ДОМБЫРА ҰСТАЙ БІЛГЕН БАЛА ЕЛДІ ДЕ ҰСТАЙ БІЛЕДІ
2026 ж. 22 қазан
67
0
Көшеден домбыра ұстаған бір топ бала өтіп бара жатты. Әрине, бәрі де қазақша сөйлеп барады. Біртүрлі елжіреп кеттім. Қала үшін таныс көрініс емес. Тіпті, таңсық көрініс деуге болады. Осыдан жиырма бес жыл бұрын осындай жағдай болуы мүмкін бе еді?
Өнерді сүйген адам – елін сүйген адам. Бәріміздің музыкант, өнерпаз болуымыз міндетті емес. Ол, ең алдымен, Алла-Тағаланың берген дарыны арқылы жүзеге асатын шаруа. Ал өз халқының мәдениетін, өнерін бала жастан бойына сіңіріп өскен бала ешқашан езбе, намыссыз, кісәпір болмайды. Одан тек қана жақсы адам, жақсы маман шығады. Өнер кісі бойындағы көп кемшілікті жояды.
Қай елді болсын ұстап тұрған – өзінің төлтума (самобытный) мәдениеті, өнері. Қазір керек болса, құдыретті өнер медицинаға да араласа бастады. Бұл өзі қазақта әу бастан дамыған. Мәселен, қобызбен емдеу терапиясы жүздеген жылдар бұрын басталып, бүгінде де қолға алынып жатыр. Демек, өнердің рухани емшілік қасиетіне де сөз жетпейді. Уақыт тауып, аптасына небәрі екі күй тыңдаған қазақ ұсақ-түйек сырқатқа сыр бермейді. Қазір бұл тәсілді жапондар қолға ала бастады. Оларда бұл тәсіл сазбен емдеу деп аталады. Оның құрамында біздің Нұрғиса Тілендиевтің де әндері бар деп естідік. Ғажап қой.
Өнердің құдыретіне тең келетін нәрсе кемде-кем. Кезінде саяси дәрменсіздіктер, теңсіздіктер үстемдік кұрғанда өнер қонған қазақтың әні мен күйінің де талайға сес болғаны бар. Олай болмаса, кешегі күні Қазақстанға қасірет алып келген Колбин келе сала жұмысын Құрманғазы оркестрінің репертуарынан бастар ма еді? Болмаса қайран Тұрғыт Өзал Құрманғазы оркестрі ойнағанда еңкілдеп жылар ма еді? Демек, ұлтты ұлт ететін ұстын – өнер. Жә, бұл өзі шет-шегі жоқ тақырып. Тоқтайық.
Айтпақшы, бәрі балалардан басталып еді ғой. «Балаң жаман болса өзіңдікі, жақсы болса халықтікі» дейді. Демек, балаңыз халықшыл, елшіл болсын десеңіз, өнерге беріңіз, домбыра ұстай білген бала балалықтан ерте алыстап, даналыққа да бір табан жақындай түседі. Домбыра ұстай білген бала ертең елді де ұстай біледі.
Өнерден ажырамаған ұрпақтың өресі биік болады, елге де жаны ашиды, осы елдің сөзін сөйлейді дегеніміз ғой.
Таксистің жеңісі
Таксиде келе жатырмыз. Әңгіме қыза-қыза келе, «Мәдениетті, сауатты деп қандай адамды айтамыз?» деген мәселеге келіп тірелді. Күні бойы дес бермей отырған жирен шашты, көк көз келіншек сөзінің соңын «мен сауатты адаммын» деп, пафоспен бітірді.
– Кешіріп қойыңыз, сіз емес, мен сауаттымын-ау осы, – деді таксист.
– Қалайша? – деп ана кісі ыршып түсті.
– Мен екі тілде – қазақша да, орысша да таза сөйлеймін, таза жазамын, сондықтан сауаттымын. Мәдениетті адам, ең, алдымен, өз тілін біліп, содан кейін өзге тілге құрметпен қарауы керек, – деді таксист.
Сол-ақ екен, әлгі бір тілді (қай тіл екенін ішіңіз сезіп отыр ғой) кісінің тілі байланып қалды. Дегенмен, ұяты бар екен, тез қайтты.
«Бір тілді білмесең (ол тілдің қайсы тіл екенін тағы да ішіңіз сезіп отыр) адам болмайсың» деген кеңестен қалған «тәмсілдің» жаны неткен сірі еді. Адамдардың санасына қалай сіңіп қалған. Мәдениеттілік, сауаттылық деңгейін бір тілмен өлшеуді әлі де қоятын емеспіз.
Р.S.
Айтайын дегенім, мұндай өте нәзік мәселеде дауды көбейтіп, өрекпіп кететініміз бар ғой. Жағдайды жанжал емес, білім шешсе керек. Таксисіне дейін көзі ашық ел қандай бақытты. Таксисті жеңісімен құттықтап, келісілген жолақының үстіне бес жүз теңге қосып бермек едім, ол алмады.
– Қанағат, – деді.
Ол шын мәнінде мәдениетті, сауатты адам болып шықты.
Теледидар тойхана емес
Кұдайдың бере салған бес күн демалысында үйде жатқан адам не істесін. Көк сандықты тамашалайды, әрине. Бірақ сол тамашаңыз тамтығымызды қалдырмаса ше? Жайшылықта уақыт бола бермейді, бұл жолы теледидар көруге уақыт таптық. Бұрын байқамадық па, білмеймін, жұрттың бәрі әнші болып кеткен бе деймін. Рас, қазақ – ақынжанды, өнерпаз халық. Бірақ соның бәрінің топырлап теледидарға шығуы міндет пе? Саудагері де, саясаткері де бұлған-бұлғаң ән салады.
Бір көкеміз «тепсе темір үзетін жігіттер лағман үзіп жүр» деуші еді. Сол кісі айтқандай, өзі әнші, өзі композитор, өзі ақын, өзі сықақшылар қаптап кетіпті. Бұрыннан айтылып жүрген танымал әндер болмаса, әлгі «жан-жақты таланттардың» әләуләйі мен халаулайының бірде-бірі есте қалсайшы. Ән емес, тост айтып тұрған тәрізді. Жақсы ән бір-екі айтылғаннан-ақ құйма құлағымызға кіре кетуші еді. Кілең бір құлақ кесетін өңкей шуылдақ. Қазақтың, сірә, «ұялмаған әнші болады» дегені рас. Осының бәрі әркімнің өз ісімен айналыспай, өнерді табыс көзі көретіндердің тірлігі. Тойда өріп жүргендер теледидарда да өріп жүр. Талғам қайда? Талап қайда? Теледидар тойхана емес қой.
Бұл не өзі?! «Тәйт» дейтін біреу жоқ па?! Қайран текті өнердің тұнығы осылай лайлана бере ме?! Кішкентай даусы барлардың, ерінбегеннің бәрі әнші бола бере ме? Теледидар – таразы, өлшеуіш, көпшілік көз тігетін жер. Бұл – миллиондардың аудиториясы. Тәрбие теледидардан тарайды.
Далада – тарсылдак, үйде – шуылдақ. Бес күн өтті осылай.
Р.S.
Баяғыда бір шал «ұл туатын-ақ келін еді, шуылдап жүріп қыз туғыздыңдар» деген екен. Ұлы не, қызы не, бәрібір ғой.
Алайда өңкей шуылдақтың тірлігіне күйінген қарияның сөзінде де шындық бар еді.
Өнердің киесінен қорықсақ болар еді.
Ұлт құнарсызданып барады-ау осы ?!
Өнердің түбіне өлермендік жетеді
Бір басылым «қазір адамнан басқаның бәрі сатылады» деп жазды. Сонда адам сатылмай жатқан болып шығады ғой. Республика заң орындарының мәліметіне сүйенсек, арнайы тапсырыспен кісі өлтіргендер жетерлік. Тәнін, өзегін жарып шыққан бауыр еті баласын сатып жатқандар ше? Осыдан кейін барып адам алдағы уақытта «ең өтімді тауарға» айналуы әбден мүмкін деген қорытынды жасамасқа бола ма?!
***
Ертеректе Әйткеш Толғанбаевтың дүниеден қайтқанына қырық күн толғанына орай дастархан жайылды. Марқұмды ағайын, дос-жарандар, көз көргендер еске алды. Тамаша музыкантты өз халқы біле бермейді. Әрине, бұл да көп кемшілігіміздің бірі. Сөйлегендердің арасында өзімізден гөрі неміс азаматының лебізі есімде қалып қойыпты. Сол азамат аз айтса да саз айтып, көп нәрсені ұқтырып кетті. Өзімізге бір сәт өзгенің көзімен карадық. Әйтекеңнің шебер орындауындағы Штраустың, Бахтың, т.б. туындыларын тілге тиек етіп, тамсанды. Әйтекең неміс боп туған жоқ, қазақ еді ғой деген ой іште қалды.
***
Өмір өтіп барады. Бір қорқыныштысы, соған өкінбейтіндер бар...
***
Сымбатты өнер салтанат құрмаған жерде мағыналы тірлік жоқ. Өнердің түбіне өлермендік жетеді. Бұған дәлел қазіргі рухани дүние сиқы. Тексіздік, талғамсыздык, талантсыздық, т.т.
***
Қазір ешкімді қабылдамайтын, ешкіммен сөйлеспейтін, ешқандай мәселе шешпейтін, тым уәдешіл шенеуніктер тобы қалыптасып келеді. Бұл – аса қауіпті құбылыс.
***
Өзге ұлт өкілі бірауыз қазақша сөйлесе астындағы атын түсіп беріп дарақыланып, лақылдап кететін қайран қазақы қалып-ай! Төрткүл дүниенің деніне жуығы ағылшын тілінде сөйлейді. Ағылшындардың жаны қайтіп шықпай жүр екен.
***
Қазір құдыретті өнерге ешкім де таңқалмайтын, селт етпейтін боп бара жатыр. Бұл жақсылық емес.
Адамның тең болуының өзі – әділетсіздік
Тарихты өзі келген, тоқтаған жерден бастайтындар бар.
***
Көшкен селдей, ескен желдей өмір өтіп жатыр. Біреудің шекесі шылқып жүр, біреудің шекесі тырысып жүр. Кешегі бір күндей күркіреп өткен Кеңестің заманында адамдардың бәрі тең деді. Енді соның бәрі жалған екен. Қолдан жасалған теңдік екен. Ибн Сина айтады: «Адамдардың тең болуының өзі – әділетсіздік».
***
Жүрегінде иманы жоқ адамдарға қайырымдылық қорын басқартып жүрміз.
***
Бүгінгі күні ойың мен сезіміңді сарқа жұмсап, адамгершілік туралы қалам тербеу ерлікпен пара-пар.
***
Ауруың да – тірі жүргеніңнің белгісі. Ұлттың ұрысына дейін болуы керек. (Қ.Мырза-Әли).
***
Таяуда бір тойда болдық. Той төрінде отырған кісінің жүзі біртүрлі таныс көрінді. Қайдан көрдім... Жүзінде жылу жоқ. Асабаның сөзінен кейін таныдық. Ел басына күн туған шақта бұл кісі ірі лауазымды қызметте отырған. Қызмет-мансапты ел мүддесінен жоғары қойған. Үзілісте жұрт ортасына шыға алмады. Бірлі-жарым адаммен үстел басында қалды. Жүзі жанбайды. Сірә, тарихтың бұдан артық жазасы жоқ шығар.
***
Қайырымдылықты қалай түсініп жүрміз? Теледидар көрсетеді: бір бизнесмен балалар үйіне келіп, сәбилерге ойыншық үлестіріп жатыр. Жүзінен жылылықтың табы да сезілмейді. Қып-қызыл зорлық. Оның бұл тірлігін жоғары жақ және басқалар теледидардан көрді. «Е, мынау азаматгык жасап жатыр екен ғой» десті. Бәрі де сырт көз үшін... Не деген жасандылық, сұңғыла сценарий десеңізші!..
Ал, шын мәніндегі қайырымдылык деген не? Өркениетті елдің іскер адамдары бірнеше отбасын, балалар үйін, мектепті немесе қарттар үйін өмірбақи қамқорлыққа алады. Соларды жетілдіреді, өсіреді, мамандық алып береді, бөлек отау шығарып тойына дейін жасайды. Қысқасы, бар мәселесін солар шешеді. Жырымдамайды, садақа бергендей жылт етіп бір көрініп жоғалмайды. Жатса-тұрса қасында. Шын мәніндегі обал-сауап осы. Қазақ «қайыр қылсаң бүтін қыл» дегенді неге айтқан?!
***
Адам азды ма, заман тозды ма? Мына бір оқиға жан түршіктіреді. Республиканың алыс ауылынан түн жамылып бір топ жас жолға шығады. Жалғыз кемпірдің күні қарап отырған жалғыз сиырын сойып алып, қалаға сатуға келе жатыр. Себеп – жұмыссыздық. Әрине, көп ұзамай ұсталды. Тергеу жүрді, сотталды. Сотталмау үшін пара беру керек. Оларда көк тиын жоқ. Содан өмірінде біреудің артық затын алып көрмеген, үлкеннің алдынан қия баспаған бір топ жас. Қазақ сотталды.
Біз тек соттауды білеміз. Ар жағында шаруамыз жоқ. Кесел қайдан, дерт қайдан?!.
Жастары түрмешіл елдің ертеңі қандай болмақ?
Қали СӘРСЕНБАЙ,
жазушы