Зәрипаны алғаш кескіндеген

Зәрипаны алғаш кескіндеген

1972 жылы М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрына бір жас актриса кастингтен өтуге келеді. Көркемдік кеңес мүшелері: С.Майқанова, Х.Бөкеева, Ш.Жандарбекова, Б.Римова, Ә.Мәмбетов сынды алыптар еді. Ақтоқтының монологын оқып болғанан кейін жас қызға көз тастаған С.Майқанова: «Қызым, Қараторғайды білесің бе? Мен де, театрға қабылданатын күні осы әнді айтып қабылдандым»-деген сөзін естиді. Жастық жалынмен, бойдағы дарынмен «Қараторғай» әнің орындағанда режиссура барометрі Ә.Мәмбетов: «Бұл қарындасымыздың театрды сағынып келгені көрініп тұр. Ал театрды сағынған қыздан, мықты актриса шығады»- деп баға берген болатын. Театр тарландарынан осындай баға алған актрисаның есімі Жұмагүл Мейрамова. Асқар Тоқпанов пен Шолпан Жандарбекованың мектебінен өтіп, Әуезов театрының корифейлерінің тәлімін алған Жұмагүл Өмірзаққызының сахна алаңындағы алғашқы рөлі Ә.Таразидің «Жолы болғыш жігіт» шығармасындағы-Тана, А.Макеноныктың «Пұшайман болған әулие» драмасындағы Қыз, Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты» трагедиясындағы-Ақтоқты және тағы да, басқа бейнелерді тірілтті. «Ақан сері-Ақтоқты» трагедиясындағы Жұмагүл Мейрамова кескіндеген Ақтоқты бейнесі – қазақ сахнасындағы нәзіктік пен қайсарлықты қатар тоғыстырған күрделі образдардың бірі. Актриса бұл рөл арқылы қазақ қызының махаббатқа адалдығын, еркіндікке ұмтылысын және тағдыр тауқыметіне қарсы ішкі күресін терең ашып көрсете білді. Актриса Жұмагүл Мейрамованың «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясындағы Айман рөлі-актриса шығармашылығындағы айтулы бейне. Айман – өз дәуірінен озық ойлайтын, сөзге шешен, зерек те алғыр қыз. Ол қиын жағдайда саспай жол таба білетін, айналасындағы адамдарға ықпал ете алатын батыл кейіпкер ретінде көрінеді. Жұмагүл Мейрамова бұл образды ерекше сахналық жеңілдікпен, табиғи юмормен және ұлттық бояумен байыта білді. Жұмагүл Мейрамова Айманның мінезіндегі ойнақылық пен ақылдылықты шебер ұштастырды. Жұмагүл Мейрамова қазақ театр сахнасында Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» драмасындағы Зәрипаны алғаш кескіндеген актриса. Зәрипа – тағдыр тауқыметін көрсе де, адамдық қасиетін жоғалтпаған жан. Ол айналасына жылу сыйлайтын, жүрегі таза, сабырлы әйел ретінде көрінеді. Шыңғыс Айтматов шығармаларындағы әйел образдарына тән терең психологиялық иірім Зәрипа бейнесінде де анық байқалады. Жұмагүл Мейрамова осы ішкі тереңдікті сахнада табиғи әрі әсерлі жеткізе білді. Бұл рөл Жұмагүл Мейрамованың драмалық диапазоны кең, психологиялық иірімдерді дәл бере алатын талантты актриса екенін айқындайтын маңызды сахналық жұмыстардың бірі болып саналады. М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры актриса Жұмагүл Мейрамова үшін құтты шаңырақ болды. «ҚР еңбек сіңірген артисі» атағын алды. Қазіргі кезде Жұмагүл Мейрамова Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық музыкалық драма театрында сүбелі еңбек етуде. Қаллеки театрында: О.Бөкейдің «Құлыным менің» драмасында-Қарлығаш, Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек»-трагедиясында-Қамқа, Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трагедиясында-Ақбаланың шешесі, Е.Жуасбектің «Антивирус» комедиясында-Жамал, А.Чехов «Ваня ағай» – Мария Васильевна, Т.Джюдженоглу «Көшкін» – Бәйбіше, Ж. Ануй «Жалын жұтқан Жанна д Арк» – Иоланта, Р. Отарбаев «Көлеңкесіз жолаушы» – Анасы, Х.Алтай, Х.Оралтай «Алтайдан ауған ел» – Көш бейнелерін орындады. Жұмагүл Өмірзаққызы тек қана майталман сахнагер ғана емес, сондай-ақ, жас актерлерге «Сахна тілі» пәнінен дәріс беруде. Әр сабағы тағылымға толы ұстаздың шәкірттері бүгінгі таңда еліміздің театрларының алдыңғы шептегі актерлері. Осыдан 54 жылдай уақыт бұрын сарбадал сахнагерлерді тамсандырған Жұмагүл Мейрамованың өнерін, өнегесін көріп жүрген біздер қандай бақыттымыз!

Бахтияр Тұрсын,

Театртанушы