ӨНЕРДІҢ ЖОЛЫ – ҚИЫН ЖОЛ
2026 ж. 08 сәуір
45
0
Хабиба Елебекова – 110
Ретро-сұхбат
Ғасыр жасаған актриса Хабиба апа Елебекова тұтас тарих, шалқар шежіре еді. Хабиба апа бізбен сұхбатында да атақты әріптестері туралы сүйсіне әңгімелеген-ді. Сонымен қатар, бұрын онша ашық айтылмаған, мүмкін дүдәдамалы бар кей жайттарды да қозғады. Сұхбат сол кезең, сол атмосфераны, сондағы қоғамдық ахуал, қарым-қатынастарды «қайта қалпына келтіре» сезіндіретінімен бағалы.
– Хабиба апа, әңгімені театр өнеріне, қара шаңыраққа келу тарихыңыздан бастасаңыз. Театрдағы алғашқы роліңіз Ж.Шаниннің «Арқалық батырындағы» Қарагөз екені белгілі.
– Сахнаға алғаш рет елде, Қарқаралыда шықтым. Алматыдан көп адам келіпті, ішінде Қалибек Қуанышбаев пен Жүсіпбек Елебеков бар. Қаллеки бізбен «Малқамбайды» қойды, онда маған Хадишаның ролін берді. «Құдай атқан Малқамбай, не болды жұртты бір-біріне шатастырып» дейтін репликасы бар. Соны жеріне жеткізіп айтып едім, «міне, міне, дұрыс» деді Қалибек-Қаллеки, сонсоң «кімнің қызысың?» деп сұрады. «Қарақбайдың». «Ойбай-ау, Дәлиләнің сіңлісісің бе?». Ол бір қиын кез еді. Әкем халық жауы болып, Атырауға айдалып кеткен. «Мен сені Алматыға әкетемін, мұнда қалдырмаймын» деді Қаллеки.
Алматыға 1935-жылдың 4-тамызында келдік. 12-тамызда Қаллекидің әйелі босанды. 5-қыркүйекте қазақ театрына келдім. Комиссия көреді екен. Ешқайсысын танымаймын. Ішінде Серке ағай бар екен, оны да кейін білдім ғой. Маған берілген тапсырма: «Қыстың күні. Жер тайғанақ. Су алуға құдыққа келдің, қалай аласың суды? Соны ойна» деді. Мен ұялып тұрмын. Сонда Серке аға келіп, иегімнен көтерді. «Көтер басыңды! Театрда істейтін адам бұлай болмайды» деді. Сонсоң бар жігерімді жанып, берілген тапсырманы орындауға кірістім. Мойнымдағы иінағашты жерге қойдым да, құдықтан су тартып, оны қайта иінағашқа іліп, су әкетіп бара жатқан бойжеткенді көрсеттім. Мұным комиссияға ұнады білем, жұмысқа қабылдады. Сонда театрда Сәбира да жүр екен. Сол мен келген жылы театрдың құрылғанына тоғыз жыл ғана болыпты. Театрдағы алғашқы ролім Жұмат Шаниннің «Арқалық батырындағы» Қарагөз. Ол кезде Жұмат Орал театрында режиссер, ал, пьесаның екінші қойылымы екен. Арқалықты Қапан Бадыров, оның әйелі Қарагөзді Құрманбек Қуанышбаевтың бірінші әйелі Зура Атабаева ойнайды. Қалибек Қуанышбаев – Хан ролінде, Серке аға оның – Уәзірі. Есімде, Елубай Өмірзақов Бақсыны ойнады. Елаға сахнаға Бақсы болып шыға келгенде зәрем ұшқаны бар. Ол бір батырлық-эпикалық, көтеріңкі спектакль болды.
Жұмат Шанин қазақтың алғашқы режиссері болды ғой, театрдың көп кем-кетігін жөндеген, режиссер дегеннің не екенін, кәсіби шарттарын театр алғаш рет сол азаматтан үйренген. Жұмат аға туралы сөз болғанда мына бір жайды айтпай кете алмаймын. Бұл бір аянышты жағдай және ондай үлкен тұлғалардың өнерге берілгенін, ұлт намысын ойлағанын анық көрсетеді ғой деймін. 1927 жылы Мәскеуде алғаш рет қазақ өнерінің күндері өтетін болып, оған жақсылап дайындық жүрген. Әбден іріктеп, таңдап алынған он бір адамды дайындаушы режиссер Жұмат ағай екен. Ол делегацияда менің туған апайым, аяулы Дәлилә Қарақбайқызы да болған. Жолай пойызда Жұмат пен Жанбикенің баласы аяқ астынан қайтыс болыпты. Зар илеген Жанбикеге сонда Жұмат: «Жанбике, сабыр ет, менің де жаным шырқырап отыр, мұндағылар білсе, жолда түсіріп тастайды, айдалада қайда қаламыз? Не де болса Мәскеуге жетейік, жылама» деп тоқтау айтыпты. Содан қазақ делегациясы поездың қызметкерлеріне ештеңе білдірмей, Мәскеуге жетіпті. Мәскеуге жеткен соң нәрестені жерлеуге Құрманбек пен Елубай кетіпті. Мәскеуде Ұлттар Кеңесінің 2-съезінен кейін қазақ делегациясы өнер көрсеткен. Жұмат жаратылысынан өте сыпайы, мәдениетті, артық сөзі жоқ жігіт еді.
– Театрға Ж.Шаниннен кейін орыстың кәсіби режиссерлері шақырылыпты. Солардың бірі Мәскеу Театр училищесін бітірген Иваново-Вознесенск облысында Кәсіподақ жұмысшы театрында режиссер болып жүрген Илья Григорьевич Боров екен. 1934-жылы 35 жасында оған РСФСР еңбек сіңірген артисі атағы беріліпті. М.Әуезов театрына бас режиссерлікке 1935-жылы келген ол 1936-жылы Қазақстанның халық артисі атағын алыпты. Ол кәсіби мамандарға қатты зәрулік бар кез ғой. Театрда 1938-жылға дейін болған Боров Н.Погодиннің «Ақсүйектерін», Гогольдің «Ревизорын», Майлин мен Мүсіреповтің «Амангелдісін», М.Әуезовтің «Алма бағындасын» қойыпты. Кейін Қырғызстанға ауысып кетіпті. Ал, Боров пен сіз театрға бір жылы келіпсіздер.
– Орыс режиссерлерінің ішінде Михаил Насонов театрға Илья Боровтан бұрын келген. Бірақ, Боров мықты режиссер еді. Орыс режиссурасы мектебін алғаш рет сол кісіден көрдік. Ол Насоновқа қарағанда актермен тыңғылықты жұмыс жасайтын, әрбір сөздің мағынасын жеткізе түсіндіретін. 1937-жылы «Ревизорды» қойды, онда мен Пошлепкинаны ойнадым. 1936-жылы қазақ өнерінің Мәскеудегі онкүндігіне 300-ден аса адам бардық. Сонда И.Боров апарылатын қойылымдарды түгелдей қайта қарап, көркемдік жағын күшейтуге еңбек сіңірді. Оның «Қыз Жібектен» Төлегеннің әкесі Базарбайдан бата сұрайтын эпизодының сахналық шешімін керемет тапқаны есімде қалыпты. Бұрын сахнаның әр тұсында шашырап, бет-бетімен тұратын кейіпкер-актерлердің орнын дәл белгілеп, Базарбайды сәл жоғарырақ орналастырды. Сонда әрқайсымыз өз орнымызда «Базеке, батаңды бер!» деп қол жаятын көрініс бүкіл сахнаны алып, мағыналы да өте әсерлі шыққан еді.
– Театрда бұл кездері Михаил Насонов, тағы басқа да орыс режиссерлерімен қатар актерлер, сондай-ақ ара-арасында Әубәкір Ысмайылов, режиссер Нұрғали Бейсековтер спектакльдер қойыпты. Сонсоң, әрине, Шәкен Айманов. Сіз олардың спектакльдерінде роль ойнадыңыз ғой. Олардың әрқайсының спектакль қою, актерлермен жұмыс ерекшелігі неде еді? Адами қасиеттері ше?
– Шәкен деген бір таусылмайтын жыр ғой. Ол туралы мен үлкен мақала жаздым, Ақан серісі туралы жеке жаздым. Бір әңгімеге сыймайды, айналайын. Ал, сен айтып отырған өзге режиссерлер бірер спектакльден қойды. Мысалы, Әубәкір Ысмайылов барын салып жұмыс істеді. Ол «Қозы Көрпеш-Баян сұлуды» Мәскеуден студия бітіріп келген жастармен жақсы қойды. Әубәкір сөзге қатты мән беретін. Нұрғали Бейсеков те біздің театрда көп болмады. Бірер спектакль ғана қойды. Ол Әмина Өмірзақованың бірінші күйеуі ғой. Кейін Әмина Кәмәсиге тұрмысқа шықты. Нұрғали өзінің студияда оқыған студенті Әнеш Оспанқызына үйленді. Әнеш жап-жас, әп-әдемі қыз еді. Бірақ, кейін жұмыстың бәрін қойып, Нұрғалидің жағдайын жасады, балаларын өсірді. Нұрғали байсалды жігіт еді. Әдемі киінетін, өзі өңді болды. Бізде кей жігіттер қалай болса солай сөйлей беретіні бар ғой. Нұрғалида ондай жоқ еді. Кейін кино жағына кетті. Өкінішке қарай, ерте дүние салды. Қыздарын Әнеш жеткізді, ол да біраз жасқа келді, шамасы. Қазір немере-шөберелі болған шығар.
– Нұрғали Бейсеков театрдан кеткен соң деректі кино саласында тындырымды еңбек етіпті. Ал, театрда Бальзактың «Евгения Грандесін» қойыпты. Оны неге таңдады екен және ол спектакль есіңізде ме? Немерелі-шөберелі демекші, 2010 жылы «Хабар» телеарнасынан режиссер Нұрғали Бейсеков туралы деректі фильм көрсетілді. Сценарийін жазған, фильмнің түсірілуіне мұрындық болған режиссердің немересі, Құрманғазы консерваториясын бітірген, жас музыкатанушы Меруерт Нұрғалиева. Өзі сондай бір талантты бала, білімді, мәдениетті. Өнер туралы жақсы жазады.
– Е-е, айналайын-ай, жақсы болған екен. Орнында бар оңалар деген ғой. Өнер адамдарының ұрпағы солай болса жарасады. Ал, әлгі спектакль есімде жоқ. Қазір көбін есіме түсіре де алмай қаламын. Тоқсан жеті деген оңай жас емес көрінеді.
– Асқар Тоқпанов, қазақтың кәсіби білім алған алғашқы режиссері туралы айтсаңыз деп едім. Ол кісінің алғашқы үлкен дүниесі «Абай» спектаклі ғой. Қанша дегенмен Абайдың алғаш рет сахнадан көрінуі әрі пьеса авторы Мұхтар Әуезовтің өзі спектакльдің басы-қасында болды. Оның бәрі өте бір қызық тарих қой.
– Асқар Тоқпанов Мәскеуден оқу бітіріп келіп, біздің театрда режиссер болды. Алғашқы үлкен дүниесі – М.Әуезовтің «Абайы», 1940-жылы қойды. Ол бір ерекше спектакль еді ғой. Жұртқа әсері қатты болды, репертуарда ұзақ жүрді. Дайындық барысына Мұхаңның өзі де қатты көңіл қойды. Абайдың «Сендер ме жақсылыққа қуанатын..» дейтіні бар ғой. Сонда «сендер ме» деген сөздің екпінін дұрыс қоймадың деп Мұхаң ашуланып кетіп қалғанын да көрдік. Қаллеки – Абай, қатты ойланып-толғанып жүрді, тыным таппады, көп ізденді. Жүсекеңе келеді, Абай әндерін айтқызады. Әйтеуір бейнесінің өзегін тапты-ау! Мәскеудің Кіші театрынан ба екен, жер аударылып келген бе, бір мықты гример бар еді...
– Қаллеки-Абайға грим салған Гуськов деген әрлеуші болыпты.
– Ия, ия, сол. Біздің Борис Щербаков соның шәкірті, бала кезінен келіп сол Гуськовпен бірге жұмыс істеді. Ол бір мықты шебер еді. Ең соңғы дайындық күні Қаллеки сахнаға «тоқтат!» деп гримімен шыға келгенде, біз бәріміз естен тана жаздадық. Сахнаға тірі Абай шыға келгендей. Бұл спектакльде мен Қаныкейді ойнадым. Өте ер мінезді, тәкаппар әйел етіп бейнеледім. Асқар ойымдағыдай шығардың деп разы болды. Содан кейін Ә.Мәмбетовтің «Абайында» ойнадым. Алғашында Қаллеки, Әбікендермен сахна серіктес болсам, кейін Ыдырыс, Тілектестермен сахнаға шықтым, қысқасы, «Абайда» қырық жылдан аса ойнадым. Қызым Дариға «апа, сіз қанша жыл болды ойнап келе жатқаныңызға, тіпті ұят емес пе?» деп әзілдейтін. Құнанбайды Әбікен Хасенов ойнады, қатал, дала билеушісін бейнеледі. Бұл рольді Қаллеки де ойнады ғой. Бірақ, Қаллекидің Құнанбайы Әбікенге қарағанда жұмсақтау шықты. Меніңше, Құнанбай ролі Әбікенге көбірек келетін сияқты. Құнанбайдың Меккеге кетіп бара жатқан тұсында Дәркембай келіп, оған қатты-қатты сөйлейтіні бар. Сонда Құнанбай артына қарап, «Құртыңдар мынаны зарлатпай» дегенде Ұлжанның роліндегі мен «ойпырм-ай, мырза-ай, неге олай дейсіз. Бекер айттыңыз-ау жаңағыны» дегенімде, Әбікен-Құнанбай жалт қарайды, мен – Ұлжан да көзімді алмай отырамын, ол бұрылып кетеді. Осы бір эпизодтың өзінде Құнанбайдың болмысы ашыла түседі. Әбікен керемет күйші ғана емес, шебер актер де еді. Кейіпкерінің ішін ашып ойнайтын.
«Абай» 1950-жылы қойылғанда Абайды Қапан ойнады. Ол Шәкен қойған спектакль еді. Қаллеки – Құнанбай, мен – Ұлжан, Зере – Рахия. Зере – Рахия әл үстінде жатып, көзін ашатыны бар ғой. Абай – Қапан, мен – Ұлжан екеумізге айтады: «екеуің маған қадалып қарайсыңдар да отырасыңдар. Мен не айтам, тек әділдік пен адалдықты айтам. Тек соны айтам...» деп көзін жұмады. Бетін жауып Абай мен Ұлжан жылайды ғой, Қапан шынымен жылайтын, мен де ағыл-тегіл болатын едім. Сол спектакль, сол эпизод өткенде түнде есіме түсіп, өзім бір жылап алдым. Сол жолы Қаллеки, Серке, Елубай және Қапан Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылды. Театрдың іргетасын қалаған осы төрт тарлан сол жолы Мемлекеттік сыйлық алды да. Осы жалпы лауреаттық деген бір жағынан жақсы, тағы бір жағынан қарағанда, адамдардың жанына тиетін, жүйкесін жейтін де нәрсе. Мысалы, спектакльде көзге түсетін роль ойнағандар іштей өзін лайық көруі мүмкін, ұсынылмаса не ұсынылып, алмай қалса – үлкен күйзеліске түсуі мүмкін. «Абай» спектаклі бойынша Сәбира ұсынылмай, қалғанына қатты күйзелген, ол туралы өзінің кітабында да жазылған.
Мен жалпы кітапты көп оқимын. Шәкеннің әйелі Хадиша да көп оқитын, көп білетін еді. Актерлер туралы қызыға оқимын. Жақсы, қызғылықты кітаптар, көп мақалалар жарық көрді. Бірақ, бір көңілім толмайтыны – бізде асыра мақтау басым түсіп жатады. Кешке дейін мақтай беретін, кемшілігін еш айтпайтын мақалалар көп, ондай дүниелер жалықтырады.
– Апа, режиссер Тоқпановтың қойылымдары туралы айтсаңыз деп едім...
– Асқардың өзге де жақсы қойылымдары болды. Б.Майлиннің «Майданын» қойды, мен Мамық ролінде шықтым. Асқарға ойыным ұнады. Ол кейіпкердің ішкі дүниесін ашуға құмар еді. Білімді, әсіресе, қазақ сөзінің қадірін, әдебиетті жақсы білетін. Абайды жатқа соғатын. Шығарманы жақсы түсінетін, ойынан шықпаған актердің бетіне айтып салатын, атақ-бедел дегенге қарамайтын. Мінезі тіктеу жан болды. Құданың құдыреті Шәкен екеуі онша жараса алмады. Жараспады дегенде, ренжіскен, ұстасқан жері жоқ. Бірақ, табиғаттары бір-біріне онша үйлеспеді ғой деймін.
– А.Тоқпанов қызмет еткен тұста театрда М.Гольдблат режиссер болыпты. Орыс режиссерлерінің ішінде 1941-1944 ж.ж. режиссер, 1944-1951 ж.ж. бас режиссер, 1951-1959 ж.ж. көркемдік жетекші болып ең ұзақ жұмыс істеген оның, сіздіңше, ең мықты деген қойылымдары қандай еді?
– Ия, Моисей Исаакович ұзақ жылдар болды, жақсы жұмыс істеді, көп спектакль қойды. Солардың ең шоқтығы биігі, меніңше, «Ақан сері-Ақтоқты». Халық өте жақсы қабылдады. Шәкен мен Шолпанның жұлдызды рольдері ғой! Гольдблаттың бір ерекшелігі – шымылдықты оқиға ең шиеленісті тұсқа келгенде жабатын. Көрермен енді не болар екен деп қызыға түседі. «Ақан сері-Ақтоқтыда» мен Ақтотының жеңгесі Дәмеліні ойнадым, Қаллеки – Мылқау. Ақтоқтыны Мылқауға беретін сахнасы шарықтағанда, бірден келесі сахнаға көшеді. Айтары жоқ, Гольдблат жақсы режиссер еді, мәдениетті кісі болатын.
– Ұлы Отан соғысы жылдары Мәскеу, Петербургтен өнер адамдары Алматыға келгенде Г.Товстоногов М.Әуезов театрында «Жеңімпаздар» спектаклін қойыпты. Ол кейін Ленинградтың Үлкен Драма театрын басқарды, әлемнің мықты театр режиссерлерінің біріне айналды ғой.
– Товстоногов момындау адам еді, әлде бізге солай көрінді ме. Уақытшалығын білді ме, театр өміріне мән беріп белсене араласпады. Ал, оның спектакліне қатысқан жоқпын.
– Сіз кинорежиссерлермен де қызметтес болдыңыз, біраз көркем фильмге түстіңіз. Алғашқы түскеніңіз Сұлтан Қожықов фильмі ғой...
– Киноға онша көп түстім дей алмаймын, бірақ, Сұлтан Қожықовтың бірнеше фильміне түстім. Сұлтан – мен білетін кинорежиссерлердің ішінде ең мықтысы. Кезінде оны әкесі ескіше оқуға береді, анасы ісмер адам болады. Осы Абай опера-балет театры алғаш ашылғанда Сұлтанның анасы костюм, киім-кешек мәселесінде көп көмек берген, сонда костюм цехының басшысы болды. Ағасы Құлахмет жақсы суретші еді. «Таудағы шынар» фильмінің суретшісі болғанын білемін, басқа да фильмдері бар болар. Сұлтан режиссерлердің ішіндегі төресі еді ғой. «Қыз Жібектің» алдында «Таудағы шынар», «Егер біздің әрқайсымыз» фильмдерін түсірді. Соңғы фильм қойшылар өмірінен. Төрт ай бойы Түркіменстанмен шекаралас жерде, құм ішінде түсірілді. Мен қойшының әйелі роліндемін, менің шалым, қойшылардың бастығы ролін белгілі ұйғыр актері Шамиев ойнады. Марқұм Рахия Қойшыбаева, Кененбай Қожабековтер да түсті. Ең соңында түсірілімде мен, Шамиев және Мүлік Сүртібаев пен оның әйелі, актриса Әйкен Мұсабекова төртеуміз қалдық. Құм дегеніңіз көшеді екен. Кішкентай екі бөлме. Бірінде кереуетте мен жатамын, төменде, есік жақта – Сұлтанның өзі, қалғандары ауыз үйде. Бұл осыдан елу екі жыл бұрын болған оқиғалар ғой. Фильмге түсуге 1-қыркүйекте кетіп, Алматыға 1-қаңтарда оралдым.
Сұлтан көп білетін, адал, әділ азамат еді. «Қыз Жібекте» небір керемет шешімдер бар. Солардың бірі – Төлегенді өлтіріп келген Бекежанды үш таяқтан жасалған құрсауға отырғызуы. Мұны жасау үшін ой керек қой. Өкініші – ерте кетті. Жалпы, олар тұқымымен көп білетін. Анасы опера-балет театрында істеді дедім ғой. Әкесі халық жауы болып ұсталып кеткен. Сұлтан: «Үйге әкемнің жолдастары жиналатын. Сол жиындарда қазақ халқы үшін не істеуіміз керек, дегенді ақылдасатын. Біздерге, балаларға анам: «үндемей тыңдап отырыңдар» дейтін. Ол тәрбиенің үлкені екен ғой. Бала кезде білген, көрген, естігенің еш ұмытылмайды екен» деуші еді марқұм.
– Тоқсан төртке қараған шағыңызда Досхан Жолжақсыновтың «Біржан сал» фильміне түстіңіз...
– Ия, Досхан балам «Біржан сал» фильміне шақырды. Жас келген соң киноалаңда жүру оңай емес. Бірақ, бүкіл жағдайымды жасап, апалап, аялап Көкшетауға алып барды. Ендеше мен неге аянайын, неге аянкестенейін. Бір эпизодта көрінсем де естен кетпес бейне жасадым-ау деп ойлаймын. Ақыл-кеңесін сұрады, қазақтың салт-дәстүрін жақсы білетінімді ескергені шығар. Осыдан төрт-бес ай бұрын маған киностудиядан телефон соқты: «Апа, сізге киностудияда ақша бар» деді. Сөйтсем, комиссия қарап, маған «халық дәстүрін жақсы жеткізген актриса» деген аталым бойынша сыйлық беріпті.
Мен Біржанның әйелі Әпіштің апасы, ақыл қосар бәйбіше ролінде шықтым ғой. Әпішке ақыл айтамын: «Қазақта күйеуі екі әйел алған жалғыз сен бе?» деймін. Мұндай жағдайлар қазақта болған. Бәрін де әйелдің сабыры, ақылы жеңіп отырған. Фильмде Әпіш әбден жүдеп біткен, апасы оны көріп қатты қиналады ғой. «Апа, көзіңізден жас шыққанын көрсете аласыз ба?» деді режиссер. Актриса емеспін бе – көзден жас шығардым.
Досхан өте жақсы, ойшыл актер. Оның Ақан серісінен бастап көп ролін көрдік. Киноға да аз түскен жоқ, «Көшпелілердегі» ролі қандай! Мұндай азаматтың режиссураға бет бұруы бекер емес. Меніңше, фильмінде Досхан екі түрлі нәрсені ашқысы келгендей көрінеді: 1) қазақта арба, машина деген болмады. «Ер қанаты – ат» дегенді көрсетті. Қоршауда қалған батырды қанат болып тұлпары алып шығады екен. Кинодағы су астындағы кадрларды еске алсақ, төрт аяғымен малтыған ат иесін жағаға алып шығады ғой. 2) әрбір уақыт, жағдайда халық қалай болуы керек? Қалай отыруы, жүріп-тұруы, өзін ұстауы керек – осының бәрін көрсеткісі келеді. Ал, түйіп айтқанда, қазақтың тарихын көрсеткісі келеді. Бұл үлкен нәрсе, үлкен мақсат.
Жуырда Досхан телефон соқты. «Не түсірмек болып жүрсің?» деймін ғой. «Құнанбай туралы түсірмекпін» деді. «Менің жасымды сұрама, бірақ, актриса емеспін бе, маған лайық роль бар ма?» дедім. «Болады, апа» деді Досхан. Соған көңілім көтеріліп отыр.
– Сол фильмді, ондағы сіздің роліңізді көретін күн тусын, апа. Енді режиссерлер туралы әңгімемізді бір түйіп қойсақ. Театр режиссурасына оралсаңыз.
– Біздің кезімізде режиссер көп емес-ті. Және әрқайсысының өз жолы, өз шеберлік құпиясы, мінез-болмысы болады ғой. Кейде бәленше режиссердің актері, актрисасы деп жатады. Мен ондай актриса болған жоқпын. Көптеген режиссер спектаклінде роль ойнадым, мақтан емес, берілген рольді жеріне жеткізе ойнадым. Асқардан кейінгі режиссерлерді айтсам, Бәйтен Омаровтың «Майрасында» Зәру ролін ойнадым. Бәйтен сабырлы, зиялы режиссер еді. Біздің театрда «Майраны», «Таңғы жаңғырықты» сәтті қойды. Бірақ, көп тұрақтамады
– Жалпы М.Әуезов театрында ұзақ тұрақтаған, бағы ашылған Ә.Мәмбетов қой. А.Тоқпановтан кейінгі Мәскеуде білім алған режиссер Мәмбетов театрға жиырма бес жасында келіпті. Режиссермен ұзақ жылдар бойы қызметтес болдыңыз.
– Әзірбайжан театрға жастай келді, осында өсті, шыңдалды. Әзірбайжан, сөз жоқ, мықты, білімді режиссер, үлкен шебер. Театрды өрге сүйреді. Қаншама талантты актер, актрисалардың өнері шыңдалды. Көптеген мықты спектакль қойды. «Ана-Жер-ананы» айтсаңшы! «Қан мен тері» қандай! Бұл қойылымдар туралы көп айтылды, көп жазылды ғой. Толғанай ролін әу баста Жамал Жалмұхамедова ойнаған, керемет мықты ойнаған. Ол күңіреніп кететін тұста бүкіл зал жылайтын. Бірақ, Жамал рольге көп шығарылмады, көбіне Сәбира мен Фарида шығып жүрді, ал, Иранға барғанда Фарида ойнады, мықты Толғанай болды.
Мен Әзірбайжанның қойылымдарында біраз ойнадым. Ә.Тәжібаевтың «Жалғыз ағаш орман емесінде» Мүслима, Ғ.Мүсірепов, В.Игнатиустің «Сен қайтер едің?» драмасында Дәмелі, Қ.Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында», «Құдағи келіпті» комедияларында Баршагүл, Қымбат, М.Әуезовтің «Қара қыпшақ Қобыландысында» Күнікей, М.Фриштің «Дон-Жуанның думанында» Севилья жесірін, И.Куприяновтың «Вьетнам жұлдызында» Тхань рольдерін орындадым.
Әзірбайжан ойлы режиссер, актерден ілкімділікті, сезімталдықты көргісі келетін. Ойын түсіне қойсаң – қатты қуанатын. «Вьетнам жұлдызындағы» Тхань ролінде Хадиша, Сәбира және мен үшеуміз едік. Мен дайындыққа, сахнаға көп шықпаған едім. Әзірбайжан дайындық уақытын көбіне сол екеуіне беретін. Алты ай өтті, роль кезегі келмегендіктен, жылы жауып қойғанмын. Содан бір күні қарасам «рольге шығатын Хабиба Елебекова» деп жазулы тұр. «Мыналарың не?» дедім труппа меңгерушісі Қарас Кәрімовке. (Қарас Мәскеуден оқып келген, театрға басы бүтін берілген азамат еді. Театр оның үйіндей еді.) Оның себебі - Хадиша әлдебір репетицияға, ал, ұзақ жылдар театр партия ұйымының хатшысы болған Сәбира партком жиналысына кететін болыпты. Жүсекеңе айтып едім, «репетициясыз ойнама» деді. Мен айттым: «ойнаймын». Түнімен ролімді қайталап алдым да - сөзінің өзі жиырма бет - ертеңіне сахнаға шықтым. Сахна айналады ғой, айналайын сахна қызметкерлері көмектесті, мына жерден-мына жерден деп түсіріп жібереді. Қызы жасырынып жататыны бар. «Апатай-ай, рахмет! Кішкене өлеңді өз балаңызға арнағандай айттыңыз» деп ырза болды әріптестерім. «Міне, бұл рольді осылай ойнау керек!» деп қойылымның екінші режиссері Райымбек (Сейтметов) қатты ырза болғаны бар. Мұндай жайттар театрда аз кездескен жоқ. Ол партком, пофкомдардың күні жүріп тұрған кеңестік кезең еді...
Жалпы Әзірбайжанға – өзі мықты режиссер, өзі басшы – ешкім ештеңе айта алмайтын. Әлдебір жылдары актриса Мәнуара Абдуллина екеумізді жұмыстан шығарсын. Мәнуара жаман актриса емес-ті. «Алдар Көсеге» түскен, театрда біраз роль ойнады. Әтейбек Жолымбетовтің әйелі болды ғой, кейін екеуі ажырасып кетті, Мәнуара ұлдарымен қалды. Бетің бар, жүзің бар демей айтып тастайтын мінезі бар еді... Содан Мәнуараны қайтадан алыпты. Оны естіген мен мән-жайды білмек болып Әзірбайжанның кабинетіне қабылдауына бардым, кіре алмадым. Сонсоң театрдың лездеме жиынында айттым «Әзірбайжан, сен мені актриса ретінде ұнатарсың-ұнатпассың, бірақ, ұжымның басшысы ретінде қабылдауға тиіссің, режиссерлігіңе дауым жоқ, бірақ, басшы болсаң – жөніңмен бол» дедім. Ол үндемей қалды. Менің бетке айтатыным бір әдетім бар. Ертедегі бір оқиғаны айтайын. Әзекең «Қарагөзді» қойғанда Серағаң Қарагөздің әкесінің ролін ойнады ғой. Спектакльдің қайғылы сахнасында Серағаң сақалын буады, оған ел күледі. Әзекең үндемейді. Сонда мен шыдамай кетіп, «Сераға, мұныңыз дұрыс емес қой» дедім. Сераға шамданған жоқ, «жарайды» деді де сақал буғанды қойды.
Әзірбайжан тұсында көп актердің бағы жанды, бірақ, бағы жанбай қалғандар да бар. Бәлкім, бұл өмір заңдылығы, өнер заңдылығы болар, дегенмен де кей тағдырларды ойлағанда ішім удай ашиды...
– Кейінгі буын режиссерлерден кімдерді айтасыз?
- Жасы келген адаммын, бүгінгі барлық режиссерлерді біле бермеймін. Әубәкірді (Рахимов) өте жақсы көремін. Театрға адал азамат, нағыз еңбекқор. Театр үшін жаратылған, нағыз шырақшы.
Мен үшін Болаттың (Атабаев) жөні бөлек. Жақсылығы – еш арамдығы жоқ, бойында барын артистерге береді. Кемшілігі – қойылымдарын түгелдей бүгінгі күнге сай жасаймын, осовременить етемін дейтіні. Мен мұнысына келісе алмаймын. Өзіне де айттым, мұныңды қой, дедім. Күледі де қояды. Ал, бұлай қоятыны қызым Дариғаға ұнайды. Актерді бес саусағындай біледі, атақ-даңқына қарап бөлмейді. Ол біздің театрда он шақты жыл режиссер болды ғой, «Мәқабат?! Махаббат!», «Соқырлар», «Кебенек киген арулар», «Абылай хан», «Естайдың Қорланы» спектакльдерінде ойнадым. Бұлардың ішінде «Соқырлардағы» және «Естайдың Қорланындағы» рольдерімді өте жақсы көрдім. «Соқырлар» шетелдік драматургтың мықты бір дүниесі, қалай сахнаға шыққанын жақсы білесің, өзің ол кезде театрдың әдебиет бөлімін басқардың.
– Бельгиялық драматург Морис Метерлинктің символдық драмасы ғой. Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдарында абдырап қалған қоғам ахуалына сай келген туынды. Аға буын актерлер үшін алынған бұл пьесада жол көрсетушісінен айырылған Соқырлар ролін – Сіз, Хадиша, Бикен, Шолпан апалар, Фарида апай, Ғабдош аға, Шәмшагүл, Тілектес, Алма Кәкішевалар ойнадыңыздар ғой. Кіші залда жүрген ерекше спектакль еді. Қойылым алдында мен көрермендер алдына шығып, біраз түсініктеме беретінмін.
– Ия, есімде. Спектакльде жасы ұлғайған соқыр адамдар тұрған жерге су келіп, оларды бастаушылары басқа жаққа апармақшы болады. Жолда ол өліп қалады. Содан не істерін, қайда барарын білмей абдыраған соқырлар. Су болса иттей ұлып келіп қалады. Бірін-бірі көрмейді. Мен де түк көрмеймін. Нағыз шындықпен бетпе-бет келесің.
– Көз соқырлығын ғана емес, көңіл соқырлығын ойнау керек болды ғой.
– Қас соқырлықты ойнау оңайға түскен жоқ. Актерлердің бәрі де алғашында қатты қиналды, кейін төселдік қой. «Өзі зордың болады ығы да зор» демей ме Абай. Болат біреуді жақсы көрсе бәрін береді. Репетицияны да жанын сала жүргізеді. Мен Болатқа ешкім де емеспін. Бірақ, ол менің ұлымдай. «Болат» деп телефон соқсам, жетіп келеді, ешуақытта «апа, уақытым жоқ» немесе «жұмысым бар еді» деп сылтау айтпайды. Айтқан өтініштерімді қолынан келгенше орындайды. Өткен жылы 95 жасқа толғанымды мерейлі кездесу жасауыма да сол бастамашы болды. Маған соншалықты жаны ашиды. Оған үлкен алғысымды айтамын. «Айналайын, өзіңді күт, өнеріңді күт» деймін. Дені сау болсын. Алла тілеуін берсін.
Сұхбаттасқан Әлия БӨПЕЖАНОВА
2012 жыл