ӘСЕМДІК ӘУЕНІ
2026 ж. 09 қыркүйек
55
0
Көзі ашық, көкірегі ояу кісінің қайда жүрсе де мәдениет мәселесіне немқұрайлы қарай алмайтыны анық. Елуінші жылдардың аяғына таман республикамызда ең алғаш мәдениет жайында арнаулы журнал шыққанда қуанышы қойнына сыймай, оны құныға оқығандардың бірі едік. Өнер атаулыға етене, тұрмыс мәдениетіне тереңінен зер салып, елді мекендердің ажар-көркіне баса мән беретін жаңа басылым оқырман жүрегіне бірден-ақ жол тауып, жалпы жұрттың сүйіктісіне айналған. Оның бастапқы ұйымдастырушыларының бірі, бертін бас редакторы болған белгілі журналист Сапар Байжановтың жазушылық жалынына, қаламгерлік қарымына, өз басым, сол журнал арқылы ден қойып, үлгі тұтып, ұқсап бағуға тырысқанмын.
Ұлы орыс жазушысы А.П.Чеховтың «Адам бойындағының бәр-бәрі – кескін-келбеті де, киім киісі де, жан дүниесі де әсем болуы керек» деген қағидасын өмір мұраты тұтқан қаламгер жақсы әдептен үйреніп, жаман әдеттен жиренуге шақырып, сұлулықты, сыпайылықты, сыйластықты өркендетуге үндеген-ді дүйім жұртын. «Жақсылық атаулы, әсемдік атаулы жаныңа жылы нұр құяды, жүзіңе шаттық әкеледі, көңіліңді ыстық бір күйге бөлеп, жүрегіңді ерке назбен тербетеді. Көңілің шалқар көл, пейілің дарқан дария болып, жомарт, шат сезім құшағына берілесің, өмірдің жайсаң, жайраң жайлауында жүргендей сезінесің. Жақсылық атаулының осындай сиқырлы құдіреті болады екен. Адамның әдемілік атаулыға ғашық болатыны осыдан екен» деген оның ойнақы толғауға толы ойлы түйінін оқығанда, өзің де жақсы біткеннің бәрін жалпақ жұртқа жариялап, мақтан еткің келетін, жаман атаулының бәрін құлағынан сүйреп, жалғанның жарығына шығаруға асығатын сияқтысың.
Салынған егін мен орылған астықты, сауылған сүт пен сойылған етті, жасалған бұйым мен тігілген киімді көбірек күйттеп, даңғайыр диқан мен шамшырақ шопанды, жоғары мәртебелі жұмысшы мен құрыш қолды құрылысшыны баса көрсетіп, жұмыстың да, тұрмыстың да тек күнгейін насихаттау бұлжымас міндет болған сол кезеңнің өзінде Сапекеңнің мәдениетке соқпай, әдеп пен әдетке ат басын бұрмай кеткен күні жоқ. Қай тақырыпқа қалам тербесе де, оны мәдениеттің арналы мәселелерімен астастырып, ауыл ажары, көше көркі, клуб жұмысы, халықтың көркемөнерпаздығы туралы толғамды пікірлермен байытып отырды. Ал оның өнер саңлақтары, сәулетшілер мен мүсіншілер жайындағы көркем очерктері өз алдына бір төбе. Оның үстіне сән мен сымбат жөнінде де келелі ой қозғап, замандастарымыздың жүріс-тұрысы, киім-киісі, көпшілік орындарда өзін-өзі ұстауы, қонақ күтуі, т. б. тұрмыс тәртібі төңірегіндегі озық үлгілерді алға тартып, әдеп әліппесін алғаш жасақтаушылардың бірі болғаны және бар. Журналда жарияланған тұрмыс тәртібі туралы сол ақыл-кеңестерді қиып алып сақтап жүрген жастарды іс-сапарда болып ел аралағанда талай жолықтырдық. Бұл қаламгердің жан-жақты ізденгіштігін ғана паш етіп қоймай, өз ұлтының өсер өркеніне деген асқан жанашырлығын да байқататын бесаспаптық еді. Қаламның көк қауырсын еңбеккерлері оны сол үшін де сырттай ұстаз тұтып, ұлағат алуға асығатын.
Арман қуып, қалам қанатына мініп Алматыға келгенімізде Сапекең журнал басшылығынан Орталық партия комитетінің насихат бөліміне ауысқан екен. Алғаш «Ара – Шмель» журналына келген мен де арада бір жыл өтер-өтпесте астаналық облыстың «Жетісу» газетіне бас редактордың орынбасары болып тағайындалдым. Газеттің басшылық жұмысына бойым жаңа үйреніп келе жатқан күндердің бірінде, Сапар Байжанов телефон шалып, Орталық комитетке келіп кетуімді өтінді.
Бұрын бірді-екілі көрсем де көз тоқтатпаған болуым керек, терезе түбіндегі төргі үстелдің басынан, орта бойлы, тығыршықтай балуан денелі ақсары жігіт орнынан тұрып қолын ұсынды. Торсықтай шекесін шашы ерте үріккен жазық маңдайы тіпті толық етіп көрсетеді. Ақ жейдесіне құм өңдес галстугі жарасып, ажарын аша түскен. –
– Иә, Сарбас, келіп қалдың ба? – деп жарқылдай амандасты ол. – «Тұңғыш кітабыңмен» танысып, өлеңдеріңді оқығанмын. Жарайды, жиі жарияланып жүрсің. Журналдан ауысқаның да дұрыс болған. Қаламгерге күнделікті газеттің көрігінде шыңдалып, от-жалыннан өткен де дұрыс. Енді сен бүгіннен бастап біздің бөлімнің активіне ендім дей бер. Бұдан былай тапсырма беріп тұрамыз.
Партия сарбазымыз деп жүрген біз жазғанда қарсы сөз бола ма, бір облыстық газеттің тігіндісін өңгеріп қайттым. Айтулы күнге пікірімді жазып, ескертпе-ұсыныстарымды жазып, қағазға түсіріп, шолуды апарып бердім. «Ұқыптылығың ұнайды» деп тағы да тапсырма арқалатты. Сонан, не керек, аптасына, айына болмағанмен, тоқсанына бір рет тапсырма алып, айтқанын екі етпей орындап жүрдім. Кейде уақыты болса, оңаша отырып әдебиет пен мәдениет, баспасөз жайында ой бөлісіп, пікір алысып, әңгіме-дүкен құрып та қоямыз.
Бір жолы барғанымда, аудармасына пікіріңді айт деп, ол бесінші сыныптың жағрапия оқулығын ұстатты. Созбұйдаға салмай шапшаң оқып, сын-ескертпелерімді тағы да тізіп, қағазға бастырып болып, кітапты қайта бір аударыстырып қарасам, ішкі бетінде «Аударған Ә.Қарақұлов» деген жазу тұр. Бұл өзімнің бастығым, кәдімгі «Жетісу» газетінің бас редакторы, байырғы журналист, айтулы аудармашы Әбдуәли Қарақұлов. Не болғанымды білмедім. Біле тұрып араға от салу үшін берді ме екен деп, Сапекеңе қатты ызаландым. Бірақ не істерсің, болар іс болды.
Ертеңіне жазғанымды алып, Байжановтың алдына барып, қашан оны оқып шыққанша күтіп отырдым да:
– Сапеке, бұл оқулықты аударған өзімнің тікелей бастығым, бас редакторым Әбекең екен. Біле-тұра берсеңіз – бұныңыз әбес. Біліп қалса, бетіне қалай қараймын деп жер болып отырмын, – дедім.
– Ә, шынымен-ақ солай ма екен? Онда сенің ұстанымыңды қасақана сынға салғандай болыппыз ғой, – деп ыңғайсызданып қалған ол қарқылдап күліп жіберді. – Кім аударғанына көңіл бөлмеппіз де. Бұрыннан келе жатқан оқулық болған соң, жаңа талаптар тұрғысынан қарап, баспа қайта басып шығарсын деген ғана ой. Аудармашысы Әбекең екенін білгенде, әрине, басқа біреуге жүктейтін едік. Ол үшін кешір! Әйткенмен, әділдігіне жүгініп әжептәуір пікір айтыпсың. «Алыссаң атаңды да жық» деген осы, – деп тағы да бір күліп алып: – Бәрінен ортақ мүдде биік. Сол биіктен көрінгеніңе рахмет, – деді. – Жалпы, бұл үлкен үй тапсырманы да беретін адамына береді. Бұларды өзіңе деген сенім деп біл.
Содан ол баспасөз секторының меңгерушісі болып жоғарылатылды. Оның сенім биігінен көріндім бе, көрінбедім бе кім білсін, сол кезде бірді-екілі журналдың бас редакторлығына барасың ба деп ұсыныс жасағаны да бар, жасағаны не керек, одан жоғарырақ деңгейде жағрапия деген кесел киіп кетіп қалып қойғанмын. Сол екі ортада Әбекең алпыстан асып құрметті демалысқа шығып, орнына «СҚ»-ның (қазіргі «Егемен Қазақстан») бір бөлім бастығы бас редактор болып келді де, тоғыз жыл орынбасарлық тұғырдан таймаған мен тағы да алақан жайып қала бердім.
Арада айға жуық уақыт өтті ме, өтпеді ме, Орталық комитетке өзіміздің Сапекең тағы шақырсын.
– Бұл жолы тапсырма жоқ, тек ұсыныс қана бар, – деп жымиған ол мән-жайды баяндады. – «Жетісудың» тізгінін қимады деп ренжісең ренжитін де ретің бар. Бірақ өзің білесің, қазіргі редакторың Пернебек Бейсенов былтырлар жастай қосылған жары қайтыс болып, жарым көңіл жүрген соң, еңсесі көтерілсін деп обкомның ұсынысына қарсылық көрсеткеніміз жоқ. Жас қой деп, сені жауаптырақ қызметке сақтап келдік. Міне, соның да сәті түскелі тұр, «СҚ»-ға орынбасар болып барасың. Бас редактор Бағаевтың тоқтаған адамы өзіңсің. Қазір сырқаттанып ауруханада жатқанын естіген шығарсың, ақылдасам десең барып сөйлес. Ұсыныс әзір, бөлім бірауызды, келесі бюрода бекисің. Ұзекең жазылып шыққанша, барып жұмыс жасай бересіңдер.
Ұзекеңнің айтқаны да осы болды. Алайда жазмыштан озымыш бар ма. Алдағы аптаның сейсенбісінде бюроға барып бекиміз деп отырғанда бейсенбі күні Ұзақ ағамыз мәңгі көз жұмып қайтпас сапарға аттанды. Бақыт түгіл бас қайғы болып, жоба-жоспардың быт-шыты шығып, мәселе беймәлім мерзімге кейін ысырылды. Бұл 1973 жылғы тамыздың аяқ шені болатын.
Ұзақ Бағаевтың орнына басшы іздестіріп, кадр іріктеу табаны күректей екі жарым айға созылды. Ақыры, таңдау оның қаламдас, қадамдас досы Сапар Байжановтың өзіне түсті. Сөйтіп, ол қарашаның 2-ші жүлдызында «СҚ»-ға, «Социалистік Қазақстан» газетіне бас редактор болып келді. Бірер күнен кейін жаңа қызметімен құттықтап, кіріп шыққанымда: «уәде – құдай аты, ұсыныс бәз-баяғы қалпы, амандық болса, бірлесіп жұмыс істейміз» деді маған. Айтқандай-ақ, екі аптадан соң бас редактордың орынбасары болып қазақ баспасөзі қарашаңырағының босағасын мен де аттадым.
Жиырма шақты күннің ішінде Сапекең редакция ұжымымен толық танысып, кімнің кім екенін, қайсысының қолынан не келетінін тегіс екшеп үлгерген сынды. Ұзақ уақыт бірінші басшы болмай, одан орынбасарлары алмасып, орындарына кім келетінін білмей, алаңдаған жұрт ала-көңіл екен. Бір орнында талай жыл тапжылмай отырып, ығыр болып жалыға бастаған жігіттер де баршылық көрінеді. Жасы алпыстан асқан, елуді алқымдаған жасамыс кісілер де жетерлік. Жиырма жылдай бөлім басқарып, не өспей, не өшпей, сол тұғырдан қайтсем түсіп қалмаймын деп, қалт-құлт етіп отырғандар да ұшырасады. Оның үстіне аппарат қызметкерлерінің негізгі міндеті еңбекші хаттарын қорытып, авторлар ұйымдастыру деген терісыңғай сыңарезу пиғыл орын теуіп, редакция журналистерінің дені қаламын сирек сілтейтін секілді. Содан жылтырары жоқ, қара кесек мақалалар қаптап кеткен.
Бар жұмысы кезекшілікке барып газет шығарумен ғана шектелген әдеби қызметкерлер шығармашылық ізденістен тоқырап, жалқау тарта бастаған. Облыстардағы меншікті тілшілер де хабар-ошардан аспай, автор тарту желеуімен жергілікті еңбекшілер атынан науқандық бірдеңелер ғана ұйымдастырумен отырған. Соның салдарынан газеттің қаламы қарымды, қиялы қанатты журналистері басылым беттерінен көрінбейді. Қаламының беделі бар, ел таныр тарландары да жоқтың қасы. Бір кезде облыстық газеттердің редакторларын даярлайтын ұста-дүкені іспетті болған ортадан біраз жылдан бері ешкім өспеген. Мұның өзі тәп-тәуір көрініп, келешегінен үміт күттірген жас журналистерге кері әсер етіп, көбі енжарлыққа бой алдыруға айналған. Демек, жұмысты бастан-аяқ қайта құрып, түбірімен жаңғыртпай болмайды. Бүкіл ұжымды бір-ақ күнде, бір-ақ бұйрықпен жұмыстан бір-ақ босатып, қайтадан команда жасақтайтын қазіргі кез емес, барыңмен базарлай білу керек.
Міне, «СҚ»-ның тізгінін осындай алмағайып ауыр кезеңде, күрмеуі қиын күрделі жағдайда қолға алған С.Байжановқа газетті еліміздегі өз орнына лайық басылым ету оңай соққан жоқ. Барын сарқып, жанын салып, түн қатып, түс қашып жұмыс істеуіне тура келді. Бұл арада оның жастар газеті мен журналда жинақтаған басшылық тәжірибесі, Орталық комитетте жеткен абырой-беделі, өмір көріп өткерілгендігі кәдеге асты. Кейбіреудей кеуде қағып кердеңдемей, іші-бауырға кіріп кететін кішіпейілділігінің, әлбетен-ақ алғаусыз араласып, баурап алар ақжарқындығының, иілгенге иілгенімен, күйінгенге түйілмейтін кеңпейіл кешірімділігінің де көмегі көп болды.
Ең алдымен ұжымның божырап бара жатқан бағдары қайта қаралып, басты бағыты айқындалып, алқа мүшелерінің міндеттері сараланды. Маған идеология мәселерімен қоса, меншікті тілшілерге басшылық жасау жүктелді. Апталық жоспар жасалып, оны бүкіл ұжым болып бекіту бұлжымас заңға айналды. Жоспарсыз газет шығару ескексіз қайықпен теңізге түсуге тең, күнделікті күйбең тірліктің дауылы айдап, қайда барып тоқтағаныңды білмейсің. Айлық және тоқсандық жоспарлар жасақтауда жедел қолға алынды. Оның алдында әрбір қызметкермен жеке-жеке сөйлесіліп, ашық-жарқын әңгіме үстінде өзін қандай тақырып толғандырып, нендей мәселе ойландырып жүргені анықталды. Меншікті тілшілерге маусымдық мәселелермен қатар көкейкесті тақырыпқа өз атынан айына бір кесек дүние беріп тұру міндеттелді.
Ұзамай Көкшетаудағы тілшіміз, танымал ақын Еркеш Ибраһимнен төрт тіркемеден автопоезд құрастырып, тың астығын тасыған атақты айдауыл Жәмшит Қожантаев туралы өлең-очерк түсті. Сапекең оны оқи салысымен шамшырақ айдауылдың суретін таптырып алып, табан аузында шығып жатқан нөмірге бас мақаланың орнына бергізді де жіберді. Бұл бертін газеттің өзіндік бетін айқындаған жеке адамдар жөнінде ай сайын берілетін бас мақалалардың төлбасы болды. Жақсы, жаңа деген дүниелер жатпайтынына көзі жеткен тілшілер дүр сілкініп түлеп сала бастады. Еркештің үні екпіндеп Теміртау құрышшылары мен Қарағанды көміршілеріне жайылды. Сыр бойынан Байжігіт Әбдіразақовтың абзал адамгершілік пен биік парасатты паш ететін ойлы-күйлі очерктері ағылды. Атыраудан Жәмек Оспановтың салиқалы талдауға толы сын-мақалалары үзілмейтін болды.
Аппарат қызметкерлері де іс-сапарға сұранып, олжалы оралып жүрді. Газет бетінде анда-санда көрініп, сирек қонағы болып жүрген сұхбат жанры жиі шығып, күн тәртібіндегі толғақты мәселелер жөнінде «дөңгелек үстел» басындағы әңгімелер дәстүрге айналды. Жақсы дүниеден орын аяғанымыз жоқ. Кейбір өрелі көркем очерктерге газеттің тұтас беттері берілді. Ал бүгінгі таңның көкейкесті мәселелері сөз болатын «дөңгелек үстел» басындағы әңгімелер айқарма бетке жарияланып, тіпті тұтас нөмірді де алып кетіп жүрді. Тақырыптық нөмірлер де жиілей бастады.
Ондай арналы, арнаулы материалдарды бастан-аяқ Сапекеңнің өзі қарап, оның макетіне, суретінің мәтініне дейін қадағалап, ой салар сәтті тұстарын, есте тұтар деректерін ойып бергізді. Оның материал қарауына өз басым, әлі күнге тәнтімін. Бәз-біреулердей әр сөзді безбендеп түртінектеп отырмайтын ол. Бір бетті бір минутке жеткізбей шолып шыққанда жаңсақ бір сөйлем, ұмыт қалған бірде-бір үтір назарынан қағыс қалмайтын. Бәрін де бір демде оқып, түзетіп үлгеретін. Жылт еткен жаңа пікірді ұштап жіберуге шебер-тін. Тумысынан редактор болып жаратылған деп дәл осындайларды айтса керек. Және оқып шыққан шығармасының, жеткен жемісін асырмай көрсетіп, кеткен кемісін жасырмай айтып та беретін. Бұл шығармашылық ұжымда шын мәніндегі өнер бәйгесінің өріс алуына арна ашты.
Бәйгеге қосылғанымен, шаң қауып орта жолда қалып қоярмын деп тайлыққандар біртіндеп ыңғайлы орын іздей бастады. Оларға қарсылық жасамай, Сапекең қайта қол ұшын беріп, жақсы, жайлы қызметке орналасуына көмектесті. Сенім артса істеп кетер деп үміттенген үш-төрт жігітті журнал мен облыстық газеттің редакторлығына, баспалардың басшы қызметіне ұсынды. Дүбірге қанша елеңдегенмен, қосақ арасында бос жүрерін бағамдаған алпыстан асқан ағалар құрметті демалыс қамын қарастырды. Олардың орнын тегеурінді тың толқынмен толықтыру керек болды.
Осы тұста Сапекеңнің кейінгі толқын, кенже буын әріптестерінің қалам тербесін, қанат сермесін ұдайы қадағалап жүретіні айқын көрінді. Бір бастан Торғай облысындағы тілшіміз Бекболат Әдетовті бөлім меңгерушісі етіп алдыртты. Оның орнына екі үміткер шықты. Бірі – жоғары партия мектебін бітіріп, сол тұста обкомда нұсқаушы болып істеп жүрген Сабыржан Шүкіров те, екіншісі – Қазақ радиосының сол облыстағы тілшісі Қойшығара Салғарин. Бүйрегім бірер жинағы жарық көрген Қойшығараға бұрғанымен, саяси жағынан сенімдірек болар деп Сабыржанды шақыртуға тура келді. Әдетте болашақ тілші барлық бөлімдерден өтіп, хат қорытып, қабілетін байқатып, алқа мәжілісінің талқылауына бөлім меңгерушілерінің мақұлдауымен түседі. Үміткердің әлі де тынбай ізденіп, талмай үйренуі, көп тер төгуі керек екені айтылып, өзіне сөз берілгенде мектеп оқушысы сияқты оның «арманым – журналист болу еді» дегені ғой. Баланың сөзін айтып бұнысы несі деп біразымыз ыңғайсызданып қалып едік:
– Маған осы соңғы сөз ұнап кетті, – деп бас редактор булығып күліп жіберді. – Арманы журналистік болса, қатарымызға алайық, көш жүре түзелер.
Шынында да, Сапекең жүйрікті шаңынан айыратын шабандоздай кісі танығыш екен. Сол Сабыржан бертін осы газеттің бөлім бастығы болып, бас редактордың орынбасарлығына дейін өсті. Одан республикадағы белді бір басылымды басқарды. Ал Қойшығараны кейін аппараттың өзіне алдық, ол да жоғарылап алқа мүшелігіне дейін көтерілді. Сәтті басталған үрдіс жалғасын тауып, Қарағандыдан Ақселеу Сейдімбековті, Өскеменнен Тоқтарбек Қызықбаевты, Қызылордадан Зұлқарнай Сақиевты шақырттық. Жастар газетінен Болат Бодаубаев пен Жанат Елшібековті тарттық. Университеттің соңғы курсынан Ержұман Смайылов пен Жұмабек Кенжалинді әкелдік. Бұлардың бәрі де газеттің мазмұны байып, мәртебесі өсуіне елеулі үлес қосты.
Әлі есімде, бір күні ертеңгілік Сапекеңнің өзі телефон шалып, кабинетіне келіп-кетуімді өтінді.
– Айтшы, бізде осы бірыңғай сын жазатын журналист бар ма? – деп сұрады ол салған беттен.
– Сын жазып және жақсы жазып жүргендер бар ғой, – деп соңғы кезде жарияланған сын-мақалаларды санамалай бастадым.
– Жоқ, тікелей сын жазумен шұғылданатын
қызметкеріміз бар ма?
– Ондай жоқ.
– Олай болса, ондай жігітті мен таптым, – деп үстелінің суырмасынан алып бір папкіні ұсынды. – Жарияланған материалдармен танысып, пікіріңді айтарсың. Содан кейін көрейік...
Мақалалары негізінен Атыраудың облыстық газетінде жарияланған, көбісі – фельетондар. Арасында өткірі де, осалы да бар. Дені облыс деңгейінен көп көтеріле қоймаған дүниелер. Бірақ автордың кілең келеңсіздіктермен күресіп, бірыңғай сын жазып бір бетінен қайтпай келе жатқан қайсарлығы ұнады. Осы ойымды айтқанда Сапекең:
– Өзімізге алатын-ақ жігіт екен, әттең бос орын жоқ-ау, – деп өкінгендей болды.
– Анау Мағзұм ағайды қадірлеп құрметті демалысқа шығарып салайық та, әзірше редакция меңгерушісі етіп алайық. Сын шығады-ау деген хаттарды, арыз-шағымдарды соған беріп отырайық, – деп ақыл қостым. Бастығымның жүзі жайраңдап сала берді.
Кезінде өткір де әділ сын-мақалаларымен газетімізге көп абырой-бедел әкелген, досжар тұрғыласым ретінде «семсер сөздің Сүбітай баһадүрі» деп әзілдейтін әріптесім пайғамбар жасынан асып кетсе де, сын семсерін әлі күнге оңды-солды сілтеп жүрген Нұри Муфтах сонау Атыраудан «СҚ»-ға алғаш осылай редакция меңгерушісі болып келген еді.
Әсіресе, сол кезде алматылық қаламгерлердің көбінде астанадан басқа жерде дұрыс қалам тартатын журналист бар деп ойламайтын астам пікір болатын. Тіпті, облыстағы әріптестеріне мұрын шүйіріп, шекеден қарайтын да ғадет бар-тын. Біз жоғарыдағы азаматтарды жинағанда алдымен әлгіндей астам пиғылдың түбірімен жаңсақ екенін дәлелдеуге тырыстық және дәлелдеп шықтық та. Сапекең бедел салып солардың бәріне бес-алты айдың ішінде пәтер алып беріп, алаңсыз жұмысына жағдай жасалды. Сол үшін «Байжанов пен Ақтаев арғындарын жинап, жағдай жасап жатыр» деп байбалам салып, үстімізден Орталық комитетке талай-талай арыз да түсірді. Тіпті, кейбір арыздың көлемі анау-мынау романнан асып түсіп, 187 бетке жеткенін де көрдік. Олардың кімнің қолынан шыққанын, кімнің ақылымен жазылғанын да білдік. Айналасын алатайдай бүлдіріп, әріптестерінің жемісті жұмысына қырсығын тигізіп, аяққа оралғы болатын ол қуларды кінәсін бетіне басып, қызметтен қуып-ақ жіберуге болатын еді. Апайда С.Байжанов ондай ұрт шешімге, шұғыл шараға әсте баспайтын. Барлығына байыппен қарап: «Аққа қара жұқпайды, ойлағаны өз басына көрінсін, оған бола жұқартатын жүйкем жоқ» деп бір-ақ қағатын. Бұл оның кешірімділігі ғана емес, кеңдігі мен кемелділігі де еді.
Қазір қарап отырсақ «СҚ»-ға сол жылдары келген жігіттердің қара жаяуы жоқ. Бәрі де елімізге белгілі, белді де беделді қаламгерлер. Ал тарихи туындылары ел тарихының ақтаңдақтарын толықтыруға теңдессіз үлес болып қосылған Ақселеу мен Қойшығара сияқты көшелі ғалым, көрнекті жазушылардың атағы бүгінде алты алашқа әйгілі. Солардың қазіргідей биікке көтерілуіне кезінде біздің де зәрредей болсын шарпатымыз тиген шығар-ау деген ой қарадай марқайтып, мейірімізді тасытады. Сайып келгенде, бұл Сапекеңнің кадр іріктеудегі керемет батылдығының жемісі.
Батылдықты көзбен көргеніңді, көңілге түйгеніңді бетің бар, жүзің бар демей былш еткізіп айта салу деп ұғатындар да ұшырасады. Былайынша ол батылдықтан гөрі бетпақтыққа саятын қылық. Асылы, батылдықтың алуан түрі, әрқилы жолы бар. Біз саяси бақылау сұмдық қатал кезде өмір кешіп, қызмет еттік. Қоғамдағы көзге ұрып тұрған келеңсіздіктің өзін ашық жазбақ түгіл, ептеп айтуға да тыйым салынды. Тірлікті меңдеген мерездерді зәуде бір ашық айтып қалсаң, саяси соқыр, сауатсыз болып шыға келесің, сол себепті сұхбат пен «дөңгелек үстелге» көбірек жүгінгеніміз де тегін емес. Ашық айтуға келмейтін, бірақ бүгіп қалуға да болмайтын толғақты мәселелерді сұхбат берушілердің аузынан шығарып, ұрымтал пікір мен екідай ойларды атүстілеу етіп, астарлап айтқыздық. Жоғарыдан нұсқалғанның бәріне ләппайлап бас шұлғи бермей, өзіндік ойдың ұштығын шығарып отыру да батылдықтың бір түрі ғой.
Онда даңғаза-дырду, жиын деген көп, ресми материалдардан бас ала алмай, бастығырылып жататынбыз. Сөйте тұра, әлгіндей ойы бар материалдарға орын табылатын. Әдетте ресми дүниелерді ҚазТАГ кешке қарай аударып, кейде түннің әлдебір әлетіне дейін береді. Оны беттен өңдеп, келіспей тұрған жерін жөндеп, мұртын басып түзетіп шығарамыз. Ертеңіне бір үтірі қисайып, не бір сөзі жаңсақ шықса, аударған арнаулы агенттік емес, жариялаған газет кінәлі болып табылып, үлкен үйге шақыртып сілікпемізді шығарады. Сондықтан газет қараған күні жоғары жақтан «бәрі дұрыс екен» деген бір хабар келгенше ұстараның жүзінде жүргендей боламыз. Өстіп жүріп төл шығармалар жазу деген барып тұрған жанкештілік емес пе!
Алайда ұшуға жаралған қанат самғамай тұрмайды, жазуға жаралған қалам суырылмай қалмайды екен. Сапекең «СҚ»-да бас редактор болған жылдары құдайдың құтты күні газет қарап жүріп-ақ, үш бірдей кітап шығарып, ғылыми атақ та қорғап үлгерді. Аудармалары мен мерзімді баспасөзде жарияланған жолжазбалары мен очерктері өз алдына бір сала. Ерлікке бара-бар бейнет деп осындайды-ақ айтар болар.
Кім білсін, осы бейнетқорлығы мен еңбекқорлығы денсаулығына кері әсер етті ме, әлде шығармашылыққа шындап бет бұрғысы келді ме, сексен үшінші жылдың ақпанында ол өз өтінішімен орнынан босап, тынышырақ жұмыс деп, Министрлер Советі жанындағы Архив бас басқармасының бастығы болып барды. Мен болсам, одан еншілеген көнтерлілік пен кешірімділікті, жаңашылдық пен шешімділікті ұстанып, бірінші орынбасар ретінде үш бас редактормен үзеңгілес боп, «СҚ»-ның күрделі көшін тағы да жеті жыл сүйрестім. Алас-күлес, айқай-шуы жоқ, жаңа орында Сапекеңнің шығармашылық жұмысына екі бастан жол ашылды. «Архив – айғақ», «Абай және архив» деген іргелі еңбектер жазып шығарды, бүгінгі ауыл өмірінен үлкен роман бітірді. «Қажыға барған қазақтар» деген кітап шығарып, өткен ғасырдағы халқы қастерлеп, қадір тұтқан айтулы адамдардың аруағын тірілтіп, атақтарын қайта жаңғыртып берді. Қайда жүрсе де, арман қанатынан түспей, ол ұдайы жаңалық іздеп, жақсылыққа талпынды.
«Адам арманының асқан шыңы – бақыт. «Құс ұшу үшін жаралса, адам бақыт үшін туады» деген үлағатты сөздер де жадымызда. Іздейміз бақытты! Аңсаймыз бақытты! Бірақ бақыт әркімнің басына қона бермейді екен. Талғап, таңдап қонады екен» деген бір толғанысы бар еді Сапекеңнің. Бұрынғылар: «Бақыт – басқа қонған құс, ұшады да кетеді; байлық – уыстағы мұз, ериді де кетеді; бала – артта қалған із, ғасырларға жетеді» дейді екен. Осынау халық даналығына сайсақ, әсемдік әуенімен әуелетіп ән салып, бұрқыратып би билеп, жиын-тойдың гүлі болып кететін сері көңіл Сапекең өмір бойы бақытты аңсап, бірақ бақытты таусап жүргенін аңғармаған сыңайлы. Оның бақыты бүгінде мемлекет қайраткері деңгейінде жүрген үш ұлы – Ұлан мен Нүұлан, Ерлан, өзінің жолын үстап қалған журналист қызы Назым, өзі болмаса да көзі болып, орнын суытпай отбасының ұйытқысы, алтын діңгегі боп отырған жан жары –Күләш, қала берді кейінге мирас еткен өлмес, өшпес сөздері емес пе. Бұлардан асқан бақыт жоқ шығар, сірә?!
Сарбас АҚТАЕВ, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты