ЖИ АРҚЫЛЫ ЖАЗУШЫ БОЛҒАН ЗАМАН
2026 ж. 07 қазан
77
0
Цифрлық дәуір көп нәрсені өзертті. Кезінде жәй ұялы телефонның өзіне тәнті болып, қолымызға тисе, жұртқа көрсеткенше асығушы едік. Өйткені о заманда ол кез келгеннің уысына түсе бермейтін. Тіпті арман болушы еді. Сөйтсек, көрер қызығымыз әлі алда екен.
Технологияның қазіргі жетістігі – жасанды интеллект (ЖИ) өміріміздің барлық саласына еніп жатыр. Әсіресе, өнер мен әдебиетке, журналистикаға шапағаты тие бастады. Оған ән жазғызып, сосын орындатқызып мәзбіз. Сурет салғызып, видео жасатуға болады. Жазушы және журналист қауымы да қызығын көруге көшті. Бұл жағынан басқа салалар да қалысар емес.
Жалпы, адамзат тарихында жаңа техника мен технологияның пайда болуы еңбек түрлерінің өзгеруіне, яғни жеңілдеуіне ықпал етіп отырған. Баспа станогының шығуы кітаптың таралуын жеңілдетсе, компьютер ақпаратты өңдеу тәсілін өзгертті. Ал қазіргі уақытта қоғамға жан-жақты еніп жатқан жасанды интеллект адамның білім алып, шығармашылықпен жұмыс істеуіне жаңа мүмкіндіктер беріп отыр. Бұған дейін адамның ой еңбегімен ғана жасалатын талай істі енді технологиялық бағдарламаның көмегімен оңай атқаруға әбден болады.
Әңгімеге арқау болып отырған жазушылығымыз да бұл игіліктен қалыс қалған жоқ. Қазір жасанды интеллект сәл уақытта жап-жақсы мәтін құрастырып бере алады. Немесе шығарманың жоспарын жасап, дайын мәтіндегі қателерді түзетеді. Тіпті кейіпкерге сипаттама беруге қауқары бар. Бұның бәрі жазушының уақыт үнемдеуіне септігін тигізіп, көп жұмысты кәдімгідей жеңілдетеді.
Мұнымыз ЖИ-ге жарнама болып кеткен жоқ па? Бірақ ЖИ-дің жарнаманы қажет етпейтіні хақ. Ол онсыз да әлемді жаулап алған ғой. Сонымен қатар, біз оны мінсіз деп те айта алмаймыз. Осы жерде «тез арада мәтін жазып беретін бұл технология кім көрінгенді жазушы етіп шығара ала ма?» деген заңды сұрақ туындайды.
– ЖИ-дің көмегімен көркем шығарма жазуға болмайды. Бұл – шығармашылық дүниесінің табиғатына қол сұғу, оны жоюға ұмтылу деген сөз, – дейді осы тұрғыда өз пікірін білдірген белгілі жазушы, «Жұлдыз» журналының бас редакторы Дәурен Қуат. – Шығармашылық – адам қабілетінің шекті мүмкіндігі ғана емес, ол Құдайлық құбылыс. Асырып айтты демеңіз, мұның шындығы да осында. Ал Құдайдан келген құбылысқа кім көрінгеннің араласуы, өз бетінше бірдеңе жазбақ болып шатпақтауы таза шығармашылықтың табиғатын бұзады. Табиғаты бұзылған дүниенің соңы күйрейді. Адамзат рухани апатқа ұшырайды. Жазушылар осы уақытқа дейін адам жанына үңіліп, адамды аялап келеді. Ал техника аялау дегенді білмейді. Ол тек тапсырманы орындайды. Мұның бәрін былай қойғанда, ЖИ-дің жазушы секілді толғанып, сезім кешіп, жазудың азабы мен ләззатына беріліп хәл кешуі, соңында оқырманды елітіп әкетуі неғайбыл. Себебі, ЖИ-ді адам жасады, ал адам қашанда жасампаз. Демек, ЖИ шығармашылық аламанында адамның алдына түсіп, озып кете алмайды.
Яғни өте сауатты сөйлем құрау мықты жазушылықты білдірмейді. Сіресіп қалған сөздер көркем туынды бола алмайды. Нағыз жазушы сөзді ойнатады, оқырманды ойлантады, өзінің сезімін, өмірден көрген-түйгендерін соған жеткізеді. Шығармада оның өзіндік көзқарасы, ұстанымы мен қолтаңбасы болуы керек. Қанша ақылды десек те, ЖИ-де ондай шеберлік жоқ. Егер сұрасаңыз, бұны жасанды интеллектің өзі де мойындайды. Бірақ ол қабілеті бар адамнан тәп-тәуір қаламгер жасап шығара алады деп ойлаймыз.
ЖИ-дің жасай алмайтын тағы бір нәрсесі бар. Ол – нақты тарихи дерекке сүйеніп жазу. Байқасаңыз, ChatGPT-де ұсақ әріптермен «ChatGPT қателесуі мүмкін. Маңызды ақпаратты тексеріңіз» деген ескерту жазылып тұрады. Мен жасанды интеллектің өзге платформаларын көрмеппін. Оларда да сондай бар болуы мүмкін. Сондықтан мұрағат ақтарып, іздену – тарихи туынды жазамын деген қаламгердің тек өз шаруасы. Бұл жерде ЖИ сізге жәрдемші емес.
Сөйтіп, ақын-жазушының да құралы заманына қарай өзгеріп жатыр. Бұрындары олар қағаз бен қаламға, ары кетсе, жазу машинасына арқа сүйейтін. Кейін компьютер, сосын оның жаңаша, ыңғайлы түрлері пайда болды. Енді, міне, өзі идея ұсынып, жоспар жасап, мәтін жазып беретін компьютерлік бағдарламалар мен цифрлық платформалар шықты.
– Қазақтың көркем әрі мазмұны бай тілін жөнімен пайдалана алмайтын біздің қазіргі кейбір жас жазушыларымыздан ЖИ жақсы жаза ма деп ойлап қалдым. Өзім чат джипитиге промпт жіберіп, мәтін жаздырып көрдім. Тәп-тәуір жазады. Тілі анық, сөздік қоры мол. ЖИ – қабілетті оқушы сияқты «жаратылыс», айтқаныңды қағып алады. Егер сен оның базасында жоқ бір сөзді енгізсең, ол сол сәтте сенің әлгі сөзіңді өзінше қолданып үлгереді. Ал сүйегіне сөз дарымаса да тыраштанып жазушы, журналист, блогер атанып жүргендердің қатесін көзіне шұқып қанша көрсетсең де мызғымайды ғой, шіркіндер, мызғымайды. Алдағы уақытта осындай немелер шығармашылық процесс барысында ЖИ-дің көмегіне жүгінуі әбден мүмкін. ЖИ оларға жазудың жеңіл жолын ұсынады, тіпті барлық мәтінді жазып беруі де ықтимал. ЖИ-мен жұмыс жасауды шебер меңгеріп алғандар осындай «жиендікке» барып жатса, оған өз басым таңғалмаймын, – дейді Дәурен Қуат.
Айтқандай, нейрожелі өлең де құрастыра алады. Бірақ бұл да сол прозалық шығарманы жазғандай ғой. Жан мен сезім жоқ. Сірескен сөздер. Шын ақын болсаңыз ғана әрлеп, әдемілеп ала аласыз.
Ал IT мамандарының ойынша, ЖИ-ді жәй құрал деп қана қарастыру аса дұрыс емес. Ол – кәдімгі көмекші. Оны түрлі мақсатта қолданасыз. Мәселен, шығармаға идея іздеген автор осы технологиядан бірнеше сюжет желісін сұрай алады. Кейіпкердің мінезін қалыптастыру, оқиғаның басталуы мен аяқталуын жоспарлау, белгілі бір мәтінді қысқарту немесе тілдік қателерді түзетуде де жасанды интеллектің пайдасы мол. Бірақ ол ұсынған нұсқаны дайын туынды ретінде ала салу дұрыс емес. Жазушы оған жан бітіріп, өзіндік стилін қосуы керек. Сондықтан ЖИ жазып берген мәтінді бастапқы материал ретінде ғана пайдаланған жөн.
Сонымен, жасанды интеллект белгілі бір әңгімеге бес түрлі сюжет желісін ұсынды делік. Автор сол ұсыныстардың біреуін таңдап қана қоймай, оны өзінің өмірлік тәжірибесімен, көзқарасымен және қиялымен толықтыра алады. Яғни технологияның негізгі қызметі – дайын шығарма жасау емес, адамның шығармашылық тұрғыдан ойлауына түрткі болу.
ЖИ мәтінді адам сияқты, тіпті одан да артық деңгейде құрастыра алғанымен, оның табиғаты бәрібір өзгеше болып қалады. Өйткені адам белгілі бір оқиғаны өз басынан өткізіп, одан әсер алып, түрлі көңіл-күйде болады. Жазып отырғанда, оның жан дүниесіне қуаныш, өкініш, сағыныш, қорқыныш немесе үміт сияқты сезімдер ықпал етеді. Сол керемет әсер шығармасында көрініс табуы мүмкін.
Жалпы, жасанды интеллектің адам секілді өмір сүре алмайтыны анық. Ол үлкен көлемдегі ақпарат негізінде тілдік байланыстарды анықтап, берілген тапсырмаға сәйкес сауатты мәтін түзіп шығады. Сондықтан оның сезіми тұрғыда жазуы мүмкін болғанымен, түрлі жағдайды адамның дәл өзі сияқты сезіне алмайды. Кейін бұдан да зоры шығып қалмаса, ол жан баласының орнын алмастырмақ емес. Жазушының ЖИ-ден айырмашылығы сонда. Ол өз орнын сақтап қалады.
Айта кетсек, туған жер туралы мәтінді кез келген технология жазып бере алады. Алайда туып өскен үйін, балалық шағы өткен ауылын немесе әлдебір айрықша жайттарды еске алған адамның жазуында өзіне ғана тән ерекшелік болары хақ. Осындай жеке детальдар шығарманы оқырманға жақындатады. Ал жасанды интеллект, тіпті өзге адам оны жеткілікті дәрежеде жеткізе алмайды. Яғни әдеби шығарманың құндылығы тек ақпараттың көптігімен немесе тілдің дұрыстығымен өлшенбейді. Оның оқырманға күшті әсер беретіндей маңызы болғаны ләзім.
Бізде қайдам, шетелдерде кей жазушылар шығармасын жасанды интеллектінің көмегімен жазғанын мойындай бастады. Солардың бірі – жапониялық әйел қаламгер Риэ Кудан. Ол «Токё-то Додзё-то» («Токионың тілектестік мұнарасы») романын ЖИ-дің көмегімен жазғанын жасырған жоқ. Технологияға кітап мәтінінің 5 пайызы тиесілі екен. Соның өзі Куданның романына көп көмек жасаған. Жасанды интеллект оның жеткізе алмаған ойларын жүйелеуге септігін тигізіпті. Риэ Кудан осы туындысы үшін беделді Акутагава сыйлығын алған.
Ал қытайлық журналистика профессоры Шэнь Ян ғылыми-фантастикалық роман жазуды технологияға толық тапсырған. Көркем шығарманың атының өзін нейрожелі ойлап тауыпты. Ол, қазақшаға тікелей аударғанда, «Естелік елі» деп аталады. ЖИ романды 66 сауал бойынша жазған. Профессор мәтінді тек редакциялап шығыпты. Бұл туынды да әдеби байқауда жүлде алған.
Мұндай тәжірибе көрші Ресейде де баршылық. Жазушы Павел Пепперштейн «Пытаясь проснуться» атты кітабын нейрожелінің көмегімен 2022 жылы шығарған. Баспагерлердің айтуынша, бұл – әлемде ЖИ арқылы жазылған алғашқы әңгімелер жинағы. Онда 24 әңгіме бар. Оның жартысын Пепперштейннің өзі, жартысын нейрожелі жазған. Жасанды интеллект автордың бұрынғы туындылары мен берген сұхбаттарына сүйеніпті. Баспагерлердің сөзінше, желінің жазғаны сол күйінде жарық көрген. Бұлай да болады екен. Бірақ оны оқырман сүйсініп оқи ала ма? Автор сол жағын ойлауы керек еді.
Тізе берсек, әлемде мұндай мысал жетерлік. Сынақ түрінде былай жасап жатқандар да бар: ЖИ ұлы классиктердің стилінде өлең немесе шағын прозалық шығарма жазып береді. Қазылар алқасы немесе оқырмандар сондағы мәтіннің қайсысы технологияныкі, қайсысы адамдыкі екенін айырып алуға тиіс.
Ал енді қазақ қаламгерлеріне келсек, осы күнге дейін олардың жасанды интеллектіні қолданғаны туралы ақпарат болған жоқ. Яғни бір жазушының соны мойындағанын естімедік. Дегенмен, әйтеуір, бір күні бұл салада да қазақ жазушысы шығары хақ. Өйткені әлемде осы үрдіс уақыт өткен сайын дамып келеді. Одан біздің сырт қалуымыз мүмкін емес.
Дәурен Қуат бұл туралы ойын былай деп түйіндеді:
– Бізден де ЖИ жазушылар шығады, асықпай, сәл күте тұрыңыздар. Бірақ ЖИ өз бетімен шығарма жазып қарық қылмайды. Оның жазуынан жасандылық бәрібір байқалып қалады. Жапонияда ЖИ-дің көмегін қажетіне жаратқан жазушылардың әрекеті әшкере болысымен, оқырман әлгілердің кітаптарын өздеріне қайтарып беріпті. Және: «Оқымаймыз мынандай жансыз шығармаларыңды» деп қатал үкім кесіпті. Біздің еліктегіш жазушылардың «туындылары» былай да жансыз еді, енді оған жасандылық кеп жабысса, қызықтың көкесі сонда болғалы тұр.
Әдебиетті ардың ісі санайтын қаламгерлердің бұндай қауіп күтуі орынды. Олар сөз саласы былғанбаса екен деп тілейді. Ары-беріден соң, бұл бара-бара шығармашылық ойлауды да шектеп тастауы мүмкін. Яғни адам технологияға сеніп, терең ойлауды ұмыта ма деген де күмән бар. Расымен де қызықтың көкесі сонда болып жүрмесін.
Оразәлі БАЙМҰРАТ,
Қазақ үні