ТЕҢІЗДЕЙ ТЕРЕҢДЕРІМ

ТЕҢІЗДЕЙ ТЕРЕҢДЕРІМ

Биыл құрылғанына 100 жыл толған Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры төңірегінде айтылар сөз көп. 

Осындайда академик-жазушы Ғабит Мүсіреповтің бүгінгі сәулетті театр ғимаратының қалай салынғаны жөніндегі қызықты естелігі ойға оралады. Иә, әйгілі қаламгердің айтуынша, аталмыш қастерлі шаңырақтың ірге көтеруіне атақты артист, Социалистік Еңбек Ері Серке Қожамқұлов тікелей мұрындық болған көрінеді. 

– Бұ кісінің халыққа қажетті, әсіресе, ұлттық мүддеге қатысты әлеуметтік істерге қашаннан бері белсене қатысып жүретінін мен ертеден білуші едім, – деп жазады Ғабең. – Үй ішілік аралас-құраласымыз да көп сиремейтін. Бір күні Москвада Сері-ағаң мені бір қиын жұмысқа салды. Әрі қиын, әрі қисынсыздау да көрінді. Дегенмен, Сері-ағаң босатар емес: 

– Құрылыс жұмысы келер жылы бастала ма деп жүрген жаңа театрымыздың үйін одақтық Госплан алдағы жылдың тізімінен шығарып тастапты. Мені сол Госпланның бастығына жолықтыр! – деді.

Мен СССР Жазушылар одағының хатшысы ретінде кезекті дежурствода Москвада едім. Амал жоқ, Госпланның бастығына жай-күйімізді айтып қабылдауын өтіндім. Ұмытпасам, Лившиц деген адам болу керек, қолма-қол қабылдады. Мен Сері-ағаңды таныстырдым. Содан кейін мен – тілмаш, сөйлеуші – Сері-ағаң болды. Сері-ағаң 1936 жылы Москвада қазақ көркемөнерінің онкүндігі болғанын, онда бізге опера театры, артистер үйі, жатақханалар, мектептер берілгенін айтты. Лившиц қазақ тілінде орыс және дүниежүзілік классиктерден нелер қойылатынын сұрады.

– «Отелло», «Асауға тұсау», «Ревизор», «Мылтықты адам», «Шыңырау түбінде», «Таланттар мен табынушылар»... – деп, Сері-ағаң шұбырта жөнелді.

Лившиц тізімді аяқтатқан жоқ:

– Тоқтаңыз, қадірлі Серке Кожамкулович, мұның ар жағын мен білмей қалып жүрермін. Тоқтаңыз, рақмет... Қазақ академиялық драма театрының үйі тізімнен шығарып тасталмайды. Алдағы жылы салына бастайды. Қазақстанның басшыларына менен сәлем айта барыңыз, – деді.

Сол салына бастаған театр үйі – бүгінгі Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры. Театрдың салына бастауына республика басшыларының еңбектері бірінші орын алатыны даусыз ғой, мен тек Сері-ағаңның әлеуметтік жұмыстарға, әсіресе, өз театрының мұқтажына қатынасқан бір кезеңін атай кеткім келді…

Ал бұл жағдайдардан кейін дереу ірге көтеріп, аса дарынды өнер саңлақтары арқылы даңқы алысқа жайылып, Қазақ елінің абыройын асырған өнер шаңырағын бүгіндері Асанәлі Әшімовсыз немесе Сәбит Оразбаевсыз елестету қиын шығар. Басылымымыздың тұрақты авторы, танымал жазушы Қали Сәрсенбайдың кезекті әңгімесі осынау таланттар туралы өрбиді. 

«Сәбит Оразбай», «Асанәлі Әшімұлы».

Сірә, бұл – баспасөзде өткен ғасырдың 60-жылдары басталған тақырып. Бұл өзі теңіздей телегей, терең тақырып. Ілгеріректе біреудің «осыларды неге айналдыра бересің?» дегеніне қарадай күйіп-піскенім бар. Әлгінің пендешілік ойының нені меңзеп тұрғаны белгілі еді. «Құдай-ау, талант ортақ емес пе, бәріміз де туысқан, жерлес емес пе едік» демеймін бе? Тіпті, әлгі немеге Сабыр Адайдың: «Көрсетпе, Құдай, сен енді ноқталы жаттың жетегін, Асыр сап асыл ұл-қызым сүйдірсін гүлге етегін. Әр қазақ – менің жалғызым. Жалғыздың тілеп тілегін. Жалғаннан мәңгі өтемін!» деген өлең жолдарын шырылдап тұрып оқығым келген. Ұшқыр уақыттың өзі қазір сол ойымызды өз биігіне алып шыққан екен. Шынында, «осыларды неге айналдыра береміз?». Былайша айтқанда, «дұрыс» сауал қойып отыр. Расында, ойланбаған екенмін. Соның кілтін енді тапқан тәріздімін.

Талантты адамға қай кезде де құрмет, ілтипат білдіргіміз келіп тұратыны – табиғатымызда бар нәрсе. Неге олар туралы қалам тербеуге ынтықпыз? Өйткені, талант – таусылмайтын тақырып, ашылмаған аралдар тәрізді, оның болмысы, қасиеті, құпиясы, сыры, әнгімесі – бәрі-бәрі қазына. Бұлармен сөйлесу, пікірлесу – рахат, жан рахаты, рухани ләззатқа тояттау. Ол әр әңгіме сайын ашылады. Тосын ой, идея – бәрі-бәрі соның басында. Алла-тағала оған үйіп-төгіп берген. Асыл өнерге, сұлу өнерге ынтық біз сияқтылар қалған өміріне таяныш, талшық етсін деп оларды Тәңір-шебер өзі жарата салған тәрізді ме, қалай? Олардың озық ойы, өмір мен өнер турасындағы терең толғаныстары, парасат-пайымдары сені ғана өсіріп қоймайды, елді де өсіреді. Өмірі де терең, өнері де терең.

Ондай адамдар жұрт алдына көп шыға бергенді ерсі көреді. Сондайда ғой журналистің талантын сағына бастаған жұртына оның өмірінен азды-көпті сыр шертіп қоятыны.

Талант туралы толғанып, қалам тербеуге бет бұрсаңыз, оның өмір, өнер туралы көзқарастары, ортасы, әріптестері жайлы айтпасақ, әңгімеміз шала туған бала секілді көрінер еді.

Жаратқан өзі талантты етіп жаратқаннан кейін, енді сол талант халықтың меншігіне көшеді. Өйткені, өз көңілінен дөп шыққан дарыннын тілеуін енді қара ормандай жұрты тілейді. Ал енді сол өздері үміт күткен дарыны даңғаза, даңғой, өз жақсылығы өз басынан артылмайтын кем талант болса ше? Онда халық, сөз жоқ, теріс айналады. Бір рет теріс айналғаннан кейін сен қанша керемет болсаң да оның бетін бері бұра алмайсың. Осы тұрғыдан келгенде актер келбетіне ең алдымен өздері де талантты әріптестер көзімен бір үңіліп алсақ деймін. Қазіргі кейбір талант өз буына өзі пісіп, тек өз басын күйттеп кеткен заманда бұлардың олардан ерекшелігі бір- бірін ашып, бір-біріне демеу болып, қатар шапқан жүйріктер еді.

Райымбек («сахнаның ақыны» – Қ.Мырза Әли), Есболған («мұрнына дейін күлетін әртіс» – Р.Нұрғалиев), Әнуар («қорғансаң – қалқан, сілтесең – семсер болған қайран, Әнуар» – А.Сүлейменов), Асанәлі – («Алаштың ақтаңгері» – А.Сейдімбек), Сәбит (Сүйеу қартпен құбылыс жасаған – Ә.Сығай). Бұлар – бозбала кезінен жұптарын жазбай өткен жүйріктер. Таланттың кеңдігі сонда, Асекең де, Сәбең де өзінің кітаптарында, әр кездегі толғаныстарында олардың айрықша дарыны, алабөтен қасиеттері туралы айтады да отырады. Асекең «Тіпті, мені осылардың артына сол үшін де қалдырған болар» деп те жазды. Жазу, айту өз алдына, қолдан келгенше, солардың отбасына қолғабыс етіп, есімдерін есте қалдыруда аз еңбек еткен жоқ. Міне, кең таланттың кем таланттан бір артықшылығы осында. Кем талант бүгінге ғана қызмет етеді, кең талант келешекке қызмет етеді.

Соншалықты дарынды бола тұра, соншалықты адамгершіл болу да көп жағдайда мүмкін емес («Адам көп, адамгершілік аз»). Бәлкім, осынау қасиет оларға гендік код арқылы берілгенін былай қойғанда, алдындағы алыптар мектебінен алып қалған тағылымы ма екен? Сөз жоқ, бұл мектеп болмаса, бәлкім, Ыдырыстар, Фаридалар, Сәбиттер, Әнуарлар, Асанәлілер болар ма еді, жоқ па еді. «Мені өлгенде Шәкеннің қасына қойыңдар» деген Елағаңның (Е.Өмірзақов) сөзі қандай сөз десеңші. Сол аманатты Серағаңдар орындады. Міне, осындай ұлы достық, алғаусыз ақиқат арқауына айналған мектептен өткен Асанәлілердің, Сәбиттердің адамгершіл болмауына әдді қайсы?!

Әдетте, талантты адамға жалғыздық тән дейді. Ол рас. Бұл – өмірде де, өнерде де дәлелденген нәрсе. Абай да «атадан алтау, анадан төртеу» бола тұра («Моласындай бақсының, жалғыз қалдым тап шыным») жалғыздықпен алысқан. Толстой да, Достоевский де жалғыздықта өмір сүрген. Достоевскийдің жалғыздықтан жалыққаны сонша, тіпті, асылып өлетін жібін де дайындап қойған деседі. «Керек заттың ауырлығы жоқ» деп дағдыға айналдырып алған болуы керек. Кейде сол жіптің бірге жүретінін ұмытып та кетеді екен. Атағынан ат үркетін, абыройы аспандап тұрған, айнала қоршаған ағайыны бар Асекеңнің де, Сәбеңнің де өзін жалғыз сезінетіні жалған емес. Әрине, қарапайым ой түйсігіне салып айтсақ, халқының ортасында отырып, неге жалғыздық күйін кешсін. Алайда, бұлар өтірік өмір сүруге дағдыланбаған. Өнерде де өтірік күлу, өтірік жылау аса қауіпті құбылыс екенін тумысынан сезінген. Көрер көзге қиянатқа шыдай алмайды. Барды бар, жоқты жоқ деп үйренген. Содан да болар, олар өздерінің жалқы екенін біледі.

Олар – Асанәлі Әшімұлы, Сәбит Оразбай. Қазіргі апаларымыз, басқа азаматтар «тәйт әрі» дей қоймас, бүгінгі қазақ сахнасының екі абызы, тірі шежіресі осы екеуі десек, және артық кетпеспіз.

Бұл екеуінің тағы бір артықшылығы, жан серігі – ой, парасат. Екеуі де асқан әңгімешіл. Қазақшыл, ұлтшыл, елшіл, мемлекетшіл. Тәуелсіздіктің арғы-бергі жылдарындағы екеудің әңгімесіне қазақ өнерінің тағдыры мен тұлғаларының қайсыбірінің де өмірі арқау болмаған кезі жоқ. Қаллеки, Елағаң, Серағаңдардан бастап, өз буыны одан кейінгі буын туралы толғанбаған кезі сирек. 

Сірә, «талантты тану үшін де талант керек» деген сөз рас. Бұлар бір-бірінің қадірін жақсы біледі және басқа ортадағы орнын да жақсы сезінеді. Себебі, дарынды адамдар. Бір-бірі туралы ақжарылып, бүкпесіз сөйлегені де содан.

«Жұрт Асанәліні азамат ретінде де, үлкен шығармашылық тұлға ретінде де жақсы біледі. Еліміздің бетке ұстар актері, режиссері. Ұлтқа жанашыр, азаматтық даусы да белгілі. Халқымыздың басына бұлт үйірілген талай сәттерде – тілге, жерге, қазақстандық ұлтқа байланысты пікірін ашық айтты. Бәрімізбен бірге болды. Тіпті, жерге қатысты аштық жариялауға дейін барды. Мен оның азаматтық үнін жоғары бағалаймын. Ал актерлігіне байланысты айтарым, мықты актерлер бар шығар, бірақ, Асанәлінің орны бір бөлек. «Сегіз ұлым – бір төбе, Ертөстігім – бір төбе» деген сияқты Адам ретінде достыққа, жолдастыққа адал. Өсек-аяңнан аулақ. Біреуді қызғану, көре алмау деген табиғатында жоқ. Өнерін өмірінен жоғары қойған және басқалардың да өнерін бағалай білетін азаматтардың бірі... Қазақ өнері үлкен қара шаңырақ болса, Асанәлі соның не шаңырағы, не керегесі, не ұстыны деп айтар едім. Асанәлімен біз мақтануымыз керек. Мақтанамыз да!» деп Дулат Исабековтің айтқаны осы екі кісіге де арнап айтылған десе де болғандай. 

Сөзімізге тағы бір куәдүр ретінде Сәбеңнің мына бір пікіріне құлақ салайықшы: «Ол түскен фильмдер қазақ киносының тарихында алтын әріппен жазылған туындылар. «Қыз Жібек» қандай, «Атаманның ақыры», «Транссібір экспресі» қандай! «ҚызЖібекте» Бекежанның рөлін Құрманбек Жандарбековтен кейін жеріне жеткізіп орындаған осы – Асанәлі.

...Асанәлі – халықтың сүйіктісі, үлкен абыройлы азамат. Алдына барған, қиын жағдайға душар болған адамдардың барлығына аянбастан қолынан келген көмегін көрсетіп жатады. Туған жерінде мешіт салдырды. Жалпы, өнер адамдарының көпшілігіне тән бір қасиет – қанша абыройлы болса да елден, ауылдан қол үзіп қала береді. Ал Асанәлі елімен бірге, байланысы өте күшті. Асанәліні қайда барса да халық жақсы қарсы алады».

Сәбит қалай жақсы айтқан деп балаша қуанды Асағаң. Әрине, жақсы айтады. Адалдық айтқызып тұр ғой. «Мұндай сөзді Дулаттан күтпеген едім» – деді. Әрине, күтпейсіз. Өйткені, біреу айқайлап айтады, біреу үнсіз ғана іштей мойындайды, сүйсініп жүреді, онысын бәрібір бір күні ақтармай тұра алмайды, себебі, талант бір-бірін танымай тұра алмайды. Бұл – шын талантқа, классик адамға ғана тән қасиет. Кешегі Оралхан, Ақселеудей үзеңгілестерінің айтқанын бүгінгі казақтың классик қаламгерінің жаңғыртуы заңдылық.

Міне, бұлар осылай. Бір-бірі туралы осылай төгілді. Асекең әдеттегі юморымен-ақ, кішкентай бір детальмен-ақ «бұның бір кемшілігі бар, бір-ақ әйелі бар» дегені – Сәбеңнің адам ретінде де, өнерпаз ретінде де тума, таза талант екеніне ақсамас айғақ. Бұдан асырып та айтып жүр. Ал, мынау әрі әзіл, әрі естен шықпайды. Риясыз. 

Бұлар – бір соқпаққа түсіп алып, жұртты жалықтырудан ада, жан-жақты талант. Кісіге көлеңкесін емес, шуағын түсіретін талант. Өзі талантты адамның қыры мен сыры да көп. Бірі сурет салса, бірі сурет түсіреді. Және сол суретінің астына мәнді, мазмұнды мәтін де жазып қояды. Мәселен, Асағаң Ыдырыс Ноғайбаевтың суретін салады да, астына «батыр бейнелі, бойлы, үнді, ырысты, сағындым Ыдырысты», не болмаса Серағаңның суретін салып, «мінезі баладай, ойы данадай, қайран Серағам-ай!» дейді. Көңілде тез жатталып қалады. Талант қайда да талант, ал, не істейсіз? Сәбең – фотоөнердің хас шебері, тіпті, бұл кәсіп ол кісіге алданыштан гөрі, өмірінің бір алтын арқауына айналған. Бүгінгі әкемтеатр мұражайындағы сарғайған суреттерде Сәбеңнің шебер қолтаңбасы жатыр. Ал енді сол суретті түсіріп қана қоймай, шығарып, астына мәтінін жазып, өзіңе ерінбей-жалықпай әкеліп беретін ұқыптылықты қайда қоясыз? 

Бұл бұл ма, Сәбеңнің әншілігін, ән шығаратынын қайда қоясыз? Ән болғанда қандай! Қазір жер-көкке сыймай аһылап-үкілеп, ыңқылдап-сыңқылдап ән салғыш болып алған біреулер осындай ән шығарса жанын қоярға жер таппай, төбеңізді ояр еді. Жоқ, Сәбең оны өнерпазға тән, қарапайым қалып деп қабылдады. «Тоқта ботам, атаң келед артында!», «Бүгін менің туған күнім...», «Сүрініп кетпе» тәрізді Мұқағалидың сөзіне жазылған әндері ел жүрегіне ұялап қалғалы кай заман! 1982 жылы Ташкент жақта бір ақсақалдың аузынан жазып алған «Төле бидің толғауына» да өз жанынан ғажап мақам косып, елдің туындысына айналдырып жіберді.

Күні кешегі телетеатр «Қымызхананы» жұрт неге сағынады? Сәбит Оразбайдың термешілігі, әншілігі осы «Қымызханада» мүлдем бөлекше қырынан көрінді. Халқымыздың жадынан өше бастаған, тек жергілікті жерлерде ғана жылт етіп көрінетін осы бір алтын бастау – дәстүрлі өнерімізді сол жылдарда қайта жаңғыртып, үйіріне қосқанның бірегейі де Сәбең еді. Сол жылдарда Жамбылдың Өтеген дастанын радиоға жаздырды. Жамбыл жәкемнің Сүйінбайдан алған батасын Сәбеңдей айтатын адам сирек. Қысқасы, небір кисса, дастандарды талмай айтып, актерлік өнердің бір қанатына айналдырғаны және осы қасиеттің осы буын өкілдеріне көбірек тән болып, кейінгілерге дарығаны да – айтып болмайтын шындық.

Шетінен шебер бұл буынның біз әңгіме етіп отырған екі өкілінің ұзақ жасап, сүйікті болуы екінің бірінің маңдайына жазылмаған. Осының бәрі – өмірге, өнерге, айналасына адалдықтың, тазалықтың арқасында келген абырой еді. «Абырой Алланың қасында» дейді. Сол армандай алыс, асқақ абыройды Алла бұл екеуіне үйіп-төгіп берді. Ең бастысы, соны ұстап тұру да – шын таланттың қолынан келетін тірлік-ау. Асекеңнің өзі айтпақшы, «Біреулерге атақ берген, біреуге соны ұстап тұратын абырой бермеген», бұл екеуіне беріпті. Рухани мұратқа адалдықтың, елге қызмет етудің нәзира үлгісі осындай болар. Екеуін қатар көрген сайын ұлт абыройы қол ұстасып келе жатқандай күй кешетінбіз. Бір-бірінің бағасын білу, өзгенің де бақытын бағалау, аялау деген осы шығар. Мұндай асыл туған тектілік өнердегі қай буын өкілдеріне де жұғысты болса екен дейсің.

Осының бәрі қайдан басталды? «Бұлақ басынан тұнады» деген сөз бар. Бұлар – адал сүт емгендер. Осынау ұлы достықтың басында қайран біздің арды ойлаған шешелер тұр. Сәбеңнің, Асағаңның шешелерінен қалған қасиет бұл. 


***

Бұлар неге мықты, неге текшіл?! Өйткені, олар Қаллекишіл, Шәкеншіл, Елубайшыл, Серәлішіл, Сәбирашыл болды. Ал, біз Өзбекәлішіл, Сәбитшіл, Асанәлішіл болдық. Бізден кейінгі, одан кейінгі буын кімшіл болар екен?! Бұл – мәселенің мәселесі. Өйткені, Құман мен Меруертке барып отырып «Сіздер қандай фильмде ойнадыңыздар?» деп сауал қоятындардың кімшіл болатынын ойлаудың өзі қауіпті.

Қос абыздың кейінгі жеткен абырой-атағы, сөз жоқ, өзінің Алла тағала берген дарыны, талантының арқасы еді. Абырой-атақтың өзі біреулерде жасанды болады. Олар ұмытылып қалмас үшін тілі мен жағына сүйеніп, қазымырлана сөйлеп, жасандылықтың шыңына шығып, қайта-қайта кеш өткізіп, сол баяғы алдамшы атағын сақтап қалу жолында тыным таппайды. Бірақ, не жылуы, не нәрі жоқ ондай орташа таланттардың болашағы да жоқ, жадыдан тез өшеді. Мұндайда құр босқа таусылып сөйлеудің қажеті жоқ. Ойымызды кемеңгер Асқар Сүлейменов айтып қойыпты. «Өтірікті айта берсең, шындыққа айналады, ал шындыкқты айта берсең, қартайып, өтірікке айналады». Ал мынадай дарынды адамдарды, Тәңірі айрықша жаратқан жандарды, атақ-абырой өзі іздеп келеді. Олар «халқым мені ұмытады-ау» деген ойдан мүлдем ада. Тәуелсіздіктің жиырма жылдығында Асекең екеуміздің «Егемен Қазақстанда» сұхбатымыз шықты. Сонда: «Жұрттың бәрінде бизнес бар, белгілі адамдар абыройын алға тартып, өзінің бизнесін жасайды. Осы жағы сізде қалай шешілген?» – деп сұрақ қойдым. Асекең: «Менің бизнесім – өзімнің жиған абыройым, атағым. Ешкімнің алдына ештеңе сұрап барған емеспін. Үй салсам да, мешіт салсам да, маған абырой-атағым салып берді», – деп жауап қайтарған еді. Расында, Оразбаевтар, Әшімовтер – пендеуи дүниеден қашанда биік. Теңіздерде, мұхиттарда алысқа жүзетін алып кемелер сияқты, өмірдің ұсақ-түйегіне мән бермеген. Өйткені, шынайы талант. Ал дарынды адам – бар жағынан дарынды. Егер Асанәлі де, Сәбит те актер болмаса, басқа салада да дара шығар еді. Өйткені, Тәңірі өзі айрықша етіп жаратқан. Мәселен, Асекеңнің актерлік, режиссерлік, лекторлық өнері өз алдына. Оның сыртында қалам ұстағаны белгілі. «Алматы ақшамы» басылымында бір жылдай күнделігі жарияланды. Сол күнделіктерінің барлығында елдің тарихы, мұңы, қуанышы тұнып тұр. 

Елді ойлайтын зиялы да азайып бара жатыр ғой. Ел жаққа елеңдеп отыру, жиі ат басын бұру – бұлардың қанына сіңіп қалған қасиет-ті. Бұл не деген сөз?! Бұл – Сәбең айтқандай, тұлғаның елден ажырамастай болып, кірігіп кеткенінің белгісі. «Майраның әні», «Жан бөлек» атты кітаптары жарық көрді. «Жан бөлек», «Менің жанрым – күнделік», «Гүлдер де жылайды екен» атты кітаптарына редактор болдым. Бір жыл мұрағатына түсіп отырып бес томдығын дайындадым. Қаншама қазынаға кезіктім. Сонда түйгенім – бұл кісінің жазушылық қабілеті де жоғары. Ал енді айтқыштығы, от тілді орақ ауыздылығы өз алдына. Айтқыштығы дегенде, ел есінде жүрген әзілдерін былай қойғанда, кейде ел көкейіндегі ойды сахнадан айтатынын жұрттың бірі білсе, бірі білмеуі мүмкін. Мәселен, «Апат» спектаклінде Асан шал – Асағаңның қамығып, іші өртеніп тұрып «жерді сатпаңдар» деп арыстандай ақырып жібергені бар еді. Сол тұстағы ең өзекті мәселені ол сахнаға осылай алып шыққан. Кейіннен сол спектакльге қатысып отырған бір шенеуніктің зәре-иманы калмады деп те естідік. Сол спектакльде ғой деймін, «ей, адам жерге табын!» деп, мәртебелі ақынымыздын сөзіне жылдар өткен соң түзету енгізгені және бар. «Қазіргі талғам мәселесін ойласам, мынадай бір түсінік, өлшем қалыптасып бара ма деп қорқамын. «Голливуд жұлдыздарының» өнерін көріп өсіп жатқан бүгінгі аңғал, ұрыншак ұрпақ «актерлік өнер дегеніміз, шын актер дегеніміз осы екен ғой» деген ойға табан тіреуі де хақ. Олар жақсы спортшы, каскадер шығар, бірақ, көбісі актер емес. Олар образға ене алмайды, өйткені, көрген мектебі жоқ. Қазіргінің тілімен айтсақ, шын мәніндегі актерлер емес, «боевиктер». Бүгінгі көрермендер бір сәттік қана сыртқы әсермен, алданышпен өмір сүріп жатыр. Ал актерліктің кісінің ішіне сәуле түсіретін құдыретті, текті, бекзат өнер екенін кімнен сұрасақ екен?! Менің құрметті профессорларым бұған не дейді?

Амал жоқ, осы бір барақатсыздау сауалыма өзімді-өзім шамам келгенше жауап беруге мәжбүрлеп, ұлы актриса Майқанованы актерліктің эталоны етіп алған жағдайым бар».

Асанәлі Әшімұлы «Қазақ актрисаларының Қаллекиі» атты мақаласын осылай бастайды. Бұрын өз жақсыларымызға өз ішімізден теңеу таба алмай жатушы едік. Асекең Сәбираға теңеуді өз ішімізден табады. Және кімге теңейді десеңші!?

Осы мақаланың бастауындағы сөздің өзі біздің бүгінгі биігіміз, өлшеміміз туралы толғануға жетіп жатыр. Кешегі биіктік бүгінге өлшем бола ма? Біз неге одан да биік болмауымыз керек? Актерлікті саф өнер, бекзат өнер биігіне көтерген Асанәлі, Сәбиттердің бүгінгі өз соқпағын, өз болмысын табуға тиісті кейбір әріптестері неге Голливуд, Болливуд «жұлдыздарын» биік көреді?!

Шынайы өнер, шын өнер қайда? Ұлы өнер, бекзат өнер, асыл текті ақсүйек өнер қайда, кешегі күнмен қалып қойды ма? «Кісі болмысына енетін өнер» дегенде ұлы Абай актерлікті де ойлаған болар-ау?! Сол ұлы ұстаз айтқан болмысты неге іздейді, неге сағынады Асағаңдар, Сәбеңдер?!

Бірде сол «боевиктердің» биігіне шыққан Джеки Чан мырза теледидардан көзі жасқа шыланып:

– Жұрттың бәрі мені жұлдыз дейді. Мен боевикпен жұлдыз болғым келмейді. Үлкен образ жасағым келеді, шын актер болғым келеді. Шын жылағым келеді, шын күлгім келеді, – деді.

Шын жылау, шын күлу. Сәбиралардың ойынын Чандар көрмесе де, біз көрдік қой. Осынау сахнаның жаны дерлік егіз стихияның көкесін көрсетуші еді-ау, солар. Олардың тірі күнінің өзінде аңызға айналғаны сонша, тіпті, бұл кісілер ойнағанда театрға жедел жәрдемді шақыртып қояды екен дегенді де естігенбіз.

Сірә, бұл – жаһандық проблема. Бұл – әлі де болса бізді іздеп тауып алатын жаны сірі еуроцентристік көзқарастың бізді айналшықтап, өкшелеп қоймай жүргенінің белгісі. Асекең мен Сәбеңнің ойлайтын қаупі осы еді. Ол қауіп бізге келді, әлдеқашан келді. Әлемнің озық ойлылары сенің өнеріңнен әлемді, голливудтық ықпалды іздемейді, сені іздейді. Сондықтан, ең алдымен, өзіңді өзгертіп, өзіңді бейнелей алсаң ғана, өзгелер сені мойындайды. Сенің өзге болғаның өзгеге керек емес.

Екі абыздың да осылай ой теңізін кешкеніне қаншама күндер, қаншама түндер өтті екен?! Оларды осындай ой жосығы қаумалағаны анық.

Міне, қос абыздың осы ойы қазір біздің өнерге керек-ақ болып тұр. Бүгінге керек болмаса, келешекке қажет болар деген ой.

Қашанда ел деп елеңдеп, елегізген осы бір ерекше екеудің ойын оқыған сайын кімнің болса да тынысы ашылып қоя беретіні сөзсіз. 

Өнерге өлермендікті, қаскөйлікті, бүлдіргіні алып келумен өмірі өтіп бара жатқан әлдебіреудей арбау, арандату, алдаумен емес, Алаштың алдағы абыройына алаңдаумен таңы атып, күні бататын ерекше екеуден үйренетін нәрсе көп. Біз бұл жолы мақаламыздың ықшамдалған нұсқасында соның бір тамшыдайын ғана сөз ете алсақ, ол да бір жетістік.

Қали СӘРСЕНБАЙ, 

жазушы