Талғат Теменов. 412 Монтажный

Талғат Теменов. 412 Монтажный

Қазан айының соңы… Москвада кешеден бері жаңбыр тоқтар емес… Жер-жердің бәрі су… “Мосфильмнің” ауласы да көлкіп жатыр. Күні кеше ғана дүниенің барлығы сап-сары жапырақ еді. Қазір аспан түнеріп, қабат-қабат қара бұлт белгісіз жаққа жөңкіліп барады… Әншейінде қозы қуған қасқырдай оннан-мұннан тентіреген жапырақ жауыннан басын көтере алмай, етбеттеп жатып алған. Құдды уақытының тым ертерек болғанына бордай езілген сыңайлы.

Біздің монтажный 412… Үшінші қабаттағы бөлме. Монтажерім Вера Егоровна тәжірибелі әйел. Өте пысық… Бөлменің бұрыш-бұрышында неше түрлі гүл. Қызының, сосын француз актері Бельмондоның суреті… Бүгінгі тілде Жан Польдің фанаты…

Бір кездері армандауға абыржитын “Мосфильмде” жүргеніме жыл жарым болып қалды. “Адамдар арасындағы бөлтірік” – алғашқы фильмім. Және аты әлемге мәшһүр киностудияда түсіруге нәсіп еткен… Фильмнің музыкасын Төлеген Мұхамеджанов жазды. Естіген ел жақсы екен десе, монтажерім ыңылдап айтып жүреді. Мен де іштей қуанам… Төлеген бұл музыканы Москвада шығарды… Дом творчество кинематографистов дейтін жақсы санаторийде он шақты күн бірге болдық… Түні бойғы тынымсыз, мазасыз күндер ұмытылған…

Жұмыс аяғы болып қалған шақ… Вера Егоровна кетуге ыңғайланып, бос банкісін жинап жатыр. Мен тағы отыра тұрайын дегем… Асығатын ешкім жоқ. Қонақ үйге тек қонуға барам.

Есік сарт етіп ашылды да, үстінде елтірі қара плащы, басында қара шляпасы бар еңгезердей жігіт кіріп келді… Екі көзі жарқ-жұрқ етеді. Суреттегі Сәкен Сейфуллиннің мұртындай әдемі мұрты жараса қалған. Дауысы гүрілдеп, ентелей келген, еркелей келген.

— Добрый вечер! Где тут мой брат?

Жамбыл… Жамбыл Құдайбергенов… Осы Москвада тұратын біздің актер.

— Ооооо… Жәке! Сәлем!

Екеуміз құшақтасып, шұрқырасып жатқанда монтажерім:

— До завтра!.. — деп шығып кетті…

Жамбылды өткен жолы “Мосфильмнен” көріп қалғам… Съемкада жүр екен. Осындағы Нана деген оператор әйелге үйленгенін естіген болатынмын. Жаннамен ажырасып кетті дегенде өкінгенім бар… Қараса, көз тоятын жұп еді. Тал шыбықтай қазақтың ару қызы, сұлу қызы Жаннаға тек Жамбыл ғана жарасқан… Алла тағала екеуін қол ұстастырған. Мәңгілікке деуші едік… Құман мен Меруерт бір басқа, Жамбыл мен Жанна бір басқа… Бұлар қазақ кино өнерінің Ақ боз ат пен Көк боз аттай нағыз жұлдыздары болатын. Көктегі қос жарықтай мәңгі тұрар жұп болатын деуші едік…

Мен үшін музыка дайын болғанда монтажға отыру – ләззат… Көз алдымда бұрын болмаған жаңа бір әлем өмірге келеді… Ешкім жасамаған, басқалардың ойына келмеген өзге бір дүние – фильм туады… Осы сәтте өзіңді ең бақытты, ең талантты адаммын деп сезіну – мақтаншақтық емес, қанаттану сияқты. Әйтпесе, Пушкин ақын:

— Ай да Пушкин, ай да сукин сын! — деп өзіне айдар тақпас еді-ау…

“Бөлтіріктің” басындағы кадрлар… Кешкі ауылдың суреті… Біреу мал айдап, біреулер ойнап, енді бірі ләңгі тепкен балалық шақ… Бүгінде хитке айналған Төлегеннің әуені…

Жамбыл экранға телміріп қалған. Мүмкін, балалық шағын өткізген Маңғыстауы есіне түсті ме, әлде Алматыдағы ұлы Ержанды сағынды ма, болмаса сүйген жары, бүгінде өгей, өзгенің қасында жүрген Жаннаны ойлады ма, көңілі бұзылған сияқты… Мана даладан су болып келген Жамбылдың маңдайынан ба, шашынан ба, әлде көзінен бе сырғып түскен бір тамшыны байқадым… Оның жылағанын білмеймін, бірақ көңілінің сүрінгенін, құлағанын сездім.

Жамбыл орнынан тұрып, киім ілгештегі плащының қалтасынан бір шиша алды…

— Келші, стаканың бар ма?

— Әрине…

Дастарханның бір бұрышына нан мен колбаса қойылды…

— Ехх, бауырым, сенің осында келгенің қандай жақсы болды… Білесің бе, Талғатжан? Бұл абырой… Осындағы қанша қазақ босқа жүр. Нартай да (Бегалин), Әнуар да (Мұстафин) “пока воздух гонять” етеді. Ал сен келесі сценарийді ойла… Роллан Быков глыба ғой…

— Рахмет, Жәке!

Біз біраз отырдық. Айтылмаған әңгіме қалмады. Асанәліден бастап түгендеп шықтық. Мамбетовке тоқталып, съемкадан қыл суырдық…

Бір кезде ол:

— Кеттік, біздің үйге, — деді… Такси ұстаймыз.

Мен ыдысымды жуып келгенше, ол біреуге телефон шалып жатты. Үйлері “Мосфильмнен” онша қашық емес екен. Стандартты екі не үш бөлме сияқты. Нана – “Мосфильмдегі” оператор әйел… Толық келген қараторы келіншек. Орта бойлыдан биіктеу.

Әңгіме-дүкен таусылар емес. Бір кезде Жамбыл гитарасын алып, ән салған… Гитараның үніне баритон дауыс жарасып тұр…

Гори, гори, моя звезда,

Звезда любви приветная…

Ты у меня одна заветная,

Другой не будет никогда.

Ты у меня одна заветная,

Другой не будет никогда…

Анна Герман бұл романсты басқаша айтады. Онда лирика… диапазон аз. Ал Жамбылдың айтуы ерекше… Столдың үстіндегі күлсалғыштағы сигареттің түтіні баяу ғана маңайды аралап кеткен.

Иә, бұл көне ән… Адмирал Колчактың сүйіктісі Анна Книпперге арнаған дейді. Ең бір қызығы, Анна өзінің өмірін адмиралға бағыштап, 37 жыл түрмеде отырған. Біздің Карлагтың қорлығын көрген аяулы жан… Бұл ән Колчактікі емес, басқа ақындікі… Дей тұрғанмен, бұл өлеңді теледидардан, радиодан берген емес. Өйткені ол Ақ гвардияның махаббат символы…

Лучей твоих неясной силою

Вся жизнь моя озарена.

Умру ли я, ты над могилою

Гори, сияй, моя звезда…

Жамбылдың әні тар бөлмеге сыймай, терезеден сыртқа асыққан. Сонау көк аспан, толған айдың сәулесіне шомылып, жамыраған жұлдыздардың ішінен өз жұлдызын іздеген бейбақ. Мынау айдың бұлтқа оранған кезінде бақ жұлдызынан көз жазған шерменденің сөзіндей, өзіндей, көзіндей…

Неткен өкініш… Қандай сүйіспеншілік… Бұл пенденің әні емес, бұл шексіз сүйген шерменденің шері…

Умру ли я, ты над могилою,

Гори, сияй, моя звезда!

Жамбыл салған мынау әуен… Есіме сонау бір кездегі Жамбыл мен Жанна көз алдыма қайта келді. Ер тұлғалы азаматтың жүрегіндегі нәзіктік пен сағыныш, өкініш пен өксік өрт болып сыртқа шыққандай…

Қарасам, Жамбыл терлеп кеткен. Маңдайы, көзі, жүзі, мойны, тұла бойы суланып кетіпті. Бадырайған бота көздері жасаураған сияқты.

Иә, иә… Жамбыл жанын, жүрегін ұмытпапты. Керісінше, жан жүрегі торға түскен торғайдай шырылдай ма қайтеді?

Есіме “Жаушы” фильмі түсті. Жамбыл онда Кенжені ойнайды. Басында дулыға, үстінде сауыт. Ат үстінде қаққан қазықтай тіп-тік… Құдды көне жырдағы Қобыланды сияқты… Сақал-мұрт жоқ… Ер жігіттің көркем кезі…

Бота көздері от шашқан оғлан. Біздің Жамбыл осындай… Кез келген елде “Қазақ қандай?” дегенде мақтанатын да, масайрайтын да, қуанатын да, құшағына қысып риза болар осы – Тұлға…

Жамбыл Құдайбергенов 40-тан аса киноға түскен актер… Әсіресе Б. Мансуровтың “Махаббат жайлы дастанынан” бастап талай фильмнің көркі болды.

“Қазақфильмдегі” “Таңдау”,

“Кездеспей кеткен бір бейне”,

“Қара таудың қазынасы”,

“Ерте қайтқан тырналар”,

“Жаушы”,

“Нанның дәмі”,

“Бандыны қуған Хамит”,

“Қаздар қайтқанда”,

“Соңғы өткел”,

“Қауын”,

“Құс жолы”,

“Өтелмеген парыз”,

әсіресе бүкіл Одаққа танымал “Ақ шаман” т.б. кино туындылары.

Бүгінде бұл фильмдер “Қазақфильмнің” қоржынында сақтаулы… Көрерменге бірде жетсе, бірде жетпейді. Әттең, тонның келтесі-ай…

Мынау Жамбылдың екінші мұғалімі, Борис Бабочкиннің көмекшісі Елена Владимировнаның хаты…

“Қадірлі Жамбыл қалқам…” деп басталатын… Ағынан жарылып, өз шәкіртіне риза болған қуанышы қойнына симай, мақтанған да шаттанған адамның хаты… Ананың хаты…

Жамбыл отызында орда бұзып, қырқында қыр асқан… Қыр асқанда құлаған аққан жұлдыз болатын…

Ол домбырамен өлең айтса, әлем-жәлем дүние дүрр ете қалатын… Әсіресе Біржанның әні ерекше…

Теміртас, Асыл, Ақық қалдың зарлап,

Адамзат қалмақ па екен солай сарнап.

Көз көрген құрбыларға дұғай сәлем,

Батасын оқи берсін маған арнап…

Москвадағы Чистопрудный бульварда бұрын біздің Елшілікпен бірге қонақ үй бар еді… Сонда соңғы көргенімде осы әнді айтқан… Көңілі шаттанып, әлдеқайда асыққандай… Ұзақ алыс іссапарға кетер жандай қимастықпен қоштасқан еді.

Не деген тағдыр… Неткен үкім…

Жамбыл өзінің қайтпас жолға ерте кететінін білген секілді…

Батасын оқи берсін маған арнап…

Иә… Дүлдүл актер, бұлбұл дауыс иесі Жамбыл Құдайбергенов аттас атаның жасына жеткен жоқ… Жартысына да бармады…

Бірақ ізі қалды…

Құс жолында сансыз жұлдыз… Ал Ақ боз ат пен Көк боз ат ерекше жарқырайды. Бұл —оның жұлдызы болар…

Талғат Теменов,

Қазақстанның Халық артисі, кинорежиссер.