ЖАУАПКЕРШІЛІК – АКТЕРГЕ ӘРКЕЗДЕ ҮЛКЕН СҮЙЕНІШ
2026 ж. 22 қазан
81
0
Қазақстанның Халық артисі Нүкетай Мышбаевамен сұхбат
Қазақстанның Халық артисі, «Парасат» орденінің иегері, халық сүйген актриса Нүкетай Мышбаева Қазақ Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында үзіліссіз өнер көрсеткеніне жетпіс жылға таяпты. Ұлттық характерлерді жеріне жеткізе ашатын өнер иесі шығармашылығының басты ерекшелігі – халықтық сипатында, ал қара шаңырақ сахнада орындаған үлкенді-кішілі, басты-қосалқы сексенге жуық ролінің қай-қайсысы да оның өмірлік-өнерлік тәжірибесі мен үлкен рухани ізденістерінің жемісі. Ал ол рольдер қалай дүниеге келеді? Көрнекті актрисаның шығармашылық зертханасы қандай? Сахнадағы серіктестерімен, режиссерлермен қалай жұмыс істеді? Сексен және тоқсан жылдық мерейтойларға орай жасап, біріктірген сұхбаттарымызымыз негізінен осы сауалдарға, яғни азды-көпті шығармашылық зертханаға байланысты өрбіді.
– Сіздің сахнада, кино-телеэкрандарда жасаған рольдеріңіз, әншілік өнеріңіз қалың жұртшылыққа жақсы таныс. Әдетте көрермен сахнадан дайын көркем рольді көреді. Ал өнер жолыңызда сахнаға шығарған сексеннен аса роліңізді дайындау процесі, әріптестеріңізбен серіктес болу, режиссерлердің жұмыс стильдері туралы әңгіме көрермендерге ғана емес, кәсіби мамандар үшін де қызық болар еді. Алғашқы роліңіз ол кезде жас режиссер Ә.Мәмбетовтің «Беу, қыздар-ай!» (Қ.Шаңғытбаев, Қ.Жандарбеков) спектакліндегі Айсұлу...
– Мектеп бітіргеннен кейін әнші боламын деген үмітпен құжаттарымды Құрманғазы атындағы консерваторияның вокал бөліміне тапсырған едім. Ол бөлімге Сәбит Оразбаев, Раушан Әуезбаевалар да келген екен. Консерваторияның жанынан актерлер дайындайтын бөлімінің ашылуына бастамашы болған Қазақстанның Халық артисі, профессор Асқар Тоқпанов осы үшеумізді сонда алып кетті. Асқар Тоқпановтан дәріс алып, 1959 жылы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрына қызметке бір топ жас келдік. Асанәлі Әшімов, Фарида Шәріпова, Раушан Әуезбаева, Сәбит Оразбаев, Матан Мұратәлиев, тағы басқалар – бәріміз орналастық. Бұрын көпшілік сахнасына келіп жүретінбіз. Келдік те, жұлдыздардың арасына кірдік. Бәрін қараймыз, қыздар жағы атақты актрисалардың арасына түстік деп қуанамыз. Ол кезде Әуезов театрына келу деген арман... Апаларым, ағаларым жақсы қарсы алды. Онда театрда жалтылдап, сартылдап тұрған әдемі қыздар, жап-жас келіншектер шетінен... Сәбира апам, Шолпан, Хадиша, Бикендер... Үлкен ағалардың төрт көзі түгел. Сераға, Елаға, Қалибек, Қапан аға, Қармысов. Театрды құрған жұлдыздар. Солардың ішіне келдік. Бізді таңдап алған ол кезде театр директоры Құрманбек Жандарбеков болды.
– Көпшілік сахнасынан енді жеке рольге шықтыңыздар. «Беу, қыздар-ай!» Әзекең... Әзірбайжан Мәмбетовтің осы театрдағы алғашқы жұмысы ма сіздермен?
– Әзекең біздерден бір-екі жыл бұрын ғана келіпті. Мәскеуден бітірген, өзінше бір жүрген сәнді жігіт. Қараймыз, өзінше бір стиляга сияқты, керемет тамаша адам. «Келдіңдер, дұрыс» деп «Беу, қыздар-ай!» комедиясын алды қоюға. Мен өзімше өлең айтатын адаммын ғой. Әнші, сауыншы қыз Айсұлу – басты рольді маған берді. «Мышбаева, сен ойнайсың Айсұлуды» деді. Фарида – Күнсұлу, Зәмзәгүл – Жансұлу, т.б.
Оқу бітіріп келгендеріміздің барлығында роль – мәре-сәре болдық. Сәбит – суретші жігіт, Райымбекте де роль, бәрімізге дөп келді. Қойды. Қыздардан Фарида, Раушан үшеуміз. Алғашқы ролім, өзің айтпақшы, сол Айсұлу еді, сауыншы қыз. Ауыл өмірі бізге таңсық емес, анам фермада сауыншы болып жұмыс істеген. Жас та албырт кезіміз, рольге өмірден көргенімді азық еттім. Әзекеңнің ол кезде қазақшасы онша жақсы емес. Орысша өскен бала. Біз ауылдан келген қара қазақпыз. Бірақ Әзекеңмен тіл табысып, жақсы жұмыс істедік. Режиссерлігі енді керемет. Жаңадан келген жас жігіт қой.
– Нендей кереметі бар еді?
– Ол жылдам, ширақ болатын. Ол кешке дейін сөйлеп тұрмайды. Мизансценаны қояды да, «сен ана жерде тұрасың, мыннан шығасың» деп шегелеп айтады. Мен есім шығып сонда қорқамын. «Беу, қыздар-ай!» маған етене жақын. Шешем сиыр фермада сауын сауып, өлең айтып, бұзауын тартып өскенбіз ғой. Сәтті шықты, бәріміз бар өнерімізді салып ойнадық. Ой, дүрілдеттік қой, керемет әртіс екенбіз ғой десіп қалдық. Өйткені газеттен газет жазып жатты.
Бір күні Әзекең «Ана – Жер-ананы» қоямын деді. Маған роль берген жоқ. Толғанайды Фарида мен Сәбира апам екеуі ойнады. Бір дайындықтан кейін маған қарата Әзекең: «әй, идиотка, (ол не дегені екен деп қоямын), «Ана – Жер-ананы» алып жатта, Әлиманды ойнайсың» деді. Тақырып маған етене жақын. Соғысқа менің төрт бірдей ағамды алған гой. Кітапты оқығанда көзіме жас алып отырдым.
Нұрмұхан Жантөрин, алтыным сол, нағыз актер. Бойы ұзын ғой, ол менің күйеуім Қасымды ойнайды. Асанәлі екеуі екі құрам. Соғысқа бара жатқанда ойбай салып, шашымды жайып жіберемін, «сен кімге тастап барасың?» деп шаужайынан ұстап айырылмаймын. Келін боп түскеніне екі ай ғана болған жеңгемді елестетемін көз алдыма. Мен шырқырап жатырмын өзімше. Сонда Әзекең: «Стоп!» деді Нұрмұханға, – идиот, не істеп жүрсің? Мышбаева жаңа келген, как она играет, ал сен құр жүрсің, оның күйеуі емессің бе? Әскерге кетіп барасың...» деп кейіді. Нұрмұханға не, әбден тәжірибелі актер, кезі келгенде ойнап шығады ғой. Әзекең сол эпизодты көріп ойланып қалды. «Е-е, мынау да трагедияны кәдімгідей ойнайды екен» деген болуы керек, Әлиман роліне бекітті.
Алғашқы кезеңде негізінен комедиялық рольдер – Ә.Тәжібаевтың «Той болардасында» Айбала, Қ.Мұхамеджановтың «Құдағи келіпті» комедиясында ақкөңіл де адал Марфуғаны орындадым. Алғашында эпизодтық роль, жүргізуші қыз Жамал ролінде шықтым. Өзім ән айтамын.
– Сіздер көрнекті режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтің қойылымдарында көп ойнаған буынсыздар. Көптеген спектакліне сіз де қатыстыңыз. Өзгелерін айтпағанда, «Ана – Жер-анадағы» Әлиман, «Қан мен тердегі» Ақбала, «Ақ кемедегі» Бекей рольдеріңіздіц өзі неге тұрады!
– «Ана – Жер-ананы» Әзекең 1964 жылы қойды. Әлиман ролін Торғын екеумізге берді. Екеуміздің өрнегіміз екі түрлі болды және бұл заңды да. Әр роліңнің өмірбаяны болады ғой. Менің Әлиманымның өзегі өмірдің өзінен алынды. Соғыс басталғанда мен бес жастан енді асқан едім. Төрт ағамды бірдей майданға алды. Бізге көпірден әрі өтпеу керек. Анам аңырап, шашын жұлып, аяғынан тұра алмай қалды. Бәріміз шулап, жылап-сықтап тұрмыз. Анам Шәлипа Толғанай сияқты. Ең кішкене бауырым Мақсұт 15 жаста ғана еді, комсомолға өтіп барып кетті. Мақсұт – «Ана – Жер-анадағы» Жайнақ деуге болады. Үлкен ағам Әкімқожа жеңгем Сараға үйленгелі екі ай ғана болған. Жеңгем ағам майданға аттанғанда шаужайына жабысып, «мені кімге қалдырып барасың?» деп шырқырағанда бүкіл ауыл жылады. Спектакльдегі Майсалбек сияқты.
Сұрапыл соғыстан екі ағам қайтпады. Бір ағам ауру болып келіп, бір жылдан соң дүние салды. Өміріміз қиын болды, масақ тердік, жеті жасымда сиыр саудым. Сол кез біздерді шыңдады, қайраттандырды, еңбекқорлыққа үйретті. Әйтеуір, Әлкен ағам аман-есен оралып, соғыс біткен соң адам қатарына қосылдық. Рольге дайындалғанда осының бәрі есте, сахнаға шығып ойнағанда анамның, жеңгемнің, жалпы ауыл-аймақтың қайғысы, жылау-сықтаулар көз алдымда тұрды. Әлиман ролі осыдан да шынайы, әсерлі, табиғи шықты ғой деймін. Анам Шәлипа «Ана – Жер-ананы» көрген соң қатты ырза болды. Тіпті «Шыңғыс менің өмірімді жазыпты» дегенді де айтты.
1973 жылы шыққан «Қан мен терде» Ақбаланы Фарида екеуміз ойнадық. Ә.Нұрпейісовтің атақты романы бойынша қойылған спектакль ғой. Әзекең негізінен Фаридамен жұмыс істеді. Алғашқы қойылымдарда Фарида шықты, оның ойыны жоғары бағаланды. Фариданың өзі де керемет актриса ғой, екеуміз бірнеше спектакльде бір рольге түстік. Жақсы серіктес, құрбы болдық. Ал «Қан мен терде» бірге жұмыс істедік. Режиссердің Фаридаға айтқанын тыңдап-ұғып, бейнені өзімше шығаруға ұмтылдым. Фариданың мәнерін, жүріс-тұрысын, ролінің шешімін қайталамауға тырыстым.
– Режиссер Мәмбетовтің актерлермен жұмыс стилі қандай еді?
– Жалпы, Әзекеңмен жұмыс істеу қызық. Алғашқы кезде онша қазақша білмейді. Кей сөздерді дұрыс айтпайды да, біз түсінбей қалатынбыз. Келе-келе қазақшасы жақсарды. Бірте-бірте бәрі орнына келді ғой. Әзекең көп сөйлемейтін, ежіктеп түсіндіріп жатпайды. Мизансценаны мықты қояды, сонсоң, мысалы, «мына жерде жүрекпен жыла, сонда көрермен сенеді» дейді. «Ана – Жер-анадағы» бір мизансцена – Толғанай екеуміз екі жақтан еңіреп жылап шығып, бір-бірімізбен құшақтасамыз. Отбасынан майданға кеткендердің барлығы қаза тапқан сәт қой. Роліңнің нәрін, мәнін нақты айтып береді. Әрі қарай өзің алып кетесің.
Әзекең мизансценаны мықты қоюымен қатар роліңнің бір қиын тұстарында жол сілтейтін. Мысалы, «Қан мен терде» Еламан балық аулауға, теңізге шығып, үйде ұзақ уақыт болмайды. Күйеуін сүймейтін Ақбаланың қалауы – Тәңірберген. Ол анда-санда келіп-кетіп жүреді. Өзінің осы күйіне, Еламанға ызаланған келіншек не істеуі керек? Ол өзін қалай ұстауы керек? Ойлану керек деді Әзекең. Ашу-ызасы бар, кінәсі бар әйел. Тығырыққа тірелген Ақбала не істерін білмей, бесікті селкілдетіп, арлы-берлі қатты тербейді, Еламаннан өш аламын деп, баласынан өш алады. Менің шешімімде, Ақбала осылайша әйелдік мінез көрсетеді. Осы трактовкамды Әзекең жақсы қабылдады. «Мышбаева, молодец! Ролің шықты» деді. Ал мұндай шешімді спектакльді көргендердің біреуі қабылдады, біреуі қабылдамады. Кезінде марқұм Әшірбек «Ақбала неге өйтеді?» деп сынап жазды да. Менің мінез ерекшелігім рольдерімде де сезілетін болуы керек – не нәрсеге де көзқарасымды ашық білдіремін, оқиғаға қарым-қатынасымды да ашық көрсетемін.
Әзекең білімі өз алдына, түйсігі сұмдық мықты режиссер еді. Спектакльдері қандай күрделі, трагедиялық сипаты мол. Қойылымға алған материалдары қандай! Шетінен мықты драматургияны қойды. Солардың бірі –Ш.Айтматовтың «Ақ кемесі». Спектакльге кіріспес бұрын Баланың роліне лайық актер іздеді. Жұмағали Маханов ол кезде студент екен. Шолпан Жандарбекованың шәкірті. Театрдың Көркемдік кеңесінің үлкен сынағынан өтіп рольге бекітілді. Керемет ойнады. Мен Момын шалдың қызы Бекейді ойнадым. Бұл ролімде де ән айттым. Ән емес, зар. Бір перзентке зар болған ананың зары. Бекейдің күйеуі, маскүнем Орозқұлдың ролінде Ыдырыс Ноғайбаев. Орозқұл ішіп келсе болды – «бала тумадың, мен қубас қалатын болдым» деп Бекейді қамшының астына алады. Ыдырыс аға шынайы ойнайды, қамшы көтергенде қарасаң – бет-жүзі әлемтапырық, бір жолы жүзіне қарап қалыппын, қашып үлгермей, қамшысы арқамды осып түсті. Үстімдегі жаздық көйлек болатын. «Аға, мұныңыз не? Арқам ашып тұр, қазір сахнаға қалай шығамын?» дедім. Сонда ағаның айтқан жауабы: «Қашу керек». Яғни сахнада сергек бол дегені ғой.
– Мәмбетовтің режиссер ретінде тағы қандай ерекшеліктері бар еді?
– Әзекең сұсты болатын, бірақ жүрегі нәзік. Оның спектаклі боларда күні-түні дайындалып келеміз. Ал бастаймыз дейді, «тише» дейді. Мизансцена қоюда керемет. Біз кейде қақайып тұрып қаламыз, ебедейсіз қимылдар жасап қалмыз. Соның бәрінде Әзекең актерлерге жайлы мизансцена жасауға ұмтылатын.
– Бекей ролі туралы кеңірек айтыңызшы.
– Бекейді Торғын екеумізге берді. Ән айтатын әйел. Бала тумаған, күйеуінен күнде таяқ жейді. Біз болсақ, шошаңдаңқырап, жеңілдеу ойнадық па, бір күні Әзекең ренжіді: «Олай емес, Мышбаева, ыржаңдама, – деді. – Оның жүрегі толған қайғы. Ол қасіреті көп әйел» деді. Өзі «қасірет» деген сөзді үйреніп алыпты. Әр спектакль сайын қазақшаны үйреніп, қазақша жақсы сөйлеп кетті өзі. Себебі, тамаша талант.
– Сонда сіздерге рольдің дәнін айтады ғой.
– Ия, дәнін айтады. Орозқұл Бекейді «қаншық, елдің әйелдері қос-қостан бала туғанда, сен немене» деп ұрады. Мен – Бекей күйеуімнің шаужайынан ұстап, құлап, сүйретілетінді өзім істедім. Сонда Әзекең: «молодец, Мышбаева, давай, делай, делай» – деді. Орозқұл – Ыдырыс аға, ол да дәу, ұра бергенде зәрем ұшады. Премьера кезінде құладым да, «өлтір мені, өлтір, мен өлгім келеді» деп шаужайынан ұстап алдым. Ол мені сүйреп барады, «Мышбаева, молодец» дейді. Мен өзім таптым дегендей мақтанып-ақ қалдым. Керемет режиссер еді.
Әзекең келе-келе қазақша жақсы сөйлейтін болды дедім ғой. Ұжыммен етене араласты. Образды жақсы түсіндіретін, ашып беретін болды. Бекей пұшпағы қанамаған әйел. Ондай адам сергек болады. Орозқұл – ішкіш. Өзі қара күш иесі. Сенің Бекейің Орозқұлды кінәласын дейді. Шынында да, менің Бекейім өз қасіреті өз ішінде. Қатал тағдырына мойынсұнған, жаны қатыгез тартқан әйел. Бұл қойылымды да халық өте жақсы қабылдады.
Көрнекті режиссердің басқа да бірталай қойылымында – «Күтпеген кездесудегі» Ғалия, «Түлкі бикештегі» Карина, «Көшеде жүрген пақырды, әкім бол деп шақырды» комедиясында Анжелика, «Дон Жуанның думанында» Миранда рольдерінде шықтым, тағы да басқа спектакльдерінде ойнадым. Әзекең төрт-бес жас қана үлкендігіне қарамастан, біздердің барлығымызды көп нәрсеге үйреткен, ширап-шынықтырған, Ұстаз болған адам. Мәмбетовтей ғұламамен сахнада өнер жасасқаныма өзімді бақытты санаймын.
– Сіз комедияларда көп ойнадыңыз. Солардың бірі – өзбек драматургы Саид Ахмадтың «Келіндер көтерілісі». Комедияны қазақ тіліне Асқар Сүлейменов аса шебер аударып, режиссер Райымбек Сейтметов қойды. Жалпы, Р.Сейтметовтің М.Әуезов театрында еңбек еткен жылдары жемісті болыпты. 1970 жылы А.Абдуллиннің орыс ақыны С.Чекмарев туралы, басты рольдерде Ф.Шәріпова мен Ә.Молдабеков ойнайтын «Ұмытпа мені, күнім» пьесасын сәтті шығарғаннан бастап 1981 жылғы «Өкінішті өмірге» (В.Дельмар, аударған Қ.Мұхамеджанов) дейінгі аралықтағы репертуары өте салмақты: Л.Пиранделло, ГЛорка, Л.Дрюко, тағы басқа замандас қазақ драматургтарын, М.Шаханов поэзиясынан «Сенім патшалығы» спектаклін қойып, ұлттық сахнада поэзиялық театрды алғаш бастаған да осы режиссер болуы керек...
– Райымбек бізде Жасөспірімдер мен балалар театрына ауысқанша табысты жұмыс істеді. Ол өзі актер болғаннан кейін актерліктің қыр-сырын, бүге-шігесін жақсы меңгерген. Қай актермен қалай жұмыс істеуді де жақсы білді. Рольдерді бөлген кезде әр актердің мінез-құлық ерекшелігіне, қабілет-әлеуетіне қарайтын. «Ұмытпа мені, күнім!» спектаклінде Әнуар – ақынның прототипін, Фарида оның ғашығы Тоняны ойнады. Сондай бір лирикалық, жарық спектакль болатын. «Өкінішті өмірде» Сәбира апам мен Ыдырыс ағам жақсы үндестікте көрінді. Райымбек ізденгіш режиссер еді. Көркем тілдің, сөздің қадірін жақсы сезінетін. Қазақ әдебиетін, әсіресе, поэзияны жақсы білетін.
«Келіндер көтерілісі» спектаклінде мен Саттынисаның ролін орындадым. Фармон бибінің жеті келінінің бірі. Енеге жағынудың небір әдісін әбден меңгерген. Әртүрлі образға кіреді – қажет болса сатып кетеді, өсекті керемет айтады. «Нүкеш, сен де өсекті мықты айтады екенсің» деп Райымбектің шегі қататын. Мен ролім бойынша келіндерді сөзге тартамын ғой, сонсоң Фармон бибіге жеткіземін. Фармон бибінің ролінде – Сәбира апам. Әбден оң жамбасына келген роль. Спектакль өте қызық, нағыз комедия. Көрермендер сүйіп, сүйсініп көретін. Тіпті, далада билет сұрап жүретін. Бұл спектакльді гастрольдерге де көп алып шықтық.
– Нүкетай апа, бұл театрда біраз режиссер штатта қызмет етсе, көптеген режиссер спектакль қойды ғой. Айталық, В.Мажурин, атақты «Жендеттерді» қойды. Онда Мольерді Н.Жантөрин ойнады. Ал Александр Пашков есімді режиссер бірталай жыл қызмет еткен, «Ричард Ш», тағы басқа көптеген мықты спектакльдер қойғанын жақсы білесіз. Есімі көп аталмайды. Ол кісімен қызметтес болдыңыз ба? Кейінгі буын режиссерлерден сіз Әубәкір Рахимовтың қойылымдарына көп қатыстыңыз.
– Ия, небір режиссерлер қызмет етті. Пашковпен көп жұмыстас болмадым. Шынында да, мені Әзекеңнен кейін спектакліне көп шақырған айналайын Әубәкір. Өте талантты азамат, жұмысын халық біледі. Сондықтан да өзі ештеңе айтпайды, «мен кереметпін» демейді. Ол Асқардың, Асқар Сүлейменовтің кезінде ешкім жүрегі дауаламаған пьесаларын қалай қойды!
– Сіз ол спекпакльдерде роль ойнадыңыз.
– Ия, Әубәкір ең алдымен «Төрт тақта –жайнамазын» қойды. Онда Сәбит пен Зәмзәгүл екеуі қандай керемет сахналық жұп болып ойнады. Сәбит Зәмзәгүлден жас қой, бірақ жас айырмашылығы білінбейді. Екеуі де шебер... Сол қойылым дайындығы кезінде Асекең, Асқардың өзі келеді. Онда өзі де театрда әдебиет бөлімін басқарады. Мен онда бір эпизодта ойнаймын. Үн-түнсіз келеді, зәрем ұшады. Ал өзі рахаттанып, премьера шыққанша репетицияға қатысып отырады. Әубәкір екеуі сөйлесетін, пікірлесетін болуы керек. Осы драматургтарда бұрын сондай бір жақсы дәстүр бар еді. Мұхаң, Мұхтар Әуезовтен басталған дәстүр болса керек. Асқар ырза болғанда, темекісін шертіп қап отыратын еді, айналайын... Темекісі – қолында әнебір, немене дейтін еді...
– Мундштук...
– Иә, сонысына салып қояды. Өзі бір ақсүйек.
– Сіз «Штат қысқартуда» да ойнадыңыз.
– Иә, хатшы әйелді ойнаймын. Өткір спектакль еді. Сонда Асқардың айтқаны ұрпақтың қамы екен ғой, ұрпағың құрып барады дегенді айтқаны екен ғой, жарығым.
– Иә, өте терең ойлы, аса өзекті драма-диалогтар. Екінші драма-диалогы – «Жетінші палата». Оны да Ә.Рахимов сахналады. Жалпы, Әубәкір Асекеңмен рухтас, мықты шәкірті бола алған суреткер. «Осы үш драма-диалог, триптих «Ситуациялар» деген атаумен 1996 жылы Республика Мемлекеттік сыйлығына ұсынылды. Орайы келіп түрғанда айта өтейін, лауреат атанды ғой. Ал сыйлыққа драматург А.Сүлейменов, қоюшы-режиссер Ә.Рахимов, басты рольдегі актерлер З.Шәріпова, Ж.Медетбаев, Т.Мейрамов, яғни авторлар ұжымы ұсынылған. Сол кезеңдегі бір түсініксіз жағдайларға байланысты комиссияда Асекеңнен өзге кандидатуралар өткізілмеді. Мен сонда Мемлекеттік сыйлық комиссия мүшелігінде бар едім. Қатты ыңғайсыз жағдайда қалдым. Алайда Әубәкір де, өзге ұсынылғандар да Асқар лауреаттықты алса, біздің де алғанымыз десті. Ешбір реніш, түсініспеушілік деген болған жоқ. Бұл да үлкен азаматтықты танытса керек.
– Асқардың сыйлық алуы театрға да абырой болды. Ал Әубәкірдің азаматтығы, адалдығы деген енді бір керемет. Жоғарыда да айттым ғой, Әубәкірдің көп қойылымдарында ойнадым. Т.Нұрмағамбетов комедиясы бойынша «Бес бойдаққа бір той» қойылымы жиырма жыл жүрді. Халық сүйіп көрді ол спектакльді. Әубәкір сол рольді ұсынғанда, «ойнамаймын» дедім. Сонда ол «сіз актрисасыз, ойнайсыз» деді. Алтыным сол. «Бес бойдаққа бір той» қанша жыл аншлагпен жүрді.
– Халыққа жақын спектакль ғой, әлеуметтік драма.
– Кейін тағы қойды ғой. «Ойнайсыз ба?» дейді. Сексеннен асқан кемпірмін. Ойнасам ба екен деп бір ойладым да, жоқ, дедім, жастар ойнасын. Қазір Гүлшат (Тұтова) жап-жақсы, келістіріп ойнап жүр.
– Бір сөзіңізде «комедиядаи бастап едім, комедияға келдім» деп едіңіз...
– «Бес бойдаққа бір той», «Отыз ұлың болғанша...» спектакльдеріне байланысты айтқан шығармын. Өнер жолымды Айсұлудан бастадым, жас ұлғая келе осы комедияларда ойнадым. Жаңа «Бес бойдақты...» айттым. Бұл трагедиясы бар комедия. Гүлбарам – жалғызбасты әйел. Жалғыз жүрмеу үшін Қырманбай шалға тұрмысқа шығып алған ғой. Шал роліне өзімнен отыз жас кіші Бекжан Тұрыс бекітіліпті. Қалай ойнаймын деп едәуір уайымдадым, қалай болады деген алаңымды режиссер Әубәкір Рахимовқа да айттым. Үйге барып көп ойландым да, ақыры келістім. Бекжанның таланттылығы сонша, жас алшақтығымыз да білінбей кетті. Қойылымда өмір бар, әзіл-сықақ бар. Халық сүйіп көретін комедия болды.
«Отыз ұлың болғанша...» қазіргі репертуарда бар спектакль, жиі жүреді. Башқұрт драматургы Ф.Бөлековтің мұңлы комедиясы. Театрдың аға буынға арнап алған дүниесі ғой. Жас кездері рольді алғырлығыңмен, әдемілігіңмен аласың. Ал жас ұлғайған кезде ойнаған рольдеріңе аса жауапты қарайсың, қалай жеткіземін деп қобалжисың, үйде дайындаласың. Бұл спектакльді де Әубәкір қойды. Жалпы, Әубәкір жас кезінен осы театрда. Ерекшелігі – қазақи, бүткіл тарихты біледі. Спектакльдері бізге де, көремендерге де түсінікті. Иманды адам. Сахнада дауыс көтеру дегенді білмейді. Кей режиссерлер айғайлайды ғой. Ондайда рольден, спектакльден береке кетеді. Әубәкірдің тағы бір ерекшелігі – рольге актерді дәл таңдайды. Актерлермен барлық жан-тәнімен жұмыс істейді. Алғаш қойылған жылдары кемпірлерді мен, Фарида, Зәмзәгүл, Шолпан апа төртеуміз ойнадық, Абдолла шал – Сәбит, колхоз председателі – Уайс. Бүгінде қадірлі құрдасым Сәбит, Оразхан мен Саят, Салиха, Ғайникамал, Рашида, Гүлнармен шығамын сахнаға. Мен – Фатима кемпірмін. Бұрын комендант болған, өзі партия. Сырттай қатал, қасаң болып көрінеді, ал, іші толы өкініш, у мен өрт.
Жастық шақтағы рольдерден гөрі жас ұлғайған кездегі ойнаған рольдеріңе өте бір жауапкершілікпен сахнаға шығасың. Әсіресе, Сәбитпен партнер болғанда жауапкершілікті сезінемін, спектакльге үйде үш-төрт рет дайындаламын. Себебі: оның өзі рольге аса бір жауапкершілікпен қарайды. Серағаң сондай еді ғой, шіркін!
– Сахнадағы серіктестеріңізден үйренген, үлгі алған кездеріңіз болды ма?
– Жоғарыда да айттым ғой деймін, жас кезде албырттығыңмен, жастығыңмен, шапшаңдығыңмен аласың рольді. Кейбір кем-кетік болса жастығыңа «жабасың». Бірақ жауапкершілік деген актер үшін қай кезде де үлкен сүйеніш. Жас кезімізде үлкендерге көп қарадық, үйрендік, білмегенімізді сұрадық. Ш.Құсайыновтың «Алдар Көсе» комедиясында мен байдың қызы Меңсұлуды ойнадым. Ерке, тіпті шолжаң қыз. Онда Есболған керемет ойнады. Осы спектакльде Серке аға маған: «әй, тақылдақ, тақылдамай дұрыс сөйле» дейтін. Серағалармен спектакльде серіктес болу бір бақыт, бәрін түсіндіріп береді. «Мені ұрғанда дұрыстап ұр» дейтін. «Сөзіңді тақылдатпа, өкшеңді тықылдатпа» деуші еді жарықтық. Осындай ескертпелерден кейін бойымызды тез жинап ала қоятынбыз. Осылайша тәрбие алдық.
Мен партнерлерімнен көп үйрендім. Біз театрға келгенде Елубай, Серке, Қалибек, Қапан, Құрманбек ағаларымыздың, Сәбира, Рахия, Хадиша, Бикен, Хабиба, Шолпан, Әйкен апаларымыздың төрт көзі түгел, ал Н.Жантөрин, Ы.Ноғайбаев, Т.Жайлыбеков, М.Байзақова, З.Шәріповалардың буыны кең танылған шағы.
Мақпуза апай жүрегі кең, өте мәдениетті жан болатын, өзінен көп нәрсені үйрендім. Атақты Иса ақынның қызы. Мәскеуден бітірген. Бірталай роль ойнады. Баян сұлуды керемет шығарды! Актерлігімен қатар жазушылық өнері болды. Әкесі туралы «Құралай сұлу» және «Әке аманаты» деген кітаптар жазды. «Ана кітапты оқы, мына кітапты оқы» деп көп кеңес беретін. Қызым Земфираның кіндік шешесі. Земфирамның білімділігі сол Мәкеңе тартқан. Жақсылығын, қамқорлығын көп көрдім. «Беу, қыздар-ай!» комедиясында екеуміз Айсұлу роліне түстік. Сонда Мәкең: «Нүкеш, сенің дауысың бар, ән айтасың, жылдамсың. Сен ойна» деп мені бірінші құрамға кіргізді. Ата-анасы Иса мен Шәрбанның көп адамға көмегі болған. Бір ғана мысал, Сәбира апай кезінде сол үйде тұрған.
Нұрмұхан аға өте оқымысты, мәдениетті, сөз саптауы керемет актер еді. Ол шыға келгенде жарық жұлдыздай көрінетін. Сахнада жалпы бәрі көрініп тұрады ғой. Мықты партнер еді, анау-мынау кем-кетігіңді білдіртпей жібереді. «Ана – Жер-анада» бірге ойнадық. Мені «Нүк» деуші еді.
Ыдырыс аға сахнада ойнамайды, өмір сүруші еді. «Ақ кемедегі» бір жайтты мана айттым ғой, ондай жайт «Қозы Көрпеш – Баян сұлуда» да болған. Бір жолы «Ақан сері – Ақтоқтыда» Шолпан апам, Зәмзәгүл ауырып қалып, Әзекең Ақтоқтыға сен шығасың деді. Институтта оқығаным, ойнағаным бар, ақ өлең. Ыдырыс ағамен шықтым. Ол кісі биік, менің бойым аласа. Биік тақалы аяқ киіммен ойнадым. Ыдырыс аға: «биік тақа кидің бе?» деп сұрайды. Мен «иә, деймін, – бірақ, қазақ әйелінің бойы тым биік болғаны ұнамайды» деймін. «Дұрыс» дейді сонда аға. Қандай Ақтоты болдым, білмеймін. Бірақ жаспын, әдемі болып, үлбіреп шыққан сияқтымын. Спектакльді жақсы көрдім, күрделі роль, өзіме үлгі-тәжірибе болды. Сонда Ыдырыс ағаның аясын сезіндім. Ірі, мәрт актер. Рольдері де сондай. Бөлекше адам болатын. Фаридамен бақытты өмір кешті.
Фарида ерекше талант болды. Сахнаға бар жанын салып еңбек етті. Актрисаның актрисасы еді ғой. Дауыс қандай, дубляждағы жұмыстарының өзі қандай! Құлаш-құлаш текстерді тез жаттап алатын. Мұндайда Зәмзәгүл мен Фарида нағыз шебер еді. Бүгінгі әңгімеде Фарида туралы көп айтсам, орны бар. Соңғы жылдары ол анда-мында сапарларға, небір мемлекеттік ресми жиындарға шақыру алса да бармайтын. Өйткені ауырыңқырап жүрді. Бірақ ешқашан да сыр берген емес. Біз көрші тұрдық. «Фарида, жүр, шай ішейік» деп үйге шақырамын. Сырқатының беталысын, кететінін білетіндей көрінетін. «Сенің өнеріңнен үйрендім, қалай жұмыс істеу керектігін үйрендім» деймін. Әңгімелесеміз. Сонда Фарида құрбым: «Жақсы болды ғой. Рахаттанып қалдым» дейді.
– Қызғылықты сұхбатыңызға көп рахмет. Сіз айтар мәнді де сәнді әңгіме таусылмасын. Сөз соңында өз көрермендеріңізге нендей тілек айтасыз?
– Қазіргі өскен дәрежеммен өткеніме көз саламын. Біздің буын қиыншылықпен, еңбекпен өстік. Ерте ширадық, бірақ одан жаман болған жоқпыз. Осы заманымызға ырзамын. Бұрынғымен салыстырғанда қазіргі өміріміз жұмақ. Еліміз аман, жұртымыз тыныш. Ұрпағым бар, қадірлі ағайын-туысым бар, ұжымым бар. Қара шаңырақ театрымыздың қалың көрермені бар. Ұлттық театр мәртебесіне ие болды. Бұл ата-апаларымыздың арманы еді ғой! Осыны бізге көруді Алла-тағала нәсіп етіпті. Бұдан асқан не қуаныш бар! Жастар саналы, мақсатты болып өсіп келеді. Аталарымыздың аманатын, құлатпай алға апарады деген сенімім бар. Аллаға шүкір деймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, өнеріміздің өрісі кең болсын!
Әңгімелескен Әлия БӨПЕЖАНОВА, театр сыншысы