Берік Әлібай: Қазақтың зергерлік өнері әлем бойынша алдыңғы қатарда тұр
2025 ж. 11 желтоқсан
114
0
Күні кеше ғана Астанадағы Президенттік орталықта белгілі зергер, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық Карл Фаберже орденінің иегері, "Құрмет" орденінің кавалері Берік Әлібайдың "Желісі үзілмеген жалғастық" атты көрмесі өтті. Ағамызды ел тамсанған көрмесінің өтуімен құттықтап, біраз әңгімеге тартқан едік.

- Берік аға, тұғырлы Тәуелсіздік күніне орай "Желісі үзілмеген жалғастық" атты көрмеңіз өтті. Келген халық тамсанып ризашылығын айтып жатты. Көрме көңіліңізден шықты ма? Жалпы, бүгін зергерлік өнерінің насихатталуы қандай деңгейде? Елдің қызығушылығы қандай?
- Ия, күні кеше ғана "Желісі үзілмеген жалғастық" атты көрмем өтті Президенттік орталықта. Жиналған халық тамсанып көріп, әбден ризашылығын білдіріп жатыр. Көрмемеді Тәуелсіздік күніне арнадым. Тәуелсіздік күні бұл біздің ең ұлық мерекеміз. Одан үлкен мереке жоқ деп ойлаймын. Тәуелсіздігі жоқ халықта мемлекет болмайды. Сондықтан, бұл мерекені өзім жылда асыға күтемін. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болуына, мәңгілік болуына әрбір адам қызмет етсе, әрбір адам отаным, елім деп өз саласында еңбек етсе, елдігіміз бекем болады. Өнер адамдары болып соған қызмет етіп жатқан жайымыз бар. Көрме халықтың көңілінен шықты. Жиналған жұрт көп болды. Шет ел мемлекеттерінің елшілері келді. Студент жастардың қарасы қалың. Бір сағаттай уақытым сол кісілермен пікір алмасуға, фотоға түсуге кетті. Соның өзі көп нәрсені аңғартса керек. Көрме өте жақсы ұйымдастырылды. Ұйымдастырушы орталықтың қызметкерлері өз істерінің мамандары. Тәжірибеліктері көрініп тұрды. Әрбір затты қоюы, бейнелеуі жағынан, өте керемет, шебер орындалды. Ашылу салтанатында Елмұра Жаңабергенова, Ардақ Балажанова секілді халқымыздың танымал әншілері өнер көрсетті. Барлығына рахмет айтамын.

- Зергерлік оңай іс емес. Қазақтың қанына біткен өнер десе де болады. Зергерлікке қалай келдіңіз? Ұстаздарыңыз болған шығар? Солар жайлы, осы саланың қызығы мен шыжығы туралы айтып өтсеңіз.
- Жалпы, Қазақстанда зергерлік өнердің насихатталуы өте жоғары деңгейде деп ойлаймын. Тәуелсіздік алған күннен бастап бұл өнер қарқынды түрде дамып келе жатыр. Екі мыңыншы жылдан бері бұл салаға жастар көптеп араласты. Бұл өнер сонау 17-18 ғасырдан бері үзілмей жалғасып келеді. Музейлерде қол өнер бұйымдарын халықтың тамсанып көретіні сол. Тек, жиырмасыншы ғасырда, Кеңес үкіметі тұсында зергерлік өнер тоқырауға ұшырады. Большевиктер ештеңе жасатпай, барлығын орталықтандырылған фабрикаларға жұмылдырды. Мен өз салам бойынша оқу бітіріп, бүкіл ғұмырым зергерлік өнерді ұстанумен өтіп жатыр. Соның нәтижесін көріп отырмын бүгін. Бұл салаға қызығушылық өте жоғары. Өте көп тапсырыстар береді. Сатып алушылар да көп. Бұл өнер расымен де қанға біткен десе болады. Атамнан қалған өнер. Әкем Сәтімбек, атам Әлібай, оның туған інісі Әлімбай атамыз зергерлік ұстахана ұстаған. Оны ауылда ұста Жәкем деп атаған, атын атамаған. Атақты ұста болған кісі. Мен о кісінің көзін көрдім. Сонау 71-ші, менің 7 жасар бала кезімде өмірден өтті. Мен 5-6 жасымда сол атама ілесіп үйге келген қонақтарға білезіктер соғып беретінмін. Алғашқы ұстазым десем де болады. Кейін Алматыдағы Көркем сурет училищесіне оқуға түстім. Сол кезде Дүйсен Сейдуалы, Мейірхан Әбдірахманов деген ұстаздарым болды. Ол кісілерден көп нәрсе үйрендім. Ұстаздарымның бәрі марқұм боп кетті. Шәкірттеріне риза шығар деп ойлаймын.

- Өзіңіз бүгінде шәкірт баулып жүрсіз бе? Шәкірттеріңіз бар ма?
- Енді алпыстан асқан жасымыз бар. Осы күнге дейін қаншама шәкірт тәрбиеледім. Өзімнің туған іні-бауырларым бәрі осы зергерлікпен айналысады. Ауылымыздан шыққан отызға тарта зергер бар. Жамбыл облысы Меркі ауданындағы Қызылсай деген кішігірім ауыл. Алпыстан асқан ғана түтін бар. Әр өңірдің түкпір-түкпірінде шәкірттерім жетерлік. Анау Арқалықтың ар жағында Амангелді деген ауылда Дастан Хамзин деген шәкіртім бар. Бүкіл Қостанай облысын қамтамасыз етіп отырған. Сонау 100-200 шақырым жерден кеп тапсырыс береді сол Дастанға. Келген жұрт "Сен осы Берік Әлібайдың бұйымдарын әкеп сатып жүрген жоқсың ба осы?" деп сұрайды екен. "Мен сол кісінің шәкіртімін ғой, бес-алты жыл қолында жұмыс істегем" деп айтады екен. Қазақтың зергерлік өнері бүкіл дүниежүзінде алдыңғы қатарда тұр десе болады. Мен зергерлік өнерге байланысты көптеген халықаралық фестивальдерге жиі барамын. Сол кезде біз алғашқы орындарды аламыз. Біздің бұйымдар көлемі жағынан, әсемдігі, жасалу технологиясы жағынан болсын көш ілгері тұрады. Біздің әрбір затымыздың өзіндік мән-мағынасы бар. Құдағи жүзік, құс тұмсық жүзік, отау жүзік, қос білезік, бойтұмарларымыздың барлығының айтар ойлары өте терең. Соған қайбір халық болсын өте үлкен қызығушылық танытып жатады. Қайбір жылы менің жасаған бойтұмарымды Иордания ханшайымы Рания ел алдына тағып шыққанда біздің зергерлік өнердің біраз дәрежесі артқан еді.
- Рахмет, аға, сұхбатыңызға. Өзіңізге алдағы уақытта да табыс тілеймін. Зергерлік өнеріміз дами берсін.
Сұхбаттасқан: Азамат Тасқараұлы,
Қазақ үні







