ҚЫДЫР КЕЗГЕН ҚЫЗЫЛҚҰМДА
2025 ж. 03 желтоқсан
138
0
Иә-ә-ә, Қыдыр кезген Қызылдың құмында талай-талай тылсым сырлар, әлі күнге ашылмаған құпиялар мүлгіп жатыр. Әйтсе-дағы үш жүздің ұрпағы бір атаның баласындай жайлаған, өзбегі де, қарақалпағы да қатар қоныстанып, тыныс-тіршілігі қабысқан, құда-жекжаттығы мың жылдыққа ұласқан ел ғой, шіркін!
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары, атағынан ат үркетін алып мемлекет Кеңес Одағы тарқағаннан кейін, әр ел өзінің шекаралық аймағын бекітіп, іргесін жауып бастады. Сонау 1936 жылға дейін Қызылорда облысы Тамды ауданына қараған аймақтар, сол кездегі өкіметтің шешімімен Бұхара облысы Ғиждуван ауданына қарап шыға келді. Бірақ халқының жүз пайызға жуығы қазақтар, ішінара қарақалпақ бауырларымыз болды. Қазақ вальсінің падишасы атанған Шәмші ағамыздың әйгілі ,,Тамды аруы" әнінің дүниеге келген өңірі ғой бұл. Беу, дүние!
Өзім де өткен күнге шамалы көз жіберсем, бұл ауылға 1990 жылы Жұмаділдә ағаммен келген екенмін. Бір тойға арнайы шақырылып, дала сахнасында екі жарым сағаттай концерт бергенмін. Сахнасы сол сыртта бір ағаш тапшанның үстінде отырып ән,жыр, термеден төгілтіп отырасың. Қасымда Таздар Атаның баласы Манат ағам шәй құйып беріп отырды. Құмның тұрғындарына анау айтқан жағдай да керек емес, сөл дөңестеу қарсы беткейге үйден алып келген төсеніштерін салып отыра кетеді. Өмірде басынан аяғына дейін өзім жүргізуші, өзім жыршы болып жеке берген концертім сол болды. Содан кейін ондай тыңдарман, ондай көрермен менде болған емес. Ертеңіне Әбибулла атамыздың кемпірі ,,Кешеден бері жырау баламды ұстатпадыңдар. Атасының шаңырағында да шамалы айтсын деп, Әби атамның үйінде де түске дейін жырладым.
Одан да бері отыз бес жыл өтіпті. Зулап жатқан уақыт те.
Биылғы сапардың хабары Алшын Ата тобына жарияланған сәтте шын жүректен қуандым. Ішімнен ,,Бір сәті келер", деп жүруші едім өзім де. Сонымен межелі күні, яғни 11 қарашада ,,Я, Алла, өзің жар бола гөр, Құлахан, Жомарт Пірлерімнің, ата-бабаларымыздың әруағы қолдай гөр" – деп жолға шығып кеттік. Басшыларымыз Рахматулла атамыздың баласы, Шардара ауданының Құрметті азаматы Байділда аға, көлік жүргізушіміз Жаппас елінің ел ағасы Ыбырайым атамның баласы Сағын ағамыз. Ниет қылған Тұрыс, Боран, Әбсейіт, Байдәулет, Дүйсен атты бір топ азамат жұбайларымен Жетісай ауданынан шығып, Ташкент облысының Яллама кеден бекетінде күтіп тұрды. Кедендегі тексерулерден ойдағыдай өткен соң, көлігімізге қайта жайғасып, түн жамылып тартып кеттік. Өзбекстанның Ташкент, Сырдария, Жызақ, Кенимех, Науайы облыстарының жерін басып өтіп,түс әлетінде береке дарыған Бесқұдыққа да жеттік-ау. Күні бұрын хабарласып отырған Жұмаш ағаның баласы Қуан бауырымыз бала-шағасымен, келіндерімен бәрі қоғадай жапырылып күтіп алды. Сағынысқан елдің қауышқан сәті де бір ғанибет! Оның үстіне сонау Қызылордадан Асқар қожаның ұрпағы, Сыражидин ағамыз да арнайы келе жатқанын есітіп отырмыз. Бұған қалай қуанбайсың?! Сыражидин аға 2015 жылы Қызылордада ас бергенде де барған едім. Міне он жыл дегенде кездесіп отырмыз. Құдайдың мұнысына да шүкіршілік. Басымыз қосылып Қуанның үйіндегі бір шәйдан соң, әулиенің басына бардық.
Алтынды қолда барда бағалар кім,
Сөзі бұл ілгергі айтқан даналардың,
Қашанда ел іргесі ажырамас,
Батасын алып жүрсе қожалардың.
Мен бүгін көнелермен табысқанмын,
Көз тастап арнасына ағыстардың,
Құлақан, Жомарт, Тынжы, Мұса бабам,
Айналдым әруағыңнан арыстарым
Қашанда бірлікті елге бақ келеді,
Ырысты татулық та тап келеді.
Наһан ата, Шайхы ата, Рахмет ата,
Жүздірген қара жерде ақ кемені.
Бірлігі ағайынның арман болған,
Кірпішсіз салынбайды үлкен ордаң,
Пір тұтқан ата-бабам ақсүйек деп,
Ағайын, айнымайық сол бір жолдан, –
деп төгіле жырлап, егіле жырлап жеткен жеріміз ғой бұл.
Беу, дүние!
Тағы да бір айта кетерлік жайт, бұл қорымға 1931 жылы, тарихта ,,Қызылқұм оқиғасы» деген атпен үкіметке қарсы бас көтерген Қарақұлов Ағатай атамыз бірге сол қақтығыста қаза тапқан қырық адамның аты-жөні жазылған ескерткіш-тақта қойылған.
Бұл игілікті тірлікті 1994 жылы Шайхыұлы Рахматулла қожа атамыз ұйымдастырған болатын. Арманда кеткен аталарымызды тынбай іздеп 1985-94 жылдар аралығында Шымкент қаласындағы архивтен тауып, елге жариялап, 1994 жылы ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Қызылқұм оқиғасына қатысқан азаматтар толығымен ақталды ғой. Қаншама жылдар қара күйе жағылды, бірақ ұрпақтары есіл ерлердің есімдерін естен шығарған жоқ. Ақыры сол үміт пен күдік араласқан күн де жетті. Үміт жеңді. Арыстарымыз ақталды. Ұрпақтарымыз шаттанды. Бесқұдық ауылы алдымен әруақтарға Құран бағыштап, арнайы аттары жазылған ескерткіш-тақтаны салтанатты түрде тұғырына орнатты.
Құлахан ата қойылымына жақын жерде ,,Қыз әулие" деген бейіт бар. Ашаршылық заманда бес бірдей қыз сол жерде көз жұмған екен. Ол жерге де арнайы зиярат еттік.
Ертесіне әулиенің басында әруақтарға арнаған бір малымызды құрбандыққа шалып, ауылдың игі жақсыларын шақырып ас бердік. Асқа Керегетаудың да азаматтары шақырылған екен. Ас келгенше әдемі сыр-сұхбат жасадық.
Бәрінен бұрын Қуан десе Қуан бауырымыздың қуанғаны, Алла бұйыртса келер жылы Бесқұдыққа ауылының сексен бес жылдық мерейтойына дайындығын айтып,біз де өз кезегімізде біршама ақыл-кеңесімізді беріп мәз болып қалдық.
Ынтымақ бар жерде, береке бар.
Ниет қабыл, мұрат асыл болғай, ағайын!
Әбдіғаппар Айдартегі,
Ақын, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, мәдениет саласының үздігі