САЛБУРЫН

САЛБУРЫН

Құсбегіліктің қыр-сырына тереңдеген сайын Арқа даласында сонау Абай заманынан беріде ақырындап ұмытылуға айналаған үлкен Салбыруын мерекесін өткізу арманы да арта түсіпті. 

Тек оны бүркітші Тілеуғабыл Есенбекұлы екі ауыл арасындағы жай ғана шара емес, шама келгенше құлашты қияға сермеп, төрткүл дүние бүркітшілері қатысатындай кең ауқымды той деңгейінде ұйымдастыруды көкседі. Қазақты ғаламға кеңірек таныта түсуге, бәлкім, осындай жұмыстар көбірек септігін тигізе ме деп қиялдаған-ды. 

Осылайша, кең көлемді Салбурын өткізу ниетін іске асыру қамымен ақырындап, Алматыға барды. Сол кездегі Министрлер Кеңесінде бөлім меңгерушісі болып қызмет атқаратын азаматпен жолығуға талаптанған. Ұлттық салт-дәстүрге жіті ден қойып, өзі де сирек жәдігерлер жинаумен әуестенетінін естігеннен кейін осы жігітке алабөтен ықыласы ауған-ды. Оның халық мұрасының үлкен жанашыры Ақселеу Сейдімбекпен ара-қатынасы да қызықтырмай қоймады. Өзі елгезек, қарапайым жан екен. Биік еңселі кеңседе жоғары қызмет атқарамын деп міндетсіген жоқ, мұның шаруасын ықыластана тыңдап, қолдан келгенше жәрдемдесейін, аға, деп елпілдеп отыр. 

Айтқанын орындады. Мән-жайды түсінген соң ол облыс әкіміне: «Ұлттық мәдениетті жандандыру жолында қарбаласып жүрген Тілеуғабыл Есенбекұлы есімді азаматтарыңыз бар екен. Осы кісі сонау Абай дәуірінен беріде ел есінен шыға бастаған құс салу мерекесін өткізуді діттейтін көрінеді. Сол шараның лайықты өтуіне жәрдемдесуіңізді сұраймыз. Егер Арқада даласында төл мәдениет қайтадан жаңғыратын болса қазақ халқының мүддесін түгендеуге қосқан бәріміздің де зор үлесіміз болар еді» деген мағынада хат жазып берді. 

Хат жөнелтілді-ау. Арада бірталай өтті. Бірақ қолына тигеніменен, әкім інісі соған аса мән бере қоймаған сияқты. Жауап болмады. 

1995-тің тамыз айы да келді. Мезгіл тағы да ақырындап алқымнан ала түсті. Тықыршыған Тілеуғабыл енді сол кездегі аудан басшысына соғуды ұйғарған. Билік тұтқасында отырған адам ғой, ең болмаса, осының бір септігі тиіп қалар деп еді. Ахуалды түсіндіргенінде ол:

– Ой, қойшы, Тілеуғабыл! Қайдағы жоқ нәрсені қайдан тауып аласың осы! – деп күлді. – Бүркітің не?! Сен түгілі, сенің әкең көрген жоқ о бүркітті. Қайтесің оны...

Не істейсің енді. Қанша тырысқанмен, істің мәнін бұған да ұғындыра алмайтын түрі бар. Содан ойлап-ойлап, қой, тонымды сыпырып алмас, облыс жетекшісінің өзімен тікелей барып кездесейін деп түйген. «Шешінген судан тайынбас» – бұл орайда да шегінетін жер қалмай бара жатқанын аңдап еді. 

Ертеңіне. Жанына Зекен деген жолдасын алды да, Жезқазғанға қарай тартты. Жолшыбай Жаңаарқа ауданының әкіміне кірген. Аттап өте шықпай, сәлемдесе шығуды парыз санап еді. Бөтен жігіт емес. Бұрыннан талай аралас-құралас жүрген өз бауырлары. Елге деген жанашырлығы мол білікті маман. 

– Өй, қайда жүйткіп бара жатырсыңдар?! Суыт қой жүрістерің, – деді ол ұшырасқан бойда. 

– Жезқазғанға. Аймақ басшысына... 

Жаңаарқаның жетекшісіне облыс әкімімен не үшін жолыққысы келетін жағдайын тәптіштеп айтып берді. 

– Е-е, дұрыс ендеше, көкесі! – деді аудан әкімі күле қарап. – Орыстар «на ловца и зверь бежит» деуші еді. Қазақша айтқанда: «Жолы болар жігіттің, жеңгесі шығар алдынан». Онда кішкене аптықтарыңды басып, аяқтарыңды суытыңдар. Ісім оңғарылды дей бер. Ертең бастығымыздың өзі келеді тура осында. Мен де сол Жезқазғанның күре жолына қарап, елеңдеп отырмын...

***

Келесі күні таңғы салқынмен күткен адамдары да жетіп келген. Оның да екі-үш нөкері бар. Бұлар меймандарына қарай тұра ұмтылып, қос қолдарын соза, жапа-тармағай амандасып жатыр. 

Бәрі біркелкі киінген. Көпшілігінің үстінде – әдеттегі костюм-шалбар. Галстук таққаны да, тақпағаны да бар. Ішінара жеңіл пиджакпен жүргендері де кездеседі.

Обылыс жетекшісінің мінезінің өрлігі, шалт қимылдылау адам екені аңғарылды. Бұларға назар аудара қоймаған. Жаңарқаның әкімі екеуі жұрттан оңашалау кетіп, сонадай тұста состиып тұрып, біршама сөйлесті. Екі қолы қалтасында. Одан қабағын түйіңкіреп, ұйытқыта соққан өкпек желден төбе шашы желбіреген күйі, қасындағы адамға әлденелерді айтып бері қарай жылжыды. 

– Мына азаматтар – Шеттің жігіттері. Тілеуғабыл мен Зекен. Сізге жолығуға бара жатыр екен. Мен тоқтатып қойдым, – деді аудан басшысы бір мезгілде. 

– Иә, бұйымтайларын айтсын! 

Тілеуғабыл тосылған жоқ: 

– Бұйымтай сол – жер алғанмын Ақсу-Аюлыдан жиырма бес шақырымдай әріден. Шағын шаруашылық ұстаймын. Енді қазақтың құсбегілік өнерін жандандырсам деген оймен жүрмін. Арқаға құс әкелу керек. Қазір өзім мен жанымдағы көмекшімде бүркіт бар. Қысқасы, биыл Қазақстан мен дүние жүзінің құсбегілерін жинап, бір үлкен шара өткізбек ниеттемін! – деп тоқтады.

– Оу, аға, осынша қиын іске неге ұрынып жүрсің? Не қажеті бар?! – деді облыс басшысы да бірден тосырқай қарап. 

– Енді, құсбегілік – құрып, жойылып бара жатқан қастерлі өнер. Оны халыққа қайтару үшін біраз жұмыс атқару керек. Жер-әлемнен білімді адамдарды жинап ақылдассақ, одан бүркітпен аң қағудың дүбірлі мерекесін ұйымдастырсақ. Бұл да жас мемлекеттің кескінін байқататын нәрсе емес пе. Осыған өзіңіз бастап ықпал жасасаңыз! 

 Тілеуғабыл Жаңаарқа басшысының жолың болады екен деп үміттендіргеніне малданып, кешеден бері ісінің жартысы біткендей тоғая бастап еді; өтінішінің соңы осынша тез аяқталады деп күтпепті. Аймақ жетекшісі қабағын шытып, бірден кесті:

– Ой, қолдан келмейтін шығар. Ниет дұрыс қой. Бірақ осыны қойсаң қайтеді!.. 

Бұл аздап ыңғайсызданып қалды. Сәл асығыстау масаттанған екен. 

Дегенмен, күдерін үзген жоқ. Талай тұйықтан шығып, небір қиын істің шешімін тауып дағдыланған басы бұл сапар да іштей «көптен күпті қылған бұл жайтты да бір жағына шығарармын-ау, бірақ қашан, қайтіп» деген сауалдардың жауабын іздей бастаған. 

Облыс әкімі көп тұрмады. Теріс бұрылып, төмен қараған қалпы жиырма-отыз қадамдай жерде тұрған көлігіне қарай беттей берді. 

Төңіректе әңгімеге куә болып тұрған азаматтардың бәрі де бір мезет үнсіз қалған. Әкім машинасының қасына барып біраз тұрды да, кенет кері айналып, қайта оралды:  

– Жарайды, Төке. Шай алдыршы. Кішкене тізе бүгіп сөйлесейік!

Осы сөздің шығуы-ақ Зекен де, басқа жігіттер дереу қозғалақтасып, тұс-тұсқа шашырай жөнелді. Жапырағы салбыраған биік сәмбі талдың саясындағы үлкен үстелге жайғасқан бұлардың алдына көзді ашып-жұмғанша ыстық шай да келді, буы бұрқырап тәбет оятып, табақ-табағымен жуан істікке тізілген, білектей-білектей кәуап та пайда бола кетті. 

– Ал қайтадан айтшы, аға, жаңағы әңгімеңді. Ойланып қалдым мен... 

– Айтатын несі бар. Мемлекет болдық деп жатырмыз. Бірақ дәл қазір бізді ешкім танымайды. Көршілердің өзі менсінгісі келмейді. Бұларда тарих та, өнер де жоқ деп есептеп, төмендетуге тырысады. Ал, шынында, күллі дүниедегі көпшілік өркениет дәл осы бізден тараған! Міне, мен шама келгенше сондай жақсылықты аздап дәлелдегім келіп еді. Ерекше мәдениетімізді шет жұртқа көрсетсем деп ем. Бұған қоса елдің де көзі ашылмай ма. Жастардың жүрегіне шоқ түседі. Ойланады. Туған халқын танып, қадіріне жете бастайды.

Әкім ернін тістелей отырып, өткір көзін сығырайтып, алыстағы қияларды шолғандай, сәл үнсіз отырды. Одан: 

– Жақсы екен. Жақсы ой екен, аға! – деді серпіліп. – Осының алдында жоғарыдан келген хатты алғанмын. Бірақ онша елей қоймағаным рас еді. Дұрыс нәрсе екен... 

Бұлар өздерімен бірге келген жергілікті фермер, атақты әнші Қорабай Есеновтің қоңыр гитарасын күңгірлете тартып, әуелете тербеген әсерлі сазына құлақ түре отырып, бір жарым-екі сағаттай бөгелді. Недәуір сұқбат құрылды. Біраз дәм татылды. 

– Мен екі-үш күн аудандарды аралауға шығып ем. Сен, аға, онда жолдан қалмай осы бетіңмен Жезқазғанға тарта бер. Орынбасарым Бөрібайға жолық. Осы әңгіменің бәрін соған жеткіз. Реті келгенде, өзім де хабарласып қоямын онымен телефон арқылы, – деді аймақ басшысы. – Бұл шараны өткізу үшін облыстың қаулысы керек. Мен барғанша соны дайындасын. Одан соң, әрине, қаржы да қажет болады ғой аздаған. Айтпақшы, қанша ақша керек еді бұған?.. 

– Көп керек. Бір миллион, шамамен. Теңге... 

О тұста бұл, шынында да, әжептәуір қомақты қаражат. 

– Жарайды. Ойластырамыз. 

Бөрібай Жексембин де бұрыннан араласып жүрген адамы. Кезінде сонау «Қарабұлақ» совхозына институт жолдамасымен келіп, біртіндеп еңбегі жанып, сол шаруашылықтан өскен қарапайым, ақжарқын азамат. Ол:

– Мынауың тамаша шаруа екен, – жақсы қарсы алды. 

Соған қарағанда, бір жағынан, бұлар жеткенше облыс жетекшісі де телефон арқылы мән-жайды түсіндіріп үлгерген тәрізді. 

Үшеуі отыра қалды да, істің жалпы нобайын долбарлаған. Екі күн арасында қажетті қаржы мәселесі қарастырылды. Демеушілер іздестіру белгіленді. Салбурынға қатысатын бүркітшілердің тізімі жасалды. Келетін ресми меймандардың аты-жөні анықталды. Бағдарлама даярланды. Аяғында қаулы да әзір болды. 

***

Дүбірлі шара Ақсу-Аюлының Мәдениет Үйі алдындағы үлкен шеруден басталды. Бұл 1995-тегі қарашаның аяғы-тын. Және «е, қанды басың бері тарт!» дегізіп, Құдайдың өзі сәтін салған нағыз қансонар күні болатын. 

Баяғыда осынау көшпенділер елін жаулау мақсатымен келген атышулы Ескендір Зұлқарнайын өздеріне қарсы беттеген дала сарбаздарының кенет алдыдан шыға қашқан жалғыз қоянды жабыла қуа жөнеліп, бұларды бір сәт мүлде естен шығарғанын көргенде қатты сескеніп, қой, мынандай өте аңғал да жаужүрек жұртпен айқасып опа таппаспын деп, жер қайысқан қолын кері қайтарып, кейін серпілген екен деуші еді. Сол айтқандай, ғасырға жуық уақыт жаңғырмаған ғұрыптың дабырын естіген бойда жөңкіле сабылған сондай елдің еліккіш, әсершіл ұрпақтары іргелес Қарағанды мен Балқаштан, Ақадыр мен Қайрақтыдан, көршілес совхоздардан қаптап жиналды. Олардың да, әрине, алыстан ат арытып жеткен Франция мен Германия, Австрия, Моңғолия мен Ресей саятшыларына таңдана қарап, солардың маңайында көбірек айналсоқтауы да заңды еді. 

Мың қаралы қауым қан сәскедегі мерекенің салтанатты ашылуынан кейін алдымен салт атпен сап түзеген он екі бүркітшінің Бұғылы мен Тағылы бөктеріндегі арнайы бүркіт салу қойылымдарына куә болды. 

Құлан САҒАТҰЛЫ