ЖҮРЕГІҢІЗ БАР ЕКЕНІН БІЛУ ҮШІН ТАЛҒАТ ТЕМЕННІҢ ДРАМАСЫН КӨРУ КЕРЕК
2026 ж. 24 қараша
29
0
ТАЗАРУ ҮШІН ТЕАТРҒА БАРУ КЕРЕК!
Тарлан талант Талғат Темен алдымен "Гүлназ" повесімен елді елең еткізді. Үлкен-кіші жата-жастанып жаппай оқыған бұл шығармадан Талғат ағамыздың жазушылық қыры көрінді. Сондықтан болар, ауылда кітапты алғашқы болып оқитын апамыз 1993 жылы туған немересінің атын Гүлназ қойды. Ол кезде ел қыздарының атын Талғат Теменнің тамаша шығармасының сүйікті кейіпкерінің құрметіне Гүлназ деп қоюды сәнге айналдырған еді... Елдің ерекше шығармаға ыстығы басылмай жатып, осы повестің желісімен "Маxаббат бекеті" киносы жарқ ете қалды! Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары ес жия алмай жатқан ел осы Маxаббат бекетінде біраз аялдап, көңіл аулады...
Тәкеңмен қазіргі Қазақ Ұлттық Өнер академиясының ректоры кезінде, 1996 жылы болуы керек, қайнағамыз Әсет Мырза апарып таныстырды. "Бұл да біздің Жаркентке күйеу бала. Екеуің бажа боласыңдар" деп нықтап қойды. Сол кезде шыққан тұңғыш кітабым "Керімсалды" "Маxаббат бекетіміз бір екен ғой"-деп, бір шумақ өлеңмен қолтаңба жазып ұсындым.
Ал Талғат Теменнің адамзатқа айтары көп "Адамдар арасындағы бөлтірік" көркем фильмі туралы өз алдына бөлек әңгіме айту керек.
АСТАНАДАҒЫ АСҚАҚ ТУЫНДЫ
Талғат ағамыз театрда да тарландығын танытты. "Қызыл орамалды шынарым" лирикалық драмасын әрбір адам көруі керек деп ойлаймын. Өйткені, бұл туындыны көргенде қарынның қамымен қарбаласта жүрген ел бір сәт өзінің Жүрегі бар екенін ол сыздаған кезде білетін болады. Біліп қана қоймай, нәзік те мөлдір маxаббаттың соншама құдіреттілігі мен құндылығын терең түйсінеді. Ұлы жазушы Шыңғыс Айтматовтың "Арманым, Әселім" повесіндегі Әсел мен Ілиястың және "Боранды бекетінде" айтып өтетін ару Бегімай мен ақын Раймалының маxаббат дастандарын үздік үйлестіре біліп, Теменовтік терең иірімге салып жіберіп, жаңа қырынан жарқырата көрсете білу тек дарабоз дарындардың қолынан ғана келеді.

Ал ой саларлық "Отелло" драмасы туралы сөз басқа... Шекспирдің шекпенін өлшеп көруге де шексіз шеберлік керек. Ұлы драматургтың әйгілі драмасына Теменов текке бармағанын көрерменге көрсете білді. Мен Талғат Теменовтың әр қойылымынан шыққан сайын "Театрға бару керек - тазару үшін"-деген түйінге тоқталамын. Ал тазару - бүгінгідей кіршеңдігі мен кірбеңі, күйкілігі мен күйбеңі көп өмірде бәрімізге керек ең керекті ем.
ШЫМКЕНТТЕГІ ШЫНАЙЫ ШЫҒАРМА
Шымкенттегі Ж.Шанин атындағы драма театрындағы “Қызыл орамалды шынарым менің” драмасы ҚР Халық әртісі, әйгілі кино және театр режиссері Талғат Теменнің дара қолтаңбасының тағы бір айқындап тұрған айшықты Қойылымы!
Иә, әрине, астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы драма театрындағы ғажап қойылымдағы Әселді ойнаған Ақмаралды іздедік біз!? Театр академиясындағы белгілі әртіс Рахилиям Машурованың студенттері шынында да Шымкентте шын серпіліс жасайды деп сенеміз!
Соларды театрға шақыра білген, оларға Талғат Теменнің өзін режиссер етіп қойған белгілі продюссер Сұлтан Срайылдың ісі - тамаша тапқырлық! Жас студенттер Адамзаттың Айтматовының әйгілі “Шынарым менің - шырайлым менің” шығармасын Талғат Теменовтың ерекше тәпсірлеуінде өзінше бейнелеуге тырысты.
Мен премьераның екінші күніне арнайы ұшып келдім Шымкентке! Негізгі әуенін ұстап тұрған қырғыз әнін қалай тапқан?
Сахнаның салтанатын жасаған керемет Бидің өзі не деген өмірге құштарлық пен қимас махаббатқа деген іңкәрлықты айқындап тұр!?
“Талғат деген тарлан тұлға - таңғалдыру” деп бекер айтпаған екенмін!
Менің таңғалатыным - Талғат Темен менің қойған атым бойынша, “Қазақ руханиятындағы “Қара дауыл”!
Ал бірақ әр шығармасындағы мөлдір сезімнің үлбір нәзіктігі кез келген нәзік жүректі үзіп жіберердей!
Соншалықты нәзіктік ұлы даланың жазықтығынан туған ғажайып бір керемет шексіз шербет сезім шығар!
Астанада көріп, есім ауған қойылымға Шымкентке ұшып келгенім босқа кеткен жоқ - керемет болды!
Өнер құдыреті деген осы ғой!
Шымкенттегі Шанин атындағы залға сыймай кеткен көрерменнің ыстық ықыласы - драмаға қойылған зор баға!
Сіз бақыттысыз Тарлан Талғат!
АЛМАТЫДА “АТАМҰРА” ЖАСАП БЕРГЕН АЙТУЛЫ ТҰСАУКЕСЕР
Еліміздегі ең мықты баспа “Атамұра” атына сай ата баспа болып тұр.
Таланттарды тап басып, кітабын қанттай етіп қатырып шығарып, қаламақысын төлеп, тіпті тұсаукесерін өткізіп, ол тұсаукесерді Рахымғали Абырарұлы бауырымыздың өзі әдемілеп жүргізіп те береді.

Осыдан 5-6 жыл бұрын Рахымғали бауырым маған да өлеңдеріңізді кітап етіп шығарып берейік деп еді, мен әлі қолжабамды бере алмай жүрмін. Кейде ойлап қоямын, менің орнымда басқа біреу болса, 5-6 жыл емес, 1-2 айда кітабын шығарып алар еді ғой деп. Құдай қаласа, қазір қолымыз босай батады, енді береміз өлеңдерді.
Қазір Атамұра әдеби, мәдени ордаға айналды.
Сондай айтулы тұсаукесердің бірі осы қоңыр күзде Алматыда өтті.

Рахымғали Абырарұлы Талғат Теменовты талантты жазушы ретінде танытқан “Гүлназ” повесін “Махаббат бекеті” деген атпен кітап етіп шығарып беріп, тұсаукесерін өткізді. Оған Халық жазушылары Бексұлтан Нұржеке, Смағұл Елубай, мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары Кәдірбек Сегізбай, Ұлықбек Есдәулеттер бастап, белгілі қаламгерлер мен ұлт зиялылары қатысты.

Өз кезегімізде біз де сөйлеп, өлеңімізді де оқып бердік.
Талғаттың таңдамалы галереясы бар!
Ол қазір әлеуметтік желіде жарқыраған эсселерін жарқ еткізіп жүр…

Алғашқы сөйлемін оқысаң бітті, аяғына қалай шыққаныңды білмей қаласың?!.
Әлемге әйгілі тұлғалардан бастап, қазақтың небір тарландарының бейнесін тартымды етіп суреттей біледі. Әр штрихы, әр сөйлемі әуендетіп, әсерлі әлемге жетелей жөнеледі! Образды ойып тұрып бедерлеп, бейнелеп береді!

Талғаттың таңдамалы галереясынан орын алып, қаламына ілінгендер қатарына біздің де болғанымызға қуанамыз.
Әдемі эсселерінің өзі әсем кітап болғалы тұр!
Айтпақшы, Талғат аға, бүгінгі туған күніңіз құтты болсын!
ТАРЛАН
Талғат Теменге
Бәйгелерден топ жарып келеді атың,
Асуларың асқар бел сен алатын.
Кітабыңды қызығып оқыған соң,
“Гүлназ” қойды апамыз немере атын!
Әр сағатың маңызды, өте тығыз
Әр шығармаң алысқа жететін із!...
Жансүйер қыз таптық біз Жаркенттен,-
Бір екен ғой "Махаббат бекетіміз".
Алаңда айтты елдің ұл, қыздары да ән…
Сыздайды әлі жүректе мұздағы қан…
“Қызғыш құстай” қорғадың қазағыңды,
Желтоқсанның кешегі ызғарынан…
Батып жүріп өмірдің азабына,
Өнеріңе ел қол соғар таза мына...
Шекспирлік шешімге шекпен жауып,
Отелломен ой салдың қазағыңа!..
Әр сапарың әлемге -Жеңістерің,
Қатып қалса қағида -
Келіспедің...
Арқалаумен келесің өнеріңмен!
Күнәләрін "Күнәсіз періштенің"
Махаббат-бұл емес қой бір күн аңыз..
Туындыңа тұнықтық тұнды нағыз!
Жүрегіміз сезімнен жаралған соң,
Бегімай мен Әселді жыр қыламыз!
Текті өнер ғой тербеген жүрегіңді,
Терең бойлай алғандар
біле білді...
Талғат десе-тарлан деп ұғады жұрт
Таңғалдыра бер дәйім ұлы еліңді!!
Қазыбек ИСА,
Қазақ үні