ӨНЕРДЕ ДЕ ҰЛТТЫҚ НАМЫСТЫ АЛҒА ҚОЮ КЕРЕК

ӨНЕРДЕ ДЕ ҰЛТТЫҚ НАМЫСТЫ АЛҒА ҚОЮ КЕРЕК

Белгілі әнші-композитор, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері 

Құралай Сәтмұхамбетпен сыр-сұхбат

– Семей өңірінде туып өскеніңізбен, бүгінде Шымкенттің көп жылдан бергі тұрғынысыз. Осының қалай болғаны біздің оқырмандарға, сіздің тыңдармандарыңызға өте қызық деп ойлаймын... 

– Иә, менің балалық шағым Абай, Мұхтар, Шәкәрім сынды үш алыптың туып өскен жері – бұрынғы Семей облысы Абай ауданының Қарауыл ауылында өтті. Біздің ауданға барған адамдар байқаған болар, бала кезде Абай елінің аспаны тым жақын, бұлттары тым аппақ, қол созым жерде тұрғандай елестейтін. Жан-жағын айнала Шыңғыс таулары қоршап жатқан, «Еңлік-Кебек» пьесасында «Оң да Шыңғыс, сол да Шыңғыс» деп айтатын, табиғаты әсем ауыл еді. Бармағалы көп болды, қазір өзгеріп кеткен шығар. 

Ауыл шетінде, біздің үйге жақын жерде Қарауыл өзені ағып жататын. Мектеп жасынан бастап Абай атамыздың өлеңдерін жаттап, әндерін айтып өстік. Біздің ауылда ұлы ақынның әнін білмейтін адам сирек кездесетін. Той-жиындарда жұрт атамыздың өлеңдерін оқып, қара сөздерін мақал-мәтел етіп айтып отыратын. 

Менің үлкен әпкем Қарлығаш Алматыда Шет тілдер институтын аяқтап, өзінің курстасы, шымкенттік Әбіл жездеме тұрмысқа шығып, сол Шымкенттегі бір мектепке жұмысқа тұрған болатын. Неміс тілінің маманы болғандықтан бір жыл болмай, жездемді Германияға әскери аудармашы етіп жұмысқа алып кетті. Аяғы ауыр әпкем жалғыз болмасын деп, мені, тоғызыншы сынып оқушысын, ата-анам Шымкентке жіберді. Содан Шымкенттегі №26 орта мектепке 9 «а» класына апайым апарып орналастырды.

Класс жетекші апайымыз мені Абай елінен келді деп қуанып жүрді. Кластағы ең жақсы оқитын Жұмагүл деген қыздың жанына отырғызып жатып, «енді екеуің дос болыңдар» деді. Сол апайымыздың айтқаны болып, Жұмагүл екеуміздің әлі күнге жұбымыз жазылмай келеді. Менің Шымкентке келуімнің басы осылай басталды.

– Аймақта жүріп, бүкіл елге танылудың өзіндік ерекшеліктері бар шығар? Үлкен шығармашылық ортадан алыста қалғандай әсерде болмадыңыз ба? 

– Иә, сол кездегі астанамыз Алматыға барып шығармашылық ортаға араласу өмір бойғы арманым болды дей аламын. Бірақ отбасылы болып орнығып қалғаннан кейін жылжи алмадық.

– Сіздің жас кезіңізде, толысқан шағыңызда астана болған Алматы әлі күнге дейін алып рухани, шығармашылық орта болып отыр ғой. Мұнда келу жағын ойламадыңыз ба? Ал келмегініңізге қазір өкінбейсіз бе?  

– Бір ойым болған, балам үйленгеннен кейін барлығын келінге тапсырып, өзім Алматыға барып шығармашылық жұмыстарымды біраз ілгерілеп алармын деген. Бірақ ондай күн қайда? Немерелі болған соң одан сайын қол байланып, солардың қызығымен ғұмыр кеше бердік. 

Айтпақшы, сол 9 «а» класында бірге оқыған шымкенттік жігітке кейін тұрмысқа шыққан болатынмын. Ол жігіт бірінші қатардың бірінші партасында, мен үшінші қатардың үшінші партасында Жұмагүлдің қасында отырдым. Қарай қалсам, ол маған қарап отырады. Алгебра апайы оған: «не бар ол жақта саған, түзу отыр!» деп ұрысса да тыңдай қоймайтын. Өзімнен кейінгі Қайрат ініме қатты ұқсатып жүріп, ақыры достасып кеттік. Ата-анамды, ауылды, інілерімді сағынғаннан болса керек, күннен-күнге көзіме ыстық көріне бастады. Шымкентте қалып қоюымның бір себебі – осы.   

Ал енді өкінгеннен не пайда? Өкініш жоқ. Бүкіл елге таныла қойдым деп те айта алмаймын. Көпшілік менің әндерімді білгенімен, өзімді жақсы білмейтін шығар деп ойлаймын.

– Әуен әлеміне қалай келдіңіз? Ең алғашқы әніңіз қалай туды?  

– Әуен әлеміне құштарлығым кішкентай кезімнен басталды. Ауылымызда күз аяғында әр үйде соғым сойылып, көршілер бір-бірін соған шақыру үрдісі бар еді. Сондай бір кезеңде біздің отбасының да кезегі келіп, үйге бір топ адам – көршілер мен туыстар жиналған болатын. 

Шай ішіліп, ет желініп болған соң, сары қымыз сапырылып ортаға келеді. Әкем Шайзада шерпе күйдің шебері еді. Халық әндерін орындап, кейде басқаларды домбырамен сүйемелдеп, әдемі әңгімесімен отырысты қыздырып отырды. Сол кезде ері бар, әйелі бар, барлығы қосылып, Абайдың әндерін айтады. «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Өзгеге, көңілім, тоярсың" және тағы басқа әндерді көп адам унисон айтқан кезде, денеден тоқ жүргендей бір тылсым күй кешеді екенсің. 

Мен сол кезде 4-5 жасар бала болсам да, әуенге әсерленіп, көзім жасқа толып тұрады. Соны көрген әкемнің: «Оу, балапан, сен нені біліп қобалжып тұрсың?» деп көтеріп алып, маңдайымнан иіскегені есімде. Сол бір сәт менің кеудеме ән орнаған сәт болуы керек.  

Анам, Жалайырдың қызы Дәмелінің де әдемі, нәзік дауысымен «әу» дейтіні бар еді. Сондықтан менің композиторлық жолды таңдауыма Абай атамыздың әндерінің әсері мен өнерлі отбасында тәрбиеленуім себеп болған деп ойлаймын. 

Алғашқы әнім Ақұштап Бақтыгерееваның өлеңіне жазылған. «Бір хатқа жауап» деп аталады. Жаңағы кластас жігітім Асанның әскерге кеткен кезі еді. Одан көп уақыт хат келмей қойды. Сөйтсем, оларда алғаш барған кезде "карантин" деген болады екен ғой. Содан қиялданып жүріп жазған әнім бұл. Сол кезде Шымкент қаласында алғаш құрылған Вокалды-аспаптық ансамбльдің сүйемелдеуімен би алаңында орындалып жүрді. 

Одан кейін «Арман-әнім», «Аппақ гүлдер», «Алтынай», «Ұстазға арнау», «Туған жерім», «Сені көргім келеді де тұрады», «Атамекен толғауы», «Ата аманаты», «Елім аман», «Немереме» және тағы басқа 150-ден аса ән мен «Әке арманы» деген күйім шықты. Қазіргі кезде хит болып жүрген, Ибрагим Исаның сөзіне жазылған «Ауылға барам» деген әнім, қай қалаға, қай тойға барсам да алдымнан шығады. 

– Осындай халық сүйіп тыңдайтын, тіпті өздері де қосылып шырқағысы келіп тұратын талай әннің авторысыз. Солар қалай туады? Музыкалық шығарманың да тағдыры болады дейді. Сізде тағдырлы туындылар бар ма?  

– Тағдырлы әндер туралы айтсам, тым ұзаққа кетіп қаламын ба деп отырмын. Десе де, бір оқиғаны айтып берейін. 

Бірде Алматы жақтан бір жігіт хабарласып, өзі үш ағайынды екенін, Арал суалғаннан кейін Алматыға келіп, содан күнкөріс қамымен жұмысты бөтелке жинаудан бастағанын жеткізді. 

«Сөйтіп, еңбегіміз еш кетпей, қалтамыз қатты қалыңдамаса да, жағдайымыз әжептәуір жақсарып қалған соң, Аралдағы екі інімді қасыма шақырып алдым, – деп жалғастырды ол әңгімесін. – Үшеу болып бөтелке жинап жүріп, бір күні жағдайымыз жететін болған соң сантехникамен айналыса бастадық. Мәскеуден пойызбен тасыдық. Сөйтіп жүріп, үшеуміз бір көшенің бойынан даңғыратып үш үй салып алдық. Өкінішке қарай, енді жақсы өмір басталған кезде ең кіші інім қайтыс болып, орны толмас қайғыға тап келдік». 

Сосын ол менен «Осы ініме арнап бір ән жазып беріңізші. Бірақ, бір өтінішім, інімді тірі етіп көрсетсеңіз, дұрыс болар еді» деп сұрады. Соның нәтижесінде «Бауырға арнау» деген ән туды. 

– Әннің сөзіне көп мән беретініңіз байқалады. Сізде әуен бірінші туа ма әлде өлеңді таңдап алып барып ән жазасыз ба?   

– Ол әрқалай. Кейде әуен бірінші туады, кейде мәтінге ән туады. Поэзияны көбірек оқитыным содан. Ән шақырып тұратын жақсы өлеңдер болады. Бұрынғы әндердің мәтінінде поэзия бар еді, қазіргі әндерде ол сиреп барады. Мәтінінде мән жоқ, әуенінде ән жоқ, не болса соны ән деп шығара беретіндер көбейді. Өнерге деген адалдық жоғалып барады. Мені осы нәрсе қатты ойландырады.  

– Қазіргі әндер демекші, осы өнердегі жас буынға айтарыңыз бар ма? Олардың шығармашылығына көңіліңіз тола ма?  

– Жас буынға айтарым: ұлттық тамырыңнан ауытқыма, қазақ әніндей сұлу әуен жоқ. Өнерде де ұлттық намысты алға қою керек.

– Ал бүгінгі жасанды интеллектіге ән өңдетіп әрі айтқызып, тіпті оған ән жазғызып жүргендерге қалай қарайсыз? ЖИ өнер тудыруда адамды алмастыра ала ма?   

– Жасанды интелект деген уақытша нәрсе деп ойлаймын. Жасандының аты – қашанда жасанды. Қазір тіпті ел мойындаған халық әндерін, қазақ композиторларының белгілі әндерін ЖИ-мен шығарып жатыр. Кейбірінің аранжировкалары жақсы болғанымен, қыз бен жігіт шырылдап айтқан кезде жүйкені тоздырады. 

– Биыл 75 жасқа келдіңіз. Бұл болдым-толдым дейтін кезең бе? Әлде көкіректе әлі де арман көп пе? Ал ән ше? Әнді жаза бересіз бе? 

– Болдым-толдым демеймін. Ал арман ешқашан таусылмайды. Үнемі уақыт жетпей, көп нәрсеге үлгермей жүремін. Жазылатын ән де көп, істелетін жұмыс та толып жатыр. Біздікі артымызда бір із қалса екен деген үміт қой.

Сұхбаттасқан Оразәлі БАЙМҰРАТ 

Құралайға арнау 

Сырын бүгіп сылаңдаған қыз ғұмыр, 

Көкіректен құйылады ізгі жыр. 

Ән боп келіп, сән боп келіп, Құралай, 

Еліктіріп тастадың-ау бізді бір. 

Қиялыңның қарлығашын ұшырып, 

Қанатыңның қауырсынын түсірin, 

Нәзік сезім әуеніне бөледің, 

Жүрегіңнің қызғалдағын ұсынып. 

Арайланған «Алтынайдың» жүзінен, 

Мөлдір сезім моншақтары тізілген. 

Жан жылуы жанарыңнан төгіліп, 

«Сені көргім келеді...» деп үзілген. 

Теңізінде тербетілген ойлардың, 

Сезіміңнің тұнығына байландым. 

«Аппақ гүлге» сырын ашқан аяулым, 

Үлбіреген жүрегіңнен айналдым. 

Әлдилейді әсем әуен айқабақ, 

Ақ қанатын арман қыздың аймалап. 

Ән сыйлаған, гүл сыйлаған аруды 

Елі тұрсын алақанда аялап! 

Дәмеш СЕРІКБАЙҚЫЗЫ,

ақын

САҒЫНЫШҚА АЙНАЛЫП, ЖҮРЕККЕ ЖЕТКЕН ӘУЕНДЕР

композитор Құралай Сәтмұхамбеттің шығармашылық әлеміне сапар

Ән – адамның айтылмай қалған сағынышы, жүрегінің түкпірінде сақталған сыры, өткен күндерге деген іңкәрлігі, кейде бір ауыз сөзбен жеткізе алмаған сезімінің сазға айналған бейнесі. Бір ән адамды балалық шағына жетелесе, енді бірі жүрегінде ұмыт болған бір есімді жаңғыртады. Ал кейбір әуендер уақыттың өзін тоқтатып, көңілдің ең нәзік пернелерін тербейді. 

Осындай сәттерде ұлы мәртебелі музыка тыңдаушы мен орындаушының арасындағы шекараны жойып, бәрімізді бір сезімнің аясына біріктіреді. Өйткені жүректен шыққан әуеннің жүрекке жететін құдыреті бар.

Қазақ музыка өнерінде әнді адам жанына жеткізе құбылтатын санаулы әйел композиторлар бар. Солардың бірі – Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Құралай Сәтмұхамбет. Оның шығармашылық әлемін танытатын ән атауларының өзінен-ақ сағыныштың лебі, сезімнің жылуы, туған жерге деген іңкәрлік пен өмірге деген құштарлық сезіліп тұрады. 

Композитордың 14 қарашада (сенбі) Шымкент қаласындағы «Түркістан» сарайында өтетін жеке концерті осындай сезімдер тоғысатын, әуен арқылы жүректер сырласатын ерекше кеш болғалы тұр. Кештің көркемдік әлемін композитордың өз жүрегінен туған «Ауылға барам», «Аппақ гүлдер», «Сені көргім келеді де тұрады», «Алтынай», «О, гитара» секілді ел ішінде кеңінен танылған ән атауларымен сабақтастыра елестетсек, әрқайсысы жеке бір хикаяға жетелейтіндей сыр туады екен...

«Ауылға барам» – сағыныш мекені

Адамның өмірінде қанша белес, қанша асу болса да, көңілдің бір бұрышында мәңгі сақталатын мекен бар. Ол – туған ауыл. Балалықтың ізі қалған көше, таңғы самалын сезінген кең дала, алыстан көзге шалынатын туған үй, анаңның дауысы, әкеңнің өнегесі, көрші-қолаңның амандығын сұраған қарапайым тірлігі...  

Жылдар жылжып, адам үлкен қалаларда өсіп-өнеді, білім алады, қызмет етеді, талай белесті бағындырады. Бірақ жүрек кейде бәрін ысырып қойып, сол бір таныс топырақты, сол бір ыстық мекенді аңсайды. Өйткені туған жер – адамның болмысы бастау алатын рухани бесік. «Ауылға барам» деген сөздің (ән сөзінің авторы Ибрагим Иса) өзінде қаншама сезім жатыр! Бұл – жолға шығу ғана емес, өткенге оралу, көңілдегі сағынышты басу, тамырыңды қайта сезіну. Бұл – алыста жүрген жанның туған жеріне деген қимас сағынышы.

Ауылға барам, бәрі де туыс ел жақта,

Аңқылдайды олар, қарамайды олар бар-жоққа.

Ауылым жайлы, бауырым жайлы жыр жазам,

Сүйеніп тұрып анам сүйенген шарбаққа.  

Құралай Сәтмұхамбеттің концертінде осы ән шырқалған сәтте, залда отырған талай адамның көңілі ауылына қарай жол тартары сөзсіз. Бірі жусан иісін есіне алар, бірі ата-анасының мейірімін аңсар, енді бірі өмірден өткен жақындарының жарқын бейнесін жүрек түкпірінен өткізер. 

«Аппақ гүлдер» – көңіл тазалығы

Бір гүл қуаныштың белгісіндей көрінсе, екіншісі нәзіктікті танытады. Ал аппақ гүлдер адамның көңіліне тазалықты, пәктікті, кіршіксіз сезімді ұялатады. Өйткені ақ түс – адалдықтың, ақ ниеттің, кіршіксіз арманның түсі. Сондықтан «Аппақ гүлдер» деген атаудың (сөзінің авторы Қуанышбек Төлеметов) өзінен-ақ жанға жайлы бір көрініс елестейді: гүлге толы бақ, самал желмен тербелген қайың, бір жанның екінші жанға деген ізгі ықыласы... 

Өмірдің қарбалас сәттерінде біз кейде қарапайым сұлулықтың қадірін ұмытып кетеміз. Бір ауыз жылы сөздің, шынайы күлкінің, күтпеген жерден ұсынылған гүлдің адам көңіліне қаншалықты қуаныш сыйлайтынын ескере бермейміз. Алайда адамның жүрегінде мәңгі қалатын естеліктер көбіне осындай қарапайым әндерден құралады.

Сөз таппаймын айтуға,

Мен жүремін қысылып.

Түсімде де жүрсің ғой,

Аппақ гүлдер ұсынып. 

Әннің құдіреті де осында: ол бізге сұлулықты қайта сезінуді, жақындарымызға ықылас танытуды, өмірдің әр сәтінен жақсылық көруді еске салады. «Түркістан» сарайындағы кеш те тыңдарманға осындай шуақты көңіл күй сыйлап, жүректерге ізгілік пен мейірім ұялататыны сөзсіз. Өйткені шынайы өнер адамның жан дүниесін байытып, тіршілікке деген көзқарасын жұмсартады. 

«Сені көргім келеді де тұрады» – жүректің сыры

Туған жерді сағыну, балалық шақты аңсау, досыңды іздеу, анаңның құшағын аңсау... Ал бір жанды ерекше сағыну – адамның ішкі әлеміндегі ең нәзік сезімдердің бірі.

«Сені көргім келеді де тұрады» деген сөздің (сөзінің авторы Исраил Сапарбай) өзінде жүрекке жақын бір сыр бар. Кейде сағынған адамыңа не айтарыңды да білмейсің. Қоңырау шалғың келеді, халін сұрағың келеді, жүзін көргің келеді. Бірақ сезімнің бәрін сөзге сыйғызу мүмкін емес. Сондайда көңілдегі айтылмаған сырды ән айтады.

Көзмоншақтай көлдiң көркем құрағы,

Махаббаттың мың бiр мақам құрамы.

Тағдырымның таусылмайтын сұрағы –

Сенi көргiм келедi де тұрады. 

Бұл – жүректің өзіне ғана мәлім сағынышы. Бір қарағанда, қарапайым тіркес сияқты көрінгенімен, оның астарында адамның біреуге деген шынайы ықыласы, жақындыққа деген мұқтаждығы, жан жылуын іздеуі жатыр. 

Музыка адамға дәл осындай сәттерде серік болады. Әуен арқылы біз өзіміз де мойындай бермейтін сезімдерімізді танимыз. Бір әнді тыңдап отырып, баяғыда кездескен бір жанды еске аламыз. Бір әуеннен өзіміздің өткен өмірімізді көреміз. Мүмкін, осы концерттің ең әсерлі сәттерінің бірі де осындай әндер арқылы тыңдарманның жеке естеліктері мен ортақ сезімдерінің тоғысуы болар. 

«Алтынай» – аяулы бейне

Кейбір есімдерді естігенде адамның жүзіне еріксіз қуаныш үйіріледі. Өйткені ол есімнің артында қымбат естелік, аяулы жан, жүрекке жақын бір оқиға тұруы мүмкін. «Алтынай» деген атаудың (сөзінің авторы Ханбибі Есенқарақызы) өзі қазақы болмысқа жақын, жылы әрі әуезді естіледі. Ол адамды нәзіктік, сұлулық, сыйластық пен ізгі сезім туралы ойға жетелейді. 

Бір есімнің әнге айналуы да – өнердің адам өмірімен біте қайнасқанын танытатын құбылыс. Ән арқылы есім жай ғана атау болудан шығып, белгілі бір сезімнің, көңіл-күйдің, өмірлік естеліктің символына айналады. 

Тыңдарманның әрқайсысы осы әннен өзіне таныс бір бейнені көруі мүмкін. Бірі жақын жанын еске алса, енді бірі жастық шағындағы бір аяулы сәтке оралады.

Алтынай, арман-ай,

Бәрі де артта қалғаны-ай.

Бір күнгідей болмады-ай,

Арман қуған, ей, Алтынай. 

Музыканың ғажабы – композитор бір туындыны дүниеге әкеледі, ал сол туынды әр адамның жүрегінде әртүрлі өмір сүреді. Бір ән мыңдаған тыңдарманға мың түрлі естелік сыйлауы мүмкін. Әнді тыңдаған сайын адам өз сезімін жаңаша танып, көңіліндегі қымбат дүниелердің қадірін тереңірек түсінеді. 

Жүректер тоғысатын кеш

Құралай Сәтмұхамбеттің жеке концертіне бару – тек сүйікті әндерді тыңдау емес, рухани әлемді байытуға, күнделікті күйбеңнен бір сәт арылып, жүрекке тыныштық сыйлауға мүмкіндік беретін мәдени демалыс. Өйткені біз кейде бақытты үлкен оқиғалардан іздейміз. Ал шын мәнінде, көңілге қуаныш сыйлайтын сәттер қарапайым дүниелерден басталады: әдемі әуеннен, жылы жүздесуден, жүрекке жақын әннен, жанды тербеткен саздан...  

Ән – адамның ішкі әлеміне ашылған терезе. Сол терезеден бірде балалық шағымызды, бірде туған жерімізді, бірде аяулы жанымызды, бірде орындалмаған арманымызды көреміз.

ҚҰРАЛАЙ СӘТМҰХАМБЕТТІҢ «ТҮРКІСТАН» САРАЙЫНДАҒЫ ЖЕКЕ КОНЦЕРТІ – ӘСЕМ ӘН МЕН СЫРЛЫ САЗДЫ СҮЙЕТІН ЖАНДАР ҮШІН ЖҮРЕККЕ ЖЫЛУ СЫЙЛАЙТЫН ЕРЕКШЕ КЕШ.

Келіңіз, қадірлі өнерсүйер қауым! Әнмен бірге сағынышқа сапар шегіп, әуенмен бірге әдемі естеліктерге оралайық. 

Бекжігіт СЕРДӘЛІ,

журналист, композитор