ШӘМШІ АҒАНЫҢ САРҚЫТЫН ЖИНАП ЖҮРГЕН...
2026 ж. 29 қыркүйек
65
0
әнші-сазгер Ахмет Мамырұлының шығармашылық кеші өтеді
Ойымды ақтарайын құны барда,
Қадірін сырлы сөздің шын ұғарға,
Отырар, топырағыңда не сиқыр бар,
Мерейлі мекен болған ұлыларға...
...Шәмші туған өлкеде туған екен
Мамырдың Ахметтей бір баласы!..
деп, ойланып отырмын. Расында да солай. Әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фарабиден бастасам, осы топыраққа келіп, мәңгілік тыныс тапқан бабтардың бабы Арыстан баб, бірінсіз бірін көзіңе елестете алмайтын Өзбекәлі мен Шәмші, Өмірзақ пен Көпен, қос батыр Сейітқасым мен Темірбек, ақыны мен емшісі есімдес қос Мұхтар, Тәушен мен Әселхан, Уәлибек пен Жүсіп, Бекарыс пен Маржан...
Апыр-ай!
Періште емес, пендеміз ғой, кей-кейде осындай тұлғаларды тізбектей отырып, ішіңді бір ит қызғаныш та тырнап өтетін сияқты ма...
Қызғанғаннан емес, қызыққаннан, әрине. Сосын өзіме өзім «сап-сап көңілім» деп сабыр тілеп, әлгі айтқан ит қызғанышты іште тұншықтырып өлтіріп, желіге шығармай желкесін қиямын.
Пәлі дерсің!
Ал енді еңбектеген баласынан еңкейген кәрісіне дейін «Өзіміздің Ахмет! Өзіміздің Ахмет!» деп шауып жүрген шардаралықтардың мақтанышы Мамыр жәкемнің баласы «Өзіміздің Ахметіміз» де Шәміл-Дүрияның мекенінде дүние деген кең сарайдың есігін айқара ашып, Ұлбосындай жеңгеміздің аналық ақуызына тойып алып, атой салып айғайлап келіп жатса, бұған қалай күймейсің?!
Тағы да іштен тынамыз.
«Боларыңда болып өт,
Боз жорғадай желіп өт.
Болмасыңды білгенде,
Болған ердің қосын жек» дейді ғой ілгерідегілер.
Спандияр ағаның «Қалың малында» «Қош, Қожаш. Қайыр енді» деп келетін тұстары бар емес пе еді?
Осы жерден тоқтайық енді.
Әлқисса, Молдағұлдың немересі, Мамыр жәкемнің ұлы, басы өлең мен әуенге толы, Шәуілдірде туылып, Шардарада елге танылған Ахметтей телқоңыр ұлдарыңыздың ән кеші өткелі жатыр, ағайын!
Қайда дерсіз?
Әрине Қыдыр кезген Қызылдың құмы мен сылаң қаққан Сырдариясы бар, Қазыбекшелесек Құмстаннан Гүлстанға айналған, «әлем чемпиондарының шеберханасы» атанған, шалқар шежірелі шағалалы Шардарада!!!
Қоржынындағы шығарған ән қорына қарасам, шамалы аздау сияқты ма, қалай? Өйткені осы күні теледидарды қосып қалсаң, «Осы кезде үш жүз ән шығарып тастадым. Мен Шәмшіні шаң қаптырып кеттім» деп, сұңқылдап отырған бір сазгер-сымақтарды көресің. Қолдан қолға тимей, айтылып жатқан бір әнін көрмейсің. Соны көресің де қайран қаласың.
Сөйтесің де, «Өзіміздің Ахметке» адырая қарайсың, ажырая қарайсың. Неге аз?
Айтсайшы-ей! Неге аз?
Ендігі әңгіменің тізгінін өзінің еншісіне қалдырайық.
– Ал, сайра, палуан!
– Иәә, сол өзіңіз айтып отырған атамыз Молдағұлдан Мәнсұр, Жәмір, менің әкем Мамыр, содан кейін Әмірқұл көкем.
Мен сол Шәуілдірде 1985 жылы дүниеге келіппін. 1991 жылы Кеңес өкіметі тараған соң, Қызылқұмды жайлаған қалың ел Сыр бойына сырғыды да, 1996 жылы біз Қазақстан ауылына келіп қоныстандық. Осы жерде мектеп бітірдім. Мектеп қабырғасында жүргенде әдеби кітаптарды көп оқыдым. Мұқағалиды толық оқып шықтым десем болады. Мендегі осы қасиет Мерей қызыма қонса керек. Атасының екі жүз елу өлеңін жаттап алып, Астана асып байқауға барып, Қарасаз асып сайысқа қатысып жүр ғой. Тіпті Мұқағали атасына арнап жазған өлеңі де бар.
Негізі, бала кезде журналист болуды армандайтынмын. Әнші болу, сазгер болу ойымда да жоқ. Кейін ептеп өлең жаза бастадым. Сөйтіп жүріп ақын боп кете жаздаған да жайым бар.
– Ә, бәрекелді! Ал енді сазгерлік деген әлемге қай уақытта ендің?
– Поэзияда Мұқағалидың кітаптарымен қатар өзіміздің жерлесіміз, белгілі ақын, қоғам қайраткері Қазыбек Исаның «Керімсал», «Қызыл жыңғыл» кітаптарын да үзбей оқитынмын. Бір күні түсімде Қазыбек аға «Жүр, мен сені Мұқағали атаңа апарайын. Мұқағали өлді деп жүрсің бе, жоқ, ол тірі» деді. Мұқаңа «Мынау Ахмет деген бала. Өлең жазады. Ептеп ән де шығарып жүр» деді. Ақынмен кәдімгі өңімдегідей тілдестім. Ақын «Менің екі өлеңіме ән жаз, балам»,- деді. Оянып кетіп, кітабын ақтардым. Сөйтіп жүріп «Мінез», «Қайдасың сен?» деген өлеңдеріне ән жаздым. «Мінездің» әнін жәй домбырада ойнап, әуенін ыңылдап жүретінмін. Сөзін Мұқағалидан тапқан соң, керемет үйлесіп шыға келді. Сөйтіп алғаш рет өзім орындадым. Кейін Саят Медеуов, Нұрбақыт Қарағай орындады. Ал «Қайдасың сен» әнімді «Шаншар» әзіл-оспақ театрың Х тобындағы Мұрат деген жігіт, кейін Жұбаныш аға орындады. Алғашқы әндеріңді елге белгілі әншілердің жүрегімен қабылдап орындауы шабытыңды ашады екен. Содан кейін Қазыбек Иса, Ринат Зайытов, Серік Сейтіман, Әбдіғаппар Айдаров, Сәбит Лаханов, Қалқаман Сарин, Қанат Дауылбаев, Асығат Тұрғанбек, Қажымұқан Абзал сынды ақындардың сөздеріне әндер жаздым.
– Өнер жолы қаншалықты күрделі болса, өнерпаздың өмір жолы да қайшылықтарға толы болады. «Әйелің жақсы болса, басыңнан ырыс кетпейді, әйелің жаман болса, басыңнан ұрыс кетпейді» деген.
Отбасың жайлы да айта отыр енді.
– Дұрыс айтасыз. Алланың берген екі қыз, екі ұлы, бір әйелім бар. Көке, осы сіздер қай уақытта барсаңыздар да, үйде бір-ақ келініңіз жүреді ғой (Екеуміз де күлдік).
«Жақсы әйел – теңі жоқ жолдас,
Түбі жоқ сырлас» дейді екен көнекөздер. Сол айтқандай Перизат келініңізбен бір ауылда, бір мектепте, бір сыныпта оқыдық. Әйелім жайлы көп айта берсем, оқырмандар Ахметке не болған деп қалар. Бір сөзбен айтқанда мен жар таңдаудан жаңылыспадым деп ойлаймын.
– Ә, бәрекелді!
«Жақсы әйел ай мен күндей,
Болады әрқашанда көпке бірдей”» деген. Ахметжан, Алла осы абыройыңнан айырмасын. Алдағы арман-мақсаттарыңнан шамалы ақпармен сұхбатымызды қорытындыласақ.
– Иә, өзіңіз білесіз, міне жалпақ жұртқа жария салып, қазақ эстрадасының жарық жұлдыздарын шақырып, 29 қыркүйекте шығармашылық кеш өткізгелі отырмыз. Жазған әнім көп емес, дегенмен барымызды базарлап көрсем, жазған әндерім елге белгілі бірқатар әншілердің көңілінен шыққан сыңайлы. Осы орайда Шардара ауданының әкімі Арман Романұлы Қарсыбаевтың қабылдауына кіргенмін. Ол кісі өте жылы қарсы алып, қолдан келгенінше қолдау көрсететінін айтқан соң, шапқылап жүрген жайымыз бар. Ауданның мәдениет басында отырған азаматтар да межелі күн жақындаған сайын, хабарласып отыр.
– Дұрыс екен. Шардара өңірі өнерпазға кенде емес, бірақ бұған дейін бір сазгердің толыққанды шығармашылық кездесуі өткен емес. Елге сыйлы өнер жұлдыздары жол шалғайлығына қарамастан, ат сабылтып арнайы келіп жатса, демек сенің өнеріңе деген құрметі. Сенің өнеріңе құрметі сен өскен өлкеге деген құрметі деп түсінеміз.
Емен-жарқын сұхбатыңа ризамыз. Аудан болып, ауыл болып, ел-жұртымызбен өзіңе қолдау көрсетіп, кездесуіңді аман-есен өткізіп алайық.
Вальс падишасы Шәмші туылған өлкеде дүниеге келуің де тегін емес шығар-ау!
Сол Шәмшіден қалған сарқытты жинап, еліне берсін деген шығар Жаратқан иеміз.
Саз әлеміндегі әр қадамың сәтті болғай, Ахмет. Рахмет!
Әбдіғаппар АЙДАРОВ, ҚР Журналистер одағының мүшесі