“КӨРШІНІҢ ҚЫЗЫ” ЕМЕС…КӨРНЕКТІ АҚЫН КЕРЕМЕТ ЕДІ…
2026 ж. 16 тамыз
51
0
Беу, жалған дүние-ай! Бекжан бауырым да кетті ме?!. Алла алдынан жарылқасын! Пейіште рухы шалқи бергей!
Торғай даласында жүріп, кеше кешкілік естіген суық хабар төбемізден жай түскендей қабырғамызды қайыстырып кетті… Өмірден Бекжан ақын бауырымыз өтіпті!?. Иә, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, “Дарын” мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Бекжан Әшірбай дүниеден озыпты…
Қаралы хабарды жеткізген белгілі композитор Қалдыбек Құрманәлі әдеттегідей шырылдап тұр. Бірден Ислам Әбішке, Қасымхан Бегманов ағаларыма хабарластым. Әлібек Шегебай ауылда жүр екен. Асқар Дүйсенбі бауырым Бекжанның үйіне барған жерден хабарласып, қаралы хабарды растап, Бекжанды елге алып кетуге ауылдан анасы, туыстары шыққанын хабарлады…
Алла артының қайырын берсін…
Бекжан атына сай бек болмысты, бекзат бітімді ақын еді… Асықпайтын, саспайтын, артық қадам баспайтын. Байдың баласындай балпаң басып, жылы жымиып қойып, асықпай жүретін Бекжан бауырымыз бұлай аяқ астынан ғарышқа самғап ұшып кетеді деп кім ойлаған?!. Жалған дүние деген осы да?!.
Ол жаңа өрнекті, терең поэзиясы бар парасатты ақын еді… Бірақ көпшілікке айтыскер ретінде тез танылды… Астары терең, теңеуі ерен кестелі сөз, кесек ой, көркем тіркестерін көрермен түсінем дегенше айтыс бітіп кететін… Көрермен түгілі айтыскерлердің өздері, айтыскерлер түгілі айтыстың бас қазысы Жүрсін Ерманның өзі де түсіне бермейтін. Ол бұл туралы Бекжан інісіне арнаған өлеңінде “Сенің сенбіде айтқан сөзіңді біз сәрсенбіде зорға түсініп жатамыз” деп тура тауып жазды…
Жалпы Бекжанның әр айтысындағы тереңнен маржан тергендей асыл афоризмдері туралы артынан ерген ақберен ақын інісі Мейірбек Сұлтанхан кеше қабырғасы қайысқан қазанамасында моншақтай тізіп келтіріпті…
Тоқсаныншы жылдардағы өтпелі кезеңді суреттеген:
“Коммунистер орнына
Корупистер келді ғой?!.
Комсомолдар орнына
Нансоғарлар келді ғой?!.
Пионерлер орнына
Зиян ерлер келді ғой?!.”
деген шымыр шумағы жабайы нарықтың жалпы көрінісін тура бейнелеген сөзі сол заманның дәл диагнозы еді…
Бекжан Әшірбай 2007 жылы менің шақыруыммен Республикалық “Жас Қазақ үні” газетінде бас редактордың орынбасары болып істеді.
Сонда көрдім оның нағыз сауатты да, жауапты редактор екенін.
Бүгінде жарық көргеніне ширек ғасырдан асқан “Қазақ үні” газетінде мен өзім қарамай нөмірді шығара беруіне сеніп тапсырған газеттің санаулы ғана саңлақ басшылары болды, солардың бірегейі Бекжан бауырым еді. Ол тіпті мамандығы суретші өзім секілді дизайннан да хабары бар еді, қатырып жасайтын.
“Қазақ үні” газетіне келген дарынды жастар өсіп кететін. Бекжан да біздің газеттен
Қазақстан Жазушылар Одағына қарасты республикалық «Қазақ әдебиетi» газетi бас редакторының бiрiншi орынбасары болып өсіп кетті.
Айтпақшы, мен Бекжанды биыл да “Қазақ үні” газетiнің бас редакторы болуға шақырдым. Денсаулығын айтып, сыпайы бас тартып еді. Қашанда кез келген істің шешімін табуға тырысатын әдетімен ол бас тартып қана қоя салған жоқ, бас редакторлыққа “Дәл қазір жұмыссыз жүрген бір ініңіз бар. Өте сауатты да, жауапты, талантты журналист. Жазуы күшті!”-деп қазіргі “Қазақ үні” газетінің бас редакторы Оразәлі Баймұратты ұсынған еді… Қайран, ақкөңіл, адал, ақын бауырым-ай!?.
Бекжан екі жыл бұрын: “Елуге келіп жатырмын, осы уақытқа дейін “Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері” атағын алмаған екенмін, биыл ұсынылып жатырмын” дегесін, Парламенттегі бір ақын ағасы, бір айтыскер інісі болып, Ринат Зайыт екеуміз депутаттардың қолын жинап, қолдау жасап едік, құдайға шүкір, жолы болған еді.
Бекжан заңға жүйрік еді. “Заң газетін” басқарды ғой деймін бірер жыл. Саясатқа сауатты еді.
Кезінде қазақтың белгілі ақындары Нұрлан Әбдібек, бастап, Бекжан Әшірбай қостап, біраз қаламгерлер “Ақ жол” партиясы мүшелігіне өткен еді…
Анау жылы “Республика сарайында” Бекжанның әндерінің концерті өтті. Сонда “Ақ жол” партиясы қолдау жасаған еді.
Бекжан Әшірбай 2023 жылы Алаш арысы, ұлтымыздың ұлы ақыны Мағжан Жұмабайдың 130 жылдығына арналған «Ақ жол» демократиялық партиясы ұйымдастырған, ҚР Жазушылар одағы мен ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының қолдауымен өткен халықаралық мүшәйрада Әлихан Бөкейхан атындағы Бірінші орынды жеңіп алған еді.
Айтпақшы, әндері демекші, Бекжанның “Көршінің қызы” деген керемет әнін білмейтін, шырқамаған қазақ жоқ. Былдырлаған баладан бастап, данаға дейін айтты. Иә, ол әсем ән Тоқтар Серіктің шырқауында әйгілі болған соң көбісі бұл әннің авторы Бекжан екенін біле бермейді, Тоқтардың әні деп ойлайды.
“Көршінің қызы керемет еді,
Әкесі де оның жақсы адам.
Ауылдан біздің неге кетеді,
Ауа-райы ма жақпаған?”
Осы әнді естігенде немесе өздері шырқап отырғанда әркімнің есіне көршісінің қызы түсетіні анық…
Немесе, осы әннен кейін талай бозбала көрші үйдің қызына көңіл аударып, көз сала бастағаны анық…
Көршінің қызының бәрі керемет болмауы мүмкін… бірақ осы әсем ән мен әдемі жырды жазған көрнекті ақын, сазгер Бекжан бауырымыз керемет еді…
Айтпақшы, ол менің де бір-екі өлеңіме ән жазып, ол әнді Бекжанның үйіндегі келін менің Алматыда өткен 50 жасқа толған шығармашылық кешімде шырқаған еді…
Бекжан осыдан бір жарым айдай бұрын маған Астанаға арналған мүшәйрада екінші жүлде алған жырын жіберіпті.
Енді көріп отырмын… Ақпараттар ағынынан байқамай қалғаныма, жауап қайтара алмай қалғаныма, телефон соғып құттықтап, сөйлеспегеніме енді өкініп отырмын…
Бекжанмен телефон арқылы болса да, сөйлесудің өзі бір керім. Асықпай, баппен, әңгімені нәшіне келтіріп, қатырып айтады.
Анау бір жылдары Алаштың арқалы ақыны Қасымхан Бегманов ағамыз басқарған “Мұстафа Шоқай жолымен” Санкт-Петербургке барған сапарымызда бірге болдық. Сонда әбден әңгіменің көрігін қыздырған едік.
Бекжан кейінгі кезде өлеңді өндіртіп жазып жүр еді…
Ол бұл жалған дүние, өткінші ғұмыр туралы да толғап кетіп еді…
“Аяқтың ғана ізі қап,
Аяқталмасын ғұмырың…”
“Көйлекті таңдап киіп алайық,
Кебінде болар бір-ақ түс…”
Бекжан көптен бері туып-өскен өңірінде, Жетісайдағы стадионда ән-жыр кешін өткізгелі жүретін… “Қазаға, өзіңіз бастап барасыз ғой” дейтін. Сөйтіп жүргенде хабарсыз кетті… Инсульт алған екен. Ол кейін тағы қайталаныпты… Кейінгі кезде тәуір болғандай еді…
Енді міне, естіп отырмыз, Бекжан ақынды анасы, туыстары бүгін кешке елге, Түркістан облысы Мақтарал ауданына алып кетіпті… Алдында “17 тамыз күні Жазушылар одағынан шығарады, 18-іне ауылында жаназасы болады” деп хабарланған соң үлгеріп қаламыз деп отыр едік… Қайнаған ыстық күнде көп ұстауға болмайды деп, анасы мен туыстары бүгін кешке алып кеткенін қазір түнде ғана Торғай даласында жүріп естідік…
Жаназасы ертең 16 тамызда сағат 11:00-де Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы, Мырзакентте өтетін болыпты.
Жетісайда жыр кешін өткіземін деп жүрген Бекжан ақын Жетісай жаққа кетті… Мырзашөлдің мырза шайыры Мырзакентке мәңгілік жайғасуға аттанып кетті…
Өзің армандаған Жетісайдың стадионында да жырың оқылатын кездер де келер алда… Астаналардың асқақ сарайларында да оқылар…
Елің оқиды…
Өйткені, кешелі бері бүкіл жырсүйер қауым жоқтап жатыр өзіңді…
Әлеуметтік желі сен туралы естеліктерге толып кетті…
Биыл 21 сәуірде дәуіріміздің ұлы ақыны Мұқтар Шаханұлының қазасына арнаған:
“Ұшып кетсе ақын жаны,
Ел іздейді артындағы.
Оған жалғыз қайғырмайды
Отбасы мен жақындары.”-деген “Қоштасу сөзіңде” жазғаныңдай, өзіңді де артыңдағы елің енді іздеп жатыр…
Бір кезде Алматыны армандап келген арыны бөлек, дарыны ерек Әмірхан Балқыбек ақынды да ауылға кілемге орап шығарып салып едік… Енді міне, Бекжан ақын кетті Алматыны тастап ауылға…
Аяулы анаң Ұлбике жеңгемізге, артыңда қалған асыл жарың мен алтын асықтай балаларыңа, туған-туыстарыңа, ағайынға көңіл айтамыз!
Қазақ руханиятына, қалың қазаққа көңіл айтамыз!..
Қош, бауырым! Алыста жүріп, қоштасып қала алмайтын, топырақ сала алмайтын болып тұрмын…
Бақұл бол, бауырым!
Пейіште рухың шалқи бергей!
Қазыбек ИСА
15 тамыз 2026 жыл