«Қазақстанның жеті томдық тарихын асыға күтеміз»: Қырғызстанның Мемлекеттік хатшысы қазақ пен қырғыздың ортақ тарихы туралы айтты
2026 ж. 21 мамыр
37
0
Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Арслан Койчиев Орталық Азия халықтарының ортақ тарихи жадын сөз етіп, қазақ пен қырғыз тарихының өзара тығыз байланыста қалыптасқанын атап өтті. Ол Facebook парақшасында жариялаған жазбасында Қазақстанда дайындалып жатқан жеті томдық «Қазақстан тарихы» басылымына қырғыз тарихшылары да үлкен қызығушылық танытып отырғанын айтады.
Койчиевтің пікірінше, қазақ пен қырғыздың тарихи тағдыры бір-бірімен біте қайнасқан. Сондықтан Қазақстан тарихына қатысты іргелі еңбектің жарық көруі Қырғызстандағы ғылыми орта үшін де маңызды оқиға болмақ. Ол қырғыз зерттеушілері бұл еңбекті зор ықыласпен әрі шабытпен күтіп отырғанына тоқталып, туыстас халықтардың тарихын бір-бірінен бөліп қарау мүмкін еместігін жеткізеді.
Мемлекеттік хатшы өңір тарихын қазіргі ұлттық шекаралар шеңберінде ғана түсіндіру жеткіліксіз екенін атап өтті. Оның айтуынша, Орталық Азия халықтарының тарихи дамуы Еуразия кеңістігіндегі ортақ саяси және мәдени үдерістермен тығыз байланысты. Осы тұрғыда ол Алтын Орда тақырыбына арнайы тоқталып, бұл мемлекетті көптеген халықтардың тарихи қалыптасуына ықпал еткен маңызды өркениеттік кеңістік ретінде сипаттайды.
Тарихи және фольклорлық сабақтастықтың мысалы ретінде Койчиев ортағасырлық «Маджму ат-таварих» еңбегін атайды. Оның сөзінше, бұл дереккөзді қазақстандық тарихшы Жақсылық Сәбитов өз зерттеулерінде пайдаланып келеді. Аталған мәтінде Тоқтамыс хан мен қырғыз тайпалары арасындағы одақтастық қатынастар туралы деректер, сондай-ақ «Манас» жырымен үндесетін жекелеген тарихи-фольклорлық параллельдер кездеседі. Сонымен қатар, Койчиев мұндай мәліметтерді нақты тарихи оқиғалардың дәлме-дәл көрінісі ретінде емес, тарихи жад пен кейінгі дәуірдегі танымдық түсіндірулердің көрінісі ретінде қарастыру қажеттігін ескерткен.
Сондай-ақ ол «қырғыз, қазақ – бір туған» деген кең тараған тіркесті еске алып, мұндай бауырластық түсініктері өңірдің тарихи әрі мәдени дискурсында бүгінге дейін сақталып отырғанына тоқталады.
Арслан Койчиев өз жазбасының соңында Қырғызстан тарихына арналған 15 томдық іргелі еңбек дайындалып жатқанын хабарлаған. Оның айтуынша, бұл жоба ұлттың өткенін жүйелеп қана қоймай, қырғыз тарихын кең ауқымды еуразиялық тарихи кеңістікпен сабақтастыра қарастыруды мақсат етеді.