ТҰЛҒАТАНУҒА ҚОСЫЛҒАН ТОЛАҒАЙ ТАБЫС
2025 ж. 23 қараша
334
0
«Алып таулар алыстаған сайын биіктейді» деген тәмсілге жақында жарық көрген көрнекті Мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «Менің ағаларым» атты кітабын оқып отырып көз жетті, көңіл сенді. Туындыдағы әрбір тау тұлға туралы терең талдамалы естелік-эсселер шын мәнінде тарихты тұлғалар жасайтындығына имандай иландырады.
2005-ші жылдан бастап еліміздің бас басылымдарында жарық көріп, оқырманға ой салған мақала-эсселердің таңдаулылары енген туындының көтерер жүгі салмақты. Алаштың азуын айға білген он бес айтулы тұлғасының былайғы жұрт біле бермейтін портреті сомдалған. Тұлғаның толық болмысын ашуда ел тарихына да барлау жасай отырып, түрлі сындарлы кезеңдер, қоғамдық-саяси құбылыстардың кейіпкер тағдырына әсерін өткір публицистік тілмен саралайды.
Сонымен «Менің ағаларым» атты кітабына арқау болған Мұхтар Абрарұлының ел ағалары кімдер? «Ғұлама» - Академик Манаш Қозыбаев, «Ақсарағат» - Академик Салық Зиманов, «Алашұлы» - Академик Рымғали Нұрғали. «Жуажүрек» – Қаhарман Рақымжан Қошқарбаев. «Қаhарман» - Қаhарман Қасым Қайсенов. «Азамат» - Академик Төрегелді Шарманов. «Ақжарылқап» - Қаламгер Камал Смайылов. «Абыз» - Драматург Қалтай Мұхамеджанов. «Арыстан» - Ректор Өмірбек Жолдасбеков. «Шебер» - Академик Зейнолла Қабдолов. «Нартұлға» - Қайраткер Шаhмардан Есенов. «Ханзада» - Сәулетші Шот-Аман Уәлихан. «Міртемір» - Декан Темірбек Қожакеев. «Асылзада» - Әке Абрар Құл-Мұхаммед. «Жолаушы» - Зияткер Мұрат Әуезов.
Жоғарыда аты аталған ағалардың есім сойы көзіқарақты қазаққа таныс тұлғалар. Алайда ол кісілерді жыға білмей келген екенбіз. Мұхтар Абрарұлы таңдаған тақырыптарына ел ести қоймаған, бұрнағы еш жерден оқи қоймаған деректерді келтіре отырып, ой толғайды. Сонысымен де еңбек құнды. Мақала тақырыптары да тың, ерекше тартымды, ойы ұшқыр, тілі жатық. Ағалардың қайраткерлік, азаматтық, тұлғалық болмыстары тамсандырып, өзіне тартады да отырады. Олай болатын себебі, автор кейіпкерлерін бес саусақтай жақсы біледі. Олардың көзі тірісінде інілік ізет көрсетіп, қоян-қолтық араласқан. Жан бауырындай жанына жақын тартқан. Аталған мақалалардан аға мен інінің арасындағы шынайы сыйластық пен қимас сағынышты аңғарасыз.
Көп жылғы публицистикалық зерттеулері мен мақалаларын тоғыстырған бұл еңбегінде публицист Мұхтар Абрарұлы қалың оқырманға асыл текті ағаларының болмысын кеңінен ашу барысында олардың аңсар-ауаны - ұлттың мұрат-мүддесін қорғау жолында туындаған қоғамдық құбылыстарға байланысты өз тұжырымдарын ұсынады. Бұл ретте қадап айтар жайт бар. Бұл кіслердің барлығы өмірден өтіп кеткен. Жасыратыны жоқ, көзі де, өзі де жоқ жандар туралы жақсы айта бермейтініміз бар. Алайда «пайда ойламай, арды ойлаған» автор олардың географиясы мен биографиясына қарамай «кім елге, ұлтқа қызмет етті?» деген сауалдың маңыздылығына баса мән бергенін байқау қиын емес.
Қазақ идеясымен сусындаған жаңа туынды ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басындағы түрлі кезеңдеріндегі ұлтымыздың тұғырлы тұлғалары мен аумалы-төкпелі қоғам арасындағы өзара логикалық байланысты ұтымды баяндайды. Автор Қазақ идеясы үшін күрес пен қалтқысыз қызметті кешегі Кеңестік билік жағыдайы мен тәуелсіздік туы желбіреген уақытта да жалғастырған абзал ағалардың қам-қаракетін деректі құжаттар арқылы нақты көрсеткен. Сондай-ақ, автор өз туындысында бүгінгі қазақ жастарының «тұлғатану» мәселесінде нендей жайттарға баса назар аудару қажеттігіне басым бағыт беріп, тереңдей зерттеген.
Кітаптағы ең бірінші эссесінде «Ғұлама» академик, ұлғатты ұстазы Манаш Қозыбаевтың ғалымдық, азаматтық портретін ашқан. Талапшыл ұстазының нағыз ғылымға берілген адалдық пен кіршіксіз тазалық ұстанымы «Ғалым өзі қандай болуы керек?» деген сұраққа толық жауап береді. Ғұлама ғалымға көп шәкірттің бірі ғана болып қоймай, «Ұлылық пен кішілікті» аңғарған автор алған тәлімін оқырман назарына салады. Ұлт зиялысына ұғымпаз шәкірттен hәм ізетті ініге айнала білген автордың тонның ішкі бауындай жақындық пен өзара үйлесімді бауырлық қарым-қатынас деңгейіне көтерілген сыйластық турасындағы эссе оқырманға ерекше ой салады.
Кітапты оқып отырып, талай жайтқа қайран қаласыз. Соның бірі - Мұхтар Абрарұлының ұстазға «жарыған» шәкірт екендігі. Өзіне ұстаз санаған ағаларының бәрі кіл қазақтың тау тұлғалары. Былайғы жұрт жүрексінетін, атынан ат үркетін ғылым мен руханиятымыздың алдында мамандық міндеті мен ар алдындағы адамдық борышын қатар ұстап, елдің сүйіспеншілігіне бөленген айтулы академик ғалымдар. Төрге шықса төбедей, төбеге шықса төредей, жақын мен алысты бірдей тең көрген елінің жігері, қоғамның тірегі болған азаматтар десек, әсілі артық айтпасақ керек. Себебі, ұрпақ үшін өлмейтұғын ісі, өнегелі еңбегі бар. Автордың да алға тартқаны осы құндылық.
Кітаптағы кезекті өте көлемді «Ақсарағат» атты эссені қызыға да құныға оқымау мүмкін емес. Және бір ұстазы, ғылыми жетекшісі академик Салық Зимановтың өмір жолы, тағдыр-талайына арналған бұл еңбектің орны бөлек. Аштықты да, жоқшылықты да, тоқшылықты да көрген асыл ағаның аяулы бейнесі көз алдыңызға мен мұндалайды. Қайтпас-қайсар кейіпкердің майданнан аман оралып, ғылымның сүрлеу-соқпағындағы биіктерді бағындыруы шынайы баяндалады. Әсіресе ел өміріндегі тағдыр шешті кезеңдердегі - «Егемендік декларациясын» дайындаудағы және алғашқы «Ата заңды» қабылдаудағы еңбегі де ерекше көрініс тапқан.
Сонымен қатар, кітаптағы Ұлттық Ғылым академиясының Президенті, Лениндік сыйлықтың лауреаты Шаһмардан Есенов, академиктер Рымғали Нұрғали, Төрегелді Шарманов, Өмірбек Жолдасбеков, Зейнолла Қабдолов және профессор Темірбек Қожакеев сынды ғалым-ұстаз ағалар туралы эсселердің әр қайсысы өзінше ерекше қызғылықты. Ғылым мен білім, тәрбие жолындағы ізгілікті істері мен қайталанбас іздері нанымды жазылған.
Ал, «Жаужүрек» және «Қаһарман» эсселерінің кейіпкерлері Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев пен партизан, жазушы Қасым Қайсенов туралы материалдар аса құнды дүние. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы баршамызға беймәлім болып келген жайттардың басы ашылады. Бұрмаланған оқиғалар нақты құжаттар арқылы дәйектеліп, орнына қойылған. Қазақстанның «Халық Қаһармандары» батыр Рақымжан Қошқарбаев пен партизан жазушы Қасым Қайсеновтың азаматтық болмысы осылайша айшықталған. Әсіресе, кезінде Рақымжан Қошқарбаевтың еңбегі еленбей, қайбір ағайындар оны көзге ілмей жатқан тұста Мұхтар Абрарұлының «сексеуілді сексеуілмен ұру керек» дегендей, қазақ батырының Рейхстагқа алғаш болып ту тіккенін нақты құжаттармен дәлелдей отырып, орыс тілінде сұхбат бергенін осы тұста айту парыз (сұхбатты ютубтан тауып, тыңдауға болады).
Сондай-ақ, Мұхтар Абрарұлының рухани жағынан ең жақын ағалары Камал Смайыловтың, Қалтай Мұхамеджановтың және Шот-Аман Уәлиханның өнегелі өмірі мен елге қызметі өзгеше өрнек тапқан. Қазақ руханиятының шам-шырағын жаққан ағалардың есіл еңбегін ескерген автордың алқаусыз інілік ізеті риясыз көрінеді.
Зияткер Мұрат Әуезов туралы «Жолаушы» атты эссені жұртшылық жақсы біледі. Себебі, соңғы кезде кең тыныспен жазылған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, мәдениеттанушы Мұрат Мұхтарұлы Әуезов туралы автордың мақаласы бұған дейін де оқырман тарапынан жоғары бағасын алып, көзайымына айналған. Мұрат Мұхтарұлының балалық шағынан даналық шағына дейінгі ғибратты ғұмыры шалқар шабыт, аса ыждақаттылықпен көркем кестеленген.
«Асылзада» атты эссенің жөні де, жолы да бөлек. Мұхтар Абрарұлына алдымен «Әліппеден» бұрын, қасиетті «Құранды» оқытқан әкесі Абрар Әкетайұлы туралы толғаныс оқырманды бей-жай қалдырмайды. Ой салады. Адамның өміріндегі асқар тау әкенің орны қаншалықты құнды, баға жетпес дүние екендігі айшықталады.
Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, «Менің ағаларым» – публицистикалық жанрдағы еңбек. Автор өз еңбегіне «елім деп туған» арыстардың ел үшін істеген қызметтерін көркем тілмен кестелеп, арқау еткен.
Мұхтар Абрарұлы «Аға» ұғымы жасанды құбылыс емес, ол – қазақ ұлтымен бірге өмір сүретін, сол ұлт өмірінен тамыр алған құндылықтар жиынтығы екеніне оқырман көзін жеткізеді. Ендеше, автор алға тартқан «Аға» ұғымы hәм «Ағалар институты» – «талай тар жол, тайғақ кешулерді» бастан өткерген қазақ ұлтының сол тарихи кезеңдерінің куәсі. Рас, Мұхтар Абрарұлы бұл еңбегімен ағалар есімін - қазақ ұлтының ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басындағы айтулы он бес тұлғасын қайта жаңғыртты.
Қазақтың бүгінгі «Тұлғатануы» жайында сөз қозғағанда біздің белгілі тұлғаларды ғана білетініміз анық. Кейде ұлт тарихы үшін аянбай тер төккен ерлер тасада қалатыны бар. Олай болса, сол азаматтар жайындағы деректердің рухани айналымға қосылуы – кезек күттірмейтін мәселе. Айтулы тұлғаларымыздың елдік пен ерлік соқпағындағы сан тарау салиқалы істері – бүгінгі ұрпаққа өнеге. Осы тұрғыдан автор оқырман қауымға мүмкіндігінше ел игілігі үшін еңбек еткен жоғарыда аты аталған тұлғалардың беймәлім қырларын оқырман назарына ұсынады.
Әлбетте, оқырманға автор қаламына өзек болған тұлғалардың қызметі, шығармашылығы мен ел үшін сіңірген еңбегі енді жыға таныс болды. Жаңа кітап арқылы ірі құбылысқа айналған тұлғаларымыз турасындағы тарихи мәліметтер толыға түсті. Сонысымен де көрнекті Мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «Менің ағаларым» кітабы рухани айналымымызға қосылған құнды, мол қазына әрі толағай табыс.
Болатбек Төлепберген,
Қазақ үні