымнан да болды деп ойлаймын. Мысалы, біз жазушы Қабдеш Жұмаділовпен – немере ағайынбыз. Біздің әкеміз бен ол кісі 1962 жылы Қытайдан бері өтіп, Үржарға қоныс тепкен. Тарихтан белгілі, патшалық Ресей мен Қытайдың Цинь империясының арасындағы мемлекеттік шекараны белгілеу кезінде қазақтың біраз жері Қытай аумағына қалып қойды. Яғни, Шәуешек өңірі атақонысымыз болған. Жеті атамыздың зираты – сол жақта. Шәуешек – Мақаншының арғы жағы. Көштің бұйдасын ұстап келген – Қабдеш ағамыз. Ағайын-туыстардың баршасы сол кісінің соңынан ілесіпті. Руымыз – Найман. Төлегетайдың төрт баласы болған: Қаракерей, Садыр, Матай, Төртуыл. Біз сол Төртуылдан тараймыз. Шыны керек, жөн сұрасып, руымызды айтып жүргеніміз қазір ғой. Өзіміздің Найман екенімізді Алматыға келген соң ғана білгенбіз. Себебі Шығыс Қазақстандағы қазақтардың 99 пайызы Найман руынан болғандықтан, үлкен атасының атын атап, түсін түстемейді ешкім. Менің ойымша, ру деген қыз алысу-қыз берісу, жеті атаңды, тегіңді білу үшін, қан тазалығы үшін ғана қажет. Анам Қаракерейден тарайды. Нағашыларым да от тілді, орақ ауызды. Сөздің қадірін түсінген, сөзге тоқтаған, сөзбен тоқтата білген жандар. Мен – үйдің үлкенімін. Менен кейін екі қарындасым, екі інім бар. Барлығы – үйлі-баранды. Інілерімнің бірі Астанадағы «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының операторлар бөлімін басқарады. «Шымкентте жалғыз жүрмейін, сүйенетін інім болсын» деген ниетпен екінші інімді «Астана» телеарнасында қызмет етіп жүрген жерінен жұмыстан шығарып алып, осында ерте келдім. Қазір «31-арнаның» Шымкенттегі меншікті тілшілер қосынында еңбек етуде. Екі қарындасым Астанада тұрады.

…1980 жылдардың аяғы мен 1990 жылдардың басында қазақ тіліне басымырақ көңіл бөліне бастағанда, мектебімізде қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын арнайы сынып ашылды. Міне, сол сыныпта білім алдым төрт жыл. Журналистикаға келуіме осының да ықпалы тиді-ау. Оның үстіне ұстазымыз, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің білгір маманы Зәйтүна Срайылова менің осы салаға бет бұруыма өз үлесін қосты деп есептеймін. Сыныптастар арасында да бәсекелестік күшті болды. Кейін Алматыға жоғары білім алуға кеттім. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясын (Бұрынғы Алматы театр және кино институты) «кинотанушы-редактор» мамандығы бойынша тәмамдадым. Ол уақытта, яғни тәуелсіздік жылдарында бұл тың мамандық-тын. Мұндай мамандық Кеңес одағы тұсында тек Мәскеудегі Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтында (ВГИК) ғана оқытылатын. Белгілі кинотанушы, қазақтың маңдай алды киносыншыларының бірі Бауыржан Нөгербектің курсында білім алдым. Әмен Қайдаров, Талғат Теменов, Еркін Жуасбеков, Есмұқан Обаев, Ерсайын Әбдірахманов, Сатыбалды Нарымбетов, Әкім Тарази, Серік Апырымовтар дәріс оқыды. Еңбек жолым 1997 жылы «Таң» телекомпаниясындағы «Алматы жаңалықтары» ақпараттық бағдарламасының корреспонденті қызметінен басталды, соңыра «НТК» телеарнасының жаңалықтар қызметінде еңбек еттім, жауапты шығарушы болдым. Одан кейін «31-арнада» қызмет атқарып жүргенде, «Информбюроға» басшылық жасап, «Еркін сөз», «Дода» атты ток-шоуларды дүниеге әкелдім. 2005 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің магистратурасын бітірдім. Тележурналистика мамандығы бойынша. Міне, осы орталар мені шыңдады, қалыптастырды. Биыл мектеп бітіргеніме 20 жыл толды. Соның 14 жылы Алматы қаласында өтті де, 5 жыл Астанада жұмыс істедім. «Хабар» агенттігінде еңбек еттім. Маңдай терім зая кеткен емес, әжептәуір жетістіктерге жеттім: «31-арнадағы» «Еркін сөз» авторлық бағдарламам үшін 2003 жылы

 

 

Қазақстан   Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты атандым; 2004 жылы «Өркендеу, Демократия және Сөз бостандығы» атты ұлттық конкурстағы үздік еңбегім үшін ЮНЕСКО-ның арнайы дипломына ие болдым; 2006 жылы «Дода» қоғамдық-саяси ток-шоуым Қазақстан Журналистер Академиясының «Үздік ток-шоу» номинациясы бойынша «Алтын жұлдыз» жүлдесін жеңіп алды. 2007 жылы «Хабардағы» «Бетпе-бет» бағдарламасы үшін 10-шы мәрте өткен «Шабыт» халықаралық байқауында «Телевизия саласындағы үздік журналистік жұмыс номинациясы бойынша Марат Барманқұлов атындағы дипломмен» марапатталдым. Айтпақшы, көбінесе айтыла бермейді, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегерімін. Көп дос таптым, әріптестер таптым. 2000-2007 жылдардың аралығын қазақ журналистикасының нағыз даму кезеңі деп білемін. Сол кезеңдерде сөз бостандығына үлесімді қосқанымды мақтан тұтамын.

– Кино саласын неліктен таңдамадыңыз?

– Менің мамандығым кино түсіруші немесе киноактер емес, кинотанушы. Бұл дегеніңіз – кино сыншысы, яғни мақала жазушы, кино саласына мамандандырылған журналист. Меніңше, журналистикадан алыс емес. Киносыншы тек қана киномен айналысуы керек деп ойламаймын.

– Шамалауымша, сол жылдары қоғамға киносыншы қажет болмай қалды-ау…

– Ол жылдары, шыны керек, кино да түсірілмей қалды ғой. «Байтал түгіл бас қайғы» демекші, кино түсіру былай тұрсын, «Қазақфильмнің» өзі «шықпа, жаным, шықпаның» күйін кешіп жатқан-тұғын.

– Ал, журналистиканың қара қазаны қашаннан бұрқ-сарқ қайнап жататыны белгілі…

– Әрине, журналистикаға әдепкі қадам басқан уақытта мәдениет, театр һәм кино тақырыптарында қалам тербеп жүрдім. Алайда журналистиканың қара қазанына бір түскен соң, бас редакторға «Менің мамандығым «киносыншы-редактор» еді. Тек осы салаға қатысты мақала жазайыншы!..» деп қалай айтасың?! Күнделікті неше түрлі оқиғалар орын алып жатады. Нағыз балуанға оң-солы бірдей болуы керек, тақырып таңдамайтын болдық қой. Іздендік. Өзгелерден үйрендік. Әсіресе, қазіргі таңда «Мегаполис» газетінің бас редакторы қызметін атқарып отырған Игорь Шахновичтің «НТК» мен «31-арнада» орыс тіліндегі жаңалықтарды дайындау тәсіліне тәнті болатынбыз. Дмитрий Бациев, Сергей Туник, Александр Таланов секілді еврей ұлтының майталмандарымен тізе қоса жұмыс істеп, ақпаратты жылдам іздеп табуда бірталай тәжірибе жинақтадық. Жасыратыны жоқ, біздер үшін үлкен мектеп болды. Ол кездерде қазақ тіліндегі жаңалықтар күніне бір-ақ рет эфирге шығатын, кешке. «31-арнада» еңбек етіп жүріп, қанша қиын болса да, жаңалықтарды күніне 4 мәрте шығаруға қол жеткіздік. «Орыс редакциясынан қалмайық. Керісінше, басып озайық!» деген мақсат қойып, ерекше ынта-ықыласпен жұмыс істедік. Мойындау керек, ұлттық мәселелер төңірегінде сөз қозғағанда, алдымызға қара салмайтын деңгейге жеттік. Ерлан Қарин досымның «Қазақ журналистері кей жағдайда Ұлттық партияның міндетін атқарып жүреді» деп айтатыны бар. Меніңше, қазір де солай. Ұлттың мүддесін үнемі қазақ журналистері қорғап жүретіні рас, өйткені бізде Ұлттық партия жоқ қой.

– «Сол олқылықтың орнын ұлтына шын жаны ашитын журналистер толтырып жүр» дейсіз ғой.

– Әлбетте.

– Әлгінде «Еврей журналистерінен көбірек үйрендім» дедіңіз. Дегенмен Фариза Оңғарсынованың «Ұстазсыз жолда сөнбек күн…» дейтіні тағы бар…

– Ешкім аспаннан аяғы салбырап түскен жоқ. Журналистикада қасымда жүрген әріптестерімнің баршасын ұстазым деп білемін. Дегенмен бір тоқтала кететін жайт, еңбек жолым «Таң» телеарнасынан басталғанда, 20 жастағы сарыауыз балапан едім. «Қазақстан-1» телеарнасы қожырап жатқан тұста Нұртілеу Иманғалиұлы «Таң» телеарнасында қызмет атқарды. «Ой-көкпар» деген хабар жүргізді. Сонда мен секілді жас журналистерді монтаждау студиясына кіргізіп алып, бағдарламаны көрерменге барынша шынайы және жып-жинақы ұсыну үшін, монтаждаудың қыр-сырын үйрететін. Ол кісімен бірге отырып, монтаж жасау – бір ғанибет. Сұхбат беруші адамның эмоциясын, мимикасын, ойланып қалған қас-қағым сәттерін, т.б. ұсақ-түйек элементтерді эфирге шығару өзін-өзі ақтай ма, жоқ па – осы мәселелерді көп үйретті. Әр кадрдың қадірін Нұртілеу ағамнан үйрендім десем, артық айтқандық емес. Сол себепті Нұртілеу ағаны телевидениедегі «Ұстазым» деп айтуға толық құқығым бар. Жоғары оқу орнында білім алдым, магистратура бітірдім, бірақ бұлардың жөні бір басқа да, журналистиканы практикалық тұрғыдан меңгеру бір басқа екен. Тіпті арасы жер мен көктей десем де болады. Сондай-ақ Төлебай Смағұлұлынан да біраз нәрсе үйрендім.

– Енді өзіңізде шәкірт бар ма?

– Құдайға шүкір, екі жылға жуық Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде тележурналистика пәнінен дәріс бердім. Тіпті, бір куратордың декреттік демалысқа шығуына байланысты студенттер мені аттай қалап, ректорларына өтініш жазып, бір жарым жылдай курсқа жетекшілік еттім. Сол шәкірттерім «Биыл университетті тәмамдағанымызға 5 жыл толды. Басқосуымызға келіңіз, біздің ортамызда болыңыз!» деп Алматыға шақырып жатыр. Одан бөлек бір жылға жуық Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында телекомментаторлықтан дәріс оқыдым. Екі оқу ордасында да жарты-жарты мөлшерлемемен жұмыс істедім. Ол уақытта «31-арнада» «Дода» бағдарламасын жүргізетінмін, қолым сәл бостау. Студенттерге теориялық сабақты аудиторияда өтсем, практикалық сабақты «Доданың» түсірілім барысында жүргіземін. Есімдерін атап, қанаттандырып қояйын, олардың арасынан мықты журналистер шықты. Мысалы: «Ұлан» газетіндегі Серікбол Хасан, «ҚазақТВ-дағы» Жарқын Сәленұлы, Жадыра Мүрсәлімова, Инга Иманбай, т.б.

– Сіз алғаш қадам басқан уақыттан күні бүгінге дейін қазақ журналистикасының деңгейі қаншалықты артты?

– Журналистика қайнап жатыр ғой. Бірақ нені қайнатып жатыр? Заман талабына орай барлық салада да ақпарат ағымы күшті. Ал, оны беру формасы мен жұртшылыққа жеткізу деңгейі қалай? Бұл – басқа әңгіме.

– Бүгінгі қазақ журналистері, жоғарыда өзіңіз айтқандай, Ұлттық партияға мүше боларлық дәрежеде ме?

– Ол әр басылымның өз ұстанымына байланысты. Және ол газеттің қай аймақтан шығатындығы да рөл ойнайды. Мысалы, Шымкент пен Алматының, Алматы мен Астананың, Астана мен Шымкенттің журналистерін бір-бірімен салыстыра алмас едім. Астана мен Алматыдағы журналистер көбінесе энтузиазммен жұмыс істейді. Күнін көре алмай, пәтер жалдап жүруі мүмкін, әйтсе де ұлт үшін, оның мүддесі үшін кәсібіне адал болып жүрген әріптестерім жеткілікті. Мен сұхбатты өтірік көлгірсу үшін немесе біреулерге ұнау үшін бергім келіп тұрған жоқ. Шымкенттік журналистер ренжімесін, мен оларды алматылық та, астаналық та әріптестерімен салыстыра алмайтыным рас. Деңгейлері басқаша екенін өздері де біледі. Бірақ Шымкенттің бір артықшылығы, бизнесті жақсы дамытқан. Оны мойындау керек. Журналистиканы ақша табу жолы мен бизнеске айналдырғаны жөнінен Алматы мен Астана таласа алмайды. Тіпті кемшін түсіп жатыр десе де болады. Өз кезегінде шымкенттік журналистер үшін ұлттық мүддеге қатысты мәселелердің бірінші орында тұрмайтыны рас. Мен бұл пікірді салыстырмалы түрде айтып отырмын. Және бұл – менің жеке пікірім. Себебі менде салыстыру мүмкіндігі бар: 14 жыл Алматының қайнаған журналистикалық ортасында жүрдім, бес жарым жыл Астанада тұрдым, ал, Шымкентте өмір сүріп жатқаныма 9 ай болды, яғни бір жылға жуық мерзім. Сондықтан қазақ журналистикасы қаншалықты Ұлттық партияның рөлін атқарып жатқандығына көз жеткізу үшін, Шымкенттен шығатын 5 газетті, Алматыдан шығатын 5 газетті, Астанадан шығатын 5 газетті қатар қойып, салыстырып қарай салсаңыз болды.

– Сірә, демократиялық мемлекет екендігіміздің көрінісі шығар, оппозициялық басылымдардан да кенде емеспіз. Қалай ойлайсыз, сол газеттердің ұстанымдары, қалың бұқараға ұсынып жатқан дүниелері қаншалықты объективті?

– Оппозициялық басылымдар, әрине, бізге керек. Және олар жеткілікті. «Ондай басылымдар керек емес» деу қоғамның дамуына балта шабу деп білемін. Мүмкіндігінше оппозициялық газеттердің барлығын қарап шығуға тырысамын. Сайттарына көз жүгіртіп отырамын. Ал, билікке тиесілі басылымдар не жазып жатыр? Оны да сараптаймын. Өздерін тәуелсіз санайтын, әйткенмен құрылтайшыларының сойылын соғатын ақпарат құралдарын да назардан тыс қалдырмауды менің қазіргі қызметім мәжбүрлейді һәм міндеттейді. Барлығын оқып шығып, соның ішінен тек өзіме қажеттісін ғана аламын. Оған өзімше іштей талдау жасап, қажет жерінде пайдаланамын. Тіпті кейде тәуелсіз басылымдардың тірлігімізді ширатуға, елеусіз қалған проблемалардың дер кезінде шешілуіне септігі тиетін тұстары да кездеседі. Жауырды жаба тоқығаннан ешкім ештеңе ұтпайды ғой.

 

«Іштей қынжылдым, бірақ оны сыртқа шығармадым»

– Беке, тележурналист ретінде аяққа нық тұрып, танымалдылығыңыз артқан соң, Астанаға қоныс аударып, «Хабар» агенттігінде жұмыс істедіңіз. Соңғы жылдары «Нұр Отан» ХДП-ның Жемқорлыққа қарсы медиа орталығына да жетекшілік еттіңіз. «Ел құлағы елу» ғой, «Кейінгі жылдары басшы тұрақтамай кеткен ОҚО әкімі баспасөз қызметіне Берік Уәли келеді екен» деп желдей ескен гу-гу әңгімені алдын ала біз де естідік. Бірақ илана қоймағанбыз, «Астана мен «Хабарды» тастап… Әй, қайдам!» дестік. Қалай келіп қалдыңыз? Бұл қызмет несімен еліктірді?

– «Журналистиканы түбегейлі тастадым» деп айта алмаспын. Өйткені шығармашылықпен айналысуға мемлекеттік қызметтің заңы бойынша тыйым салынбайды. Өздеріңіз көріп жүрсіздер, Шымкентте осы лауазымды атқарып жүрсем де, Алматы мен Астанаға барып, «Аманат» интеллектуалды пікірсайыс клубының отырыстарын өткізіп тұрамын. Бұл – қоғамдық жұмыс. Осында келерде бұл мәселенің басын ашып алғанмын. Сонымен қатар республикалық басылым беттерінде пікір білдіріп, мақалалар жариялап тұрамын. Сондықтан журналистикадан айтарлықтай қол үзген жоқпын. Оның үстіне облыс әкімдігінде тікелей баспасөзбен жұмыс істейтін салада отырғандықтан, әріптестеріммен күнделікті байланыстамын. Біздің мақсатымыз – халық пен билікті барынша жақындату, бір-бірімен араластыру.

Ал, Шымкентке қалай келдім? Біріншіден, ұсыныс түсті. Екіншіден, «Хабар» телеарнасында еңбек етіп жүргенде, шыны керек, бірнеше мемлекеттік қызметкермен сұхбат құрдым. Сонда кейбір мәселелердің шешілуіне өзім де араласып, ықпал етуге болатынына талай рет көз жеткізгенмін. «Мемлекеттік қызметте неге істеп көрмеске?!» деп ойлайтынмын іштей. Әйтсе де мына лауазымға алдыма арнайы мақсат қоя отырып келген жоқпын. Ұсыныс түсті. Оның үстіне ел аузында «Адамға өмір бір-ақ рет беріледі, сондықтан оны жанға жайлы Шымкентте өткізіп көру керек» деген сөз бар ғой. Киелі һәм қазыналы Оңтүстікті көрейін деп ойладым. Рас, «Шымкентке бармақ ойым бар» дегенімде, жұрттың бәрі үрейленіп «Қайтесің! Бармай-ақ қой!..» деп өре түрегелді. Құнанбай: «Мықты болсаң, бопсаға шыда» демеуші ме еді?! Қасым Аманжолов: «Нар тәуекел! Құлаш ұрдым қиынға, Қайрат шіркін алып шықса, қиын ба?!» дейді. «Не де болса, барып көрейін» деп шештім. Ал, кейбіреулер «Дұрыс, ол мектептен өту керек. Шымкентте жұмыс істесең, кез келген жерде қиналмайсың» деп кеңес берді. Ақырында Шымкентке баруды ұйғардым. Бір жағынан, өзімнің мамандығымнан алыс емес сала.

– Дегенмен жаңа қызметке кіріскен бетте-ақ сын садағына іліктіңіз…

– Сын шын һәм әділ болуы керек. Сынға ыстықтап, сынаушылардың алдында ақталып немесе олармен дауласудың қажеті жоқ. Сынды бір шетке жиып қойдым да, жұмысыма кірістім. Менің атқарған тірлігімнің барысын көрмей-ақ, бір ай немесе жүз күн өтпей-ақ, бірден сынауға көшкендерді, шыны керек, түсінбедім. Тіпті кеше ғана менімен әріптес болып жүрген журналистердің өзі сынағанда, таңғалдым. «Болар елдің балалары бірін-бірі батыр» деуші еді. Қолдап-қолпаштаудың орнына… Іштей қынжылдым, бірақ оны сыртқа шығармадым. Мемлекеттік қызметке кіріскеніме 9 ай болды ғой, осы мерзім аралығында да бәрін қырып тастадым демеймін. Әйткенмен белгілі бір мақсат-мүдделерді, жұмысты жүйелендіргеніміз рас. «Сырт көз – сыншы», оны Астанадағы әріптестеріміз байқап, бағалап отыр. Негізгі жұмыстың әділ бағасын беретін – халық, сырт көз. Жалпы, сынды дұрыс қабылдаймын. Ыстықтап-терлейтіндердің санатынан емеспін. Әділетсіз сыналып жатсам, «Ит үреді, керуен көшеді» деймін де, қоямын. Кімнің кім екенін былайғы жұрт онсыз да біледі ғой.

– Біздің пайымдауымызша, мемлекеттік қызметтегі бұл алғашқы лауазымыңыз саяси мансабыңыздың басы секілді.

– Оны бір Алла біледі. Күн сайын өзгерістерді бастан кешіріп жатқан заман. Қазір бір сағаттан кейін не боларынан бейхабармыз. Оның үстіне журналистика мен саясаттың ауылы бірінен-бірі алыс емес. Журналист пен саясаткер әрдайым елдің көз алдында жүреді. Журналистердің арасында ел басқарып, билік құрып жатқандар да көп. Және өмір бойы мемлекеттік қызмет атқарып, кейінірек публицист болып жүргендер де табылады… Жалпы, Қазақстан – жас мемлекет. Сол себепті қазір қай салада жүрсек те, елдің дамуына, көкейкесті мәселелердің өз шешімін табуына барынша атсалысуымыз қажет. Журналист те, мемлекеттік қызметкер де, егінші де – басқасы да осыны жадынан шығармағаны ләзім.

– Қазақстандық қоғамға ой туғызған, әлемдік деңгейдегі саяси сарапшылар арасында әрқилы пікірлердің тақырыбына айналған  Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметіне жаңа модель бойынша енгізілген өзгерістер заңды күшіне енді. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменов мемлекеттік қызметтің жаңа моделін ұсынды.Кадрларды іріктеу мен жоғарылатуда меритократия қағидасын күшейту, «А» басқарушылық корпусын құру, басқару тетіктерін жетілдіру және кадр қызметінің мәртебесін көтеру, мемлекеттік қызметшінің тәртібі мен этикасын бақылау жаңа модельдің бағыттары болып табылады. Жаңа жүйеде мемлекеттік қызметшілер саяси қызметшілер«А» және «Б»корпусындағы мемлекеттік қызметшілер болып үшке бөлінді. Мұндай реформаға көзқарасыңыз қандай?

– Мемлекеттік қызметкер ретінде жаңа реформаны қолдаймын. Ерте ме, кеш пе, бұл реформаның болатыны анық-тын. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменовтің осынау бастамасы құптарлық-ақ. Мен ол кісіні бұрыннан танимын: құр сөзбен шектелетін немесе бір істі жылт етіп көзге көрініп қалу үшін ғана атқаратын азамат емес. Мұндай өзгерістен кейін командалық жүйеге тосқауыл қойылып, мемлекеттік қызмет баспалдақтарымен кіл мықты, сапалы кадрлардың ғана өсуіне мүмкіндік туа ма деген үміт бар. Меніңше, реформаны жүзеге асыру енді басталды, сондықтан ә дегеннен сынауға болмайды. Жалпы алғанда, қазір сенімсіздіктен гөрі үміт басым. Өз басым «Резервте тұрғандарға мүмкіндік туады» деген ойдамын. Әр реформаның өзіндік жаңашылдығы болады ғой, сол жаңашылдықтан жақсылықты күтейік.

– Тест тапсырып, бағыңызды сынап көргіңіз келмей ме? 

– Мемлекеттік қызметке келгеніме 9 ай болды. Сол себепті белгіленген тәртіп бойынша «А» корпусына еңбек өтілім жетіңкіремегендіктен, сынаққа қатыспадым. Оның үстіне өзімді осы салада әлі де біраз шыңдамақ ниеттемін. Корпустарға енуді, саяси қызметшілер қатарына қосылуды келешекте көре жатармыз, «үмітсіз – шайтан» ғой.

– «Естіген құлақта жазық жоқ», «Берік Уәли Оңтүстіктегі «миссиясын» орындап біткен соң, қайтадан Астанаға оралып, әжептәуір мемлекеттік лауазымның тізгінін ұстайды» деген жорамалдар айтылып жүр. 

– «Жақсы сөз – жарым ырыс», халық мені солай бағалап, үлкен сенім артып жатса, сол үдеден табылуға тырысамыз ғой. «Құдай қаласа» дейік әзірге. Дәл қазір болашақты ойлап, қиялға ерік беруге уақыт жоқ. Алдыма қойылған міндеттер бар, соларды атқаруым қажет. Айналып келгенде, барлығымыз осы өңірде Елбасының саясатын іске асыруға үлес қосып, септігімізді тигізіп жатырмыз деп есептеймін. Жоғарыдан қандай тапсырма түссе де, орындауға дайынбыз.

– Саясатта кімдерді үлгі тұтасыз?

– Ұлт үшін, мемлекет үшін жасанды, алдаусыратқан емес, шынайы пікір білдіре алатын кез келген саясаткерді үлгі тұтамын. Мемлекеттік қызмет атқарса да, қоғамдық жұмыстармен айналысса да, еліне жанашырлық танытып жүрген, сөзі мен ісі қабысатын азаматтарды қашанда жоғары бағалаймын, олардың сөздерін жадыма түйіп жүремін.

– «Нұр Отан» партиясына қай уақыттан бері мүшесіз?

– Досым Ерлан Қарин «Нұр Отанға» қызметке келгенде, құттықтап бардым. Мен –  «Хабардамын». Ерланға «Мынадай жұмыстарды атқару міндеті тұр» деп ойларыммен бөлістім. «Идеяларың дұрыс екен. Онда тізе қоса жұмыс атқарайық» деді. «Аманат» клубы да сол кезде пайда болды. Партияға мүше болғаным да сол 2008 жылдан басталады. Менің ойымша, ешбір партия жаңа мемлекет құрмайды. Олар мемлекеттің мүддесі үшін жұмыс істеуі керек. Сол себепті мемлекеттің мүддесін алға қойып тұрса, қайсысына да мүше болуға болады. Мәселен, Әлихан Бөкейханов «Муссондар» партиясына да, «Орыстың ұлтшыл партиясына» да мүше болды. «Қазағымның мүддесін қорғайтын партияның барлығына мүше болуға дайынмын» деді ол. Мәселе партияның атауында емес, оның көтеретін елдік мүддесінде.    

 

«Шындықты айтсаң, шыңырауға жібереді»

– Досыңыз бен дұшпаныңызды айыра аласыз ба? Қайсысының үлесі басымдау?

– Құдайға шүкір, достарымның қатары қалыңдап келеді. Әйтпесе қай тұрғыдан алғанда да, менде ілгерілеушілік болмас еді. Дос арттыруымның бір себебі, мен – негізі өмірде оптимист адаммын. Әрқашан өз-өзіме есеп беріп отырамын. Туған күнім – жылдың басында. Туған күнімде іштей өткен жылға есеп беріп, жаңа жылға жаңа міндеттер мен жоспарлар қоямын. Мен үшін бұл – бұрыннан қалыптасқан қағида. Атқаратын шаруамды күнге, аптаға, айға, тоқсанға, жылға жіктеп, ең әуелі жүйелендіріп аламын. Елмен көп араласамын. Содан идеялар туындайды, сонымен өзімді қанаттандырып, қуаттандырып отырамын. Көрген-білгенімді көкейге түюге тырысамын. Бұл маған тығырықтан шығуға, жол табуға көмектеседі. Мен ешкімді дұшпан санамаймын. Тіпті бақталасым, бәсекелесім деп те есептемеймін. «Аққа – Құдай жақ», қайда жүрсең де, сөзің мен ісің адал болуы үшін, таза жолды таңдау керек. Кей адамдарды байқаймын, бір әңгімені он адамға он түрлі етіп айтады. Қайсысы шындық, қайсысы өтірік, сірә, өзі де ұмытып қалады-ау. Сондықтан адам бірсөзді болуы керек, сонда ешқашан адаспайсың.

– Пендеміз ғой бәріміз. Өз бойымызда да мың сан кемшілік бола тұра, біреудің сөзі, біреудің өзі ұнамайды. Яғни жақтырмайсыз. Оның да Сізді тәуір көретіні шамалы. Ондай адаммен қалай қарым-қатынас жасайсыз?

– Мәдениеттілік керек, этикет керек бұл жерде. Жек көретін адамым жоқ, бірақ бар болған күйде де мен онымен сөйлесе беремін. Себебі, кешірімшілмін.

– Зиялы қауымға жүктелетін міндет еш уақытта жеңіл болмаған. Ұлттың көшін сүйретін де, рухын тірілтетін де – солар. Журналистеріңіз де – «зиялы қауым» дейтін санаттың құрамында. Бүгінгі қазақ қоғамының зиялы қауымына көңіліңіз тола ма?

– Журналистикада жүріп, зиялы қауымға қатысты бірнеше телехабарлар ұйымдастырған адаммын. Бұл тақырыпқа талай рет сыни көзқарасымды білдіргенмін. Әрине, мақсатым зиялыларды тұқырту емес, ояту еді. Өйткені олар қоғамның локомотиві болуы керек. Меніңше, зиялы қауымның қолында дипломы болуы, қызметте жүруі немесе жазушы болуы шарт емес. Жұртшылыққа сөзін өткізе алатын дуалы ауыздыны біз зиялы деп айтқанымыз жөн. Әр ауылдың, әр ауданның, әр облыстың немесе республикалық деңгейдегі зиялылар болады. Жалпы, зиялы қауым бар. Болады да. Бірақ әңгіме оның қай кезде, қандай деңгейде екендігінде. «Сол кісі не айтар екен?» деп ел елеңдеп отыратын, жұртшылықты соңынан ерте алатын мықты-мықты ағаларымыз баршылық. Өкінішке қарай, үлкен ағаларымыздың ұсақталып кеткенін де көріп жүрміз. Кімнің тарысы піссе, соның тауығы болып жүргендер де ұшырасады. Қазір солардың атын атап, түсін түстесең, Берік Уәлиден артық жау болмайды. Журналистер де – зиялы қауым. Алайда барлық журналистің сөзін халық тыңдай бермейді ғой… 2000-2007 жылдар аралығында БАҚ арқылы елдік һәм ұлттық мүддеге байланысты талай мәселелер айтылды, жазылды. Алайда қазіргі таңда бұл ретте тоқырау кезеңінде тұр. Қазақ журналистері елдік, ұлттық мүддені айтудан гөрі бірін-бірі сынау, сөгу жағында тұрған сияқты. Ал, жаһандану дәуірінде ешқашан бейқам болуға болмайды. Өйткені біз ақпаратты бәрінен бұрын білеміз, ақпаратпен қаруланып отырмыз. Сондықтан біз қоғамның тамыршысы ретінде оқиғаның алдында жүріп, көрегенділік танытып, дұрыс бағытқа сілтеуіміз керек. Өкінішке қарай, біз адастыру жағында жүрміз. Көп газеттердің ұстанымы халықты елдікке, бірлікке шақырудың орнына адастыруға саяды. Орайы келгенде айта өтейін, БАҚ қазір кім көрінгеннің қолшоқпарына айналып кетті. Біреулердің аяғынан шалу үшін тапсырыспен мақалалар жазылады. Тіпті сын мақала жарық көрсе, ең алдымен оның мазмұнына үңілмейміз, «Кімнің тапсырысы?» деп сұраймыз. Бұл арқылы біз көп жағдайда қоғамды улап жатқанымыз анық. Себебі, әлгі тапсырыспен жазылған сынды халық шын деп қабылдайды. «Кім ақпаратқа иелік етсе, сол әлемді билейді» демекші, мақұл, журналист болғандықтан, желдің қай бағыттан есіп жатқанын біз сеземіз. Шындығы қайсы, жаласы қайсы – оны елдің бәрі ажырата алмайды ғой.

– Бұл кемшіліктен немесе рухани дерттен қалай арыламыз?

– Менің ойымша, арылуға болады. Ол үшін әріптестеріміз көп араласуы керек. «Араласу керек» дегенді нақтылай түссем, мысалы, қазір «Қазақстан» Ұлттық арнасы мен «Хабар» телеарнасы әр облыстағы меншікті тілшілерін өзара ауыстыруды қолға алды. Бір облыста бірнеше жылдан бері табан аудармай, еңбек етіп жүрген меншікті тілші тұрып қалған су секілденеді. Өкінішке қарай, еліміздің барлық өңіріндегі ахуал сондай. Енді өзге республикалық басылымдар мен телеарналар да «Қазақстан» мен «Хабардан» үлгі алып, меншікті тілшілерін ауыстырса құба-құп болар еді.

– Газет-журналдардың саны жөнінен Оңтүстік Қазақстан облысының өзге облыстардан әлдеқайда көші озық. Осы мақтанатын нәрсе ме?   

– Менің топшылауымша, сан бар жерде сапа болады. Рас, «Оңтүстікте басылымдардың саны көп» деп бұрыннан айтамыз. Және мақтанатынымыз тағы бар. Алайда әңгіме сапаға ойысқанда, даусымыз құмығып қалады. Оны бәріміз де білеміз. Бірен-саран мықтылары да дар. Бірақ қазір «Барлығы сапасыз» десем, көп газеттер өре түрегеледі. Өйткені мен жалғызбын. Қырық газет «Берік кеше келе салып, өзін ақылды сезініп отыр» деп сынайды. «Дұрысын айтып отыр» демейді. «Қырық кісі – бір жақ, қыңыр кісі – бір жақтың» кері болады. Біздің қоғамда бүгінде шындықты айту «мода» емес. Шындықты айтсаң, шыңырауға жібереді. Шыңға шығармайды.

– Байқайсыз ба, қазіргі таңда биліктің төңірегінде жүрген немесе қалталы азаматтардың көбісі – белгілі бір облыстың, қала-ауданның «Құрметті азаматы». Тіпті бір өзі бірнеше ауданның «Құрметті азаматы» атанып жүргендер де жетерлік. Біз осы атақтың қадірін қашырып алған жоқпыз ба?

– Менің «Құрметті азамат» деген атағым жоқ. Меніңше, егер ауыл-аймағы сол азаматтың еңбегін бағалап, шын мәнінде құрмет тұтып жатса, «Құрметті азамат» деген атақтан қашпауымыз керек. Рас, кейде бірнеше аудан-қаланың «Құрметті азаматы» атағын иемденген кей азаматтар онысын мақтанышпен айтып жатады. Бірақ шындығында оны халық құрметтей ме? Бұл – ойландыратын жайт. Мысалы, кейбіреулердің ешқандай атақ-дәрежесі жоқ, алайда елдің өзі әспеттеп, алдында құрақ ұшып, төрге оздырып жатады. Нағыз құрмет – белгілі бір адамдардың жиналып алып, ресми түрде беріп жатқан атағы емес, нағыз құрмет – халықтың берген құрметі.

– Өзіңіздің шаңырағыңыз жайлы білсек.

– Екі жыл бұрын Сарыағаштағы шипажайлардың бірінде ем қабылдадым. Сондағы бір оқиға есіме түсіп отыр. Ем қабылдап жатқан әжейді дәрігер әңгімеге тартты. «Апа, жасыңыз қаншада?» деп бастады. Жауап берді. «Қанша балаңыз бар?» деді бір кезде. «Құдайға шүкір, Құдайдың бергені бар ғой» деді. Сөзді ұзатып, ұзатып әкеліп, анау әйел әлгі сұрағын қайта қойды. Әжей «Құдай көпсінбесін, бар» деумен шектелді. Үш рет сұрады, бірақ үшеуінде де жауап ала алмады. Шыдай алмады-ау, бір кезде «Балам, қазақ ешқашан мал-жанының санын айтпайды» деді. Сөйтсек, көнекөз қариялар «Мал-жанға көз тимесін» деген мақсатпен санын айтпайды екен ғой.

– Дегенмен Сіздің көпбалалы шаңырақтың иесі екеніңізден хабардармыз. Қазақстанның демографиясына әлі де үлес қоса береді деп ойлаймыз.

– Шымкентте тұрғаннан кейін демографияға үлес қоспауға болмайды. Жұбайым – санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау саласының маманы. Сәби күтіміне байланысты демалыста. Бала тәрбиесімен айналысу үлкен тірлік қой…

– Отбасылық бизнесіңіз бар шығар.

– Алматы мен Астанада жүргенде, өзімнің жеке бизнесім болды. Дәлірегі, жеке студиям бар-тын. Облыстардан тапсырыстар қабылдап, әр түрлі деректі фильмдер түсіріп,  хабарлар жасайтынбыз. Мемлекеттік қызметке аяқ басқанда, ол бизнесімді Астанадағы ініме тапсырдым. «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» демекші, інім режиссерлікті бітірген. Сенемін.

– «Аманат» интеллектуалды пікірсайыс клубының жұмыстарына үлгеріп жүрсіз бе?

– «Аманат» пікірсайыс клубының жиындары айына бір мәрте өткізіледі. «Нұр Отан» ХДП жанынан құрылған клуб. Ерлан Қарин екеуіміздің тікелей бастамамызбен дүниеге келген. Құрылғанына бес жыл болды. Қоғамдағы өзекті мәселелерді күн тәртібіне шығарып, талқыға саламыз. Соңғы отырысты мемлекеттік қызмет туралы заң қабылданып, күшіне енген кезде, наурыздың аяғында ұйымдастырдық. Шыны керек, сәуір айында қым-қуыт тірліктен бас көтере алмай қалдық та, басқосуды өткізе алмадық. Жалпы, осы қызметке кіріскелі, Астанаға барып, «Аманаттың» бес отырысын өткіздім. Әрине, үлгеру қиын, бірақ әркім – өз уақытының қожасы. Істі қалай жоспарлауыңа, уақытты қалай тиімді пайдалануыңа байланысты бәрі. Мысалы, жұмыстан кейін аптасына екі мәрте – сейсенбі, бейсенбі күндері футболға барамын. Кешкі сағат 8-ден 10-ға дейін теңбіл доп қуамыз. Бұл – менің бала кезден айналысып келе жатқан хоббиім. Қай қалада, қай жұмыс орнында жүрсем де, футболдан мені ешкім ажырата алмайды. Маңайыма топтасқан жігіттердің бейімі барларын доп тебуге баулып, команда жасақтадық. «Балықшы балықшыны алыстан таниды» дегендей, осында келіп, футболшыларды тауып алып жатырмыз. Мысалы, бүгін «Оңтүстік Жарықтың» жігіттері өздерінің футбол алаңына жолдастық кездесуге шақырды. Оның алдында біздің командамыздың бар екенін біліп, Қазынашылық департаменті шақырған. «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының да өз командасы бар екен.

Сондай-ақ қыстыгүні бассейнге барушы едім. Қазір оған үлгере алмай жатырмын. Айтпақшы, баспасөз саласында жүргендіктен, әлеуметтік желілерді ақпаратты жылдам жеткізуде өз жұмысыма тиімді пайдалануға тырысамын. Күнделікті газет-телеарналарда не беріліп жатыр – оны қадағалап отырамын.

– Облыс әкімдігінде бітпей қалған шаруаларыңызбен үйде де айналысасыз ба?

– Мұндағы жұмыстарымды үйге апармауға тырысамын. Сенбіні түскі уақытынан былай қарай және жексенбіні отбасыма арнаймын.

– Демаласын шетелде өткізетіндердің қатарынансыз ба?

– Он шақты жылдан бері тұрақты түрде кезекті еңбек демалысымды Алакөлде өткіземін. Рас, келушілерге қызмет көрсету жағы нашарлау, бірақ Алакөлдің суы денсаулыққа өте пайдалы. Кеңестік кезеңде ғарыштан оралған соң, ғарышкерлерді радиациядан арылту үшін Алакөлге түсіреді екен. Әсіресе, Алакөлдің Семей, Мақаншы жағынан барған тұсы денсаулыққа таптырмас шипа. Мұнда ресейліктер жиі келіп демалады. Сондай-ақ Бурабайға барып тұрамын. Биыл мектеп бітіргенімізге – 20 жыл. Еңбек демалысын алып, туған ауылым – Ойшілікті көріп қайтсам деген жоспар бар. Жиырмажылдық кездесуді сыныптастарымыз шілде айына межелеген екен, уақыт көрсетер. Павлодарда курстастарым бар, ол жаққа да жыл сайын ат басын бұрамын. Әрі Алматыдағы әке-шешемнің хал-жағдайын біліп қайту керек дегендей. Оңтүстікте де демалыс кешендері жеткілікті ғой: Алматы, Астанада жұмыс істеп жүргенімізде, Біркөлікке, Машатқа, Сарыағашқа келіп демалатынбыз. Ал, шетелге тек іссапарлармен ғана барамын.

– Соңғы сұрақ. Телеарналар тарапынан белгілі бір бағдарламаны жүргізу жөнінде ұсыныстар түспей ме? Камераның алдын сағынып жүрген жоқсыз ба?

– Ұсыныстар болды. Мәселен, «Қазақстан» Ұлттық арнасынан. Алғашқы кезеңдерінде келіссөздер жүргізілді де, кейін тоқтап қалды. Менің де тірлігім қауырт болып кетті, олар да дігірлетіп асықтырмады. Алайда тікелей эфирдің құдыретін сезінген адам бәрібір телевидениеге тартылып тұрады. Мен, жалпы, тележурналистердің ішінде тікелей эфирде жұмыс істегендерді мойындаймын, сылаймын.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК.

Шын.кz

8 ПІКІРЛЕР

  1. Ұлт мүддесін қорғау кімнің қолынан келер екен. Қызғанғандарыдың іші күйсе тұз жаласын. Берік Уалиге алдымен жетіп алсын. Наймандардың шымкенттіктерден айырмашылығы ешқащан сатылмайтындығында……. өкінішке орай бір елде тұрып руға бөлінеміз. Балық басынан шіриді соңы не болар екен…….

  2. Бәсе, бұл материал қалай пайда болды деп ойласам, найманнан найман сұхбат алған екен ғой. Сөйтіп отырып, рушылдық туралы әңгіме айтамыз.

  3. Қалайша Берік трайбализммен ауыратын, ақшақұмар, сарттанған шымкенттіктермен қалай істес болып жүр? Ертең оны «косякқа» тығатын болды ғой…

  4. Беріктің латын тілін қолдағанына қарап, оның білімді ұлтшыл екенін білуге болады. Білімсіздердің бәрі жаңалықтан, процестен – латыннан қашады.

  5. ҚОС БЕРІКТЕ ҰЛТЫН СҮЙГЕН АЗАМАТТАР! ОСЫНДАЙ АЗАМАТТАР КӨП БОЛСЫН! АНАУ-МЫНАУ ДЕГЕНДІ ҚОЯЫҚ, БӨЛІНГЕНДІ БӨРІ ЖЕЙДІ-ДЕГЕН

  6. «Додадағы» романтик Берік Уәли мен қазіргі соңына нөкер ерткен шенеунік, «бүргенің аяғын санаған» , «партия мүшесі», «ұлтшыл» Берік ҚҰРМАНҒАЛИдың арасы жер мен көктей дегенді кім жоққа шығара алады?

  7. Менің ойымша, ешбір партия жаңа мемлекет құрмайды. Олар мемлекеттің мүддесі үшін жұмыс істеуі керек. Сол себепті мемлекеттің мүддесін алға қойып тұрса, қайсысына да мүше болуға болады. Мәселен, Әлихан Бөкейханов «Муссондар» партиясына да, «Орыстың ұлтшыл партиясына» да мүше болды. «Қазағымның мүддесін қорғайтын партияның барлығына мүше болуға дайынмын» деді ол. Мәселе партияның атауында емес, оның көтеретін елдік мүддесінде.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз