ГҮЛ ДЕ МӘПЕЛЕГЕНДІ ҰНАТАДЫ

ГҮЛ ДЕ МӘПЕЛЕГЕНДІ ҰНАТАДЫ

Батыр Бауыржан әңгімелерінен

Саясаткер жолы – ауыр жол

– Сұрағың бар ма?

– Бар.

– Онда қысылып-қымсынбай, қойғын.

– Саясаткер қандай болу керек?

– Мен бір «саясаткеріміздің» сөзін тыңдадым. Қарсыласын ұры, мылжың, жемқор деген, тағы басқа сөздермен арына тиіп сөйледі. Бұл саясаткердің табиғатына мүлде жат, жиркенішті жабайылық. Саясаткер – құдіретті адам. Ол әр сөзін ешкімнің ар-намысына тимей, қамырдан қыл суырғандай етіп, мәдениеттің, саясаттың тілімен сөйлеуі керек.

Қазақта, тіпті қазақта ғана емес, дүние жүзі халықтарында біреуді ұры деп заң бойынша қылмысы мойнына қойылып, сот үкімі шыққаннан кейін ғана айтуға болады. Онсыз олай деген адам қылмысқа тартылады.

Саясаткер әлем халықтары тарихын білетін мәдениетті, саяси ұстамды, ойға көсем, сөзге шешен адам болуы керек. Арға тиетін сөздерді анайы, жетесіз жандар айтады.

Ол бес минуттың ішінде бір айтқан сөзін бірнеше рет қайталады. Бұл – мүлде кешірілмейтін кемшілік. Ел өмірінің ауа райын анықтайтын мәселелерді қозғап, қарсыласының адасуының негізгі себебін ашу орнына оның жеке басындағы заң жүзінде дәлелденбеген ұсақ-түйек кемшілікті теріп кетті.

Менің түсінігімше, саясаткер әлемдік ойлау, әлемдік сараптау мәдениетін меңгеруге міндетті. Ол оңай емес. Саясаткер жолы – ауыр жол дейтініміз содан.

«Әлі де кеш емес»

– Таныс профессор үйіме келді. Осы бөлмеде сөйлесіп, пікірлестік.

– Олар бай, мен сияқты қайыршы емес. Сен де әлі-ақ солар сияқты бай боласың.

– Айтқаныңыз келсін, айналайын Бауке. Мені шаршатқан тұңғыш ұлым. Ол енді-енді есін жинады.

– Ұлың қазір қанша жаста?

– Отыздан асты. 

– Әлі жас қой. Есін жинағандай емес екен. Баяғыда он үш, он төртке келген ұл-қызға үлкендер жағы отау құруға жарап қалыпсың ғой деп отыратын. Қазіргі балалар елуге шейін әке-шешесінің зейнетақысына жармасады. 

– Ұлымды да, бізді де бір әйел шаршатты.

Әрине, отбасындағы берекесіздік көңіл күйді бұзады. 

– Ұлымның тоғыз жылы босқа кетті. Бала тумаймын деген қызға үйленді. Үйленбе дедік, «сүйдім, күйдім» деп тыңдамады.

Жастық шақ қой. Жастық шақ ешнәрсені байқатпайды. Қызығушылық деген ақылдың аузын буып, езуін тіліп жібереді. Кез келген жастың айтатыны «менікі дұрыс» деген бір-ақ сөз. Бәріміз жас болдық. Мойындауымыз керек, біз де «менікі дұрыс» дедік. Рас па, өтірік пе? 

– Рас. 

– Ол қыздың бала тумаймын дегеніне қарағанда, жатырын кесіп, не жансыздандырып тастаған болу керек. Жарты бауыр немесе бір бүйрегі жоқ не жүрегі нашар қатынға бала тууға болмайды. Дәрігерлер баласын алдырып тастайды. Қыз дүрыс айтқан, өзін біледі ғой. Ұлың одан қалай ажырасты? 

– Ол аурушаң екен. Ұлым Оңтүстік Кореяға дейін апарып емдетті. Жазылмады. Самарқан жақтағы атақты тәуіпке қаратып, Ташкент-Қазақстан кеденіне жеткенде қайтыс болады. Ұлым мәйітін таксимен Шымкент қаласына, одан оның туған ауылына апарып жерлейді. 

– Одан кейін ұлың үйленді ме? 

– Үйленді. Бір ұл, бір қызы бар. 

– Аздау екен. Қазақта «екеудің бірі өлсе, бірі қалады жалғыздың бірі өлсе, несі қалады?» деген өлең бар. Сен бұл өлеңді естіп пе едің? 

– Естігем. 

– Ақылды өлең. Кейде ұлыңның құлағына: «Әр баланың несібесін Құдай береді, әр баланың өз берекесі болады, қарағым. Ойланғаның дұрыс. Ертең бармағыңды тістең қалма», – деп құлаққағыс етіп қойсаң, артық болмайды. Келініңе де: «Қартайғанда өкінген көп ата-ананы көрдім. Әсіресе, нәзік жандарға қиын. Еркек алпыс жасқа дейін жастау біреуге үйленеді де, бала туғыза береді», – деп жайлап, ақылмен айтып түсіндіргенің жөн. Ұлың арақ ішіп, ләйліп жүргеннен сау ма? 

– Құдайға шүкір, одан сау. 

– Онысы – жақсылық. Сен ақымақ адам емессің. «Балам, жиған-тергеніміздің иесі сенсің. Біз о дүниеге арқалап кетпейміз. Тіршіліктің ой-шұңқырын, үтір, нүктесін – бәрін үйреніп ал», – деп тәрбиелеп жүрген шығарсың. Ол сенің тікелей әкелік парызың. Жетпіске келдің. Жетпіске келгенше ақылы енбеген адам болмайды. Байлық ұстаған адамдар біз сияқты кедейден гөрі епшіл, ақылдырақ болады. 

– Иә, өмірде солай ғой. 

– Біз екеуіміздей тек сөзге бай... сөзге де бай еш нәрсеміз жоқ, сөйлесек кейбір сөздің езуін ыржитып, аузын қисайтып сөйлейміз. Бұрынғы байлардың, ауыл ақсақалдарының кез келгені сен секілді профессор-ғұламаларды шаң қаптырып, адастырып кетеді.

Бүгінгі ғұламаларымыз: «Балам жақсы оқы, жақсы бол. Мына ғылым жақсы екен, игер», – дегеннен басқа ештеңе айтпайды. Қалай жақсы оқу, қалай жақсы адам болу, ғылымды игеру жолдарын үйретпейді. Ұлың мектепте оқып жүргенде қандай мамандыққа бейім еді? 

– Саудаға қызықты.

Бәйгеге шабатын атты ауыздығынан қайта-қайта тарта берсең, ол өмірі бәйгеге шаппайтын болады. Ұлыңның жолын бекер бөгеген екенсің. Сенің орныңда болсам:

– Балам, әлі де кеш емес. Сен қайтадан туған бол, мен қайтадан саған әке болайын. Ташкентке барып, өзбек ағайындардан сауда өнерін үйреніп қайт, – дер едім.


Неміс қонақтың алғысы


– Еуропада он алтыға толған баласын «өз күніңді өзің көр» деп бөліп, үйінен шығарып жебереді. Осы дұрыс па?

– Өте дұрыс. Олар кішкентай кезінен балаларының қолына конфет ұстатып: «Мынаны атаңа, әжеңе апарып бер», – деп тәрбиелейді. Мұның ең үлкен маңыздылығы – балалар мейірімді болып өседі. Олардың жан дүниесі сондай жақсылық жасауға, нәзік сезімталдыққа үйренеді. Ертең олардың балалары да балаларын солай баулиды. Сен де кішкентайларыңның қолына конфет ұстатып: «Мынаны атаңа, апаңа апарып бер», – десең, ертең, Құдай қаласа, балаларың саған осылай тәрбиелегеніңе рақмет айтады. 

Тереземнің сыртқы жақтауына қолымнан жем жеп үйренген көгершіндер келіп қонады. Мен арнайы алып қойған арпа, бидай, жүгеріні алдарына шашам. Мұны көріп, кішкентай немерем қолын шапалақтап қуанады.

– Көгершіндерді қорқытпа, оларды қорқытуға болмайды, қайта еркелет. Сен әке-шешеңнің еркелеткенін жақсы көресің бе? –десем: 

– Жақсы көрем, – дейді.

– Көгершіндер де сен секілді. Оларды еркелет.

– Олар бізді түсінбейді ғой.

– Түсінеді. Әсіресе, олар балаларды жақсы көреді. Тіпті, өсімдіктер де еркелеткенді, сипалап, жақсы сөз айтқанды, шөлдегенде су құйғанды ұнатады. Ұнатқаны сондай, гүл ашып құлпыра бастайды. Бұл табиғатқа қайырымдылығымыздың бір түрі, – деймін.

Германиядан келген журналист үйімде қонақ болды. Ол сөз арасында таңғалып:

– О, Құдайым, не деген жаңалық! – деді.

– Қандай жаңалық?

– Таныс журналистің үйіне барып едім, алды қырық, арты он тоғыз жастағы төрт баласы бар көрінді. Бәрі бірге тұрады екен. Бұл не деген сұмдық?!

– Неге таңғалып отырсың?

– Қалай таңғалмаймын. Біз 16 жасқа толғаннан кейін қаржысын қолына беріп, «енді өз тіршілігіңді өзің жаса» дейміз.

– Ерте кезде қазақтар 13, 16-ға толған баласын үйлендіріп, алдына мал салып, енші беріп: «Енді, балам, өз шаруаңды өзің дөңгелет. Отбасыңды өзің тәрбиеле. Өмірге бейімдел, адамдармен қалай қарым-қатынас жасауды үйрен», – деген.

– Сіздердің жасап жүргендеріңіз шығыс халқының 7-8-ші ғасыр бұрынғы әдет-ғұрпынан үйренгендеріңіз.

– О, Құдайым, мен мұны бұрын бұлай деп ешқашан ойлаған емеспін.

– Жалпы, тәрбие Шығыстан тараған. Қазақтар ұл-қызын 13-14-ке келгенде үйлендірген. Одан кешіксе, физиологиялық, биологиялық жағынан организм бұзыла бастайды. Сондықтан байдың ұл-қызы 12, 13-інде отау иесі атанған. Жарлының ұл-қызы 15, 16-сында тұрмыс кұруға тиіс болған. Қазір, совет заманында 18-ге толып, төлқұжат алғаннан кейін ғана үйленуге рұқсат.

– Мұны бұрын білмеуші едім. Мен өзіме жаңалық ашқандай болдым. Әңгімеңізге рақмет, – деді неміс қонағым ризалығын білдіріп.


«Өзіңе өкпеле, маған өкпелеме»


– Дүниеде болып жатқан жаңалықты бірінші білетін сенсің. Бүгін мені немен қуантасың? 

– Түнде телевизордан көрсетті, вертолет Алматы қаласының маңындағы ауыл төбесіне құламай, одан өтіп барып құлапты. Диктор ол «ұшқыштың шеберлігінің нәтижесі» деп хабарлады.

– Соған сен сендің бе? 

– Мен телевизордан естігенімді айтып отырмын.

– Техниканың тілін білмейтін, физика заңдылығынан, адам психологиясынан хабары жоқ диктор аузына келгенін оттаған екен. Оның сөзіне сен сияқты аңқаулардың: «Туу, ұшқыш қандай шебер! Егер ұшақ ауыл төбесіне құлағанда талай адам мерт болар еді», – деп сенгені мені таңғалдырды. Ұшқыш: «Мен ұшақты мына жерге емес, басқа жерге апарып құлатам», – десе, онда техника оның айтқанына көніп тұр емес пе? Ондай ұшақ апаты бола ма? Тіпті, сендерде кішігірім ойлану дағдысы деген бар ма, жоқ па? Апатқа не нәрсе себеп болған дейді?

– Диктор: «Оны әлі анықтайды, тұманның да әсері болуы мүмкін», – деді.

– Ол себеп емес. Дүниені тұман жайлап алған жоқ. Одан гөрі диктор: «Жағдайды толық зерттегенше ешнәрсе айтпаймыз», – демей ме? Ұшқыш аман ба? 

– Ұшақта үш адам болған екен. Ешқайсысы аман емес.

– Имандарын серік етсін. Апат айтып келмейді. Менің ұшақты үшқыш «ауыл төбесіне құлатпай, одан өтіп барып құлатты» деген сөзге сенің сенгеніңе ашуым келді.

Басқалармен сөйлеспей, мен сенімен неге сөйлесем? Сөйлесетінім, сен көңіліңде титтей арамдық жоқ, өте тамаша адамсың. Менің түсінігімде Құдайдан кейінгі Құдайсың, патшалардың патшасысың, данышпандардың данышпанысың, философтардың бабасысың, білгіштердің ұстазысың. Мақтауым жетті ме, жетпеді ме? Әлі тағы мақтайын ба? 

– Ой, аға. 

– Бұл дүниедегі ең бай адамсың. 

– Мені аспанға ұшырып жібердіңіз ғой.

– Жоқ, бұл әлі аспанның жартысы ғана. Тамақ ішетін мезгілің жақындап қалмағанда мен сені 750 миллион метр биіктіктікке шарықтатар едім. Енді өзіңе өкпеле, маған өкпелеме. Айттым ғой, сен дүние жүзіндегі журналистердің бата берер ата-бабасысың. Сенің білгіштігің сонша, тіпті шыбынның қалай ызыңдағанын, сонаның қалай ұшып бара жатқанын, бүргенің неге қарғып жүргенін, бәрін білесің. 

– Ой, аға...

– Білмейтінің жоқ. Тіпті, әйелдердің ұйықтап жатқанда қандай түс көретінін, түсінде кандай сөз айтатынын да білесің. Сен кез келген тақырыптың құпиясын ашып, жұртқа жариялауға шеберсің. Кейде сендей білгіш адамды Құдай маған қалай кездестірді деп таңғалам.

Баукең жағын ұстап: 

– Біраз әңгімелесіп, біраз шерімді тарқаттым. Миымда басталған тоқырау бұлты тарады. Хабарласып тұр, айналайын, – деп қоштасты.

Үйіме қайтып келе жатып, жол бойы ойға баттым. Баукеңнің мені аспандата мақтауы болашақта ұрпағым бесаспап қаламгер болса екен деген үміт-арманы-ау деп білдім. «Өзіңе өкпеле, маған өкпелеме» дегені үмітім ақталмаса, мен кінәлі емеспін дегені-ау деп түсіндім...

Мамытбек ҚАЛДЫБАЙҰЛЫ, 

жазушы