ӘН ДҮЛДҮЛІ НҰРҒИСА

ӘН ДҮЛДҮЛІ НҰРҒИСА

Биыл бірқатар ұлы тұлғаларымыздың мерейтойы аталып өтті. Солардың бірі қазақтың ұлы композиторы, күйші, дирижер, Қазақстанның Халық Қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толуына арналған салтанатты шаралар Алматы облысы Жамбыл ауданында дүрілдеп өтті. 

Мерекелік іс-шара Жамбыл Жабаев музейіне барып, жыр алыбының ескерткішіне гүл қойып, кесенесіне зиярат етуден басталды. Одан кейін өз өсиетімен осында Жамбыл атасының жанына жерленген Нұрғиса Тілендиевтің мәңгілік мекеніне барып, тағзым жасалып, құран оқылды.

Суықтөбе төріндегі салтанатты жиында алғашқы болып сөйлеген Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев атап өткендей, ЮНЕСКО Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығын 2025 жылғы маңызды мерейтойлар тізіміне енгізді.

– Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығы қазақ руханиятының алтын қазығына айналды. Оның күйлері мен әндері — халықтың жаны мен тарихының үні, – деді аймақ басшысы. – Кеше ғана Іле ауданында оның аты берілген мәдениет үйі ашылып, ескерткіш орнатылды. Ұлы тұлғаның есімі еліміздің барлық өңірлерінде ұлықталуы тиіс.

Жиында белгілі ақын, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалин мен мемлекет және қоғам қайраткері Серік Үмбетов те сөз сөйлеп, композитордың дара болмысы мен өнердегі орнын ерекше атап өтті. Серік Үмбетов Нұрғиса ағаның соңғы аманатын орындап, оны Жамбылдың қасына жерлеу тарихын еске алып, әсерлі баяндап берді.

- Бір күні кабинетте отырсам, Алтынбек Қоразбаев екеуі есіктен кіріп келді. Ол кезде мен бірінші орынбасармын. Кіріп келді де, «Серік, мен саған кабинетіңе әтір шашуға келдім», - деді. Ол кісінің әтірі темекі ғой. Содан кейін «Мен саған ең негізгі аманатымды айтуға келдім», - деді. «Мен жақында өмірден өтемін, кетемін», - деді. Осы сөзді айту үшін де қаншама батылдық керек. Мінезділігі ғой ол. «Менің сенен сұрарым, Жамбыл Жәкемнің жанына апарып, жарты метр жерге жатқыз», - деді. Нұрғиса Тілендиевтің бұл аманаты екі етпей орындалды. Артында қалған ел-жұрты 1998 жылдың қазан айында ұлы перзентін көзі тірісінде өзі пір тұтқан жыр алыбы – Жамбылдың жанына апарып жерледі.”- деді.

Мерейтой концертінде «Отырар сазы» оркестрі бастаған қазақ фольклоры мен эстрадасының танымал әртістері өнер көрсетті. 

Тау етегіндегі кең далада әуелеген Нұрғиса әуендері көңілімізді көкке көтерді.

Жиында айтылған Нұрғиса туралы сөздер бұдан кейін дәстүрлі тағамдар ұсынылған киіз үйлерде жалғасып жатты. Бізге де сөз берілгенде өз лебізімізді білдірдік.

- Біз жыл сайын ән дүлдүлі Нұрғисаның “Құстар әнімен” құстарды шығарып салып, қарсы аламыз.

“Алатауға” қарап асқақтап, ән саламыз.

Сағындырған “Саржайлауға” тамсанамыз.

“Өз елім” мен “Ата толғауынан” қуат аламыз, ақ толқын “Ақ жайықтан” шуақ аламыз.

Нұрғисадай ән құдыретінің мерейтойын тек туған жері, бір өңір ғана емес, өзі өмір сүрген Алматыдай қаласы, әсем әндерімен тербетіп өткен кең байтақ даласы да тойлау керек!

Жаңа үлкен жиында Нұрғисадай дара дарынның бар болмысын ашқан айтулы ақын ағамыз Нұрлан Оразалиннің сөзі бас баяндамадай маңызды болды. Белгілі мемлекет қайраткері Серік ағамыз бүгін әкім секілді емес, ақын секілді керемет сөйледі. Сіздің Нұрғисадай дарынның “Құстар қайтып барады” әніне ерекше тоқталғаныңыз өте дұрыс болды. Мен де осы әнді ерекше жақсы көремін. Кең далада, асқар тауда өскен қазақ баласының бұл әнді шырқамағаны жоқ. Жаңа осында келе жатып, интернет ақтарсам, уикипедиядағы композитордың өмірбаянында басты әндерінің бірегейі, ел жүрегінде әуені жатталып қалған “Құстар қайтып барады” әні жоқ екен…

Кеше Іле ауданында композитордың шабыт құшағындағы образын сәтті жасаған ескерткіші ашылғанда арқалы ақын, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет, тарлан режиссер Талғат Теменовтер тамаша сөйлеп, дарын даралығын айшықтап берді.

Осындай ел рухын көтеретін дүбірлі шараны жақсы ұйымдастыра білген Алматы облысы әкімдігіне алғыс айтамыз.

Әуен құдыреті Нұрғиса әсем әндерімен, күміс күмбірлі күйлерімен қазақ халқымен бірге мәңгі жасай береді!-деп өз ойымызды айттық.

Сүйінбай мен Жамбылдың елі айтыссыз бола ма?

 «Ұлы даланың Нұрғисасы» атты халықаралық ақындар айтысының бас жүлдесін темір тұлпарды айтулы жүйрік Мейірбек Сұлтанхан жеңіп алды. 

Қалың қазақ күткен «Көкбастау» атшабарындағы бәйгені тамашалауға 15 мыңдай адам жиналды. 

Аламан бәйгеде Жетісу облысынан келген Марат Ақперлиновтың «Жұмыртұяқ» атты тұлпары бірінші келді. 

 Топ бәйгеде Абай облысының сәйгүлігі “Қалқаман” алдына қара салмай дара келді. 

Құнан бәйгеде Жамбыл облысының “Бойтұмар” атты жүйрігі алда келіп, ат иесі көлік мінді.

Аламан бәйге мен топ бәйгеге тігілген бас жүлделер - темір тұлпарлардың кілтін тапсыру мемлекет қайраткері Серік Үмбетов ағамыз екеумізге бұйырыпты. Жүйрігі жүзден озып, бәйгеден келген қазақтың қуанышына ортақтасып, жеңіп алған жүлдесін тапсырудан артық не бар дейсің шіркін! 

Ал нағыз ән дүлдүлі, күй дарабозы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған дүбірлі той өлмес өнер туғызған дара тұлғалар халқымен мәңгі бірге жасай беретінін көрсетті.

Қазыбек ИСА, ақын, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты

04 қазан 2025 жыл