ЖИ-ӘНДЕР КӘСІБИ ӘНДЕРГЕ «ШАБУЫЛ» ЖАСАЙ БАСТАДЫ
2026 ж. 14 шілде
82
0
Жасанды интеллект әлеуметтік желіні де, ән нарығын да жаулап барады. Нейрожеліге бұлайша арқа сүйеу ең алдымен шынайы композиторларға соққы болып тиіп жатыр. Мұның астарында қандай қауіп бар?
Жасанды интеллект сазгерлердің жай ғана көмекшісі болудан қалып, музыкалық нарықтың толыққанды қожайынына айналып бара жатыр. Лейблдер «жасанды» әншілермен келісім-шарттар жасасып, стримингтік сервистер ЖИ өнімдерін ашық түрде ел ішіне таратуда. Енді аудио-тыңдарман «нағыз» ән қайсы, «жасанды» ән қайсы, тректердің арасындағы айырмашылықты байқай алмай, басы қатып отыр.
Осы эйфорияның аясында аспап меңгермей-ақ, теорияны білмей-ақ және студияда жұмыс істемей-ақ ән әлеміне оп-оңай кіріп жатқан «жасанды» композиторлар пайда бола бастады. Тек компьютерді терең меңгеріп, сауатты әрі сәтті промпт жазуды білсең жеткілікті, сен – композиторсың!
Алайда әдемі көріністің ар жағында құқықтық вакуум, тонналаған музыкалық спам және диванда жатып алып ән шығарғыштардың жедел капитализациясы жатыр. Авторлық құқық сегменттері нейрожелілерді өз бақылауына алудың жолдарын іздеп жатқанда, заңгерлер «ЖИ-тректерді толыққанды авторлық құқық объектісі ретінде мойындаймыз ба, мойындамаймыз ба» деп құқықтық негіздерді жинақтап жатқанда, «жасанды» композитрлар «жасанды» ЖИ-әндермен жастардың талғамын жаулап, шығармашылық ойынға бел шеше кірісіп кетті.
Бір нәрсе анық: қазір TikTok, тағы басқа жастар күні-түні отыратын әлеуметтік желі тыңдармандарының елеулі бөлігі нейрожелі жасаған музыканы адамдар жасаған музыкадан ажырата алмай отыр. Оны астындағы «дауысың жақсы екен», «әнің жүрекке жетті» деген «коммент-пікірлерден»-ақ аңғару қиын емес.
Deezer стримингтік сервисі Ipsos зерттеу компаниясымен бірлесіп, «адамдар нейрожелі жасаған музыканы кәдімгі музыкадан ажырата ала ма, жоқ па?», соны анықтау үшін сауалнама жүргізді. Қатысушыларға үш трек тыңдатылып (біреуі – адам жасаған, екеуі – жасанды интеллект көмегімен жасалған), қай әндерді алгоритмдер, ал қайсысын тірі автор жазғанын анықтау ұсынылды. Нәтижелер күтпеген әрі көңіл көншітпейтін қорытынды берді: әлемнің сегіз елінен қатысқан 9000 респонденттің 97 пайызы (!) жасанды музыканы адам жазған музыкадан ажырата алмады.
Музыкалық білімі мен дағдысы жоқ жандар Suno, Udio және мәтіндік промпттар арқылы музыка жасайтын басқа да сервистерді ән әлемінің «сиқырлы таяқшасы» деп қабылдауда. Олардың ойынша, осы құралдардың көмегімен ешқандай арнайы қабілет пен кәсіби шеберліксіз-ақ ЖИ-әндер туғызып, музыкалық нарыққа шығып, қомақты табыс табуға болады.
Ән өңдеумен айналысатын шынайы музыканттар да компьютер басында ұзақ отырып қалмау үшін уақыт ұтып, жұмысты жеңілдетудің бағдарламалық сигментімен әндерге әрлеу жасау үшін жасанды интеллектті пайдалануға кірісті. Яғни ән өңдеушілер әнді туындату үдерісін жеделдетуге, релиздерді жиірек шығаруға және сол арқылы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ұмтылуда. Әсіресе, интернет романтиктері ЖИ көмегімен өз қиялынан «музыкалық әртіс» ойлап тауып, оған нейрожелі жасап берген әнді жүктеп, бейнеклип әзірлеп, миллиондаған «лүпілдер» жинауда.
Дегенмен бұл бүкіл музыкалық индустрияға қауіп-қатер ала келді. Қарапайым әншілер үшін болашақта арнайы білім алып, әртістікті қалап алған сахнадағы тағдырларының қалай болатыны күмәнді. Кәсіби музыканттар мен композиторлар да алаңдаулы: шығармашылық еңбектің мәні біртіндеп жоғалып, нейрожелілерді пайдаланатын «жасанды» музыканттар нарықты түгелдей жаулап ала ма деп қорқады.
Бір таныс ақыным бар. Музыкалық мектепте оқымаған, ән айтпайды және бірде-бір музыкалық аспапта ойнамайды. Бірақ мәтін жазады, сол мәтіндерге музыканы ЖИ көмегімен генерациялайды. Дайын болған «әндерін» бүркеншік атпен әлеужелі арқылы сатады. Алушы көп. Екінің бірі композитор болғысы келетінін содан ұқтым. Ән етіп генерациялап берген «туындылары» анау айтқан сапалы дүние емес – «әйел-ЖИ» дауысымен орындалған поп-әндер. Бірақ осыларының өзі миллион тыңдарман лейблінің назарын аударуға жеткілікті болып отыр. Кейбір әндерде жағымды әуендердің жылт еткен иірімдері бар. Бірақ мұның ЖИ-ән екенін аңғару үшін адамның өзінде музыкалық продакшн дағдылары болуы және әр әнді мұқият тыңдауы керек. Композициялардың нейрожелілік табиғатын кей жерлерде вокалдағы артефактілер әшкерелеп тұрса да, қарапайым тыңдарман оларды қазіргі поп-музыканың эффектілері, мелизмі, бэк-вокалы деп қабылдайды. Ал жылдар бойы ән тудырып жүрген кәсіпқой композиторға Suno-ға тән микстердің «тұмандылығын» аңғару қиын емес: аспаптар бір-бірінен анық оқшауланбайды, кей тұстарда дыбыстар бірінің ішінен бірі балалап шыққандай әсер қалдырады, әуендердің басым бөлігі графомандық сипатта және жалпы поп-мейнстрим бір-бірінен аумайды.
Виртуалды әртістің композицияларын музыка индустриясының мамандары құлақпен ажырата алады. Оның жасанды табиғатын вокалдағы цифрлық артефактілер, әсіресе қуатты эмоциямен айтылған қатты фразалардағы бұрмаланулар байқатады. Кейбір микстер шамадан тыс «жаңғырығып», жағымсыз лоу-фай сипатымен және нейроәндерге тән аспаптардың бір-бірінің дыбысына араласып кетуімен ерекшеленеді.
Suno мен Udio-ның поп-музыканы жылдам өндіретіні сонша, олардың қарқынына тірі адамның ілесуі мүмкін емес. Мұны жете түсінген кейбір музыканттар жаңа индустрия талап етіп отырған жылдамдықты сақтап, өз орындарын жоғалтпау үшін жаппай нейрожелілерді пайдалануға көшті. Біреулер шығармашылық үдерісті толықтай алгоритмдерге сеніп тапсырса, енді біреулер, керісінше, нейрожелілерді шабыт көзі ретінде қолданады.
Бұл процесс шамамен былай жүреді: ЖИ белгілі бір сұраныс бойынша әуен жасайды, адам оның ішінен жарамды идеялар мен ЖИ жасаған стемдерді таңдап алып, оларды үй студиясында немесе кәсіби студияда қайта өңдеп, жазып шығады. Қайта жазу барысында вокалдан бастап, синтезаторлар мен дыбыс гарнитуралары арқылы қайта жасалатын жеке дыбыстарға дейін бәрі өңделеді. Сырттай қарағанда ЖИ көмегімен жұмыс істеу қалыпты жағдай сияқты көрінеді. Алайда тәжірибе жүзінде нейрожелілерді шығармашылықта қолдану жасырын қауіптерді әкеледі. Болашақта мұның барлығы авторлар мен орындаушылар үшін үлкен проблема туындатуы мүмкін.
Шығармашылық орта жасанды интеллектті қолданудың этикалық қырларын талқылап жатқан кезде, бұлармен қабат құқықтық алаңда нейрожелілер көмегімен жасалған әндердің авторлығын анықтау мәселесі бойынша қызу тартыстар да жүріп жатыр. Авторлық және сабақтас құқықтар туралы заңдар, роялти есептеу тәжірибелері және осыған ұқсас құқықтық тетіктер ән заңдылығын қорғаушы Авторлық қоғамдар үшін үлгі болып саналады.
Сондықтан кәсіби музыканттар мен продюсерлер Suno мен Udio-ға қарсы батыс елдерінде қозғалып жатқан сот істерінің нәтижесін, сондай-ақ осы саладағы өзге де құқықтық қайшылықтарды үлкен алаңдаушылықпен бақылап отыр. Мысалы, 2025 жылдың 9 мамырында АҚШ Авторлық құқықтар бюросы авторлық құқық пен жасанды интеллект мәселесіне арналған сараптамасының алдын ала нұсқасын жариялады. Құжатта мынадай тұжырым айтылған: «Қолданыстағы нарықтарда олармен бәсекелесетін экспрессивті контент жасау мақсатында авторлық құқықпен қорғалған шығармалардың ауқымды массивтерін коммерциялық пайдалану [...] адал пайдалану қағидатының белгіленген шекарасынан шығып кетеді». Құжатта сондай-ақ Suno секілді ән тудырғыш сервистер өз алгоритмдерін адам-авторлардың әндері негізінде құқық иелерінің келісімінсіз пайдаланғаны атап көрсетілген. Құжаттың осы нұсқасы жарияланғаннан кейін бір тәулік өтпей жатып, баяндаманы дайындаған топтың жетекшісі, АҚШ Конгресс кітапханасындағы Авторлық құқықтарды тіркеу бөлімінің басшысы Шира Перлмуттер қызметінен босатылды. Бұл оқиға өз еңбегі мен талантының арқасында ән тудыратын шынайы композиторлардың мүддесін қорғайтын қоғамдар, қауымдастықтар мен баспа ұйымдарының үлкен алаңдаушылығын туғызды. Көп ұзамай Перлмуттер жұмыстан шығарудың заңсыз екендігі туралы сотқа талап арыз берді. Ал баяндаманың бастапқы нұсқасы кері қайтарылып, құжаттың мәтіні түгелдей жойылды.
АҚШ-та қазір ЖИ көмегімен жасалған әндерді дәстүрлі интеллектуалдық меншік құқығымен қорғалуға тиіс объектілер ретінде тану немесе танымау мәселесі төңірегінде тартыс жүріп жатыр. Әзірге нейрожелілер жасаған әндер АҚШ-та авторлық құқық объектісі ретінде танылмайды. «Егер авторлық шығарманың дәстүрлі элементтері машина арқылы жасалған болса, онда мұндай шығармада адамдық авторлық жоқ деп есептеледі және Бюро оны тіркемейді» деп жазылған нұсқанамада.
ЖИ арқылы жасалған әндердің Қазақстандағы құқықтық мәртебесі әзірге анық емес. Бұл жасанды интеллект көмегімен трек жасайтын «жасанды» композиторлар мен қарапайым пайдаланушылардың автор да, мастер-фонограммаға қатысты айрықша құқықтардың иесі де бола алмайтынын білдіреді. Қорытынды қарапайым: егер музыка жасау барысында жасанды интеллекттің үлесі негізгі әрі шешуші рөл атқаратын болса, онда мұндай қызметпен айналысу өзіңізді құқықтық тұрғыдан қауіпті жағдайға қоюмен тең.
Шын мәнінде, «ЖИ-авторлардың» құқықтары, егер оларды солай атауға болатын болса, іс жүзінде ешқандай қорғанысқа ие емес. Егер біреудің нейрожелі арқылы жасалған тректері күтпеген жерден хитке айналып, чарттардың жоғарғы орындарына көтерілсе, бұл халықтық ән шедевріне айналғанын білдірмейді. Керісінше басқадай жағдай орын алуы мүмкін: нарық ойыншылары Авторлық қоғам дистрибьюторларына шағым түсіріп, музыканың жасанды жолмен жасалғанын көрсетіп, жаңа басталып келе жатқан музыкалық «мансапты» бір сәтте жоққа шығаруы ықтимал.
Мұның бәрі Suno пайдаланушылары үшін еркін дәуреннің аяқталып келе жатқанын көрсетеді. Болашақта генерацияланған композицияларды жүктеп алу тек ақылы тарифтер арқылы ғана заңды болуы мүмкін. Сонымен қатар, жасалатын генерациялар мен жүктеулер саны тіпті ақылы пайдаланушылар үшін де шектеледі. Осылайша кездейсоқ адамдар бұрынғыдай мыңдаған музыкалық спам-әндердің өнімдерін шексіз көлемде шығарып, тарата алмайды.
Алайда бұл нейро-әннің болашақта адам шығармашылығымен бәсекеге түспейтінін білдірмейді. Тек бұл үдеріс ірі музыкалық лейблдердің қатаң бақылауымен жүзеге асады. Олар қарақшылыққа бейім әрекеттерімен көзге түскен ЖИ-сервистердің иелерін тәртіпке келтіріп, бүкіл саланы өз ықпалына алуға ұмтылатыны сөзсіз.
Сірә, алдағы бірнеше жылда әлемдік музыкалық индустрия ЖИ-әннің құқықтық мәртебесіне қатысты мынадай нақты шешім қабылдайтын сияқты: ЖИ арқылы жасалған әндер мен аспаптық шығармалар заңдастырылады; қарапайым тыңдарман мұндай әндерді тек әуес үшін тыңдап, әннің түпкі композициясына, шығу тарихына мән бермейді; «өмірбаяны», «бейнесі» және кез келген мәселеге қатысты «пікірі» бар виртуалды әртістер пайда болады, олардан сұхбат алынады, олардың «жеке өмірі» туралы қауесеттер тарайды; ірі нарық ойыншылары ЖИ-ән өндірісінің, ЖИ-әртістерді жасаудың және ЖИ-тректерді маркетингтік ілгерілетудің басым бөлігін өз бақылауына алады. Мұндайда өз бетінше жұмыс істейтін тәуелсіз авторларға қарапайым промпттарға сүйеніп алып лейблдермен бәсекелесу өте қиын болады.
Шын мәнінде, мұның бәрі қазіргі уақытта жасанды интеллектпен ән тудырып жүрген көптеген композиторлардың өздеріне өздері зиян келтіріп жатқанын көрсетеді. Біріншіден, олар ұзақ уақыт бойы «ЖИ арқылы жасап алған әнім плагиат болып шықпас па екен?» деген ішкі үрейге бой алдырып, құқықтық белгісіздік жағдайында өмір сүреді. Екіншіден, түптің түбінде бәрібір ірі лейблдерге жол береді. Үшіншіден, ЖИ-мен жұмыс істеудің тым жеңіл болуы олардың туа бітті талантымен бойға дарыған кәсіби дағдыларын бірте-берте жоя бастайды. Бұлар композиторлық, продюсерлік, орындаушылық және дыбыс режиссурасы сияқты маңызды хард-дағдыларды жеткілікті деңгейде дамыта алмайды.
Соның салдарынан ақыр соңында олар екі нәрседен айырылуы ықтимал: бір жағынан, өздерінің ЖИ арқылы жасалған тректеріне қатысты берік авторлық қорғанысынан; екінші жағынан, сапалы, шынайы және адамға бағытталған әндерді өз күшімен тудыра алатын кәсіби шеберлігінен.
Бекжігіт СЕРДӘЛІ, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, Мәдениет саласының үздігі