Ұлт өнеріндегі олқылықтың орнын толтырған еңбек
2025 ж. 14 қараша
59
0
Қазақ бейнелеу өнері мен ғылымы үшін жаңа белес
Қазақтың белгілі дарынды суретшісі, ҚР Көркемсурет академиясының академигі, КСРО жəне ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, педагогика ғылымы кандидаты, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «Көркемсурет, мүсін жəне дизайн» кафедрасының профессоры Тоққожа Қожағұл туралы айтар болсақ, бірден студенттік жас дәурен кезіміз көз алдыма оралады.
Бейнелеу өнерін айтқанда, ұлы ғалым-саяхатшы Шоқанның суреттерін айтпағанда, қазақтың алғашқы кәсіби суретшісі Әбілхан Қастеевтен бастап, Қанафия Телжанов, Молдахмет Кенбаев, Сахи Романов, Сабыр Мәмбеев, Салахиддин Айтбаев, Тоқболат Тоғысбаев, Амандос Ақанаев, Ағымсалы Дүзелханов, Мағұм Қисамединов, Камил Муллашевтар алдымен ауызға оралады.

Біз осы суретшілерді дайындайтын елге белгілі жоғары оқу орыны
Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетіне Тоққожамен бірге 1979 жылы оқуға түсіп, 1984 жылы бітірдік.
Бұл қылқалам шеберлерінің алтын ордасынан алды әлемге әйгілі суретші, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ерболат Төлепбаевтар бастап, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Алпысбай Қазығұлдар қостап, талай дарындар шықты.
Соның ішінде біздің курстан шыққан суретшілерімізді айтсақ та, аз емес. Топ бастаған Тоққожадан басқа әйгілі «Аңырақай айқасы» полотносының авторы, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Мақсат Бексұлтан, белгілі суретші, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Жанұзақ Мүсәпір, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Қайрат Ғұмар т.б. суретшілер жетерлік. Біздің курстан тек суретшілер ғана шыққан жоқ. Дархан Қожахан кинорежиссер, мен ақын, журналист болып кеттік.
Ұлағатты ұстаздарымыз да аты белгілі өнер тарландары болды. Байтұрсын Өмірбеков, Берікжан Әлмұхамбетов, Анарбек Нақысбеков, Тоқтар Бейсенбинов, Бабабек Салауатов, Қайырғали Өмірбаев, Болат Байжігітов, Мұратбек Нұрлыбаев, Сана Қасымбекова, Ерхасан Көмеков, Зәуреш Әшімова, Темірхан Ордабеков, Николай Журавлев, Владимир Власюк, Жүрсін Балкенов, Амангелді Каримов және тағы басқалар.
Бұл күнде есімі елге белгілі Болат Тілеп бауырымыз басқаратын қазақ жоғары оқу орындарының қарашаңырағы, еліміздегі алдыңғы қатарлы жоғары оқу ордасы – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жаңа заман талабына сай қарқынды дамып келеді.
Ал біздің тарихы 60 жылдан асатын бұрынғы көркемсурет-графика факультетіміз бүгінде керегесін кеңейтіп, Өнер, мәдениет және спорт институты аталады.
Бейнелеу өнері – ұлттың рухани айнасы. Ол ұлттың дүниетанымын, түйсік пен талғамын, табиғат пен адам арасындағы нәзік үйлесімді бейнелейді. Ал сол өнердің ғылымы мен әдістемесі – келер ұрпаққа сол талғамды үйретудің алтын көпірі.

Қазақстанда кәсіби бейнелеу өнерінің іргетасы өткен ғасырдың отызыншы жылдарында қаланды.
1938 жылы алғашқы Қазақ көркемсурет училищесі ашылып, ұлттық кескіндеме мектебінің қазығы қағылды.
1963 жылы ҚазПИ-дің Бейнелеу өнері және сызу бөлімі,
1969 жылы Көркемсурет факультеті,
1978 жылы Театр және өнер институтының құрылуы – қазақ өнерінің жүйелі білім мен ғылым жолына түскенін көрсетті.
Алайда, содан бері арада сексен жылдан астам уақыт өтсе де, кескіндеме пәнін оқытуда қазақ тіліндегі толыққанды оқу құралының болмауы – бейнелеу өнері саласында айтылмай келген шындық еді.
Қазақ бөлімінде оқитын студенттер кескіндеме техникасы мен әдістемесін, бояу үндестігі мен түстер қатынасын, жарық пен көлеңке заңдылығын, жұмысты бастау мен аяқтау кезеңдерін теориялық тұрғыда ана тілінде түсініп меңгере алмады. Олар үшін білімнің көп бөлігі ұстаздың ауызша үйретуіне, тәжірибелік жаттығулар мен көру арқылы есте сақтауға сүйенді. Ал ғылыми-әдістемелік тұрғыдан негізделген қазақша оқу құралы жоқтың қасы еді. Иә, мұны кезінде студент кезімізде өзіміз де басымыздан өткердік...

Міне, осы көп жылғы үнсіздік пен олқылықтың орнын толтырған еңбек – бүгінгі күні жарық көрген дарынды суретші, қарымды педагог-ғалым, бейнелеу өнерінің барлық жолынан өтіп, бүгінгі биігіне көтерілген білікті ұстаз Тоққожа Қожағұлдың қазақ тіліндегі «Кескіндеме» атты пәндік оқу құралы.
Суретшінің бәрі педагог, ұстаз, оқулық жазатын ғалым емес! Ал Тоққожаның бойынан осы қасиеттің бәрі табылады. Сондықтан ол өзіне артылған ұлттық парызын адал орындап шықты.
Өткен ғасырдың басында Ұлттың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы өзі бастап, қазақтың көзін ашқан «Қазақ әліпбиін» жазып қана қоймай, Алаш арыстарына оқулық жазуға тапсырма берді.
Алаш көсемі Міржақып Дулатұлы «Есеп құралын», ақиық ақын Мағжан Жұмабай «Педагогика», классик жазушы Жүсіпбек Аймауытов «Психология» оқулықтарын жазды.
Содан бері 100 жылдың, бір ғасырдың ішінде бізде бейнелеу өнерінен толыққанды оқу құралы болмады. Алаш арыстары ісін лайықты жалғастырған Тоққожа Қожағұлдың «Кескіндеме» оқу құралы қазақ мәдениеті мен өнеріндегі және ғылымындағы жаңа белес!

Бұл еңбек – тек бір адамның ізденісінің жемісі емес, ұлт мәдениетінің ұзақ жылдар бойғы мұратын жүзеге асырған жаңа жетістік.
Автордың бейнелеу өнерін оқытудағы сан жылдық тәжірибесі мен табанды еңбегі осы кітапта тұтастық тапқан. Кітап беттерінен кескіндеме өнерінің тылсым тереңдігі, бояу тілі мен жарық заңдылығының әсем үйлесімі, суретші көзімен қараған дүниенің ішкі философиясы сезіледі.
Бұл еңбек – болашақ суретшілер мен педагогтар үшін бағыт-бағдар ғана емес, қазақ кескіндемесінің ғылыми тілін қалыптастыруға арналған алғашқы қадам.
Автор өз еңбегінде тек бояу мен пішіннің сырын ғана емес, қазақ дүниетанымындағы түс пен үйлесімнің рухани мәнін де ашып көрсетеді.
Көп жылғы ізденіс, ұстаздық тәжірибе мен ұлттық өнер алдындағы жауапкершіліктен туған бұл еңбек – бейнелеу өнері саласындағы тарихи оқиға.
Өйткені бұл кітап – қазақ тіліндегі кескіндеме ғылымының алғашқы толыққанды оқулығы, ұлт руханиятының ашылған жаңа парағы.

Осылайша, бүгінгі еңбектің жарық көруі – бір адамның жеңісі емес,
қазақ өнерінің, қазақ тілінің, қазақ рухының жеңісі, тұтас бір дәуірдің жемісі.
Тоққожаның бұл «Кескіндеме» оқу құралы – толымды ғылыми еңбек. Ғылым саласындағы мемлекеттік сыйлыққа толық лайықты.
Тоққожа дарынды суретші ретінде де елімізге белгілі. Оның шығармашылығы туралы жеке әңгіме қозғау керек. Студент кезінің өзінде шығармасын Бүкілодақтық көрмеге Мәскеуге салмақты сарапшылар аттай қалап алып кетті.
Тоққожаның қылқаламынан шыққан Мұқағали, Абай, Жамбыл, Үмбетәлі, анасы мен әкесінің бедерлі бейнелері – тұлғаттардың тұтас галереясы.
Ол салған белгілі баспагер Қонысбек Ботбайдың портреті маған қатты ұнайды. Оның жағын таянып, ойланып отырған образын дәл ұстап, акварель бояуымен мөлдіретіп салған. Бейнелеу өнерінің бағасын жақсы білетін Қонысбектің өзі де бұл суретті қатты ұнатты.

Тоққожаның шығармашылығы туралы қазақ бейнелеу өнерінің мэтрлары, Қазақстанның халық суретшілері Сабыр Мәмбеев, Сахи Романовтардан бастап талай тарландар жоғары бағасын берген. Мен қазір біздің ұлағатты ұстазымыз, өнертану ғылымының өресі биік тұлғасы, философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР әлеметтану ғылымдарының корреспондент-мүшесі Болат Байжігітов ағамыздың Тоққожаның сом дүниелеріне жазған соны пікірімен сөзімді қорытындыласам деймін:
«Тоққожа өзіне тән реалистік мәнерде әрбір ұсақ детальға тоқталып, формасына ерекше өміршеңдік, шындық сипатта, өз кейіпкерлерін сезімдерімен әлдилеп отырып жазады. Тоққожа суреттернің пластикасы қарапайым әрі күрделі, өйткені ол сезімге толы эмоциялық сәттерден тұрады. Міне, осы «сәл-пәлден» басталатын үн сомдалған бейненің ішкі әлеміне әдемілік, ерекше өміршеңдік сыйлайды. Бұл жерде суретші Жаратушыға ұқсас. Пайғамбарымыз: «Алла – көркем, және ол сұлулықты сүйеді, – Жүзіне қол жеткізсе де, ішкі мәніне қол жеткізе алмаса – ол мақсатына жетпегені» – деген. Тоққожа композициялары аяқталғандығымен де еркшелінеді, ол бейнеленген адамның сыртқы ұқсастығы мен рухани дүниесінің үйлесімін табуында, адам болмысының ішкі мінінің тереңдігіне бойлауында жатыр. Бұл шығармашылық ізденістегі соңғы мақсаттың орындалуы».
Қазақ бейнелеу өнері мен ғылымындағы Тоққожаның толғауы қазаққа қызмет ете береді деп білеміз.
Қазыбек ИСА,
ақын, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық С.Есенин атындағы сыйлық – «Алтын Күз» орденінің иегері. Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты.

Лебіз
Қылқаламның қанаты
■ Соңғы жылдардағы көркемөнер көрмелері бізге жас суретшілердің көптеген жаңа есімдерін таныстырды. Солардың бірі – Қожағұлов Тоққожа. Оның Абай мен Жамбылдың керемет портреттері көрерменнің назарын өзіне аударды, себебі, олардың шешімі жаңашылдықпен ерекшеленіп, тапсырманың айқын белгіленген сызығын байқататын болды.
Портрет жанрының күрделі әрі қиын саласы біздің өнерімізде жаңа туындылармен байыды. Қожағұлов шығармашылық жолын жақын адамдардың (әкесі мен анасының) қарапайым портреттерінен бастағанымен, уақыт өте келе шығармашылық міндеттерін кеңейтті, оның көптеген портреттері – картиналарға айналды (Жамбылдың портреті сияқты).
Оның соңғы жұмыстарында Ер Қарасай, Тәттімбет, Әуэзов, және Мұқағали Мақатаев портреттері осы бағытты жалғастырып, халқымыздың ұлы тұлғаларының бейнелерін жасауда жаңа бір галерея құрады.
Сабыр Мәмбеев,
Қазақстанның халық суретшісі
■ Тоққожа Қожағұлов портрет жанрымен тиянақты айналысады. Мұнда суретші адамдар образының көпқырлығын, олардың жан-дүниесінің байлығын және интелектуалды өмірін ашып көрсетуге тырысады. Ол өте қарапайым және табиғи түрде қосымша эффектілерді қоспай-ақ өзінің образдарын тартымды процесс ретінде көрерменмен диалогқа түсіреді. Ал мұның артында шебер суретшінің, психологтың, колористтің шеберлігі көрінеді.
Т.Қожағұловтың портреттерінің галереясы көпқырлы және олардың барлығы образды концепцияның ішкі бірлестігімен байланысады.
Сахи Романов,
Қазақстанның халық суретшісі
■ Мұнда қыстырылып тұрған суреттерге қарасаңыз, мұның көпшілігі акварель техникасында жасалған. Акварель техникасы деген, бұл бір өзі графикаға жататын, кескіндемеге де жататын техниканың түрі ғой. Бірақ бұл да өте бір шеберлікті, ұқыптылықты талап ететін техника. Себебі акварель бір рет жаққаннан кейін оны өшіріп оны басқаша өзгертіп жазу өте қиын. Міне, сондықтан да қарап отырсаңыз, Тоққожаның акварельдік портреттерінде негізінде өте бір нақтылық, әр бір персоналдың өзіндік психологиялық ерекшелігін көрсету нәтижесінде жақсы жетістіктерге жеткенін байқаймыз.
Байтұрсын Өмірбеков,
профессор, Ресей көркем академиясының құрметті академигі
■ Тоққожа Қожағұлов тек портреттер ғана салмайды. Алайда, дәл осы жанрда ол терең сезімтал адам ретінде көрінеді. Әсіресе, әкесі мен анасының портреттері ерекше әсер қалдырады. Бұл портреттерде тек қарт адамдардың бет-әлпеттері ғана емес, ең алдымен олардың тағдырлары көрініс табады, бұл тағдырлар толғаныстар мен күшті сезімдерге толы. Өткен жылдар ғана емес, қиын өмір олардың беттерінде әжімдермен қалды, көздерінде өшпейтін қайғы, үрей мен алаңдаушылық байқалады, жаңадан сынақтар күткендей. И. Пен, өнертанушы
■ Т.Қожағұловтын шығармашылығы – сыртқы көрініс пен ішкі әсерлердін шынайлық нүктесінде тоғысады. Суретші шығармалары ешкімге ұқсамайды, өзіндік қолтанбасымен толықтырылған, тұлғалардың көркем образын мәтін астарындағы қат-қабат мазмұндардан жинақтайды. Түстердін қатысынан дүниесінің шынайы сырын іздейді. Тұлғалар бейнелерін сомдаумен тарихи жадыны қайта қозғайды. Т.Қожағұловтың шығармашылығы қазақ болмысын ірі тұлғалар бейнесі арқылы ашуға бағытталғын.
Қалдыгүл Оразқұлова,
философия ғылымдарының кандидаты, профессор, өнертанушы
■ Тоққожаның Мұқағалиды зерттеп оқығаны, осы арқылы оны Абайға қарай бет бұрғызды. Абайдың неше түрлі суреттері бар ғой, ал мына суретке қарап отырып, Абайдың нұрлы көзі, ойшыл жүзі, тебіренісі бет бейнесінен көрініп тұр.Мұқағалиды зерттеу арқылы Абайды зерттеді. Абай артына көп өлең қалдырмаған ақын. Абайды зерттеп оқу арқылы, Абайдың образына кірді, өзі Абайға айналды, Абайша тебіренді, қоғамға, ұлтқа Абайша қарады. Сол арқылы кенепке Абай тұлғасын бейнеледі. Сондай дәрежеге жеткендігі Тоққожаны қазақша айтқанда, ұлылардың әруағы қолдады.
Батық Мәжитұлы,
ақын, «Мұқағали» журналының бас редакторы
■ Суретші Тоққожа Мұқажанұлы Қожағұловтың тұлғасы көп қырлы. Кез келген нағыз суретші сияқты, ол тек шындықты түсінуге тырысып қана қоймай, еліміздің өнерінің дамуына өз үлесін қосып, шығармашылықпен қатар қоғамдық, кәсіби қызметте де, педагогикалық жұмыста да пионер болып табылады. Мені алдында көптеген кітаптар, басылымдар, монографиялар жатыр. Олардың көпшілігі суретші Кожагұловтың шығармашылығына арналыпты. Бұл – портрет жанры. Бізге белгілі болғандай, портрет жанры Еуропада Ренессанс дәуірінде пайда болып, 20-шы ғасырға дейін дамыды. Бірақ, бізге белгілі тағы бір жағдай, 20-шы ғасырдың соңына, әсіресе 21-ші ғасырда бұл жанр әлсіреп, оның дәстүрлері жоғала бастады. Ал Кожагұлов өзінің шығармашылығында осы маңызды жанрдың әлемдік мәдениеттегі дәстүрлерін қайта жаңғыртып, әрі қарай жалғастырып отыр. Құрман Мұратбаев,
Өнертану ғылымдарының кандидаты, профессор.
■ Сіздердің назарларыңызға суретші Кожагұловтың ең жарқын әрі көрнекті туындыларының бірі – «Мен» композициясы ұсынылып отыр, мұнда ол өз бейнесін тотемдік жануармен бірге бейнелейді. Тотемдік жануарлар туралы айта отырып, әрқайсымызда өз тотемдік жануарымыз бар екенін білеміз. Алайда, суретшінің осы жануармен байланысы бәрінде де кездесе бермейді, көп адамдар оның бар екенін де білмейді. Көріңіздер, мұнда бейнелердің сакрализациясы үшін бейнелеу құралы ретінде жарық қолданылған. Шамның отынан әртүрлі бағыттарға қарай жарық сәулелері тарайды. Олар суретке жарық түсіріп, бірақ өзі картинада еріп кетеді. Әсіресе, суретшінің мәнерлі көзқарасына жарық түседі. Бұл біздің философиялық сұрақтарымыздың бірі.
Ш.С.Тұрғанбаева,
Өнертану ғылымдарының докторы, профессор.
■ Абайды Совет заманында салмаған суретшілер жоқ. Орысы болсын, еврей, армян, қазақ болсын майлы бояу немесе мүсін болсын салмаған суретшілер, мүсіншілер жоққа тән. Солардың бәрін жинап қойғанда, ал Тоққожаның Абайы ерекше, қазақтың исі шығып тұрады. Тонында, бет әлпетінде, қысқы даланың көрінісі қарапайым. Міне, ерекшелігі. Ал, оны ерекше болайын деп жазған жоқ. Табиғаттың өзіндік суретшілік берген, Алладан бұйырған қасиет. Миссиясын орындады.
Темірхан Ордабеков,
ҚР Мәдениет қайраткері, профессор