Ілия Жақанов: Сахнада жүргендердің кейбіреулері музыкадағы «бомж» сияқты

Ілия Жақанов: Сахнада жүргендердің кейбіреулері музыкадағы «бомж» сияқты

Илья Жақанов. Бұл есім қазақтың әншіл, сыршыл жүрегінен өз орнын әлдеқашан алған. «Әселім», «Жайлаукөл кештері», «Даниярдың әні», «Жаңарқа аруы», «Балқантау баурайында», «Еділ-Жайық»... қайсыбірін айтарсың, оның адам сезімінің алуан қырын шертетін әуендері қазақтың да, басқаның да жүрегін тербеп келе жатқанына нешеме жылдар. Бүгінде Илья аты алысқа кетіп, шығармашылықтың шырқау шыңына шығып, нағыз кемеліне келген, кемерінен асқан шағы. Ілекең тек қана композитор емес, қазақтың көркем тарихын әр қырынан жазушы, өнер зерттеушісі ретінде байытып келе жатқан жүйріктердің бірі де бірегейі. Бүгінде ол жазған қазақ әндерінің көркемдік, танымдық тарихы бірегей еңбек болып саналады. 

***

Ілекең көп сұхбат бермейтін адам. Есесіне көңілдің бір шарықтап, кейде шау тартқан тұсында қойын дәптерге түртіп қоятын жүрек жазбаларының жөні бөлек. Оның осынау публицистикалық сипаттағы жазбаларына да поэтикалық сарын, мөлдір лиризм тән. 

Бұл жазбалар – оның өз байламы, ұстанымы, ой, толғаныс, көзқарастары. Соның өзінде де жаныңды тербейтін жылы ағыстар жеткілікті. Зияткерлік, танымдық прозаның ұшқындары шашырап жатқан, шашылып жатқан мөлдір моншақтай мөлт-мөлт еткен тіркестер.

Ілағаңның ізін басып келе жатқан жастарға деген қамқорлығы да ерекше. Осы орайда өзіме жазған хаттарының өзі ғажайып бір тәмсіл тәрізді. Шығармашылық жолымда осы бір құсни хаттың да талай мәрте қанаттандырып, мәртебемді биіктеткенін қалай жасырып қаларсың. 

Айтпағымыз: бұл бөлімдегі жазбалар да сан қырлы суреткердің жан дүниесінің үзіліп түскен бір-бір тамшысы. Мұны да білген жөн.

***

– Ілеке, ел ішінде көп жүресіз ғой. Әңгімемізді осы төңіректен бастасақ? 

– 1993 жылдың жазында Ұлытауда болғаным естен кетпейді. Ұлытау – қазақтың ту тіккен, тұтастығының пәтуасына айналған қасиетті жер. Таудың өзі де қолмен орната салғандай бір керемет қой. Сол жылы «Ұлы-тау» деген ән жаздым. Аудан орталығында бір қоңыр, әсем кеш өтті. Олай дейтінім, біздің қазақ қашанда өнер десе ішкен асын жерге қоятын әдеті ғой. Осы бір кеште жұртшылықтың өнерге деген ықыласы суымағанына куә болдым. Әнді Серік Оспанов деген жігіт ғажап шырқады. Жезқазған облысы әкімінің орынбасары Жұмағали Наурызбаев өнерді аса құрмет тұтатын жігіт. Ел ішінде осындай азаматтардың көп болғаны жақсы. Сол өңірде Қаракеңгір деген жер бар. Баяғы Ықыластың «Ерден» күйі соның бойында туған. Осы жолы ел ішінің дархан көңілі ме, ғажайып әңгімелер мен кештердің әсері болды ма, «Кеңгірдің қоңыр кештері-ай» деген ән жаздым. Егер, өткенге көз жіберсеңіз, 60-шы жылдар қазақ әндерінің бір қайта жаңғыру кезеңі еді. Сол кезде қазаққа, қырғызға, орысқа тән иірімдер болды. Мысалы, орыстың «Москва түбіндегі кеш» секілді әнінің әсерімен, өзге халықтарда да ғажайып әндер туды. Саз деген сиқыр ғой. Сол кездің ортақ бір сарыны болды. Міне, бүгінде сол сарын әр ұлттың өзінің бояуымен бітімделіп, ән дүниесінде қайта жаңғырулар болып жатқанын бір сезе бермейміз. «Кеңгірдің қоңыр кештерін» жазғанда, орыстың «Волга» әндерінен кем түспейтін бір ән жазу ойымда болды. 

Кейінгі жылдар әндері дегенде, ойыма «Ақшәулі» оралады. Әннің сөзін Тоқтархан Шәріпжан деген жігіт жазды. Бұл өзі бір жаратылысы бөлек кісі. Өзі айтыскер, саятшы. Қазақтың ғұрып-дәстүрін терең ұстанатын адам. 

Атақ алмағандар дарынсыз болып көрінді

– Ілеке, осы атақ туралы не ойлайсыз? Сол жарықтықтың елге онсыз да аты мәлім адамдарға керегі бар ма? 

– Кешегі күні бізде энтузиазм деген сұмдық болды ғой. Қазақта «құлды бәрекелді өлтіреді» деген сөз бар. Бізде біреуді көкке көтере беретін әдет бар. Өткеннің мысалына жүгінейік. Кезінде Стаханов шықты да, жер-жерде қозғалыстар пайда болды. Әрине, өз кезеңінде мұндай әрекеттер де керек болған шығар. Десек те, Стаханов идеалға айналды ғой. Қосымжан Бабақовтың «Төк жырды, Алексейдің көміріндей» деп әуелетіп келіп, «нұрланды өмір» дейтіні содан ғой. Атақ дегеніміз – ауруға, дертке айналғаны осы тұс. Бұл бір идеологияның сұмдық әдістері еді ғой. Атақ алмағандар дарынсыз болып көрінді.

Қазір де осы жағдай қайталанып жатқан жоқ па? Атақ деген талантты моральдық демеу үшін ғана керек нәрсе. Мен осындайда баяғының біртуар серілерін ойлаймын. Солар еш атақсыз-ақ тарихта қалды ғой. 

Қырғыз дегенде Шыңғыс еске түседі

– Тұрсынбек Кәкішев сіз туралы «Қазақстанның қызметкері, Қырғызстанның қайраткері» деп қалжыңдайды екен. Қырғыз дегенде Шыңғыс еске түседі. 

– Кейінгі уақытта Шыңғыстың «Қош, Гүлсарысына» арнап, «Бибіжан» деген ән жаздым. Кельнде тұратын Еуропа мұсылмандары одағының лидерінің орынбасары Мұртаза деген кісі Шыңғысты жақсы біледі. Сол кісіден Шықаңа әннің таспасын беріп жібердім. Тыңдапты. Ұнатыпты. Содан былтыр Президент сыйлығын алғанда, осы қаладағы Алатау ауданында киіз үй тігіліп, сонда Шыңғыс та, президент те келді. Мен де шақырылдым. Осы әнді сонда айттым. Шыңғыстың разы көңілін көрдім. Қатты қысып, құшағына алды. Орыстар «как никогда» дейді ғой. Жүдеу екен, тіпті жақ сүйегі бетіме батып кетті. Сол жолы Шықаң: «Илья, жүрегімді ұйытып жүрген бір лирикалық повесть жазып бітірдім, соған ән жазшы» – деді. 

– Кей-кейде көкейіңізде айтсам деген қандай ой жүреді? 

– Әлгінде Тоқтархан деген азамат туралы айтып кеттім. Сол азамат бірде былай деді: «Біздің кезеңді мынадай жаймен салыстыруға болады. Мен аңшы адаммын. Мысалы, маралға, аюға, арқарға оқ тисе болды, қаны сорғалап жөңкіледі, жосып кеп береді, әр жерге құлайды. Бір кезде барып әлгіге құзғындар қаптайды». 

***

Біз қай уақытта шетелді әулие тұттық. Қазір ең берекелі, өнімі қат деген түрлі өндіріс ошақтары мен кәсіпорындары дауға түсіп жатыр. Қоғамның мынадай алмағайып кезеңінде дананың мәңгүрт, мәңгүрттің дана болып шыға келуі түкте емес екен. Олардың арасында ешқандай өлшем болмай қалады екен. Ендігі бір айтайын дегенім қазіргі уақыттың өзі кегежесі кейін тартып тұрғанда, қазақтың бірлігі, ынтымағы, уыздай ұйыған тірлігі қажет-ақ. Адамның өзі талантты болуы – Құдайдың көктен бере салған сыйы ғой. Сол адамның әкеден туатыны, шешеден туатыны бар, бір жақсы атаның баласы болуы бар, бірақ бүгінде сол адам Шоқандай зиялы, Абайдай данышпан, Қаныштай кемеңгер болатын болса, ол бір әулеттің, атаның ауқымына сыятын дүние ме, ол – бүткіл бір халықтың, әлемнің ортақ тұлғасы ғой. Жасыратыны жоқ, бір замандарда осындай тұлғаларды да өресіз басшылар өшіргісі келген. Сөйте тұра Америка деген елде Қаныштар планета болып жанып жатты ғой. Ұлы адамдарды өшіру деген, бір атаның, әулеттің баласы деу – өресіз ұғымның нәтижесі. 

Мен сұлулықты жүрегімнің түбінде сақтаймын

– Дүниенің қай түпкірінде, қай «жұмағында» болмайын кіндік кесіп, кір жуған қасиетті туған жер мені дәйім әндей тербейді де жүреді.Оның бозарып атқан таңы, қызарып батқан күні... О, оған не жетсін! 

Сонау бір жылдары ұлы күйші Ықыласты зерттеп, Шу бойындағы Жайлаукөлге барғанымда ауылдағы замандастарым: «Сіз қалалық боп кеттіңіз, ал бізге Шудың құмынан асқан пейіш дүниесі жоқ. Жайлаукөлдің кешкі самалы желпіген құмдағы гүлдерді көрсеңіз. Ол – арман, ол – махаббат, ол – асқақ сезім» деп еді. Сол жалынды сөздерді тыңдап отырып «Жайлаукөл кештері» деген әнімді жаздым. Ол ән дүниені шарлап кеткенін ел жақсы біледі. 

Енді бірде «Ауылым көшіп барады Көлмекөлге» деп басталатын халық әніндегі сол киелі Көлмекөлдің суалып бара жатқан қасіретін көріп, оның кешегі сәні, салтанаты ең болмаса әнде қалсын, ол жастық шағымыздың тәтті түстей тербейтін әні болсын деп, көзіме жас толып отырса да шуақты толғаныспен «Көгілдір Көлме» әнін шығардым. Ол кешегі Ришад Абдуллиннің құдіретті үнімен талай жерге жетті. 

Сол «Көлмекөл» сияқты тағы бір көл – «Қамқалы» да суалып, ел қаңырап, жер кезеріп... ал бір күндері оған қайта су толғанда жер-көкке сыймай қуанып, ол маңнан басқа жақтарға рақат іздеп көшіп кеткендерді «Қамқалыға» шақырып: «Қамқалыға қайта орал» деген ән сыйладым жерлестеріме. Туған жер үшін бір суынып, бір жанған есіл жүрек бәрін... бәрін көтереді екен. 

Орта мектепті Қаратау қаласында бітіріп едім. Ол бір мәуелі, тыныш, сұлу, мүлгіген әсем қала. Елге барып жүргенде оның тамылжыған ескі бақтарын аралап, бозбала кезімде отырған орындықтарды, сүйенген теректерді көріп, тебіреніске түсуші едім. Сондай бір іңкәр сезім қуатымен «Қаратау қаласы» деп әндеттім... 

Туған жер қасиетін бейнелеуге тілім жетпегенде осылайша әндеткен едім, ал ең күшті... ең асқақ... ең биік патетикалы ән енді жазылатын сияқты! Туған жер – асыл анам, таусылмайтын әнім екен. 

Туған жер өзінің асыл, ардақты, ұлы, киелі адамдарымен ардақты. Осыны бек түсініп, бүгінгі, келер ұрпақ сыйынып жүретін піріміз болсын деп екінші Қорқыт атанған күйші Ықыластың жүз елу жылдық тойы қарсаңында оған кесене, ескерткіштер тұрғызуға барымды салып үлес қосып ем, сол арманға жеттік. Бүгінде Сарысу ауданының бір көркі, зор рухы Ықылас кесенесі боп тұр. 

...Жалпы, мен сұлулықты жүрегімнің түбінде сақтаймын. Кейін уақыты туып, бабына келгенде қиялым мен қаламыма ерік беремін. 

***

Айтса айтқандай-ақ, Ілекеңнің сөзіне ісі дәлел адам. Оның музыка қобдишасында әлгінде айтқанымыздай, бүкіл қазақ даласы ән салады. Осыдан біраз уақыт бұрын Атырауда болғанда облыс әкімінің орынбасары Сембаев деген азамат ағынан жарылып: «бұл Ілекең жоқ іздеген жан ғой, қазақтың Затаевичі ғой» депті. Біз де сол сөздің құлымыз. Ол Қазақстанның бар дауысын жазып әкеліп, аядай бөлмесінде отырып, ұзақты күнге тыңдайды. Барша қазақтың әншіл жүрегі тұла бойын ұйытады, халқының ұлылығына, дархандығына тамсанады, сонсоң сол әсерді ел-жұртқа жеткізгенше асығып, қолына қалам алады, көкірегінен аққу ән ұшырады. 

«Пора домой» 

– Кезінде Иманғали Тасмағамбетов Атырау облысының әкімі болып тұрған кезінде арнайы шақырып еді. Сонда Иманғали айтты: «Аға, ата-ба-баларыңыздың Еділ мен Жайықтың бойы-нан кеткеніне 4 ғасырға жуықтапты. Арқада өмір сүрдіңіздер. Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Жезқазған... сол төңіректе өсіп-өндіңіздер. Рахмет ол елге. Сіздің әндеріңізді біз ешуақытта «ана ауылдың, мына ауылдың әні» деп бөлмейміз. Барлығы да қазаққа ортақ қазына. Енді «пора домой» деді. Міне, тура осылай деп кесіп айтты. Сөйтті де, көмекшісіне тапсырма беріп, қаланың қақ төрінен осы пәтердің кілтін қолыма табыс етті. Республиканың басқа аймақтарын түгелге жуық аралап, зерттеп шықсам да, Батыс аймағы менің көптен бері табаным тимей жүрген жер еді. Киелі өлкенің бай музыкалық мұрасына дендеп кіре алмаған олқылықтың орны бүтінделетіндігін ойлап, бұл ұсынысқа бірден қуана келістім. Содан бері міне, 20 жыл болады. Атырауды тұрақ етіп қалып қойдым. Иманғалидың айтқанын екі етпей, елдің арғы-бергі тарихын тірілтіп, ұмытылған, ескерусіз қалған композиторлары мен олардың бай мұрасына жан бітірдім. 

Балқадиша ешқандай шалға ұзатылмаған

Қазақ классикалық ән мектебін Біржан салдан тарқатамыз. «Базарың құтты болсын, ардақты елім, Қоянды ту көтерген думан жерім-ай» дейтін нағыз классикалық әндерді Біржан салға дейін ешкім жазған жоқ. 

Арқадағы әншілік дәстүрдің ұлы атасы – Біржан сал. Мұны кейбір зерттеушілер Сегіз серіге, басқа да біреулерге теліп жүр. Оның бәрі жалған, әдебиеттегі, фольклордағы соңғы жылдарда жасалып жатқан фальштер. Біржан салдан кейін «Ауылым қонған Сырымбет саласында» деп Ақан сері шықты. Ғажап! Арқадағы ән дәстүрі осылай дамып жатқан кезде, Батыста «Салмасам Айнамкөзге» деп Мұхит әуелетті. Мұның барлығы анау Арқа, Қостанай, Тобыл, Ырғызбен жалғасып жатқан Ақтөбе, Орал даласындағы жәрмеңке, қан базарлар, сол кездегі сауда мәдениеті арқылы даланың ескек желімен жеткен бір-біріне әсері еді. Бұл бір сұмдық құбылыс, ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әнінің үлкен өрлеуі, қалыптасуы, классикалық деңгейге шығуы.

Рас, кеңес өкіметі кезінде көп әніміз үгіт-насихаттың құралы болып кетті. Соның бірі – «Балқадиша». Әйел теңдігін алға тартып, жалаулатқан белсенділер «қазақ он екіде бір гүлі ашылмаған өрімдей қыздарын малға сатқан, шалға сатқан» деген желеумен ән мәтінін «Күйеуің сексен бесте – шал, Қадиша» деп өзгертті. Ақиқатында, Балқадиша ешқандай шалға ұзатылмаған. 

Шәмші сыған қызына ғашық болған емес

«Хит» деген сөзді айтуға болмайды. Кез келген халық әнін заманауи техниканың мүмкіндігін пайдалана отырып, өңдеуге, құлпыртуға болады. Мәселен, «Ой, көк, игигай көк! Ой, көкем, япырым-ай, Жастық дәурен өтеді-ай» деген жолдар. Бұл – эстрада емес. Қазақтың шалқар көңілді әндері. Эстрада деген сөзді ешуақытта қазаққа қолданбаңдар, ол біздің табиғат, болмысқа жат. Бибігүл Төлегенова апаларың бір сөзінде: «Эстрада деген сөзді айтпаңдар маған, ол – мен үшін нөл» – деді. Мен де сол түсініктемін. Эстрададан, эстрададағы желікпе, әулекі әндерден бізді «Ой, көк», «Бипыл», «Маусымжан» сынды өзіміздің жайсаң әндер ғана құтқарады... 

Шәмші ешқашан сыған қызына ғашық болған емес 

Шәмші екеуміз 1957 жылдың аяғынан бастап эфирге бірге шықтық. Содан бері өле-өлгенше жұбымыз жазылған жоқ. Тіпті, бір үйде тұрдық. Апаңмен отбасын құрғанда Шәмші «Сен сұлу» деген әнін үйлену тойымызға шашу ретінде әкеліп, дастарқан үстінде тұсауын кескенбіз. Сондықтан да Шәмші әндерінің көпшілігінің туу тарихы күні кешегідей көз алдымда. 

Рас, «Сыған серенадасы» әнінің тағдыры шытырманға толы болды. Соңынан түрлі қаңқу сөз де ерді. Бірақ оның барлығы жалған. Жас кезімізде Шәмші, Мыңжасар Маңғытаев бар – барлығымыз жиналып, басымыз қосыла қалса орыстың халық әндерін айтып, сыған романстарын тыңдағанды жақсы көретінбіз. Содан шабыт алатынбыз. Тіпті сол үшін сыған романстарының жинағын Мәскеуден арнайы алдыртқанымыз да бар. Ел сүйіп тыңдайтын «Сыған серенадасы» да соның әсерінен туды. Кейін сөзін Қадыр Мырза Әліге телефонмен өтініш айтып, қолқалап жаздырған болатын. Әннің бар тарихы осы. Ел гулеткендей, Шәмші ешқашан сыған қызына ғашық болған емес. Махаббаттан мәжнүн күйге түсіп, табордың соңынан да кеткен жоқ. Бұл оқиғаны ең алғаш жазған Оразбек Бодықов. «Шәмші өмірі қызық болсын деп жазған мен едім, Ілия шырағым» деп кейін өзі де айтты. 

Бұл – батыстың музыкалық экспансиясы 

– Әyелі мына біp жайтты айтқым келеді. Сендер, жастар, қазақтық дәстүрлі ән корифейлерінің кімнен басталатынын білмейсіңдер. Қазақтық классикалық әндерінің ұлы атасы кім дегенде, Біржан салдан бастау керек. Біржан салдан соң Ақан cepі, одан кейін Ақан cepігe шәкірт болтан Үкілі Ыбырайлар кетеді, Енді нақты сұраққа келейік, қазақ халкының басына түскен неше түрлі қайғы-қасірет, қилы-қилы кезең, ауыр сындар болды. Қалмақтармен күрес 200 жылға созылыпты. Соның ең апогейі – «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» трагедиясын тудырған «Елім-ай» әні. Міне, «Елім-ай» әні қазір қазақтың ұлттық гимніне айналды. Бұл ән – болашақ ұрпақтың киелі біp тіpeгі іcпeтті. Ел болудың, тұтастығымызды сақтаудың, ұлт болып өмір сүрудің жарқын үлгісі осы – Әлкей Марғұлан тапқан «Елім-ай» нұсқасында керемет сақталған. Қайда қырылмадық, қайда жосылмадық біз. Ол жай ғана ән емес, мұқым халықтың діті мен ділі, жүрегі, бүкіл қайғы-қасіреті, бүгінгі өміpі, келешегі қамтылған үлкен толғау жыр. Мұны айтып отырған себебім, қандай біp ауыр кезеңді өтпейік, еш уақытта қазақ әні дәл өткен ғасырдың 70-жылдарынан бастап бұзылғанындай, бұзылған жоқ еді. 

Енді мына заманда ұлттық композитор деген болмайды

Эстрада – қазақтың болмысына, дітіне, бүкіл табиғатына жат құбылыс. Эстрадалық ән еш уақытта қазақта болған емес. Бұл – батыстың музыкалық экспансиясы. Әр халық болмысын, өзінің ұлттық музыкалық діті мен ділін сақтаса, мұндай сұмдық болмайды. Бірақ, біз ауыр жылдарды бастан кешірдік. Батыстан ағылып жеткен жағымсыз әсерлер жастарымыздың санасын улады, әлі де улап келеді. Телевидение, ғаламтор, компьютер арқылы беріліп жатқан сұмдықтардың барлығы қазақылықтың қайнарын лайлап бітті. Жастардың қиялын ұрлап жатыр. Келешекте қандай ән болады деп сұрап жатырсың, XX ғасырдың екінші жартысынан басталған бүліну енді ешуақытта түзелмейді. Енді еш уақытта қазақтық ұлттық композиторы болмайды. Осы естеріңде болсын. Kешегі Кеңестік кезеңдегі керемет музыка тудырған Ахмет Жұбанов, Мұқан Төлебаев, ұлты басқа болса да Латиф Хамиди, Евгений Григорьевич Брусиловскийлер, Бақытжан Байқадамов, Қапан Мусиндер, олардың бepгі жағында романстан бастап, операға дейін толғаған Сыдық Мұхамеджанов, солардан кейінгі Мәкәлім Қойшыбай, Нағым Меңдіғалиев, Кенжебек Күмісбеков, Теміржан Базарбаев, Мыңжасар Маңғытаев, Мансұр Сағатовтар ұлттық өнерге үлкен олжа салған болатын. Сонау ықылым заманнан келе жатқан дәстүрді Ахмет Жұбанов рухымен жалғаған композиторлар қай жанрда жазса да ұлттық колоритпен, ұлттық нақышпен жазды. Бірақ, сол тамаша дәстүр 70-жылдарға келгенде нілдей бұзылды. 

Біз – Шәмші Қалдаяқов, Илья Жақанов, Әсет Бейсеуов, «Махаббат вальсмен» шыққан Бекен Жамақаев бұл дүрбелеңнен бұрын сол ертерек шығып, 60-жылдардың композиторы болып, өзіміздің алдымыздағы аттарын атап өткен Ахмет Жұбанов, Евгений Брусиловскийлер жасаған, Латиф Хамидилер тудырған вальстерден ауытқығанымыз жоқ. Сол үлгіде ән жаздық, әлі де жазып келе жатырмыз. Ал енді сіздер армандап отырған, ұлттық композитор дегеніңіз енді мына заманда болмайды. Бұл – біздің заманның, бүгінгі күннің, ертеңгі күннің қасіреті. 

Кейбіреулер музыкадағы «бомж» сияқты

– Қазір өздерің қандай ән тыңдайсыңдар? Жарқ-жұрқ еткен мән-мағынасыз әндердің жетегінен шыға алмай келесіңдер. Халыққа ұсынылар, сахнада орындалар әндер ешқандай да талғам талқысына салынбайды, кеңестік идеологияның тұсындағы жүйе, көркемдік кеңес деген жоқ. Кім болса, не болса сол кетіп жатыр. Артық кетсем кешірерсіз, эфирдегінің дені – қоқыс. Ал кейбіреулер, тіпті, музыкадағы «бомж» сияқты жүр. Бұл деген сұмдық қой. Қазақ өз болмысын, жаратылысын, тарихын әнде қалдырған. Ал бүгінгі әндерден қазақтың келбетін елестетуге бола ма? Әрине, жоқ! Бұл – азған, тозған, өзінің мекені, елі мен жерін кез келген уақытта сатып, шетел асып кетіп қалатын сұмдықтардың заманы болып тұр қазір. 

***

– Әйгілі композитор Фредерик Шопеннің «Сөз біткен жерден музыка басталады» деген ұлы сөзі бар. Сөз құдіретімен жеткізе алмай, діттеген ойымды шығара алмай тығырыққа тірелген сәтте музыканы іздеймін. Менің әндерім оңашада, тыныштықта немесе жол үстінде туады. Шабыт келгенде, көлігіме отырып, классикалық музыканы қосып қойып, Жайықтың бойын жағалап кетемін. Ал әннен «артылған» сезім суретке түседі. Мәселен, «Толағай» деген әнім солай туды. Арқа сапарынан келе жатқан жолда көк мұнарға бөккен көркем тау көз алдымнан кетпей қойды. Сөйтіп шабыт шырқауына жетіп, «Толағай» келді өмірге. Ал кейінірек ол тауды картина ғып жаздым. Ән жеткізбеген жерге бояуды бердім сөйтіп. Міне, мендегі өнердің барлығы осылайша бір-бірін толықтырып отырады. Менің музам, шабытымның қозғаушы күші осы үшеуі – сөз, музыка және әсер.

Мен кіммін?

– Мен қазақ музыкасының жоғын жоқтаушы секілді фанатикпін бе, 

білмеймін, Арменияның тау-тасын кезіп, ән іздеген Комитас секілдімін бе, қалай? 

Не десеңіз де, мен – музыка зерттеушісімін! 

***

Атақ – атақ, ал мен Музамен тыныстап, соның құдіреті күшті қуатымен өмір сүріп келемін. 

***

Бір шетел сапарынан оралған Рахымжанның сондағы бір үздігіп, үгіліп сөйлегені есімде. «Сізге бір мойын бұра алмай қойдым. Мәңгілік жүре беретіндейміз ғой. Осы уақытқа дейін қасымда ғой деп, алаңсыз жүрдім, сіз де әлі толық ашылмай жатқан қазынасыз ғой, енді сізге толайым бұрыламын. «Еділ-Жайық» деген пьеса жазамын. Жұбан аға екеуіңіз жөнінде. Кейінгі кездегі рухани тұлғаларымыз туралы жазылып жатқан дүниелердің көпшілігіне көңілім толмайды» деп еді айналайын-ай. Сол сөзі кей-кейде жадымда жаңғырып жүреді.

Қали СӘРСЕНБАЙ, 

жазушы