ӨЗ ОТЫМЫЗДЫ ӨШІРМЕЙІК

ӨЗ ОТЫМЫЗДЫ ӨШІРМЕЙІК

Қазақ халқының рухани құндылықтары, тарихымыз, салт-дәстүр, елдің бірегейлігі туралы сөз күн тәртібінен түспейді. 

Қазақ мемлекеті жас мемлекет емес

Қазақ тұтас этнос, ұлт болып қалыптасканнан бері өз Тәуелсіздігі үшін күресіп келген. Оның ең соңғысы – кешегі 1941 жылғы ұлы орыс соғысында кеңес мемлекеті құрамында соғысқандығымыз. Бірақ, бұл – КСРО-ның тұтастығы, «тәуелсіздігі» үшін болған соғыс еді. Содан кейінгісі – 1986 жылғы Желтоқсан кырғыны. Әрідегі сақ, ғұн дәуірін айтпағанның өзінде берідегі хандық кезеңнің небір алапат оқиғаларын жіліктеп, талдап көрсетіп беру кай тарихшының тақиясына тар келер еді. Сол тарихтың дұрыс, жүйелі, түсінікті тілмен, оқушы (мектеп оқушысы) санасына лайықталып жеткізілмеуі, оқытылмауы салдарынан біз әлі күнге дейін мемлекетімізді жас мемлекет деп сөйлейміз. Бұл да болса әбден бүгежек етіп тастаған кешегі кеңестік жүйенің санада қалыптастырған маргиналдық көзқарасынан әлі де арыла алмай жүргендігіміздің салдары.

Қазір кеңестің құрығынан құтылғаннан бергі материалдардың кайсыбірінде «жас мемлекетіміз» деген тіркес өріп жүреді. Ал енді осыны көзі ашык адамдарға түсіндіріп жатудың қажеті бар ма? Дерек, дәйекпен сөйлегіш өзгелердің бұдан кейін «бұрын қазақ мемлекеті деген болмаған» деуіне өзіміз жол ашып беріп отырған жоқпыз ба?

Қазақ мемлекеті жас емес, егер тарихи деректерге сүйенсек, бізге мемлекетіміздін 500 жылдан астам байырғы тарихы белгілі. Басқасын айтпағанда, тарихшылығының өзі он тарихшыны орап алатын Мұхтар Мағауиннің «Қазақ тарихының әліппесі» орта мектептің оку бағдарламасының негізгі оқулығына айналса, мұндай баланың сөзі айтылмас еді.

Қазақ халқынын тарихына катысты Қытайдағы, Ирандағы, Ресейдегі, т.б. елдердегі көне жазбаларды қазір көптеп ақтарып жатырмыз. Бірақ, сол тарихтың көбісінен ештеңе ұғынып болмайсың, не терең түсініктеме немесе ғылыми сараптау жетіспейді. Дерек, хронологиялық сипаттама аткөпір, ал оны түсіндіруде ғылыми зерде, логика кемшін. Ал, Мағауиннің немесе Сейдімбектің тарихқа, мәдениет тарихына катысты еңбектерін окысаң көп нәрсе түсінікті болып шыға келеді. Өзі күрделі дүниені күрделі сөйлемдермен шиырлап шығу дағдыға айналған секілді.

70-80-жылдары туған бала Қазақ мемлекетінің тарихын 90-жылдардан, әрі кетсе 86-дан басталған деп ұғынуы өріс ала бастаған сыңайлы. Оның дәлелін Тәуелсіздіктің он... жиырма жылдығына байланысты мектептерде өткен кештерден-ақ талай аңғардық. Балалар, әрине (санасы орыстық рухтан әлі ажырамаған деп түсініңіз) Үйсін, Қаңлы, Алшын мемлекеті (өзінің мемлекетті басқару тетіктері, Жарғысы, елтаңбалары), қазақтың кеңес заманынан бұрын әлденеше рет астанасы болғанын, патшалық Ресейге бодан болғанға дейін Тәуелсіздіктің дәмін татып үлгергенін, Кеңес Одағының кұрамына кіргеннен кейінде Тәуелсіздік үшін толассыз күрес жүргенін қайдан білсін. Бала санасына тарихи жадыны тез сіңірудің жолы – мәдениеттің тарихын оқыту, қазақтың бес мыңнан астам күйі болса – соның бәрі тарих. Қазақтың тарихы ән, күйі, рухани жәдігерлері арқылы қалып отырған. Оған мысал келтірсек, тереңдеп кетеміз. 

Тарихты бүгінгі ұрпаққа түсінікті етіп оқытудың оңтайлы методикасын, тәсілін таппайынша, тарихты әркімнің өзі келген жерден бастауы тоқтамайды.


Дәстүр сақталмаған жерге жын-шайтан үйір


Бір тойда отырмыз. Ортаға үлкендігі үйдей жерді алатын торт алып келді. 

Тортты айнала қаптатып балауыз жағып қойыпты. Бір уақытта жұрт жабылып жүріп жанып тұрған шырақты өшірді. Үрлеп жүріп, өз отын өзі өшірді. Ырымға жақсы ма? 

Жақсы емес. Бұл қазақтардың «өз отыңды өшірме» деп кеткен Оралханды оқымағаны өз алдына, еуропалық дәстүрде той өткізуге бет бұруы біраздан бері қалыптасып келе жатқан жағдай.

Қазіргі өзіміз көп баратын үйлену тойларында дәстүрдің қарапайым деген түрлерінің өзі сақтала бермейді. Көзіміз үйренген көрініс – қаптаған тамада, әртіс жалдау, бірін-бірі жата келіп мақтау, қысқасы, қып-қызыл бәсеке. Тойдан тобықтай тағылым түйе алмай түңіліп қайтасың.

Дәстүр сақталмаған жерге жын-шайтан үйір.

Дәстүр қандай болады, қалай дамиды, қалай жаңғырады, ұрпақтан-ұрпаққа қалай жалғасады?

Кұдайға шүкір, жұрттын бәрі жәдігөй болып кеткен жоқ, дәстүрдің жаңғырып жатқан жайы бар.

Еске түседі, сонау бір жылы Жезқазған қаласының «Сарыарқа» ойын-сауық кешенінде қазақтың танымал, зиялы азаматының қызы Айгүлді ұзату тойы өтті. Үйлену тойының бастапқы тұсындағы назар аударатын ерекшеліктер мынау болды.

Той өтетін ғимараттың есігінен жас жұбайлар тоқтайтын (көпшілік алдында) тұсқа дейін ақ мата төселді. «Ақ жол – ақ отауға бастар адалдык жолы» деген ұғымды, тілекті ишаралап тұрғандай. Беташар кезінде келіннің екі жеңгесі қоса тұрды. Бетке тұтылған ак матаға бір-біріне тізбектей жалғанған бас орамал байланған. Оның ұшын таяққа байлап, жас баланың колына ұстатқан жыршы беташар жырын айтып: «Бір сәлем» деген кезде бала таяқты қозғап қалады, келін сәлем береді.

Бір-біріне тізбектей жалғанған орамал – ұрпақ сабақтастығы, жас бала – ізбасар ұрпақ өкілі.

Бәрін тәптіштеп айтып жатпай-ақ қоялық. Айгүлдің – ұзатылған қыздың – келіннің киім үлгісіне назар салыңызшы.

Келіннің басына тақия-жаулык кигізілген. Тақия – балалық белгісі, жаулық – келін болған кездің белгісі. Үйлену тойы – осы кездің белгісі. Үйлену тойы – осы екі дәуреннің алмасар шағы. Тақия-жаулық осыны меңзейді. Осы сияқты шашты қос бұрымдап өріп, оны шашбаумен байлаудың астарында да осындай ишара-белгі жатыр.

Айтайын дегеніміз сол, қыз ұзатып, келін түсірудің осы нәзира үлгісін елпілдеп еуропаша той өткізгіштердің есіне салу еді.


Махаббаттың тілі...


Бала кезімізде «ұрлық» жасайтынбыз. Бірақ, жақсы мағынасындағы ұрлық еді ол. Кітапханадан кітап ұрлайтынбыз. Кейде жаздырып алған жақсы кітабымызды кітапханашы апай ұмытып кетсе деп тілейтінбіз.

Бір күні «сендерге махаббат туралы ойлау әлі ерте, жаман неме, сабағыңды жетістіріп ал» деген үлкендер сөзімен ауызданып жүргенімізде кітапханадан Төлеген Айбергеновтің «Мен саған ғашық едім» атты кітабына кезіктім. 

Кітапты аялай ұстап, кітапханашы апайға қарай беттедім. Апай көзәйнегінің астымен жақтырмай қарап отырды да мырс етті. Әйтеуір, оқуға рұхсат етті-ау. Әлде балалық түсінік пе білмеймін, сол кезде біздің ауылдын бәрі махаббат туралы кітап оқитын секілді көрінетін. Осы ынтызарлық жалғаса берді. Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббаты», Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдары», т.с.с.

Балалық аралының қазынасын ақтарсаң таусылмайды ғой. 

Бір күні ағам мен жеңгемнің бір-біріне жазысқан сүйіспеншілік хаттары ғайыптан қолыма түсті. Махаббат теориясы мәселесінде көркем әдебиетпен көзім ашылып, әжептәуір «тәжірибе» жинап қалған маған мына хат сондай таңсық көрінді. Бір түрлі оқыған сайын тартып барады.

«Шіркін, Шәмші-ай!.. Асылым! Менің саған деген бар сезімімді Шәмшінің әндері-ақ жеткізіп қойғандай. Ал, сен менің сол Шәмшімен жақын дос екенімді де білмейсің ғой. Екеуміз бірігіп саған арнап ән жазбақ ойдамыз. Құдай қаласа, ол арманымызға да жетер күн алыс емес шығар деп ойлаймын, күнім!..».

Бүгінде жеті баланың анасы, әлі де сұлу, сүйкімді жеңешеме қазір уақыттың құзырымен «мезгілсіз қартайған» менің ағамның жазған осындай сарындағы сырлы хаттары әлі күнге сақтаулы. Қазір ол осы хаттарды алтынға да айырбастамас еді.

Кейіннен ағамнан: «Шәмшімен дос болған екенсіз ғой» деп ақырын сыр тартып сұраймын ғой. Сөйтсем ағам: «Қайдағы, мына жеңгеңді қолға түсірудің амалы ғой бәрі. Ол кезде қыздың бәрі Шәмшіге ғашық болатын, Шәмшінің досымын деп қолға түсірдім емес пе жеңгеңді. Әйтпесе қарайтын түрі жоқ. Жеңгеңе хат жазамын деп жүріп жазушы болып кете жаздағанбыз» деп ырқ-ырқ күледі көкем.

Шынайы сезімінді жеткізу үшін жазушы болу міндет емес шығар. Жүректен шыққан сөз қашанда жүрекке жетеді.

Жүрек не десе ауыз соны айтады. Ол кездегі ұл-қыздардың ибалығы, ұяңдығы сондай, ғашық сезімдерін, жүректегі жазбаларын осындай хұсни хатпен білдірген ғой.

Ал, қазіргі компьютер заманында осындай хаттар жазыла ма? Тек екі жүрек қана аялай білуге тиісті сүйіспеншілік, асыл сезімдер қалай көрініс тауып жүр? Екі жас бір-біріне ынтық көңілін қалай білдіреді? Оның үстіне біз балаларға махаббат туралы ән салма деп жекіреміз. Сонда оның сүйіспеншілік сезімін калай жетілдіреміз, қалай тәрбиелейміз? Оны айтатын адам да жоқ.

Балконда тұр едім. Екі жас жүгіріп келіп жауыннан жасырынды. Екеуі де қазақтың баласы. Өліп-өшіп сүйісіп жатыр. Орысша сөйлейді, орысша сүйіседі. Музыкасы да орысша. Бір-бірін сүйетінін бөгде сөзбен, бөгде қылықпен дәлелдеп жатыр. Бір түрлі нанымсыз, шынайы емес.

Тағы да балалық аралының қазынасы есіңе түседі. Ол замандағы махаббаттың тілі – хат, көркем әдебиет, «Қыз Жібек» секілді көркем кинолар еді. Ал, қазіргі махаббаттың тілі қандай? Шетелдік телесериалдар, атыс-шабыс, боевик пе?..

...Бүгінде орны да жоқ сол бір кітапхананы қазір өлердей сағынамын. Дүниедегі махаббат туралы кітаптың бәрі сол кітапханада болатын. Ол бейнебір махаббаттың бесігіндей еді...

Қазіргі жастар махаббат туралы өз ана тіліндегі кітаптарды оқи ма екен? Әлде қазақ жазушылары қазір махаббат туралы басқаша жаза ма? Мүмкін жастарды босқа жазғыратын шығармыз, махаббаттың тілі өзгерген болар?

Мүмкін емес, әр ұлттың өз махаббатының тілі бар. Демек, қазіргі қазақ жастарының махаббатының тілі қалай шықса, ертеңгі тірлігі де солай болмақ.

Уызында жарыған далалық махаббатқа не жетсін!

Қали СӘРСЕНБАЙ, 

жазушы