«БАҚЫТТЫ ҒҰМЫР» ТУРАЛЫ ТОЛҒАНЫС
2026 ж. 10 мамыр
106
0
Бақыт дегеннің баламасы көп. «Қолынан келетін, істеуге тиісті ісін істей алатын адамды бақытты, әрі тамаша адам деуге болады» дейді Леонарда Винчи. «Бәрінен де тек қана өзіне бағынышты адам бақытты» дейді Цицерон. «Бақытты сырттан емес, жүрегіңнен таба біл,» дейді Аристотель. Үшеуінің де айтқаны дұрыс.
Экономист әрі қаламгер, өмірлік тәжірибесі бар Ғалымжан Керімбектің өзін бақытты адам деуге болады. Бұл ұзақ жылғы еңбектің нәтижесі. Ең бастысы – ниет еткен, алға қойған мақсатына қол жеткізді. Ол өздігінен келген жоқ, ізденудің арқасы, өзін бағындырғанның арқасы. Оны іздеген нәрсесін өз жүрегінен таба білді. «Менің мұрат-мақсатым – адамзат баласының өмірде терең мағыналы білім алумен қатар озық ойлы азаматты сапалы білім және саналы тәрбие алуға бейімдеуге ұмтылу» дейді кітап авторы. Бұл айтары бар адамның сөзі. Түрлі тақырыпты қамтыған жинақтан бақытты болуды ұлттық сана мен ұлттық тәрбиеге, құндылықтарға, ата-ана сөзіне терең мән беруден басталатынын жазабалардан анық ұғасың. Өзінің де отбасынан алған ұлағаттың, баланың ішкі сезімін жеткізе білуге баулудың маңыздылығына тоқталады.

Жазбаны қазақтың жеті атасының киесінен бастайды. Тарихтан, шежіреден қозғайды. Ата-анасы туралы естеліктер айтады. Кітапты оқып отырып байқағаным, бала кезінен зеректік, еңбекқорлықты жанына серік еткендігінен болар, қарапайым дүниелердің өзі сананы оятады.
Жазбагер адамды жақсы тануың үшін 3 шарт қажет дейді: Оның біріншісі көрші тұру, екіншісі бірге сапарға шығу, үшіншісі онымен саудаласу. Адамды өмірдегі көліктегі жолаушыға теңейді Сағаты, сәті келгенде әр адамның түсіп қалатын өз аялдамасы болатынын жеткізеді. Өткен күнге кешірммнен, осы сәтке махаббатпен, келер күнге үмітпен, барлық нәрсеге мейіріммен және Алланың сынағы деп қарасаңыз, зор денсаулық пен мол қажыр-қайратқа ие боласыз.дейді. Соған мысал келтіріп, дәлелдейді.
Ата-ана қадірі туралы көп айтылады. Кім болсаң ол бол, оларға деген перзенттік мхаббатыңды барынша арттыруға тиіссің дейді. «Өзіңді өзің танысаң – істің басы» деп Шәкәрім айтқандай түрлі жағдайларды шешуге, өз ойын ашық айтуға, адами қарым-қатынас жасауға үйретеді. Ата-анаңның көзінше шаршаңқы түр көрсетпеу, ата-анаңның көзінше немересіне жекімеу, қайта қуандыру үшін өмір сүруге талпындырады. Мәселен, қарапайым ғана тірліктер, анаңызды бетінен сүю, әкеңізді құшақтап қою өміріңіздің бір бөлшегіне айналуға тиісті. Ата-ананың өмірдегі ең басты және аса қымбат жан екенін көрсету – олардың да өмірін ұзартады. Жақсы сөз айту парыз. Өйткені ешкім де мәңгілік емес.

Кітапта Әке өсиетіне терең мән береді: «Алатын кезде – алға озып, беретін кезде артта бұғып қалатын, алғаны мен бергенін жіпке тізіп санайтын адамнан аулақ жүр. Ондай адамнан құтылудың өзі – үлкен олжа!». «Өзгеден артық боламын деп арындама, шамаңды шақта», «Дүниеде ұқсас нәрсе көп, Құдай қарақұсқа бүркіттің түрін берген. Қыран бүркіт көктен құйылып келіп, аң алады, ал қарақұс өлексе жемтік іздейді» деген сөз арқылы жаныңдағы адамдарға жете мән берудің керектігін еске салады.
«Өзінің қарақан басы үшін пайда іздеп, күнә жасаған адам сол пайдасының арқасында сырт көзге бақытты көрінуі мүмкін. Алайда ол бейбақтың ішіндегші дауылды кім көрген, өртті кім сезінген? Адам өзгеден қашса да, өзінен ешқайда қаша алмайды». Шындығында адамның ішкі соты – арына көп нәрсе байланысты. «Арлы жігіттің киімі нашар болса да, кеудесі алтын болады» деген сөз осындайда ойға оралады. Өйткені ары таза адамның – жаны да таза. Іргетас мықты болу керектігіне назар аударады. Іргетастың үстіне қабырға берік қаланбаса, төбесі биіктеп еңселенбесе, шатыр жақсы жабылмаса, қанша мықты болса да, іргетастың құны шамалы болып қалатынына мән береді. «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» дегеннің сырын ұғасың.
Әке өсиетінен тағы бір ұнағаны, баласына үйреткен тәлімі. «Сіздің тойға 30 мың теңге әкелсе, оның тойына үстіне 5 мың қосып, 35 мың апарғын. «Сол 30 мыңын қайтара салмаймыз ба?» дегенімде «Сен ол адамнан бір қадам алға жүр, әкелгенінің үстіне қосып бер. Сонда сенің кез-келген жерде абыройың асқақ, мерейің үстем болады. Адам өмірде есеппен дос болмауы керек» дегені әрбір жанға шынында өмірлік сабақ.
Әрбір бала үшін ата-анасымен бірге болғаны, толыққанды отбасында өмір сүргені маңызды. Өзін қоғамға керекті адам сезіну үшін, өзіне деген сенім мықты болу үшін ата-ананың үлесі зор. Тағдырдың жазуымен әкесінен айырылып қалған бала психологиясы өзгеріске ұшырайды. Ана жылуын қаншалықты сезінгенмен әкенің баланың тұлға болып өсуіне қосатын орны бөлек. Ғалымжанның дерегі бойынша елімізде бір жылда 48 мыңнан астам жұп ажырасқан. Қазақстанда 600 мыңнан астам жалғызбасты ана бар екен. Ұлттық статистика бойынша ажырасуға арыз бергеннің дені – жастар. Әсіресе үйленгеніне 1-2 жыл болғандар. Бұл жастардың қиындыққа шыдай алмайтынының, бір-бірін кешіре алмайтынының көрінісі. Әрине бала ананвң қолында қалады. Әкесіз өскен бала жасық болады. Мұндайда Бұқар жыраудың «Әкелі бала – жау жүрек, әкесіз бала – су жүрек» дегені бекер емес. Тағы сол Бұқар жырау «Әкесі бар баланың жебесі тастан өтеді.Әкесіз бала жиын болса бара алмас, барса орын ала алмас» дейді. Әлеуметтік желіде «Бір сағатқа әке боламыз» дегент агенттіктің ашылғаны, оны жарнамасы туралы айтылады. Құрамы 2-3 ер адамнан тұратын топ «Баланың жайлылығы үшін барлығын жайсамыз» дейді. Бұл әке орнын баса ала ма? Елімізде жалғызбасты әке де аз емес екен. Олардың саны 68 мыңнан асады екен. Бұл моно отбасының көбейгенінің белгісі. Ғалымжан «Бір сағаттық әке» атты агенттіктің жұмысын тоқтату керек дейді. Бұл балаға ешқандай пайда бермейді дейді, бұған қосыламыз. Бұл қайта жаны ауырып жүрген баланың жанын жаралайды емес пе?!
Келесі бір тақырып «Папа», «Мама» дегеннің төңірегінде өрбиді. Бұл Ресейден енген дүние ғой. Перзенттері «Әке», «Анашым» деп атағаны қандай сүйкімді естіледі. Ал келіндер қайын атасын, қайын енесін тиісінше «Папа», «Мама» деп емес, «Ата», «Апа» дегені дұрыс деп есептейді. Бұл сөзге толығымен қосыламын. Менің әкем әкесін «көке» деп атады. Біз де әкемізді солай атадық. Тиісінше балаларымыз да бізді солай атайды. Меніңше, «Әке» деген одан да жақынырақ секілді. Дұрыс атаудың өзі ара-қатынасқа әсер етеді. Ал «анашым» деген сөз мейірімге бөлейді.
«Папа» сөзі қайдан шыққан?». Біздің заманымызға төртінші ғасырында хритиан діні католик және провослав боа екіге бөлінген. Сол кезде католик дінін қабылдап, өзімен бірге отбасын, ағайын туысқандарын шоқындырған, сондағы дінге қызмет еткен адамды «папа» деп атаған. Католиктер «Папа» деп Исус Христостың жердегі дінін тартушы өкілін, дін қызметшісін айтқан. Қазақта бұрыннан бұл атау «әке» ғой. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «Мама І– ат байлайтын діңгек ағаш. «Мама ІІ – ананың емшегі, Мама бие – сүтті, сарықарын, үлкен бие» деп жазылған. Ал «Папа» сөзі – Католик шіркеуіндегі ең жоғары билік иесі (Алматы, 2008, «Дайк Пресс», 579, 667 беттер). Тағы бір сөздікте Мама сөз бұл латынша «mamma» деген сөзі мағынасы «әйелдің емшегі» дегеннен шыққан деп анық жазылған. Меніңше көтеріліп жатқан мәселе орынды. «Әке», «Анашым» деген атау бала мен ата-ананы жақындата түседі, сыйластығына, өз орнын білуге үйретеді.

Келесі бір тақырып Ер азаматтың қадірі туралы айтылады.Оған мынадай мысал келтіреді. «Әйел жұмыс істейді, еркек үйде декретте отырады. Шымкент қаласында тұрғанымда баламен емханаға бір рет те бармаған едім. Ал Астана қаласында емханасында көп еркекр еркектер жүр баламен» дейді. Әкелердің декретте жүруіне көз үйрене бастады. Бұлай кете беретін болса, еркектер туатын заман келеді-ау? Ойлаңыздаршы, кішкентай нәрестеге ананың сүті керек? Ер адамда ол жоқ қой. Ана деген атаудың өзі сәбидің ең қымбат адамын сездірмей ме?
Сонымен қатар Ғалымжан мына бір жәйтті байқапты. Көшбасшылық жасайтын, қыз-келіншекке ақыл кеңес беретін орталық бар. Тіпті бірнеше. Ал мұндай орталық ер-азаматтарға мүлдем қарастырылмаған. Мұны қалай түсінуге болады? Сонда көшбасшылықта тек әйелдер болу керек пе?
Ұлттық құндылықтың бірі перзентке ат қою екені белгілі. Оны да әйтеуір атай салмай, үлкендердің батасын алып барып, азан шақырып қойған. Әдемі, заманға сай есім болу керек. Жаңа туған сәби болашақта сыйлы, құрметті, үлкен адам болсын деген үмітпен ата-анасы үйдің үлкен ата-әжесіне немесе елге сыйлы адамдарға ат қойғызған. Айтылуы қиын, жаман мағына беретін есімдерден аулақ болған жөн. Ырыммен де ат қою бар. Өзін де «Болашағынан үлкен үміт күтетін, еліне пайдасы тиер азамат болсын» деп атын Ғалымжан қойған. Мұның өзі тағылым, тәрбие. Көз тимесін деп, Күшікбай, Итбай, Қасқырбай деген аттар тарихта қалды деп ойлаймын.
Жазбагердің мына сөзі ұнады: «Қанағатшыл адам – ең бай адам. Қолында дүниесі бар адам емес. Үнемі жоқ дей беретін адам – кедей. Ақшасы аз адам кедей емес, арманы мен мақсаты болмаған адам – кедей. Байлық пен кедейліктің шекарасы – ақша емес – қанағат». Осы орайда Ормамбет бидің «Қанағатсыз билерді қабан деген, Қамшылатқан жүйрікті шабан деген, Біреудің ақысына зорлық қылған, Қиянат қияметте жаман деген».
Отбасы мүшелері аға, жеңге, жезде, әпке, күйеу бала, қарындас туралы тағылымды дүние қозғайды. «Тілашар», Білім – болашақтың шамы, дұрыс сөйлеу, қарғыс сөзді айтпау, кәсіпкерлік және толып жатқан тақырыптарды қозғайды. Қарғыс айтпау дегеннен шығады, Төлегеннің әкесі баласына теріс бата бергені естеріңізде шығар? Арты қандай болды? Әке сөзі балаға қашанда дуалы екені рас.
Сүйінші сұрау, немере сүю, Қуану ризығы, Шыншылдық, Мейірбандық, Зеректік, Көркем мінез, Ішкі сұлулық, тіпті сыртқы киімге дейін зер салып, түртіп отырады. Адам боп қалыптасу, оның ішінде, әсіресе сұлу адам боп қалыптасуға ерекше мән береді.
Аталар шежіресі, ауылдың құрмет тұтар адамдарына дейін үлгі алатын тұстарын жазып отырған. Бейне бір журналистің жолжазбалары сияқты.
«Бақытты ғұмыр» 2 томнан тұрады. Біріншісі 400 беттей болса, екіншісі 400 беттен асып кеткен. Зер салғанға үлгі алар, өнеге алар жәйттер аза емес. Бұрын экономикалық кітаптар жазса, бүгін қазақи тәрбиеге ден қоюы, атадан балаға дарыған қасиетті қабілеттің арқасы дер едім. Бұл кітапты бақыттың бастауына жол деген дұрыс. Сонымен «бақытты ғұмыр не?» Бұл сауалға кітап ұлттық құндылықты сақтау, ата-ананың қадірін білу, өзің де жақсы ата-ана, жақсы адам болуға ұмтылу, әрбір қадамыңа ұқыпты болу екенін ұғасың!
Айналайын Ғалымжан! Өзіңді оқушы кезден таниды екенмін. Бір олимпиадада алғырлығыңмен жеңіске жеткеніңде аудандық білім бөлімінің меңгерушісі ретінде Құрмет Грамотасын табыс еткен екенмін. Енді мынандай үлкен қадам жасап, кітап жазып, оны оқырманға ұсынып жатқаныңда тағы бір өмірдің Алғысына ие болдым деп есепте!
Құтты болсын! Өс, өн, өмірдің белесін бағындыра бер, айналайын Ғалымжан!
Әкім Ысқақ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, тұңғыш қазақ тіліндегі заңның авторы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүше