АТҚА МІНСЕМ БЕЛДІ БУҒАН, ҚАЙДАСЫҢДАР, АҒАЛАРЫМ!
2025 ж. 03 желтоқсан
151
0
Шардара аудандық оқу бөлімін ұзақ жылдар басқарған, ұлағатты ұстаз Амантұр Асылбеков аға туралы сөз
Шағалалы Шардара қаласының теңіз жақ тұсында Амантұр Хантемірұлы Асылбеков атында қысқа әрі көркем көше бар. Қос бетінде қалың ағаш жайқалады.
Әрі-бері өткен сайын өмірден ерте өткен асыл ағаны жиі есіме аламын. Бойымды сағыныш билейді. Арқада жаңа бастаған еңбек жолымды туған жерімде жалғастыруға себепші болған, арқамнан қағып, жол көрсеткен, жаныма жақын азамат жайлы көп ойланамын. Іздеймін. Көктемнің көрікті, әлде, күздің жапырағын төгіп түлеген өзінің мінезіндей жайдары бір мезетінде алдымнан жарқ етіп шығатындай көрінеді. Асықпай сырласып, ағымыздан ақтарылып, жарасымды әзілдесіп, сол баяғыша қимай тарайтындай қиялға берілемін. Тұстастары, бұрынғы үзеңгілес достары Жорабек Сыздықов, Жамал Төлешова, Нұрсағат Жақанов, Махмұд Момынов, Әбдірасыл Әлібаев, Ендібай Жұмабеков, Пайызхан Төлешов, Хамзе Әліқұлов, тағы басқа көзін көрген, қатар жүрген замандастары Амантұр аға жайлы қызықты әрі мәнді әңгіме айтса, құлағымды жалықпай тосуға, естігенімді жүрегіме түюге құмар едім. Ол кісінің жарқын, жағымды, есті жүзі көз алдыма келе қалатын.
Мен Амантұр Хантемірұлымен алғаш рет Шардараға мұғалім болып қабылданғанда таныстым. Ол 1978-жылдың Тамыз айы еді. Әбекең - аудандық оқу бөлімінің басшысы. Жұмысқа бұйрық алуым керек. Бұрын танып- білмейтін бас ұстаздың алдына кіру, әрине, оңай емес. Толқыдым. Әдеппен есік қағып, рұқсат сұрадым. Жатсынбай, жарқын жүзбен қабылдады. Қолына алған іс-қағаздарыма қарап:
-Жезқазған облысынан шақыртумен келген Нұрғали Ибрайымов деген батыр сен бе?- деп сұрады. Жүзіме бетін бұрып, күлімсірей қарағаны ұнады.
-Иә, ағай.
Аз кідіріп сөзін жалғады:
-Сені жолдама арқылы оқу бөлімі атынан Шардараға шақырып алдық. Бізді ұятқа қалдырмассың деп сенемін,- деді де қос иығын қомдап, ақырын сілкініп алды.- Өзің білетін боларсың, Қызылқұм топырағында Тың игеру майданы басталды. Жаңа ауылдар бой көтерді. Жаңа мектептер салынып жатыр. Биыл құрылған «Қызылқұм» мектебін қалапсың. Алғашқы қадамыңа абырой тілеймін!- деп сөзін ағалық тілекпен аяқтады. Ақ қағазға жазылған өтінішіме «Бұйрыққа!» деп шиырып қол қойды. Орындықтан тұрғанымда жаныма келіп, жұмсақ алақанымен арқамнан қағып, қолымды қысты. Асыл ағаның аялы алақанының жылуы тұлабойымды әлі қыздырып тұрғандай сезінемін. Осы ағалық сенім мен ыстық пейіл мені әділетті жолдан айнытқан емес. Таза пейілден тайдырған емес.
Басшының алдынан көңілді шығып, кадрлар бөліміне келгенімде, сол
кездегі меңгеруші Нәзік Тәлтеева апайым дәрігерлік кітапшамды сұрады.
Ол менде жоқ.
– Біздің бастық саған неге кеңдік жасаған, қайран қалып тұрмын,- деп жылы жымиды. - Құжатқа қатал еді, өте тәртіпті еді.
– Іс қағаздары түгел болмаса, бұйрыққа қол қоймайтын, қатал кісі еді ғой,- деп қасындағылар да таңғалып қолдап, қостап жатыр. Ағайдың бұл кешірімін жақсы ырымға жорып қуандым. Кешіктірмей медкітапшаны тиісті қолға тапсырдым.
Иә, мен арман сапарын бастаған алғашқы күні жақсы адамға жолығып, бағалы батасын алып, ерекше ықыласқа бөлендім.
Күзде оқушыларды алып мақтаға бардық. Ауылдан шалғай Мақтаарал ауданының ақ алтынын жинауға қатыстық. Бір күні оқушылар кешкі сапта тұрғанда Амантұр ағай келді. Жас терімшілермен амандасты. Өзінің аты-жөнін, қызметін айтып, таныстырып шықты. Мектеп оқушыларымен өз баласындай емен-жарқын ашық сөйлесті. Алдымен олардың жай-күйін сұрады. Жатын бөлмелерінің, тамақтанатын орынның тазалығын көрді. Демалыс бөлмесінің, медпункттің жұмыс тәртібімен танысты. Бізбен де азын-аулақ сөйлесуге уақыт тапты. Ағаның қарапайымдылығы мен кішіпейіл қасиетіне, балаларға деген қамқорлығына дән риза болдым. Осы өнегесін бойыма сіңірдім. Ғибрат тұттым.
Кейінгі жылдары да педагогикалық жиындарда, семинарларда, тағы басқа да оқу-тәрбие жұмысын жақсарту бағытындағы әрқилы іс-шараларда ұшырасып қалып жүрдік. Алғашқы қатысқан Тамыз конфренциясында педагогикалық оқуға арнап жазған баяндамам жоғары бағаланып, Алғыс хатқа ұсынылып, еңбегіме лайықты марапатты Амантұр Хантемірұлының қолынан алдым. Ауқымды залдың төрінде арқамнан қағып, көңілді жүзбен ұсынды. Көпшілік қолдап қол соқты.
Бірде Шардара ауданының «Достық» кеңшарында тағы сол мақта терім науқанында кездесті. Мақта алқабын аралап, жас терімшілермен танысты. Мектеп басшысына тиісті тапсырмаларын берді. Орын алған кемшіліктер бойынша орынсыз жекімей, жоюдың жолдарына тоқталды. Мен ол кісінің мейірімі мен жүрегінің жылуына бөленіп тұрдым. Бөлмемізге келіп, кешкі асты бірге ішті. Ағалық ақылын айтып, реті келгенде жарасымды әзілін де қосып, күндізгі тынымсыз еңбектен шаршаған жанымызды серпілтті. Мақта қабылдау пуктінде аудан басшыларының қатысуымен өтетін ауқымды жиындарда балалар еңбегін қорғау, олардың көңілді демалуын, өмір қауісіздігін қамтамасыз ету жөнінде тайсалмай, ашық мәселе көтеретін. Батыл талап қоятын.
Кейде аудандық оқу бөлімінің кеңсесіне соға қалсақ Әбекеңнің қарамағындағы бөлім қызметкерлерімен шахмат ойнап, немесе, өзге әріптестеріндей кеуде керіп, кейбір өзге басшылардай тәкаппарлық танытпай, емен-жарқын қауқылдасып тұрған сәттеріне куә болып қызығып қайтатынмын. Қоңыр плащ, қара шляпа, ақ көйлек киіп, қара галстук тағып жүретін тұлғасы есімде қалып қойыпты. Ширақ, шалт қимылдайтын. Иә, Амантұр Хантемірұлы талғамы биік, жан тазалығы мен ұстаздық әдебі үйлесімді жан еді. Кейде қарапайым мұғалімдерге, немесе, қатарындағы әріптес достарына өз жанынан бағалы сый-сияпат жасайтын кең пейіл, жомарттығын естіп, сырттай риза болатынбыз.
– Әй, жігіттер, сендердің адал еңбектерің, маңдайтерлеріңнің арқасында мен де жерге қарамай, биіктен көрініп, абыройға бөленіп жүрмін, қысылмай алыңдар,- деп қолын қайтарғысы келіп, қарсы болғандарға орынды уәж айтады екен, жарықтық.
Мен танығалы Амантұр ағаның жас кадрлар мен білім қызметкерлеріне, жалпы мектеп өміріне жіті назар аударатынын көп аңғаратынмын. Әсіресе, жас мамандар еңбегін бағалауға, олардың өз қызметіне деген қызығушылығы мен құштарлығын арттыруға ерекше ден қойды.
Әлі есімде, 1981 әлде, 1982 -жылы мектеп директоры Сүлеймен Тілегенов ағай мені кабинетіне шақырып қуантты.
-Аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Амантұр Асылбеков қазір хабарлады, сені үлкен марапатқа ұсыныпты. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Лесбек Бекжанов та қолдапты. Мен қазір сен туралы мінездеме жазып, қол қойып, мөр басып беріп, аудандық оқу бөліміне тапсырамын. Қуана берсең, болады, көп ұзамай « Құрмет белгісі» орденді мұғалім боласың,- деп жақсы жаңалық жеткізді. Мектептегі шәкірті, қолындағы қызметкері үшін іштей сүйініп әрі қуанып отыр. Бүкіл мектеп, ата-аналар да қарсы емес екенін қосып қойды. Әрине, қатардағы ұстаз үшін сол тұстағы ең биік марапаттың иесі болатын болсам, неге қуанбайын?! Қуандым. Жаспын ғой. Көз алдыма салтанатты жиында марапат алып, жарқыраған орденді кеудеме тағып, масайрап тұрған сәтім елестеп, жүрегім бұрынғыдан қатты қақты.
Мен ол кезде мектепте бастауыш комсомол ұйымының жетекшісі едім. Оқушылармен, жас мұғалімдермен, әріптестеріммен не түрлі қызықты шаралар ұйымдастырып, көзге түсіп, көпшілік құрметіне бөленгенім рас. Жас тілшілерді, жас ақындарды тәрбиелеп, қаламын шыңдадым. Әсіресе жоғарғы сынып оқушылары арасында жас дихандар бригадасын құрып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіріп-жинауға ерекше үлес қостым. Жүгері мен соя өсіретін «Қолқанат» жас дихандар бригадасын жасақтадым. Жас ұрпақты еңбекке, бірлікке, ұйымшылдыққа баулыдым. Еткен еңбегі үшін берілетін ақыны тиынына тиіспей, балаларға таратып отырдым. Егін өсіріп мол өнім алып, тәуір нәтижеге қол жеткіздік. Мектеп тынысы жайлы шағын мақалаларым, өлеңдерім аудандық, облыстық газет беттеріне жарияланды. Жас ұрпақты тәрбиелу бағытыдағы іс-тәжірибем таратылды. Мектеп оқушыларын Кеңестік кезеңдегі үлгілі, тарихи қалалар - Кеңес Одағының астанасы Москва қаласына, Украина Республикасының орталығы Киевке, Қырғызстан елінің астанасы Фрунзеге (қазіргі Бішкек), өзге де түрлі демалыс орындарына саяхатқа бастап апарып, туған ел табиғатын тамашалап, танысып, демалып қайтуына ұйытқы болдым. Оқу бөлімінің меңгерушісі осы еңбектерімді ескеріп-елеген шығар? Өкінішке орай, әлгі аталған награда маған бұйырмады. Сол кезеңдегі басшылыққа жақындау, пысық бір қызметкер қисынын тауып өз туысына бұрып жіберіпті. Бұл әрекетін кейін өзі маған жыр қылып айтып беріп, кешірім сұрағандай хал кешті.
Амантұр Хантемірұлы білім саласында еңбек еткен жылдары Қазақстан Компартиясы Шардара аудандық комитетінің мүшелігіне, Шардара аудандық Советінің депутаттығына сайланды. СССР Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен 1956 жылы, 20- қазанда «Тың жерлерді игерудегі еселі еңбегі» үшін медалімен марапатталды.
Әбекең 1984- жылы аудандағы өзге жауапты қызметке ауысты. 1984-жылы ауыр науқастан көз жұмды. Бірге еңбек еткен әріптестері, алдынан білім алған шәкірттері, жарық пәниде аралас-құралас болған көз көргендері абзал жанның қадір-қасиеті туралы мақтанышпен еске алып, әсерлі әңгіме қозғайды. Амантұр Хантемірұлы жайлы Қызылқұм өңірін суландырып, игеруге аса мол үлесін қосқан, аталмыш салаға тиісті маңызды құрылыс ұжымдарына басшылық жасаған, зейнеттік демалысқа шыққан соң, Шардара аудандық Ардагерлер Кеңесін алғаш рет ұйымдастырып,талай жыл төрағалық еткен әлі де арамыздағы ақылшы-кеңесшімізге айналып отырған Тәңірберген Ағманов ағынан ақтарылып:
-Әбекең бізге 8-класс оқып жүрген кезімізде математика пәнінен сабақ берді әрі жетекшіміз болды,- дейді.- Бір қызығы Амантұр Хантемірұлының өзі сол тұста небәрі он жеті жаста болатын. Оныншы сыныпты енді бітірген бозбала. Біз оқитын Ленин атындағы мектепте сол жылдары қатарлас үш оныншы сынып тобы бар еді. Әбекең жас болса да, өзі жетекшілік ететін топты аса ыждаһатпен ұйымдастыра білді. Біздің класс білім, спорт, өнер, тағы басқа түрлі бағыттағы сайыстарда алғашқы орыннан көріндік. Әсіресе, спорт жарыстарында көзге түстік. Өйткені ағайымыздың өзі арамызда бірге ойнайтын. Жас кезінен жігерлі, намысқой болатын. Тым жас болғанымен әр оқушының қабілетін, таңдауын оңай таба алды. Аса қиын саналатын математика пәнін оқушыларға жеңіл әрі оңай әдістермен үйретіп, меңгертуге күш жұмсайтын еді. Сол адал еңбектің арқасында бір топта оқитын үш құрдас жаратылыстану пәні бойынша мемлекеттік сынақтан мүдірмей өтіп, инженерлік мамандықты игердік. Алғашқы ұстазымыздан алған тәлім-тәрбиеміздің нәтижесі шығар, еліміздің өркендеуіне ерекше үлес қосып, үлкен дәрежеге, абыройға қол жеткіздік. Сол үшін де Амантұр Хантемірұлын ұмытпай зор құрметпен еске алып жүреміз.
Амантұр ағамен сырлас-сыйлас болған арамыздағы ардагер ағаларымыздың бірі, Шардара аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері Қыстау Лесов те Амантұр Хантемірұлы туралы жылы лебізін білдірді.
-Мен Амантұр Хантемірұлы Асылбековпен 1969-жылы тамыз айының басында Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының физика факультетін бітіріп жұмысқа орналасу үшін алдына кіргенде танысқан едім. Маған Қызылқұм қойнауындағы «Жібекші» орта мектебіне жұмысқа барасың деді. Қазақ КСР Оқу-ағарту министрлігі мені жолдамамен Көкшетау облысына жіберген болатын. Мен Көкшетау облысында үш ай қызмет атқарып, Кеңес Одағы әскері қатарында борышымды өтеп, 1971- жылы қаңтар айында «Шардара» орта мектебіне білім бөлімінің бұйрығымен өз мамандығым бойынша жұмысқа орналастым. 1972 – 1991 жылдары аудандық комсомол комитетінің хатшысы, партия комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісі, аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқардым. Осы мерзімдерде Амантұр Хантемір ұлымен тығыз қарым-қатынаста бірлесе, ақылдаса еңбек еттік. Амантұр ағамыз өмірлік тәжірибесі мол,әр сөзін терең ойлап, айтар ойын тыңдарманның көңіл күйіне, ой-өрісіне, тапсырмаға деген жауапкершілік көзқарасына лайықтап сөйлейтін ақылды азамат еді. Ақиқатты кімге болса да бетіне айтатын, сөзі мен ісі бірін-бірі толықтырып тұратын, адал, әр пайымынан қазақылық мінез аңғарылып тұратын кісі еді.
Қазір Шымкент қаласында тұратын, Шардара аудандық білім саласында ұзақ жыл тер төккен, Амангелді Иманов, Төлеген Айбергенов (бұрынғы Октябрьдің 50 жылдығы) атындағы мектептердің директоры болған, «КССР Оқу-білім ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері Хамза Әліқұлов ағамыз да Абекеңді сағынышпен еске алады.
—Амантұр аға аудан ұстаздарының білікті басшысы болды. Өз ісіне адал, шебер білімді-білікті білім қызметкерлерін шыңдап, ұстаздардың ұстасына айналды. Артық айқайы, дөрекі мінезі жоқ, ақ жүрек аға болды. Мектеп басшыларына, қарапайым мұғалімдерге қажетті ақылын айтып, қажетіне қарай тұрмыс жағдайын жақсартуға жәрдем беруден жан аямайтын. Әр маманның білім мен тәрбие беруге қатысты міндетін жіті қадағалап, бақылап, ақыл-кеңесін дер кезінде беруден жалыққан емес. Айтып-айтпай не керек, Білім бөлімінің қамқор, жанашыр басшысы еді. Жатқан жері жайлы, жаны жәннаттан болсын!
Мен аудандық «Өскен өңір» газетінде біраз жыл жұмыс істеп, мектептен қол үздім. Ол кісінің үйі газет редакциясының ғимаратымен көрші еді. Сол себепті ме, әлде, әдебиет құмар, қаламға әуес қалпынан ба, мені ерекше іш тартатын. Қызметтен тыс уақыттарда үзбей жолығып әңгімелесіп, ағалы-інідей сырласатынбыз. Кейде жұмыстан қайтқанда, жолымды тосып тұратын.
-Нұрғали, - дейтін сондайда мен жаққа мойнын бұрып, ойланып қарап: -Адамдармен жиі аралас. Көпшіліктен қол үзбе. Жақсылықты, бақытты да адамдардың арасынан табасың. Әрине, астыңа көпшік қойып, мақтауыңды жеткізіп, соңыңнан ит қосатындар да табылар. Олар сенің уақытша көлеңкең сияқты, сабырлы болсаң, ұзақ тұрмай жоғалып кетеді. Өлеңіңді жаза бер, қаламың талмасын. Ойың адал, бойың таза болса, мақсатыңа жетесің.
Одан бері қаншама жылдар өтті. Асыл ағаның берген ақылы талай кезде таяныш болды. Кейде өзінің бастан кешкен қызықты, өкінішті оқиғаларын есіне алып, өзіне тән тартымды тілмен баяндап беретін. Алдағы өміріме сабақ болсын дейтін шығар.
– Бала кезден шахматты жақсы көрдім, шебер ойнадым. Қарсыластарымнан жеңіліп көрген емеспін. Мылтықпен нысана көздеуден де ешкімге есемді жіберген жоқпын. Алысқа жіңішке қарындашты қадап, кіші калибрлі мылтықпен атып ұшырып түсіретін едім. Жел шайқаған ақ селеудің ұшына шампан шишасының қақпағын ілдіріп, машинада ызғып бара жатып, теріс қараған күйімде атып түсірсем, естіген жұрт көзбен көрмей сенбейтін. Тіккен жүлдесін жеңіп алып, талай досымды жаңбыр жаумай су қылдым. Бірақ ұтысымды қалтама салмай, қайтарып бердім. Тек қызық үшін бәсекеге бардым. Қазақ жігіттерінің мергендік қабілетін, қайсар, өжет, намысқой қасиеттерін қалыптастырғым келді. Мергендікке қызықсын, үйренсін дедім. Өтті күндер осылай!- деп ақырын күрсінетін еді. Әр сөзінен қайрат пен намыс, қарапайымдылық жалыны лаулап тұратын. Әбекеңнің ел ішіне тараған қазақ қанында бар серілік-жігіттік қасиеттері, тапқыр сөздері, жарасымды әзілдері, басынан кешкен қызықты оқиғалары - бір атанға жүк. Алла жазса, айналып соғармыз.
Амантұр ағай мен жұбайы Роза апайдың отбасынан төрт ұл-қыз өсіп-тәрбиеленді. Тұңғыш ұлы Болат Асылбек Халықаралық іскерлік байланыс университетінде эксперт- кеңесші болып қызмет етеді. Шолпан Шымкент қаласындағы Мектеп оқушылары сарайында білікті маман. Өкінішке орай,
Қайсар мен Асқар мезгілінен бұрын дүниеден өтті.
Болат сүйікті әкесі Әбекең жайлы, қуана да мұңая еске алады.
-Әуелі әкем шыққан қымбат шаңырақ туралы білетін бір-ер сөзімді айтайын,-деді ол. - Атам Хантемір мен әжем Қызтумастан бес ұл-қыз тарайды. Мәлік- атақты ғалым, академик, тарих ғылымының докторы. Менің әкем Амантұр - мектеп директоры, аудандық білім бөлімінің басшысы болып, ұлағатты ұстаз атанды. Амантай - баршаңызға белгілі «Аттан, Қазақ» қозғалысының жетекшісі. Андақұл - Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімшілігінде ұзақ жылдар еңбек етті. Айнам - елімізге танымал көз дәрігері. Әкеміз өте мейірімді, кішпейіл жан еді. Ол кісі барда үй ішінде тек жылулық пен мейірімнің лебі есіп тұратын. Жас кезінде өте жақсы оқыпты. Спортқа да бейім болыпты. Үлгілі оқушылардың қатарында жүрген. Қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқан. Өзі білім алатын мектепте небәрі сегізінші сыныпта оқып жүріп, 5-6 сыныптың оқушыларына сабақ үйретіп, тәрбие беріпті. Бізді де білімді, тәрбиелі болуға баулыды. Ол кісі аудандық білім бөлімінің басшысы қызметінде жүргенде Шардара ауданында қызу еңбек майданы жүріп жатты. Жаңа мектептер ашылып, білім мекемесін оқу құралдарымен, техникалық жабдықтармен, талапқа сай кадлармен қамтамасыз ету оңай міндет емес еді. Мектеп басшыларын тағайындау, жас кадрлармен қамтамасыз ету, олардың білім-білігін арттыру өте жауакершілікті қажет ететін.
Досшыл, қонақшыл болды. Жұмыстан тыс уақыттарда үйге қонақтар жиі келетін. Әкеміз келген кісіге кең құшағын жаятын. Әсіресе демалыс күндері төріміз қонақтан арылмаушы еді. Әкем оларды жылы шыраймен қарсы алып, шығарып салатын.
Әкеміздің маған үлгі болған басты қасиеті - өтірік айтпайтын, әрқашан ойланып сөйлейтін. Айтқан сөз, берген уәдесін қалтқысыз орындайтын.
Қадірлі оқырман, жас ұрпаққа үлгі етуге лайықты, соңында сөзі мен ісі қалған, білімнің билігін әділ тізігіндеген ұлағатты ұстаз жайлы өреміз бен тіліміз жеткенше, ойымыз жеткенше жазып шықтық. Кейінгі толқынға жақсының шарапаты тисе деген үмітіттеміз. Кеше ғана қасымызда күліп-ойнап, қанатымыздан қағып жүрген әріптестеріміз, сыйлы ағаларымыз қазір қасымызда жоқ. Бүгінгі сөзімді абзал жандарға арнаған өлеңіммен аяқтауды мақұл көрдім.
Қайдасыңдар, ағаларым?
Жардың басын жағаладым,
Қырдың кездім бар алабын,
Құшақ жайып қарсы алатын,
Қайдасыңдар, ағаларым?!
Қайдасыңдар, қара нарым,
Байтақ елге балағаным?
Маңдайымнан сипайтұғын,
Кім бар менің, ағаларым?
Күндей күліп қарағаның,
Есімде әлі, ағаларым!
Балағымнан ит тартқанда,
Түседі енді араға кім?!
Ұясындай бал араның,
Тату едік, ағаларым.
Саясынан табамын ба,
Сағым басқан сағананың?
Қанатымен шағаланың,
Толқындардан таба ма әнім?
Атқа мінсем, белді буған,
Қайдасыңдар, ағаларым?
Жанымды ұқпай жан адамым,
Қараңғы ойға қамаламын.
Асылдарым, қанатыңды,
Келеді әлі паналағым.
Аңсатты ғой алақаның,
Ей, аяулы ағаларым!
Өздеріңді табатұғын,
Қандай басқа бар амалым?
Қайдасыңдар?
Нұрғали Ибрайым,
Ардагер ұстаз, Қазақстан Республикасы "Оқу-білім ісінің үздігі" төсбелгісінің иегері.