МӘМБЕТОВ – МИЗАНСЦЕНА МАЙТАЛМАНЫ ЕДІ
2026 ж. 14 шілде
71
0
Биыл елдің кәсіби сахна өнерінің тал бесігі Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық театрының құрылғанына жүз жыл толғаны мәлім.
Бүгінде тоқсан жасқа келген әйгілі актер, театр педагогі, профессор, мемлекеттік сыйлық лауреаты Сәбит Оразбаевтың театр мерейтойына орай қызықты әңгімелерінің бір парасы ұсынылып отыр.
«Қарақалпағым, ей, қарақалпағым...»
Жұмабай Медетбаев деген актер Тәшкеннің театр институтының 2-курсынан Алматыға консерваторияға ауысып келді. Тоқпановтан сабақ (дәріс) алды, ақыл-кеңесін тыңдады. Сөйтіп, театр факультетінің актерлік бөлімін бітіріп шықты. Тоқпанов Жұмабайға «қарақалпағым-ей, карақалпағым» деп қайта-қайта айта беруші еді. «Мүләйім» деген әнді жақсы айтасың, қарақалпағым. Бірақ, сен теке күлкіңді тоқтат, сөздің мән-мағынасын түсініп айт. Сен екі жыл кешігіп келдің. Тәшкентте өзбектің арасында жүргеніңде кім саған қазақтың сөзін олай айтпа, былай айт деп үйретті дейсің», – деп Жұмабайға көп тиісе беретін.
Тоқпанов кеткен соң, Жұмабай: «Осы кісіні түсінбеймін, қыр соңымнан қалмай қойды. Әуелгі кезде «Жұмабайым, Жұмабайым» деп жанына жақын тартушы еді, кейін «қарақалпағым» дегенді шығарды. Осы сөздің астарында бірдеңе жатқан сияқты. Маған деген көзқарасы да өзгеріп бара жатыр», – деді.
Институтты бітірген соң Жұмабай Қарағанды театрына кетті. Ол жерде бір жыл жұмыс істеді. Біраз рөлдерді сомдады. Әсіресе, Кебек батырдың бейнесін жақсы ойнауымен ерекшеленді. Бір жылдан кейін біздің театрға оралды. Көркемдік кеңестен «жақсы» деген бағамен өтті. Мәмбетов:
– Әй, Жұмабай, өнерің жақсы, шеберлігің де шыңдалыпты. Бірақ сенің денең неге қатып қалған осы? Қимылдауың қиын. Сен өзі «Бұлшық ет бостандығы» («Свобода мышца») деген пәнді білесің бе? Естіп көріп пе едің? – деді.
– Е, неге білмеймін, білемін, ол актер үшін өте пайдалы пән, – деді Жұмабай да жұлып алғандай.
– Білсең, неге соны жүзеге асырмайсың? Қатқан ағаш сияқты сіресесің де тұрасың...
– Әзеке, кешіріңіз, мен жас кезімде баспаханада жұмыс істедім. Кілең қорғасынның ортасында қалшиып тұратынмын, қатып тұрғаным, бәлкім, соның әсері шығар, – деді.
– Ой, сен де бір идиот екенсің, – деп Әзекең мырс етіп қолын бір сілтеді де, кетіп қалды.
Жұмабай Медетбаев театрдың тәртібіне ыңғайланып сіңісіп кетті. Жақсы табыстарға да жетті.
Қобыланды бейнесін шебер сомдады
Өзімізде оқыған Әнуар Молдабеков институтты бітіре салысымен әйелі Баян екеуі Қарағандыға тартып отырды. Ол жақта төрт жыл жұмыс істеді. Көптеген рөлдерді ойнады. Қара қыпшақ Қобыландының бейнесін еліміз бойынша шебер сомдаған сол еді. Үлкен абыроймен әкемтеатрға ауысты. Көркемдік кеңес кезінде риза болған Мәмбетов: «Көрдің бе, мінеки, біздің мектептің тәрбиесі көрініп тұр. Мектептің аты – мектеп. Сөзі қандай, ойы қандай, даусы қандай, бәрі ап-анық естіліп, сезіліп тұр» – деп әбден мактап алды да:
– Сенің анда-санда бір ұстайтын «жының» бар. Соны қойғын! – деді Әнуардың арқасынан қағып.
Мұхтар Өтебаевты да қара терге түсірді
Осыдан кейін театрға Мұхтар Өтебаев келді. Ол да әбден таяқ жеді. «Сен өзбекше сөйлейсің. Өзбектің акценті бар. Содан арыл», – деді оған. Әнді жақсы салатын. Нақышына келтіріп, сөзін де, әуенін де бұзбай айтатын. Ол қабілетін бүкіл ұжым құрмет тұтты. Актерлігі сәл кемшіндеу болатын. Әзірбайжан оны да қара терге түсіріп, нағыз шеберлікке тәрбиеледі. Лайды аяқпен баса берсең, әбден шыңдалып, беки түседі. Одан құйылған кірпіш те берік болып, ұзаққа барады. Өнер де сондай. Ізденген сайын шыңдала түседі. Мұхтар Өтебаев танымал актер болды.
«...Сенде атақ бар, менде неге жоқ?»
Айтпаса болмайды, Пірімжанов деген театрымызда трагедиялық тұлға болды. Қызылорданың жігіті. Облыстық театрда жұмыс істеген екен. Даусы да, бет-әлпеті де келісті болатын. Ер тұлғалы, зор денелі батыр да батыл азамат еді.
Райымбек жақсы көретін. Жасөспірімдер мен балалар театрында Сталиннің рөлін жасады. Жақсы ойнады. Адамның «Жақсы мінезі – бағы, жаман мінезі – соры» дегендей, тағдыры мінезінің құрбаны болды. Сынды көтере алмайтын. Қап-қара болып түтігіп кететін. Балалар театрына сыймай, бізге келген беті екен.
«Қан мен терде» өзіне берілген эпизодты өте жақсы ойнап шықты. Бірақ бұл жерге де тұрақтауы қиынға түсті. Ішіп алса болды: «Сенде атақ бар, менде неге жоқ? Сенде машина бар, менде неге ол жоқ?» деп атағы мен көлігі барлардың жағасына жармасып, қараңғы бұрышқа апарып мытитын көрінеді. «Ойбай, аға, мен қайдан білейін? Сіз де алатын шығарсыз» десе, «Атамның басына аламын ба, әлде әкемнің басына аламын ба? Мінекей, қанша уақыт өтті» – деп, құдды сол бермей тұрғандай айқайлайды екен.
Осы жігіт ақырында қызметтен де, үйден де кетті. Отбасында да бақытты болмады-ау деймін. Мен де, Тоқпанов та шақырып алып талай әңгімелестік, ақыл-кеңес бердік, нәтиже шықпады. Өмірде де, өнерде де жолы болмады.
«Жасым жүзге жақындады... Бәлкім, сол тәберіктің пайдасы шығар...»
Анам соңғы кездері өлім жайлы көп айтатын болды. Екі сөзінің бірінде ақыл-кеңесін беріп, тату-тәтті өмір сүруімізді тапсырып жатады.
Кім білсін, көңіл қандай күй кешеді,
Қаңырап қалуы оңай үй кешегі.
Алтыным жоғалғандай алаңдаймын,
Анамның көрінбесе кимешегі, –
деп қайсар ақын Мұқағали Мақатаев жырлағандай, өткен-кеткенін айтып, аманаттап жатады. Осы түсті көргеннен кейін, құданың құдыреті, анамның кимешегін көргендей болдым...
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, жасы жүзге таяп қалған актриса Хабиба апай телефон соқты:
– Әй, Сәбит, сенің есіңде бар ма, жоқ па, анаң дүниеден өткенде бір топ әйел көйлегіне таласып, тәбәрік етіп қайшымен кесіп-кесіп алғанбыз. Сонда сенің үйіңдегі Света келін маған қомақтылау етіп беріп еді. Көрдің бе, қазір менің жасым жүзге жақындады. Бәлкім, сол тәбәріктің пайдасы тиген шығар, – деп күлді.
– Ой, апай, аман болыңыз, жасай беріңіз, барлық қызықты көріңіз, сіз көзі тірі шежіресіз, жадыңыз да мықты, жаныңыз да жайсаң, жасай беріңіз, – дедім.
Деуін десем де, мен ойланып калдым. Ол кісінің дәл апам түсіме кірген кезде телефон соғуы таңқалдырды. Сөйтсем, жарықтық Хабиба апайдың да өткен-кеткенін есіне алып, елеп-екшеп жүрген кезі екен ғой.
Анам тоқсан алты жасында, 1981 жылы 31 тамызда дүниеден озды. Қызы, апайым – Зерхан араға отыз бір жыл салып ол да тоқсан алты жасында өмірден өтті. Адам тағдырында осындай-осындай ұқсастықтар бола береді екен.
Оспанханның атақты өлеңі осылай жазылды
Актерлік бөлімге қабылданған соң бізді екі топқа бөлді. Жартымыз Моисей Гольдблатта қалдық та, жартымыз Асқар Тоқпановқа бардық. Мен алғашқы топтың ішінде болдым. Оқуға өзі қабылдағанмен, Тоқпанов мені өз тобында қалдырмады. Неге олай жасағанын сол күйі біле алмадым.
Мойсей Исаакович Гольдблат ерекше дарынды ұстаз әрі режиссер болатын. Студенттердің жағдайына қарайтын. Дауыс көтеріп ұрсу дегенді білмейтін. Ауыл баласының мінез-құлқына сай тәрбиеледі. Біздің әке-шешеміз сияқты еді. Қалай киіну керек, қандай киім жарасады, аудиторияға кіргенде қалай сәлемдескен жөн, есікті калай жабамыз, осының бәрін айтып отыратын. Сабақтың өзін осындай ішкі мәдениеттен бастады. Шындығында да, осының бәрі әртіс үшін, жалпы өнер адамы үшін керек екен ғой. Сосын барып театрға көшті. Өкінішке орай, ол кісі біздің маңдайымызға сыймады. Арада бір жыл уақыт өткенде Моисей Исааковичті қызметтен босатты. Ол кісі бізге сабақ берумен қатар, қазақ драма театрының бас режиссері еді. Үсті-үстіне жазылған дәйексіз арыздар себеп болды. Мықты маман, талантты режиссер еді.
Алғашқы топтағы он екі бала Асқар Тоқпановтың сыныбына қайта қосылдық. Ішімізде әдебиетке бейім жастар да болды. Солардын бірі – Оспанхан Әубәкіров. Өзі әзілкеш болатын. Болмайтын жерден сөз тауып, оны әзілге айналдырып, жанындағыларды күлдіріп жүретін. Тілінің уы бар-тын. Тілін төсеп сөйлейтін мүкісі де болатын. Асқар Тоқпановтың кәріне ілікті. «Сенен актер шығуы қиын. Қалжыңбассың. Оспақтан басқаға бейімің жоқ», – деп ұрсатын.
Ерегіскенде Оспанхан актерлікті бітірді. «Қозы Көрпеш – Баян Сұлудағы» Жантықтың рөлін өзінің дипломдық жұмысы ретінде ойнап шықты. Кәдімгі актерлердей сенімді ойнады. Комиссия мүшелерін тәнті етті.
«Ойнаймыз деп Жантықты,
Қалмады ғой жан, тіпті.
Оспан әртіс болмас деп,
Кейбіреулер тантыпты», –
деген уытты жыры осы кезде жазылды. Жалғыз ауыз шымшыма шумақ талайларды тулатқан болатын. Әсіресе, Асқар Тоқпанов ұстазымыздың шымбайына шындап батып еді. Консерваторияның қабырға газетінде жазылған бұл жалғыз жыр шумағы сол күннен бастап-ақ ауыздан-ауызға тарап, атақты өлең болып кетті. Атақты болғаны ғой, арада жарты ғасырдан астам мерзім өтсе де, әлі жадымызда жүргені.
Асқар Тоқпановтың қазақтың актерлік мектебін қалыптастырудағы еңбегі ересен. Оны әсте жоққа шығаруға болмайды. Бұған тарих куә. Қазақ театрының көркіне айналған Бикен Римова, Шолпан Жандарбекова, Байділда Қалтаев, Мұхтар Бақтыгереев, тағы да басқа атақты актерлеріміздің бәрі дерлік осы Асқар ағамыздың алдын көргендер, тәлім-тәрбиесін алғандар. «Тоқпанов тоқпағының» мықтылығы да осында болса керек. Райымбек те, Асанәлі де, мен де осы мектептен шықтық.
Тоқпанов керемет ұстаз болатын. Адамды жазбай танитын. Оспанханға да «Сенен әртіс шықпайды, әзіл-оспаққа бар» деп жүргені сол. Асанәліні де ауылшаруашылық институтында агрономның оқуына түсейін деп жүрген жерінен консерваторияға сүйреп әкелген. Тұңғышбай Жаманқұловты да өнерге шақырған осы ағамыз. Ол – Жамбылдың су шаруашылығы институтының үздік студенті екен. Осындай мысалдар толып жатыр.
Қазақ театрының гүлденуі, елге, әлемге танылуы 60-жылдардан басталды
Бұл – режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтың еңбегіне тікелей байланысты болды. Мәмбетов оқуды Мәскеуден бітіріп келді. Сосын, Қазақстанның әр облысында спектакльдер қойып, тәжірибе жинақтады. Әзекеңнің өзіне дейінгі және өз кезіндегі режиссерлерден артықшылығы неде? Осындай орындық сұрақ тууы мүмкін. Мен ол сұраққа еш қиналмастан әрі қорынбастан: «Мәмбетов мизансценаның майталманы еді», – деп жауап берген болар едім. Иә, шын мәнісінде солай болатын. Қай рөлге кандай актер лайықты екенін дөп басатын, еш жаңылыспайтын. Өйткені, спектакльдің мақсатын, кейіпкердің айтпақ ойын жете түсінетін. Сол мақсатына жеткізуге күш салатын. Кімнің қолынан не келеді? Қарым-қабілеті қандай? Осының бәрін Мәмбетов бес саусағындай білетін.
Әзекеңнің қара шаңырақ – қазақ театрында қойған алғашқы спектаклі – «Беу, қыздар-ай!» болатын. Қанабек Байсейітов пен Қуандық Шаңғытбаевтың бірлесіп жазған пьесасы еді. Пьесаның окиғасы: ақын, доцент және суретші ауылдан оқуға келген сауыншы Айсұлу есімді қызға ғашық болып қалып, соны іздеп барудан басталады. Ақын рөлінде – Райымбек Сейітметов, доцентті – Ғабдош (Ғабдолла) Сүлейменов, суретшіні мен ойнадым. Қойшының ролін Есболған Жайсаңбаев орындады. Сол кездегі театрдың жас актрисалары: Фарида, Зәмзәгүл, Нүкетай, Салиха да бір-бір рөлді иеленді. Спектакль өте керемет болып шықты. Көрермен мейлінше көп жиналды. Бүкіл Қазақ елін аралап сол спектакльді қойып шықтық. Біздің танылуымызға осы спектакльдің әсер-ықпалы мол болды. Әсіресе, Әзекеңнің мәртебесі өсіп, мерейі артты. Ең бастысы, әр актердің өз орнында тұруы еді. Көрермен мені суретші деп, Райымбекті ақын деп, Ғабдошты доцент деп атап кетті. Сол сияқты Фарида, Нүкетай, Зәмзәгүлдерді де көрермен Айсұлу, Күнсұлу, Нұрсұлу деп атап жүрді. Мұның бәрі Әзекеңнің ой өрісінің мықтылығы, мизанцсенаны жетік меңгергендігі еді.
Қырық жасымда жүз онға келіп дүние салған Бұхар жыраудың бейнесін сомдадым. Әзекең мені жас кезімнен-ақ егде кейіпкерлердің бейнесін сомдауға тәрбиеледі. Әбдіжәмил Нұрпейісовтің «Қан мен теріндегі» Сүйеу қарттың рөлін маған сеніп тапсырды. Бұл өзі аяқ астынан болды. Сүйеудіц рөлін ойнайтын Қазақстанның Халық әртісі Елубай Өмірзақов белгілі себептермен келе алмай қалды да, мен ойнайтын болдым. Автор Әбдіжәмил Нұрпейісов маған сенімсіздік танытты. Актер деген халық тәртіпті ұнатады. Бас режиссер айтқасын болды, мен дайындыққа кірістім. Ауылдағы ақсақалдардың, батагөй шалдардың, олардың жүріс-тұрысын, қимыл-әрекеттерін есіме түсіріп, соларды өзімше жасап жаттықтым. Рөлдің тигеніне қуанғаныммен, жауапкершілігі қатты толғандырды. Көңіл күпті. Оның үстіне Әбдіжәмил ағаның сенімсіздік танытқаны бар, қатты күйзелдім. Сонымен спектакль сахнаға шықты. Халық өте көп жиналды. Абырой болғанда, сөзімнен жаңылмай, сыннан мүдірмей өттім. Спектакль біткесін автордың өзі келіп, қолымды алып, ризашылығын білдіріп құттықтады. Осылайша сексендегі Сүйеу қарттың рөлін отыз тоғызға толмаған шағымда ойнап шықтым. Ал содан кейін жүз онға келіп дүние салған әйгілі Бұхар жыраудың бейнесін сомдадым.
Қарт адамға қарағанда, өз замандасыңның бейнесін жасау оңайырақ. Мұны әртістердің бәрі мойындайды. Көп жағдайда рөлді бөлгенде кейіпкер мен ойнайтын актердің жас шамасына қарайтыны сондықтан. Ал, Мәмбетов бұған көп мән бермейтін. Ол актерлердің қарым-қабілетіне баса назар аударатын. Сосын кейіпкер мен актердің мінез-құлқынан ұқсастық іздейтін.
Бұрынғы әңгімелерімде айттым ғой, сексендегі Сүйеу қарт пен жүз ондағы Бұхар жұраудың бейнесін сомдау маған көп салмақ салды, күш-қуатымды алды. Менің мерзімінен бұрын қартаюыма себепкер болды.
Мәмбетов менің ғана емес, жоғарыда аталғандармен қоса Шолпан Жандарбекованың да, Хадиша Бөкееваның да, Сәбира мен Бикен апаларымның да, Ыдырыс ағамның да, тағы да басқа ел таныған актерлердің де бағын ашты.
Сәбит Мұқановтың шашын Жантөрин алып беретін
1960 жылы Сәбит Мұқанов алпысқа толды. Соны атап өту үшін арнайы делегация қаламгердің туған жері – Солтүстік Қазақстанның Қызылжар өңіріне аттанды. Делегацияны ақын Сырбай Мәуленов бастап барды. Ойпырмай, мен Сырбайдай шешен адамды көрмедім. Ағып тұрған асаба екен. Біреуге сөз бергенде өлеңдетіп береді. Ол кезде театрдың директоры – Құрманбек Жандарбеков. Біраз әртісті соңына ертіп алып, ол кісі де делегация құрамына кірді. Менің міндетім – аккордеонмен сүйемелдеу. Құрекеңнің өзі «Бозжорғаны» орындайды. Нүкетай мен Ошат та өлең айтады. Бәрін мен сүйемелдеймін. Сосын біздің театр «Шоқан» мен «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектакльдерінен үзінді көрсетеді. Ішімізде Нұрмұхан Жантөрин бар. Ол Шоқанның рөлін ойнайды. Сәбең оны жақсы көретін. Ең қызығы, Сәбит Мұқановтың шашын Жантөрин алып беруші еді.
Қалай «бұйрабас» атандым
Сонымен Қызылжарға да жеттік. Кездесу қала шетіндегі орманның ішінде өтетін болды. Ол жақта негізгі ағаш – қайың екен. Біздердікіндей тізіліп, сап түзеп өспейді, әр жер-әр жерде шоғырланып, топтанып тұр. Жол олай да, бұлай да кетіп жатыр. Күнде жүріп жүрген адам болмаса, адасып кету оп-оңай екен. Біз де адастық. Үлкен керуеннен қалып қойыппыз. Жүсіпбек Елебеков алдында отырған. Шопырға қатты ренжіді. «Арқада қанша жыл жүрсің, жол білмейсің бе? Елден-жұрттан ұят болды ғой», – деп кейіді.
«Ағатай-ау, менің жұмысым қалада ғой. Даланың ойы-қырын, орманның ықпыл-жықпылын қайдан білейін», – деп ол да ақталып жатыр. Бір кезде баратын жерге де жеттік-ау.
Сахна құрулы тұр. Халық жиналыпты. Бізді күтіп отыр екен.
Бір кезде Сырбай ақын: «Әй, Сәбит, өй, Сәбит, қайда жүрсің сен?!» – деп айқайлап мені шақырды. Сол жерде Нүкетай ұшырасып: «Өзің кызық екенсің ғой, тіпті, сені іздеп үлкен кісілердің дегбірі кетіп жатыр. Осы уақытқа дейін қайда жүрсіңдер?» – дейді. Мен шопырдың жол білмегендігінен адасып кеткенімізді айттым.
Осы кезде «Сәбит! Сәбит!» деген Сырағаңның жуан қоңыр даусын естіген Сәбең үйден атып шықты. Мені кім іздеді дегендей аңтарылып, жан-жағына қарады. Өзінің оғаштау әрекетін сезген Сырбай ағамыз дереу: «Оу, Сәбе, кешіріңіз, осында сізбен аттас бір әртіс жігіт бар екен. Мен соны шақырып едім. Бұл өзі қолайсыздау болды-ау. Той сіздікі, алпыс жас та сіздікі. Мына жігітті сізбен шатастырмау үшін бұйрабас деп атасақ қалай болады?» – деді. Сәбең мені бастан-аяқ бір шолып өтті де: «Бұйрабас болса болсын. Бұйра шаш та ақылы бар басқа шығады ғой», – деді де, ішке кайта кірігі кетті. Сөйтіп мен бұйрабас атанғанмын.
«Бісімілә» мен «Аллоһоәкбар»
Сырағаң кешігуіміздің себебін білген соң, іске кірісті. «Аккордеоныңды дайында, қазір концертті бастаймыз», – деді. Бұрын Жоғарғы Кеңес Президиумының төрағасы болған Даниял Керімбаев деген кісі облыстық атқару комитетінің төрағасы екен. Ұйымдастыру шараларымен айналысып жүрді.
Кілең өнер қайраткерлері қатарласа тұрып қалыппыз. Шетімізден таныстырып келе жатыр. Қатарымызда тұрғандардың ішінде Бісімілә деген азамат бар екен. Қай саладан екенін білмеймін, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері көрінеді. Сәбеңнің бала кезден келе жатқан досы болып шықты. Атақтылардың бәрін айтып келіп, кезек сол Бісіміләға келді. Сәбең: «Мынау менің бала кезден досым, өнерлі азамат, аты – Бісімілә», – деді. Сосын сөзін қайта жалғап: «Ал мынау – Шоқанның кинодағы бейнесін өте шебер жасаған қазақтың талантты әртісі...» – дей беріп еді, Нұрмұхан Жантөрин Сәбеңнің алдын орап: «Аллоһоәкбар» дегені. Жұрттың бәрі қыран-топан күлкі. Жұрт басылғасын Сәбең: «Әй, сен Нұрмұхан Жантөрин емессің бе?» – десе, «Енді, бісіміләдан кейін аллоһоәкбар келіп тұрған жоқ па?!» – деді.
Қайың арасындағы кездесу керемет өтті. Талай кездесулерге қатыстық. Құрекең «Бозжорғаны», Нүкетай «Танцуй, танцуйды» айтты. Жоғарыда аталған спектакльдерден үзінділер көрсеттік. Сәбеңмен де жақсы таныс-біліс болдық. Өзі өте қарапайым, етек-жеңі кең, нағыз қазақы адам болатын.
Сәбеңнің даусын Асқар Тоқпанов айнытпай салатын
Асекең айтады: «Бірде екеуміз жол-жөнекей кездесіп қалдық. Сәбең: «Ай, Асқар, денсаулығың қалай?» – деді жіңішке даусын соза түсіп. Неге бұлай деп сұрағанын ішім сезіп тұр. Өйткені, «Айқайшыл Асқар», «Режиссер Асқар», «Шебер Асқар», «Шешен Асқар», «Жынды Асқар» деген бірнеше атым бар. Тіпті, қайсыбіреулер «Көктем мен күзде, яғни, құс келіп, құс кайтқанда Асқарда ауытқу болады» дегенді де айтып жүрген кез. Сәбең сол сөздерді естіген. Жұлып алғандай: «Сәбе, аттаймын!» – дедім өзінің жіңішке даусына салып. Сәбең: «Әй, менің даусыма салмай-ақ өз даусыңмен айтшы», – деді ыңғайсыз қалып танытып».
Әмина Нұғыманова мен Фарида Шәріпова...
орындықтардың астына кіріп алыпты
Консерваторияда оқып жүргенде «Ғылыми коммунизм» деген сабақ болды. Студенттердің көбісі оны түсіне бермейтін. Көкшетаудан келген Серік те ол пәнді ұнатпайтын. Мұғаліміміз: «Әй, сен қателікке бой алдырма. Сен өзің қандай дәуірде өмір сүріп отырғанынды білесің бе? Қазір кемелденген социализм, алдымызда коммунизм тұр», – деп үнемі оның құлағына құятын. Ол болса: «Бізге саясат, пәлсапа, есеп-қисаптың не керегі бар? Көп қаржы жұмсамай-ақ, тек өнерді үйретпейсіздер ме?» – дейтін.
Сол «Ғылыми коммунизмнен» емтихан тапсыратын болдық. Күнде мұғалім дайындық өткізеді. Бүгін тағы да дайындыққа келдік. Ұстазымыз сабақты бастай бергені сол еді, аяқ астынан жер сілкінді. Ия, сағат күндізгі он екіден он бір минут өткенде Алматыда жер сілкінді. Біз ғимараттың үшінші қабатында едік, сілкініс қатты байқалды. Тіпті, орындықтар шайқалды. Серік аудиторияның кіре беріс жағында, шетте отыратын. Сілкініс болған сәтте есікке қарай тұра жүгірді, оқытушы да қаша жөнелді. Екеуі жүгіріп барған бойда есікке кептелді де қалды. Ойпырмай, сонда жан-жағыма карасам, Қытайдан келген Әмина Нұғыманова мен Фарида Шәріпова және оның жұбайы Әйткен орындыктардың астына кіріп алыпты. Бұрын осындай жер сілкінісін көрген сияқты. Оларға қарап мен таңқалдым.
Әлгі есіктің аузына кептелген ұстазымыз бен курстасымыз екеуі ары қарай шыға алмай, жанталасып жатыр. Ондай кезде біреудің біреу абыройын не қылсын, әркімге жан керек. Серік ұстазымыздың үстінен басып өтіп кетті ғой деймін.
Әркім әртүрлі жағдайда. Қалғанымыз не қашарымызды, не үстелдің астына кірерімізді білмей, аңтарылып тұрмыз. Жүрегіміз айнып, лоқси бастадық. Біреулер құсып жатыр. Не керек, бір кезде жер сілкінгенін қойды, бәріміз аман-есен шуылдап жүріп төменге түстік. Серік өзімен-өзі қобалжулы: «Жаңағы дүрбелеңде оқытушы астымда қалып, мен шығып кеттім. Енді анық бәле болатын болды. Маған енді ол дұрыс баға қоймайды», – дейді.
Біраздан кейін бәріміз қайтадан жиналдық. Оқытушы да келді. Мәриям Жақсымбетова: «Ойбай, ағай, сіз қорқақ екенсіз ғой. Алдымен балаларды жіберіп, сосын шықпайсыз ба далаға? Сіз біздің мұғаліміміз емессіз бе? Алдымен өзіңіз қашқаныңыз қалай?» – деп дүрсе қоя берді. Серік ештеңе демеді, тек бар даусымен қарқылдап күлді. Мұғалім ләм деп сөйлеген жоқ. «Еһ» деп ұнатпаған қалып танытты да, кетіп отырды.
Сәбит ОРАЗБАЕВ, Қазақстанның Халық артисі