Кембриджде Қазақстан тарихын және қазақстандық зерттеушілердің еңбектерін ағылшын тілінде жариялау мүмкіндіктері талқыланды
2025 ж. 25 қараша
28
0
Кембридж, Ұлыбритания – 2025 жылғы 24 қарашада Кембридж университетінің Пембрук колледжінде Моңғолия мен Ішкі Азияны зерттеу орталығының ұйымдастыруымен «Қазақстанды жасау: жады, бірегейлік және мемлекетшілдік» атты халықаралық конференция өтті.
Форумға Қазақстан мен әлемнің түрлі елдерінен жетекші ғалымдар қатысып, ұлттық тарихты жаңаша пайымдаудың кең ауқымды әдістерін, сондай-ақ қазақстандық тарихшылардың еңбектерін ағылшын тілінде жариялау мүмкіндіктерін талқылады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, сапалы ағылшын тіліндегі контент жасау Қазақстанның тарихи үдерістерін, тұлғаларын және мемлекеттілігінің қалыптасуын әлемдік аудиторияға түсіндірудің маңызды жолы болмақ.
Іс-шара барысында қазақстандық жетекші ғалымдар ұлттық тарихты қайта зерделеу мен елдің бірегейлігін қалыптастыруға арналған өз зерттеулерін таныстырды.
Империя мен қауіп нарративіне арналған алғашқы сессияда Жошы ұлысын зерттеу ғылыми институтының директоры Жақсылық Сәбитов Алтын Орда ұғымының кеңестік кезеңнен бастап тәуелсіз Қазақстанға дейін қалай эволюцияланғаны туралы баяндады. Ал тарихшы Радик Темірғалиев «жоңғар қаупі» мәселесін және оның тарихи контекстегі дамуын саралады. Талқылауды Урадын Булаг жүргізді.
– Қазақстандағы Алтын Ордаға қазіргі көзқарас ескірген кеңестік стереотиптердің аясынан әлдеқайда кеңейді. Бүгінде ұзақ жылдар бойы назардан тыс қалған деректерді қайта айналымға қосып, бұқаралық санада қалыптасқан тарихи мифтерді сыни тұрғыдан қайта қарауға мүмкіндік туып отыр. Бұл тек академиялық міндет емес – ұлттық бірегейлікті нығайтудың маңызды жолы. Өз тамырымызды танып, көрші халықтармен және әлемдік ғылыми қауымдастықпен ашық диалог жүргізуге мүмкіндік береді, – деді Жошы ұлысын зерттеу ғылыми институтының директоры Жақсылық Сәбитов.
Сондай-ақ ол Алтын Орданы терең әрі кешенді зерттеу Қазақстанның Еуразия кеңістігіндегі орнын түсінудің кілті екенін айтты. Орда мұрасын зерделеу арқылы тарихшылар ұлттық тарихтың жаңа, өміршең нарративтерін қалыптастырып, өткен мен бүгінді сабақтастыра алады. Қазіргі қоғамға саналы әрекетке жетелейтін ой салып, келер ұрпақ үшін орнықты, өзіндік болмысқа негізделген бірегейлікті қалыптастыруға жол ашады.
Ал тарихшы Радик Темірғалиев Қазақстан тарихындағы «жоңғар қаупі» туралы баяндамасында тарих ғылымындағы негізгі мәселелердің бірі – ұзақ уақыт бойы өзгеріссіз қайталанып, күмәнсіз ақиқат ретінде ұсынылатын көзқарастардың инерция бойынша сақталуы екенін айтты.
– Қазақстан тарихына қатысты көптеген еңбектерде «жоңғар қаупі» шамадан тыс күшейтіліп берілді. Алайда тарихи деректер бұл түсініктің ескіргенін, қазіргі мәліметтерге толық сәйкес келмейтінін көрсетеді, – деді ол.
– Көптеген онжылдықтар бойы Ресей бодандығын қабылдаудың себебі тек «жоңғар қаупімен» байланыстырылып келді. Бірақ тарихи деректер 1730-жылдардың басында жоңғарлардың тікелей әрі еңсерілмес қауіп төндіргенін растай қоймайды. Бүгінде бұл интерпретацияны қайталау – ғылым емес, инерция. Әбілқайыр ханның таңдауы – жойылып кету қаупінен туған амал емес, саяси есеп болатын.
Конференцияның келесі сессиясында Жошы Ұлысын зерттеу институтының ғылыми қызметкері Жасұлан Нұрбаев ұлттық нарративтегі тарихи тұлғалардың рөлі туралы баяндаса, тарихшы Камила Ковязина тарихи мифтердің инклюзивті азаматтық ұлт қалыптастырудағы ықпалын талдады. Сессия талқылауын Еско Шмоллер жүргізіп отырды.
«Жады, оралу және бренд қалыптастыру» атты үшінші сессияда Жошы ұлысын зерттеу институтының ғылыми қызметкері Исатай Минуаров баяндама жасады. Өзінің ғылыми жұмысында социолог Қазақстанға оралған қазақ репатрианттарының (қандастардың) тарихи санасы мен ұлттық идентификациясының қалыптасу үдерісі туралы сөз қозғады.
– Зерттеу деректері маңызды жайтты көрсетіп берді. Көптеген қандастар көшіп келмей тұрып, Қазақстан тарихын үзік-үзік күйде, көбіне отбасы әңгімелері мен диаспоралық орта арқылы ғана білген. Ал елге оралғаннан кейін тарихи білімге деген қызығушылық күрт артты. Олардың 85 пайызы Қазақстанға келгесін тарихты жүйелі түрде оқи бастағанын айтады. Алғаш рет хандық дәуір мен Алаш кезеңінен бастап, ашаршылық, саяси қуғын-сүргін және Тәуелсіздік тарихына дейінгі кең ауқымды тақырыптармен толық танысқан. Біз репатриацияның жаңа тарихи сананың қалыптасуын шын мәнінде жандандыратынын көріп отырмыз. Отбасылық жады академиялық біліммен, мұражай материалдарымен, білім беру бағдарламаларымен толығып, адамның өзін-өзі тануына да әсер етеді. «Мен – қазақпын» деген сезім дәстүр мен ауызекі әңгімелерге ғана емес, нақты әрі жүйелі білімге сүйеніп, әлдеқайда саналы деңгейге көтеріледі, – деді Исатай Минуаров.
Социологтың айтуынша, қандастар тек бейімделіп қана қоймай, ұлттық нарративке белсенді араласып, оны өздерінің диаспоралық тәжірибесімен кеңейте түседі. Олардың тарихи жады – Қазақстанның өткеніне қатысты ортақ тарихи көріністі байыта түсетін маңызды ресурс.
Сессияда Камиля Родионова, Әділ Родионов және Зияда Чулакова да баяндама жасады. Талқылауды Дэвид Снит жүргізді.
Конференцияның қорытынды талқылауы профессор Урадын Булагтың жетекшілігімен өтті. Қатысушылар форумның негізгі нәтижелерін түйіндеп, Қазақстан тарихын және ұлттық бірегейлікті зерттеудің жаңа бағыттарын талқылады.
Барлық қатысушылар зерттеулерді ағылшын тілінде жариялау халықаралық аудиторияға Қазақстан тарихын идеологиялық сүзгіден өткізбей, шынайы күйінде таныстыруға мүмкіндік беріп, отандық тарихшылардың халықаралық беделін арттыра түседі деген ортақ пікірге келді.
Ұйымдастырушылар конференцияның қазақстандық тарих ғылымын халықаралық аренаға шығаратын маңызды қадам болғанын атап өтті. Қазақстан зерттеушілерінің ағылшын тіліндегі кітаптарын жариялау идеясы шетелдік әріптестер тарапынан ерекше қолдау тапты. Бұл Қазақстан мен шетелдік ғылыми орта арасындағы тұрақты білім және зерттеу алмасуына жол ашады.