МӘҢГІЛІКТІҢ МАЙДАНЫ

МӘҢГІЛІКТІҢ МАЙДАНЫ

Сонау 1926 жылы ақпанның 26-сы мен наурыздың 5-і аралығында Бакуде өткен Бүкілодақтық бірінші Түркология Құрылтайы енді ғана айтыла бастады. Осынау тарихи жиынның стенографиялық есебі бір ғасыр бойы «зынданда» жатып, «бостандыққа» тауда ғана шығарылғанын білдік. Әзірбайжанның көрнекті ғалымдары Низами Джафаров, Махира Гусейнова және Айсель Гарибли осы жазбаны егжей-тегжейлі талдап, түсініктеме жазып, салмақты жинақ даярлайды. 

Міне, бұл құнды құжат сондағы әріптес достары арқылы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазақтың қара өлеңін әлемдік биікке көтеріп жүрген әйгілі ақын, Түркі дүниесі Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің қолына түседі. 

Біз осы кісі ұсынған дүниені ықыластана тәржімалап шықтық. 

Қарап отырсақ, барлық түркітілдес халықтардың айтулы оқымыстылары, сондай-ақ Стамбул мен Мәскеу, Берлиннің ірі ғалымдары қатысқан жиында Қазақ елінен Ахмет Байтұрсынұлы, Нәзір Төреқұлов, Елдес Омаров, Біләл Сүлеевтер сөз сөйлепті. Жиында, негізінен: латын әліпбиіне (яналиф) көшу, түркі тілдерінің орфографиясы мен терминологиясын біріздендіру, түркі халықтарының тарихы, әдебиеті және мәдениеті тақырыбы қузалады. Құрылтайда Алаш серкелерінің аталмыш сала бойынша азуын айға білеп, даңқы жер жарған небір мақасқаның алдында ересен пайым-парасат, таңғажайып білігі арқылы шоқтығы биік көрінгені тамсантады. Әсіресе, әліпби ауыстыру «орталықтың» отарлау саясатының бір тармағы екенін тамыршыдай тап басып, ірге бермей, ірі сөйлегені сүйсінтті. Сөйтіп арыстарымыздың басты бәйгеге тігіп, Қазақтың мәңгілік елдігі жолында аянбай айқасқанын көреміз. 

Айтқандай-ақ, арада он жылдай өткенде Құрылтайға қатысушылар жаппай дерлік саяси қуғын-сүргінге ұшырайды. Осылайша түркі ұлысының жүз отыз өкілінің үшеуі ғана тірі қалады. Ал қазақ делегациясы түгелдей жойылады. Яғни, әлгі жиын кезінде-ақ тиісті мекеменің «көз-құлақ» қызметкерлері бәрін нысанаға алып, қара тізімге кіргізіп үлгерген екен. 

(Айтпақшы, қолдағы фотоайғақ арқылы сол іс-шарада атақты әнші Әміре Қашаубаевтың өнер көрсеткенін байқаймыз).

Төменде дүбірлі жиын барысынан қысқаша түсінік және Ахмет Байтұрсынұлы мен Елдес Омаров лебізінің үзіндісі ұсынылып отыр.

Аудармашыдан. 










Әзірбайжанның Орталық Атқару комитетінің төрағасы Сәмед Ағамалыоғлы алғашқы салтанатты құрылтайды ашып тұрып: «Жолдастар, іске көшпестен бұрын мен сіздерге алдымен рақымсыз хандық билеушілер мен шалағай феодалдық жүйе, одан орыс самодержавиесі жаныштаған әзірбайжанның тұңғыш рет өз ықтиярымен жеке тағдырын шешуші азат халық ретінде тарихи іс-әрекет аренасына көтерілгенін мәлімдеуге тиіспін. Орыс пролетарлық революциясы негізінде өз бағытын айқындаудың ұлы ұлттық идеясы жүзеге аса бастады және әзірбайжандар, қазақтар, түркімендер, өзбектер, жалпы, Романов империясының бұрынғы барлық ұсақ ұлттары тіршілік етіп, кең тыныс алып, ой ойлай бастаса – мұның бәрі Ұлы Октябрь Революциясының арқасы. Біз осынау революция көсемдерін, әсіресе, алғашқы кезекте оның кемеңгер ұйымдастырушысы Ульянов-Ленин жолдасты еске алмай, бірде-бір тарихи маңызды іске кірісе алмаймыз. Ендеше орындарыңыздан тұрып көшбасшы рухына тәу етулеріңізді сұраймын» – деді.  

Тұңғыш Түркологиялық құрылтай қоғамдық-саяси және идеологиялық жағынан қаншалықты қызу (революциялық!) жағдайда өтсе де, өзінің ғылыми-академиялық, мәдени-ағарту сипатын сақтай білді; әлбетте, баяндамалар мен пікірталас кезінде саяси-идеологиялық көзқарасты ішінара алдыңғы лекке шығарған кейбір тосын эпизодтық сәттер де кездеспей қалған жоқ. 

Мұндай сирек байламның бірі Қазан татары Ғ.Шарафтың пікірінен көрінді. Ол араб әліпбиінен бас тартпай, тек оны реформалау туралы лебізін алға тартқан еді. Ғ.Шараф мәселе ғылыми да, идеологиялық көзқарас тұрғысынан да шиеленісе түседі деп ой сабақтады: «Меніңше, шаруалар қолдағы шрифты латын әліпбиімен алмастыруға дұрыс қарайды деп үзілді-кесілді мәлімдеу, жұмсартып айтқанда, ертеректеу айтылған нәрсе және әлі толықтай тексерілмеген жәйт. Өйткені, біздің шаруалар табының мәдени-экономикалық, тағы басқа тұрғыдан артта қалу себебі, қалай болғанда да, шрифтта немесе өзге идеологиялық қондырмада емес, экономикада, сондай-ақ бұрынғы саяси езіп-жаншуда жатыр. Ал шрифт жайына келсек, араб әрпін латыншаға ауыстыру, менің мәдениеттанушы, тілші, статистик-экономист ретіндегі есебім бойынша, мәдени және экономикалық тұрғыдан дамуға қызмет етпеуімен қатар біздің алдағы мәдени-экономикалық жылжуымызды кері кетіріп, бірнеше жылға шегереді. Ендеше түркі-татар халықтарының гүлденуіне апаратын өзіміздің түп-түзу келе жатқан жолымыздан тайқып, бір бүйірге қарай бұра тартпайықшы».  

Ғалимжан Шараф пен қазақ Ахмет Байтұрсынұлының «реформаторлық» бағытына қарсы шыққан Сәмед Ағамалыоғлы «Шығыстағы революция», анығырағы, өзінің Ленинді алдағаны туралы мәселеге оралған жоқ, алайда халық шығармашылығына жүгініп, «реформаторлардың» шабуылын мысқылмен тойтарды: «Менің ойымша, қазандық ағайындар мен қазақтар біздің әйел элементі қатыстырылмаған театр құруға тырысқандағы әртістеріміздей жағдайды бастан кешіруде. Онда ерлерге әйелше киініп, боянып шығуға тура келген-ді. Алайда, қанша тырысқанмен, сахнада әйел емес, ер адам ойнап жүргені бадырая көрініп тұрды. Бұл, әрине, далбаса әрекет. Мысалы, «Отеллодағы» Дездемонаны былайша қалай елестете аласыз? (Қимылмен ұзынтұра, семіз адамның кескінін көрсетеді). Сөз жоқ, сайқымазақ бірдеңе болып шықты». 

Ұйымдастыру комитетінің мүшесі, Академиялық орталықтың төрағасы, қазақтың көрнекті ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлы өз баяндамасында: «Ең алдымен емледен не талап етіледі деп сұрақ қою қажет, – деді. – Дұрыс жазудан тілдің дыбысын сәтті, дәл беруі талап етіледі. Екінші – осы емле оқып-зерттеуге жеңіл болуға тиісті». 

Шешен сөйтті де бірден ойын жалғастырды: «Біреулер емленің әліпбимен байланысы бар дейді. Екіншілерінің айтуынша, ешбір қатыстылығы жоқ. Шын мәнінде, емле әліпбимен әліппе жетілмеген жағдайда ғана байланысады. Мысал үшін орыс әліпбиін алайық; орыс әліпбиінде кемшіліктер бар... Егер әліпби аяқталмаған болса, онда осы кемістік, расында да, емлеге әсер етеді; ал әрбір дыбыстың айқын да лайықты белгісі болған жағдайда алфавит толыққанды болып есептеледі; міне, осы таңба ешқашан өзгермесе сөз басқа». 

Әлбетте, орыс әліпбиінің, бұдан соң орыс орфографиясының жетілмегендігін орынды немесе орынсыз талқыға салу (бұ жерде екеуінің бәлендей айырмашылығы жоқ!) – түркілер үшін қауіпті қадам еді (тіпті, осы сөз профессор Л.В.Щербаның аузынан шықса да!). 

Өйткені, біріншіден, «революциялық» Ресейді тілдік кемістігі жағынан мінеу жөн емес, екіншіден, бүгін латын әліпбиіне көшкен түркілердің күні ертең кириллица-орыс алфавитіне ауысуға мәжбүр болмасына ешкім кепілдік бере алмайды... 

Кириллицаға да, латыншаға да көшуді қолдамайтын А.Б.Байтұрсынұлы түркі орфографиясындағы фонетикалық қағиданы қорғап, орыс тілін талқылаудың (және жазғырудың) нысанына айналды: «Енді келесі мәселе. Мұнда нені негізге қоямыз? Этимологиялық немесе тарихи бағытты таңдаймыз ба, әлде, ақыр аяғында фонетикалық қағидатты қолға аламыз ба? Өз ойымша, осының ішіндегі емленің ең мінсізі – фонетикалық емле. Дұрыс жазудың өзге ұстанымын қалайтындар оларға мүлде басқа мақсұтпен келетін болуы керек. Емле, әсілі, тілге, тілдің қасиетіне негізделеді. Егер, айталық, этимологиялық қағидатты қолданатын орыс тілін алсақ, бұл тілдің хаотикалық, анархиялық екенін мойындауымыз қажет, өйткені, екпін ауысса, бір ғана сөз тіпті өзгеше пішінге түседі. Мысалы: «вада», «воды» – екпін өзгеріп еді, алдында «а» дыбысы тұрған жерде «о» пайда бола кетті. Бұл – ең анархиялық, хаостық тіл. Іс барысы осылай өрбісе, ақиқатында, этимологиялық қағидатқа жүгінгеніміз жөн шығар». 

А.Б.Байтұрсынұлының мынандай салыстыруы мейман «Орталық» өкілдерін едәуір шамдандырғаны анық: «Мен өзге тілдерге аса жетік емеспін, әйткенмен, өзіміздің қазақ және қырғыз тілдерін жақсы білемін. Бұлар – ең сымбатты тілдер. Мұнда дыбыстық заңдар өте қатал... Егер басқа түркілердің тілі дәл осындай болса, онда негізге дәл сол этимологиялық қағидатты қабылдау шарт емес... Біз – қазақтардың, фонетикалық жазуды қолданып жүргенімізге бірнеше жыл болды, нәтижеміз – тамаша... Біздің әліпбимен бір жыл оқығандар орыс мектебінде 4-жылдықты бітіргендермен тең дәрежеде сауатты жазады, ал 4-жылдықты тәмәмдағандар орыс мектебінің 9-жылдығын түгескендермен тең деңгейде білікті». 

Баяндамашы сондай-ақ жекелеген түркі халықтарының орфографиялық дәстүріне сын айтты: «Кейбір түркі ұлыстары күні бүгінге дейін дәстүрден ажырай алмай келеді. Мәселен, әзірбайжандар мен османдықтарды алайық, – бұлар жазудың сол баяғы тарихи ұстанымынан айрылар емес. Олар арабтан ауысқан нәрсенің бәріне, ескілікпен, осы күнге дейін табынады, оны өзгертуді күпірлік деп санайды. Бүйтуге болмайды! Сөйтіп жүріп өздері керітартпа көріп, өзгелерді кінәлайды. Мұны мен дәл осы жерде айтуға тиіспін, себебі, араб әліпбиін ұстанар болсақ, көпшілік бізді ескішіл, тоңмойын санайды. Жоқ, біз «қасиетті» жазудан әлдеқашан қол үзгенбіз.

А.Байтұрсынұлы: қазақ және қырғыз тілдерінің орфографиясындағы халықтық ауызба-ауыз сөзі тәжірибесіне сүйеніп, сырттан енген сөздер фонетикалық қағидаға бағынады деді, сөйтіп төрағаның уақыт тәртібін сақтау туралы ескерту белгісінен кейін ойын былайша түйіндеді: «Көп жәйтті аттап өтуіме тура келеді, жалғыз-ақ айтатыным – осындағы жолдас Ағамалыоғлы мен жолдас Павловичтің құрылтайды ашқан кездегі сөзіне қарағанда, әліпбидің өзі прогресті тежейді-мыс; ал егер өзге тілдерді алсақ, мәселен, орыс тілі – біздікімен салыстырғанда қытай тілімен бірдей. Мұнда әрбір сөзді ағылшын, неміс немесе француз тілдері сияқты ежіктеп, жаттап отыруға тура келеді; біздің сауатымызбен салғастырғанда бұл – тура қытайша хат тану. Біз тек 24 дыбысты жаттаймыз, ал бұлар сол тілдегінің бәрін ежіктеуге мәжбүр. Әрбір тілде қанша сөз бар – соның бәрінің бейнесін есте сақтауға тиісті. Неге? Өйткені, олардың жазуы бірде-бір дыбысты дұрыс жеткізе алмайды». 

Мәскеуден арнайы шақырылған профессор Николай Феофанович Яковлев, әлбетте, Ахмет Байтұрсынұлы баяндамасында қозғалған мәселені назардан тыс қалдыра алмады: «Мұнда әліпбидің орфографиядан бұрын емес, кейін қойылуы, бәлкім, ішінара қате де шығар. Сондықтан жолдас Байтұрсынұлының орыс тіліне, тіпті, орыс тіліне ғана емес, француз, неміс және өзге де тілдерге берген бағасын лингвист ретінде қызыға тыңдадым».  

Осындай жартылай байсалды, жартылай кекесін сөзден соң баяндамашы мәселені ғылыми-академиялық тұрғыдан ұғындыруға кірісті: «Мен Байтұрсынұлының терминімен онша келісе қоймаймын, қайткенмен де, тілдерді «хаостық» және «гармониялық» деп бөлуге болмайды, алайда, құбылыс, әрине, негізінен, дұрыс көтерілді. Іс мұнда басқа жолмен түсіндіріледі, мен айтар едім, «дисфонетикалық» және «синфонетикалық» тілдер болады; фонетикалық заңдар толықтай дерлік сақталатын тілдер бар, бұған қоса мұндай заң жиі бұзылатын тілдер де кездеседі. Әмбе оның мәнін, Байтұрсынұлы айтқандай, хаотизмнен «қорлық көрген» тілдердің тарихынан іздеген жөн».

Көрнекті қазақ ағартушысының бірқатар әшкерелеу сипатындағы сөзіне ғылыми мәнерде (әм әдеппен!) жауап қайтаруға тырысқан Н.Ф.Яковлев орыс, сондай-ақ ағылшын, неміс, француз тілдерінің этимологиялық қағидатты сақтауы сырын биік мәдени деңгейдің жемісі, ал көбінесе фонетикалық ұстанымға негізделген түркі тілдері қазір мұндай дәрежеге жете қойған жоқ деп түсіндірді. Н.Ф.Яковлев сөз сайысын бастаған А.Байтұрсынұлынан ілгері шығып: «Өзге тілдердің бай материалын ғасырлар бойы өз болмысына сіңірген мейлінше өркениетті елдердің тілі болады, сондықтан бұлардың төл фонетикалық заңдары басқа халықтардың фонетикалық қағидаларымен мидай араласып кеткен. Міне, осыдан келіп бір сәт «тәртіпсіздік» елес беріп қалуы мүмкін. Шын мәнінде, ешқандай апалаң-топалаң жоқ. Қазақ тілінің «гармониясы» туралы жолдас Байтұрсынұлының пікірі әбден дұрыс. Қазақ тілі тіл мәдениеті аренасына енді ғана көтеріліп келеді. Ол халықтың жазба тіліне айнала бастады».

Өз сөзін қайшылықты мысқыл сипатында бастап: «Мен – қазақ елінің өкілімін, сондықтан мен де фонетикалық емлені қорғай бастасам, таң қалмаңыздар. Мұнда фонетикалық қағидаттың мәдениеті төмендеу халықтардың тіліне қолайлылығы айтылды, ал, бұл өркениеті жоғары елдерге жарамайды-мыс. Дау жоқ, мәдениет тұрғысында қазақтар түркі халықтары арасында ең артта қалғаны. Әйткенмен, қазақ – тіл мәселесінен алғанда тек грамматика, емле ережелерін жасау, сондай-ақ тілді де дамыту жағынан оқ бойы озық кеткен» – деген Елдес Омаров, негізінен, әлі даму үдерісі аяқталған жоқ деп әдеби тілге қарсы сөйлеген-ді. Оның айтуынша, қазір халықтық тіл нағыз жетілу үстінде көрінеді: «Этимологиялық емленің құндылығы немесе оның кемшілігі жөнінде айтқым келмейді, алайда татар және өзге түркі тілдерінің дамымай жатқаны жайындағы жағдайды, бәлкім, оларда жазудың біздің тілге қарағанда ертерек пайда болғанымен түсіндіруге болар ма екен. Профессор Жирков айтқандай, зиялы адам арабша немесе французша байырғы араб пен француздан бір де кем түспей сайрай беремін деп масайрап, еркшелене алады. Буржуазиялық заманда бақ-дәулет секілді масаттануға жол ашатын шарттың бірі – кітап тілі еді. Бірақ осы әдеби тіл бұқара-көпшілікке түсініксіз. Этимологиялық емле – тура осылайша әдеби тілдің халық тілінен ерекшеленуін құптайды». 

Москвадан арнайы шақырылған әдебиетші, Қазан татары Ш.Усманов бұдан соң: «Жолдас Байтұрсынұлы өз сөзін айтпастан бұрын қисын мен реттілік үшін алдын-ала келісіп алуы керек еді. Алайда, оның өз айтуынша, қазақ тілінің төрт терезесінің теңдігі мен кемелділігі сонша, ешбір жаңа әліпбиге мұқтаждығы жоқ, ескі араб әліпбиін қанағат тұта беретін көрінеді. Мен қазақ тілінің керемет жетістігі жайын біле қоймаймын, дегенмен, Байтұрсынұлы баяндаманы орысша емес, ана тілінде жасағанда – қаншама шет тілінің сөзі қолданылар еді де, сингармонизм заңынан мүлде ада болар еді».  

Ұйымдастыру комитетінің мүшесі, Академиялық орталық төрағасы Ахмет Байтұрсынұлы өзінің ойын төмендегі сөзбен бастады: «Менің баяндамам біздің, қазақ ғылымы мен әдебиеті еңбеккерлерінің халық үшін терминология құруды қалай жүргізіп жатқанымыз жайында және, екіншіден, терминология жасауда қандай қағидат ұстанатынымыз жөнінде болады». 

Көрнекті қазақ қайраткері мәдениеттің жан-жақты сипатына тоқтала келіп, әрбір қоғамның дамуындағы мәдени байланыстардың мәнін жоғары бағалады, сөйтіп: «Мәдениет тірі жаратылыстағы табиғи дамудың жалғасы ретінде өзінің өркендеуі үшін қолайлы жағдай талап етеді, – деді. – Міне, өркениетті гүлдендіретін дәл осы шарт Ресей құрамындағы түркі ұлысына бұйырмады. Ал осыдан әлденендей жақсылық сіңіре аламын ба деп үміттенген жалғыз халықтың бұлармен тұрмыс-салт жағынан ешбір жақындығы жоқ көрінеді, онымен де қоймай бұлар үкіметтік билік тұрғысынан үстем, бұратана елді орыстандыру, шоқындыру саясатын ұстанатын зорлықшыл жұрт болып шықты. Осыдан келіп ел өкімет пен бүкіл орыс қауымынан, сонымен қатар орыс мәдениетінен түңіле бастады, екінші жағынан, діни қысым көріп, Алла-тағалаға сенбеу үрдісінен әбден жерінген кейбір түркі халықтарының мұсылмандық атаулыға құлдық ұра құлауы өз мәдениеті мен әдебиетінің дамуын кейін серпіді». 

Көрнекті ойшылдың бұл пайымы, бір қарағанда, тақырыптан ауытқығандай көрінгенімен, шын мәнінде, талқыланған мәселенің үстінен дөп түсіп жатты. Өйткені, бәрінен бұрын, терминология ділгірлігін халықтар арасындағы мәдени байланыстан бөле-жара қарастыру мүмкін емес. Алайда А.Байтұрсынұлы уәжінен кейбір аңғырттық пен сыңаржақтық та байқалмай қалмайды. Айталық, ол: «Қазақтарда дінге табыну үрдісі жоқ, әмбе діни әдебиет бұлардың арасына кең тараған емес, – дейді. – Соның арқасында тіл өзінің табиғи даму бағытынан ешқашан айнымапты». 

Әлбетте, «табиғи даму» туралы ұғымның өзі тура осы жағдайда, әсілі, баяндамашының алдында айтқан мәдени прогресс мәнмәтінімен сәйкеспейді. Құрылтайда әлденеше мәрте сөз болғанындай, дәл сол «табиғи даму» кесірінен қазақ тілі, жалпы алғанда, мәдени өркендеу тұрғысында кенже қалған-ды. Алайда ислам ескі наным-сенімге бой алдырған түркі халықтарының рухани дүниесіне қатты ықпал етсе де, ғылым мен білімнің ілгері жылжуына игі әсерін тигізгені рас. Соның нәтижесінде анатолиялық және әзірбайжандық түркілердің, өзбектер мен Қазан татарларының тілдері терминологиялық сөз қоры жағынан айтарлықтай байыды. Түркі халықтары тәуелсіздік жолына түскен нақ сол (және Бірінші түркология құрылтайы өтіп жатқан) жылдары, мысалы, Қазан татарлары мен қазақтардың арасындағы айырмашылық анық байқалып тұрды. 

Биік интеллектісіне қарамастан, біртуар қазақ ағартушысының ойында, жоғарыда айтылғанындай, ішінара солақайлық сезілмей қалмайды. Бұл оның жалпытүркілік мәселелер талқыланған алқалы жиында тек «қазақ бағытының» өкілі ретінде сөйлеуінен-ақ көрініп тұрды. Мысалы, ол қозғалған тақырып барысында: «Өзге түркілердің термин жасау жұмысынан хабарымның аздығына қарай мен қазақтардарғы хал-ахуалға ғана қатысты сөйлей аламын; ал басқа ағайындардың терминологиясы жайына, тегінде, тек тиіп-қашып қатысармын» – деп мәлімдеді. 

Әрине, бұ кезде (түркітанудың айрықша ғылыми мектебінен өткен профессор Бекир Чобан-задені санамағанда) түркі ағартушыларының көпшілігі бүкіл түркі әлемінің деңгейінде үкім айту мүмкіндігінен ажыраған-ды. Орта ғасырлардың аяғынан Жаңа дәуірдің басына дейін орнығып үлгерген түркі халықтарының (тіл, әдебиет, мәдениет, т.б. жағынан) жіктелуі жекелеген түркі интеллектуалдарының ой-өрісіне ықпалын тигізбей қалған жоқ. Алайда, бұған да қарамастан, тіл, әдебиет пен мәдениет тұрғысында тек қазақтың емес, күллі түркі әлемінің ділгірлігі көтеріліп жатқан Бірінші түркітану құрылтайында Ахмет Байтұрсынұлы сынды алып ғұламалар тарылмауға тиіс еді.

 А.Байтұрсынұлы: «Бірыңғай терминология жасау бағытында біздегі Академиялық Орталық қасынан құрылған комиссия тілдің варваризммен бүлінбеуін және белгілі қағидаттардың қатаң сақталуын қадағалайды. Соңғы шешім 1924 жылы маусым айында Орынборда өткен Қазақ ғылыми қызметкерлерінің бірінші құрылтайында мақұлданып, қабылданды» – деді. 

Баяндамашы осы ұстанымды ретімен атап көрсетті:

a) Термин үшін белгілі ұғымға мағынасы толықтай сай келетін қазақтың мейлінше тәуір сөзін таңдап алу қажет. 

ә) Қазақ тілінен ондай мәндегі лайықты сөз табылмаса, мұны ана тілімізге туыстас тілден алған жөн.

б) Жалпы қолданыстағы әлемдік терминдер қабылданады, бірақ оны қазақ тілінің табиғатына сәйкесетіндей бейімдеп, өзгертіп кіргізу ләзім. Белгілі ұғымды ауыстыра алатындай қосымша қазақша сөз табылған жағдайда қоғам ең жатығын өзі іріктеп алатындай, соның екеуін қатар ұсынған дұрыс. Біз «жалпы қолданыстағы» деп араб тіліндегі сөздерді емес, кең тараған жаңаша еуропалық терминдерді айттық. 

в) Қазақ тілінің болмысына келмейтін барлық бөтен сөз міндетті түрде қазақша сөйлеу мәнеріне сай өзгертіліп енгізілуге тиісті». 

А.Байтұрсынұлының терминологияға және түркі тілдерінің тұтастай лексикалық құрамына деген көзқарасы оның өте өзіндік (және өр сипаттағы!) «сараптауынан» көрінді: «Тілімізді варваризмнен сақтайтын ұстанымның арқасында қазір біздің – қазақтардың бірегей ана тілі бар; яғни, тіліміз халықтық және әдеби немесе бұқаралық, я зиялылар тілі деп бөлінбейді. Мұнсыз тіліміз ертеден баспасөзі қалыптасқан өзге түркі тілдерінің кебін кешер еді (баяндамашы бұл жерде баспа материалдарының жоқтығынан немесе аздығынан қазақ тілі кемел тіл деңгейіне көтерілді деп тұр – ред. ескертуі). Анатолиялық түріктер мен әзірбайжан халқының қалай сөйлейтіні маған мәлім. Егер бұлар жазатын тілінде сөйлесе, онда түркіліктен бірдеңе қалды деу қиын. «Әдеби тіл» деп атап жүрген осындағы түркіліктің үлесі маған түте-түте, жарымжан, небір бөгде сөз жамалған грамматикалық құр сүлдедей тым жұтаң көрінеді». 

Сегізінші отырыс Оқу-ағарту комиссариаты коллегиясының мүшесі Ғаяз Кисымұлы Максудовтың татарша жасаған баяндамасымен аяқталды. 

Халид Саид Хожаевтың түрік тіліндегі пікірінен кейін сөз Ахмет Байтұрсынұлына берілді. Ол: «Егер қолдағы таңба қолайсыздық танытса немесе мүлде жоқ болса, міне, сонда ғана әліпби мәселесін көтеру қисынды. Ал біздің өз әліпбиіміз бар, сол себепті басқасын іздеп әуреге түспейміз» – деп мәлімдеді. Шешен залдағы күлкіге қарамастан, қазақ әліпбиі мен орфографиялық ережелерінің мінсіздігін дәлелдеп тұрып алды. Ол қазақтарда латын әліппесіне көшетіндей қаражаттың да тапшылығын алға тартып: «Әліпбиі нашар жұрт латын таңбасына ауысып жатса, бұл да орынды. Ал осыған бұрын орыс әрпімен жүрген елдің көшуін түсіне алмаймын. Неге десеңіздер, екі әліпби оқытып балалардың миын ашытудың не керегі бар? Мұндайдың қажеті қанша? Бұл тек екі есе шығын – екі жұмыс. Тіпті, санаға сыймайды. Сондағы қауымға орыс әліппесі мен орыс тілін бәрібір оқуға тура келсе, ол өзге таңбаны игеріп не үшін азаптанады? Ресей одағында тұратын болсаң, қалайда орыс әліппесі мен орыс тілін оқуға міндеттісің». 

Ахмет Байтұрсынұлының әрбір іс-әрекетінен оның латын әліпбиін мүлде жаратпайтыны байқалып тұрды. Сөзінің соңында А.Байтұрсынұлы әзірбайжандықтар мен анатолиялық түріктерге қасарыса қарап: «Біз дәл сіздерге бола өз таңбамызды өзгерте алмаймыз» – деді. 

Н.Ф.Яковлев тақырыпты талқылау барысын шола келіп, орыс профессорлары алға тартқан «қағиданың» бәрі қолдау тапқанын атады: «Бұл – өмір шындығына қайшы. Мысалы, қырғыз бен түркіменде қандай жазу бар? Ешқандай да жазу-сызу мәдениеті жоқ. Мен мұны дәл бүгінгі тұстағы жалпы хат тану деңгейі мен сауаттылық жайына қатысты айтып тұрмын; бұларда, бәлкім, әдебиет саласы өте бай шығар, алайда дәстүр атаулы үзіліп немесе тоқтап қалуы мүмкін. Егер осы көзқарас тұсынан келсек, онда көптеген түркі халықтарының енді-енді ғана араб жазуын игеруге кіріскенін байқаймыз. Ал осыны ауыстыру міндеті туындаса, бұл – іске даусыз төл әдебиеті бар халықтың көзімен қарау деген сөз. Бірақ бұдан осынау әдебиет өзге де ұлыстарда кездеседі деген ой тумайды; оның үстіне жазу-сызу дәстүрі шектеулі немесе ондай мәдениеттен ада халықтар өз әдебиетін жаңа ғана пайдалана бастаған елдерге қарағанда бүгінге дейін қазан-татар әдебиетін қолданып келді. Бүкіл Волга бойы Қазан әдебиетін оқып, осыдан кейін барып өзінің ұлттық әдебиетін дамыта бастады». 

Бұл – Мәскеу нұсқауымен әліпби құру жобасының ендігі жүзеге асу кезеңіне өтіп, тіпті, әралуан кедергілерді жою бағытында құйтырқы амал-айла ойластырылып үлгергенін көрсететін-ді. Мұны Н.Ф.Яковлевтің аталмыш жоба авторларының бірі ретінде іс мәнісінің бүге-шігесін, ешбір қысылып-қымтырылмастан, ашық айта бастауынан-ақ байқауға болатын: «Таяу аралықта біз түркі халықтарының аумағында араб, сондай-ақ орыс және латын әліпбиі негізінде оқытатын жеке-жеке орындарға даусыз қол жеткіземіз. Орыс ошағы мұсылмандардан тыс ортада қанат жаяды әмбе біртіндеп латын, араб әліпбиімен алмасып, сол мұсылмандар орналасқан өңірлерге сіңіріле бастайды. Бұл онда ішінара өзгертіліп те қойды, келешекте басымдық латын жазуына беріле түседі. Аталған үдеріске ешбір тосқауыл жоқ, ал мұнда тарихи даму жолы басқаша болуға тиісті деген күбір-жыбырды ести қоймадық. Таяу маңда латын әліпбиі енгізілетін түркі аймақтары нақты белгіленді. Олар – Қырғызстан, Түркіменстан және Башқұртстан». 

Осынау міндеттің тағы бір қырына тоқталған бас баяндамашы: «Жолдас Байтұрсынұлының қарсылығына келсек, әлбетте, ол бізде латын әліпбиін қабылдайтындай күш те, қаражат та жоқ деген салмақты қисынды алға тартты, – деді. – Бұл, расында, мәселенің санасуға тура келетін нақты көрінісі. Алайда өзім мұндай тығырықтан шығудың жолы бар дер едім – күш пен қаржы болмаса табайық та мұны: ақшаны да іздейік, күшті де ұйымдастырайық».

Осылайша ол Мәскеудің ырқымен әліпби құру жобасының теориялық қана емес, нақты іс жүзінде дәйектелгенін тағы бір мәрте баса ескертті. 

Кітапты қазақшалаған Құлтөлеу МҰҚАШ