Тағылым мен талант тоғысқан өнер мерекесі
2026 ж. 14 маусым
59
0
Жетісу облысы Панфилов аудандық ардагерлер ұйымы кейінгі жылдары тағылымы мол, тәрбиелік мәні зор тартымды бастамаларға ұйытқы болып келеді. Жыл сайын өңірдегі зейнеткерлер арасында спорт түрлерінен, ұлттық ойындардан, шахмат пен дойбыдан бірнеше дүркін жарсытар өткізіп, үйде отырған қариялардың белсенді өмір салтымен тіршілік етіп, көңілді демалуына, қатарластарымен жиі басқосып тұруына жағдай жасап жүр. Олар сонымен қатар білім ошақтарында, жастар тығыз топтасқан кәсіпорындарда, жергілікті жерлерде жастарға патриоттық, ұлтаралық татулық, қазақ халқының тағылым боларлық салт, дәстүрлерін, адамгершілік тұрғыдағы тәрбиелік мәні үлкен іс-шаралар ұйымдастырып, қоғамдық істерге де белсенді араласады. Соның тағы бір жарқын көрінісі – аудан көлемінде бесінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған өнерлі зейнеткерлер байқауы.
Қариялар арасындағы өнер жарысы «Өнерім – өмірім» деген жалпы айдармен сәуір айының басында бастау алып, өңірдегі барлық округтерде жалғасты. Биылғы өнер додасы Қазақстан тәуелсіздігінің 35 жылдық мерекесі мен аты аңызға айналған жезтаңдай әнші, саңлақ сазгер, Халық әртісі, жерлесіміз Дәнеш Рақышевтің 100 жылдық мерейтойына арналды.

Алдын ала белгіленген кесте бойынша бағдарланған өнер додасы жоғары деңгейде өтіп, оған өнерпаз қариялар белсене қатысты. Ән мен күйді, ұлттық өнер мен сахналық шеберлікті қатар алып шыққан ақ жаулықты аналар мен ел ағалары ауылдас көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Байқау барысында қатысушылар Дәнеш Рақышев орындаған және шығарған туындылары мен қазақтың халық әндерін орындап, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін көріністер қойып, аталып өтетін мерекелік шараларға байланысты талаптарды кеңінен қамтып, өз өнерлерін ортаға салды.

Өңірлік өнер бйқауы алдымен Жаркент қаласындағы аудандық мәдениет үйінде басталып, ауылдық округтердің орталықтарында алдын-ала белгілеген кесте бойынша өткізілді. Оларда аудандық мәдениет бөлімі жанынан арнайы құрылған әділқазылар алқасы аға буын өкілдерінің өнерін бағалады. Дәстүрге айналған өнер жарысын ауыл тұрғындарының асыға күткенін әділқазілар алқасы әр елді мекенге барған сайын байқады. Өздері әр салада еңбек етіп зейнеткерлік демалысқа шықса да ел ішінде ұлттық өнерді қолдайтын, қадірлейтін белсенді қариялар аз емес екен. Осындай дүрмекпен өткен өнер жарысының байқау шарты бойынша елді мекендерде тұратын зейнеткерлердің концертік бағдарламасы және көркем сүрет, қолданбалы қол өнер бұйымдарының көрмесі, көркемсөз оқу мәнері арнайы құрылған әділқазылар тобының сараптауынан өтіп, қорытынды жасалды.
Байқау барысында концертік бағдарламалардың тартымдылығы мен орындаушылардың шеберлігі, жергілікті қол өнер шеберлері мен сүретшілердің туындылары сарапталып, әр ұжымның бағасын беру үшін өткен бейсенбіде аудандық мәдениет үйінде қорытынды концерт өткізілді.

Ұлы Жеңістің 81 жылдық және Отан қорғаушылар күні мерекелерінің қарсаңында өткен гала-концертте байқаудың қорытындысы жарияланып, үздіктер марапатталды. Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды. Ең бастысы, ауданның жанашыр азаматтары мен демеушілер тарапынан 1 миллион 500 мың теңге көлемінде жүлде қоры жасақталып, жеңімпаздарға салтанатты түрде тапсырылды.
Бұл игі шара – аға буынға көрсетілген құрметтің айқын белгісі. Өнер арқылы ұрпақ сабақтастығын жалғап, ұлттық мәдениетті насихаттап жүрген ардагерлердің еңбегі қашанда қадірлі. Осындай дәстүрге айналған өнегелі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табары сөзсіз.

Шараға Жетісу облыстық ардагерлер кеіес төрағасының орынбасары Райхан Серғазинова, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері Зина Нұрғалиева, Жамал Дәркенбаева және Жетісу облыстық Дәнеш Рақышев атындағы филормонияның музкалық жетекшісі Гүлнар Дәнешқызы қатысты.
Концерт басталмай тұрып сахнаға көтерілген аудан әкімі Марат Сағымбек өңір тұрғындарының өмірінде маңызды мәнге, тартымды шарға айналған дәстүрлі өнер байқауының қортынды мәресіне сәтімен жеткенін айта тұрып, олардың қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтті.
-Биылғы өңірде өтетін мәдени танымдық іс-шараның бәрі жерлесіміз жезтаңдай әнші, саңылақ сазгер, Халық әртісі Дәнеш Рақышевтың жүз жылдық мерейтойына арналады. Бұл бағыттағы жұмыстар жыл басынан басталып, жалғаса бермек, деген аудан басшысы алда жүзеге асатын бірқатар жоспарлы жұмыстарды атап өтті.

Сөзінің соңында аудан әкімі байқау жеңімпаздарына жүлделерді өз қолымен тапсырып, қариялардың белсенді өмір салты жастарға үлгі екенін жеткізді.
«Өнерім - өмірім» атты аудандық ардагерлердің өнер байқауының бас жүлдесі - 250 мың теңге мен аудан әкімінің арнайы Дипломы округтегі ардагерлер ұйымының төрағасы Елтай Қожақов бастаған Қоңырөлең ауылдық округінің өнерпаздарына бұйырды. Бірінші орынға белгіленген 200 мың теңге мен арнайы Диплом Жаркент қалалық округінің қарялары жеңіп алды. Ал екі екінші орынға белгіленген әр қайсысына 150 мың теңге сыйлық пен Диплом Үлкеншыған, Талды ауылдық округтерінің өнерпаздарына тиді. Үшінші орын алған Басқұншы, Атамекен, Үшарал ауылдарының өнерлі қартарына 100 мың теңгеден жүлде бұйырды. Бұдан басқа байқауға белсенділікпен қатысқан Көктал, Бірлік, Әулиеағаш, Сарыбел, Шолақай, Айдарлы ауылдық округтеріне арнайы Дипломмен бірге әрқайсына 50 мың теңгеден ынталандыру сыйлықтары берілді.

Байқауға өнер туындыларын қойған өңір сүретшілер де құралақан қайтқан жоқ. Сүретшілер Ақан Оймауытов, Мұрат Жиденов, Ерлан Кененбаев, Қайрат Мамырбаев, Мұрат Шалғынбаев, Вера Макеева, Валентина Федосова және Айдарлы ауылындағы дала халқының көне тәсілімен сексеуіл сахарынан сабын қайнататын Рақима Нұрпейісова мен текемет, сырмақ тігетін шебер Тұрсынхан Шалғынбаеваға да алғыс хатпен бірге 10 мың теңгеден сыйлық үлестірілді. Жалпы бұл жолғы байқауға қатысқан барлық өнерлі ардагерлер олжасыз қалған жоқ. Осы байқау жеңімпаздарының арасынан ерекше талантымен көзге түскен бірнеше әншілер мен бишілер, күйші алда өтетін облыстық байқауға қатысады.
Бұдан кейін шараға жиналған көрермендерге байқауға қатысқан барлық өнер ұжымдарының бағдарламасынан үздік деп іріктеп алынған Гала концерт көрсетілді. Екі сағатқа созылған концерті залдағы көрермен тапжылмай отырып тыңдап, бәріне дерлік дүрілдетіп қол соғып, қошемет көрсетіп отырды. Әсіресе халық әндерінен папури құраған Қоңырөлең ауылының үш өнерпазы Елтай Қожақов, Әділхан Молдахметов, Ербол Түлпейісовтің орындаған әндер, мен Үшарал ауылының ардагері Талғат Ыбрайымұлы, ұйғырдың халық әні «Бахар вальсіне» талғампаз көрермен көңіл тояттаты. Нұрғиса Тілендиевтің «Көш керуен» күйін шерткен Бірлік ауылдық округінің ұлт аспаптар ансамблі, «Бозінген» күйін нақышына келтіріп орындаған Жаркент қаласының ұлт аспаптар оркестірінің шеберлігі сүйсіндірді. Мұқтар Шахановтың «Тоқшылық» жырын оқыған Үлкеншыған ауылынан келген Ләззат Бабаханова, осы автордың «Ғашықтық ғаламаты» жырын оқыған сарбелдік Нұрқадам Майкөтов көпшілікті ойландырып тастағаны анық.
Концерт аяқталған соң облыстан келген құрметті қонақтар мен аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы өздерінің өнер байқауына деген ойларын білдірді.
- Қадірлі жаркентіктер, сіздердің өңірлеріңізде жыл сайын жүйелі өткізіліп келе жатқан еңбек ардагерлерінің арасындағы іс-шаралар бүкіл облыстың аудандарына үлгі етуге татырлық. Қазір өзіміз куә болып отырған өнерлі қариялардың жарысы сөзімнің бір ғана дәлелі. Өнегелі істеріңіз өрістеп, жетістіктерге жете беріңіздер, - деді Жетісу облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Райхан Қапышқызы. Осындай ақжарма тілегі мен ұзақ жылдар облыстық мәдениет үйін басқарған Зина Нұрғалиқызы да Дәкең туралы көрермендерге көптеген естеліктер айтты.
- Әдеттегідей байқаудды ұйымдастыруға, өткізуге, жүлделерін беруге мемлекеттен бір тиын ақша шыққан жоқ. Осы жақсы дәстүрді жыл сайын жалғастыруға мүмкіндік туғызған, осыдан бес жыл бұрын қаржылай қолдаған кәсіпкерлер Серік Ақсубаев пен Закир Кузиев бастамашы болған. Қазір олардың қатарын көбейткен Жақыпбай Ақшалов, Жеңіс Аркенов, Закир Даузов сияқты қалталы азаматардың демеуімен бас жүлде, бірінші, екінші және үшінші орындарға қомақты ақшалай жүлделер тағайындалып, байқау барысында өнерімен ерекшеленген бірқатар округтердің өнер ұжымдарына да ынталандыру сыйлықтарын беру ұйғарылды, - дейді аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Тоқтарбай Керімқұлов.
Қорытынды концертке өз өнерпаздарының шашбауын көтере келген қала, ауылдардың тұрғындары да көп жиналды. Екі сағатқа созылған концерттік бағдарлама жиналған көрермендергі рухани ләззат сыйлады. Әсіресе жаркенттіктердің жанына жақын жерлес әншісі, Қазақстанның Халық әртісі, сазгер Дәнеш Рақшевтың 100 жылдық мерейтойына және Қазақстан республикасының Тәуелсіздігіне 35 жыл толуына арналған театрландырылған көрністері көрермендер көңілінен шығып, концертің тәрбиелік мәнін, мазмұнын байытты.
Мырзағали Нұрсейіт, Қазақстанның «Құрметті журналисі»
Жетісу облысы,
Панфилов ауданы