ТҮРКІ ҒҰЛАМАСЫ

ТҮРКІ ҒҰЛАМАСЫ

 Кезінде қазақ ғұламасы, түркі әлемінің ортақ перзенті Рахманқұл Бердібайдың қасиетті Түркістанға ерекше мәртебе беру жөнінде Мемлекет басшысына, билік тізгінін ұстағандарға әлденеше рет хат жазғанынан хабардар едік. Бұл марқұмның ізгі арманы болатын. Бәлкім жанына тыншу бермеген осы арманның аясында жүріп жасы жетпіске таяғанда Алматыдан киелі мекенде шаңырақ көтерген Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне келіп, ту тікті. Содан бері қаншама жылдар өтті... Осы киелі топырақта мәңгілік мекеніне аттанғанына да он екі жылдан асып барады. 

 Қалай десек те бір ақиқатқа көзіміз жетіп отыр. Армандар орындалады екен!... Биылғы жылы Түркістан қаласы үшін айрықша жыл болды. Өйткені Мемлекет басшысы «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Заңда еліміздің рухани, тарихи-мәдени, туристік орталығы және сәулет мұрасы ретіндегі Түркістан қаласының ерекше мәртебесі бекітілген. Халықтың қуанышында шек жоқ! Енді ғұлама ағамыз қабірінде аунап жатқан болар!...

 Сонымен қатар, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіңде академик Рахманқұл Бердібай атындағы аудитория ашылды. Осы орайда оқырмандар назарына Рахманқұл Бердібайдың ғылымдағы сара жолына тағы бір үңіле түссек дейміз.  

Тағылымы мол ғалым

Рахманқұл Бердібай – тағылымы мол, ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан ғалым. Оның жанкешті еңбексүйгіштігі мен табандылығы ғылыми шығармашылығының өзегіне айналды. Жарты ғасырдан астам уақыт бойы тынымсыз еңбек еткен ғалым әдебиет сыны, тарихы мен теориясы саласында мыңнан астам мақала жазып, қырыққа жуық кітап шығарды. Солардың ішінде «Әдебиет және өнер», «Қазақ прозасындағы замандас бейнесі», «Дәстүр тағылымы», «Қазақ тарихи романы», «Ғасырлар толғауы», «Қазақ эпосы», «Сарқылмас қазына», «Кәусар бұлақ», «Эпос – ел қазынасы», «Байкалдан Балқанға», «Ел боламыз десек» сияқты іргелі еңбектері қазақ ғылымының алтын қорынан ойып орын алады.

Рахманқұл Бердібайдың ғылымдағы табандылығы мен адалдығы, кеңес дәуірінің идеологиялық қысымына мойынсұнбаған батылдығы – оның ғалымдық болмысының басты ерекшелігі. Ол қандай кезеңде де ғылымдағы ақиқаттың ақ жолынан айнымай, ұлттық мүддені қорғады. Бұл қасиет оның алғашқы еңбектерінен-ақ анық байқалады. Мәселен, «Қазақ әдебиеті тарихының кейбір мәселелері» мен «Ең үлкен байлық» атты мақалаларында ғалым сол замандағы идеологиялық біржақтылыққа сын көзбен қарап, әдебиет мұраларын әділ бағалау қажеттігін көтереді.

Қуғын-сүргін саясаттың қатаң шеңберінде еркін ой айту үлкен тәуекел болғанын ескерсек, Рахманқұл Бердібайдың батыл пікір білдіруі – нағыз азаматтық пен күрескерліктің көрінісі еді. Ол: «Бір де бір азамат өз халқының мәдени мұрасына енжар қарай алмайды. Әсіресе, жазылып қалған тарихи деректері көп емес қазақ халқының жағдайында әдеби шығармалардың танытқыштық ролі аса зор», – деп жазған.

Ғалымның өмірдегі ақиқатқа сүйенген күрескерлік мінезі мен сөзі мен ісінің бірлігі өз замандастары мен кейінгі буын зерттеушілерге үлгі болды. Қазақ тілі мен әдебиетінің өзекті мәселелерін батыл көтерген мақалалары кезінде қоғамда үлкен пікірталас тудырып, ғылыми ойдың өрісін кеңейтті. Елуінші және алпысыншы жылдары қазақ жастары Рахманқұл Бердібайдың баспасөз беттерінен түспейтін өткір, ойлы мақалаларын оқып, тағылым алып өсті. Бұл – ұлт руханияты тарихындағы бұлтартпас ақиқат.

Жас ғалымдарға қанат берген хас ғалым

Рахманқұл Бердібай – жас ғалымдарға бағыт-бағдар беріп, талай дарынды қанаттандырған хас тұлға. Ақтөбе жерінен шыққан көптеген ақын-жазушылар мен зерттеушілердің ғылым мен әдебиетке келуіне, елге танылуына Рақаңның ерекше ықпалы болды. Оның сын-зерттеулері мен ғылыми пікірлері осыны айғақтайды.

Ғалымның сын мақалалары І.Мәмбетов, Т.Ахтанов, А.Жұбанов, Т.Жармағанбетов, Н.Байғанин сынды қаламгерлердің шығармашылығын талдап, олардың көркемдік ізденістерін бағалауға арналды. «Қаһарлы күндер шындығы», «Ғасырлар пернесі», «Сарқылмас қазына», «Боран туралы бірер сөз», «Ұлы жырау өнегесі» секілді мақалалары арқылы ол әдеби сынның биік үлгісін көрсетті. Бұл еңбектер – тек жеке авторларды танытумен шектелмей, тұтас өңірдің рухани келбетін айқындаған еңбектер еді.

Рахманқұл Бердібайдың ұлтжандылығы мен азаматтық ұстанымы оны кей кезеңдерде қиын сынға да ұшыратты. Елуінші жылдардың соңында ұлт мүддесін ашық қорғап сөйлегені үшін ол «ұлтшыл» атанып, «Қазақ әдебиеті» газетінің бөлім меңгерушісі қызметінен босатылып, партия қатарынан шығарылды. Бірақ ғалым рухы мұқалмай, ел мен тіл үшін күресін жалғастырды.

Профессор Бердібайдың бүкіл өмір жолының өзегі – ұлт мүддесі, елдік пен тәуелсіздік мұраттары. Ол осы идеяға адал болып, әдебиет пен ғылымды сол жолға арнады. 1973 жылы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының фольклор бөлімін басқаруға тағайындалғаннан кейін бұл салада жаңа серпіліс басталды. Бұған дейін бұл бөлімді М.Әуезов, Е.Ысмайылов, М.Ғабдуллин сияқты көрнекті ғалымдар басқарған еді. Р.Бердібай олардың дәстүрін жалғастырып қана қоймай, оны жаңа ғылыми деңгейге көтерді. Оның басшылығымен бөлім қызметкерлері заманауи методологияға негізделген ұжымдық еңбектер жазып, қазақ фольклористикасын жаңа арнаға бұрды.

Рахманқұл Бердібайдың еңбегі – тек ғылымның емес, тұтас ұлт руханиятының өркендеуіне арналған өмірлік миссия. Ол өсіп келе жатқан жас ғалымдарға шабыт беріп, ұлттық идеяны ғылым тілімен сөйлеткен ұлы ұстаз болды.

Рахманқұл Бердібай – фольклортанушы

Рахманқұл Бердібай – қазақ фольклортану ғылымының көшбасшысы, эпостану саласының негізін қалаушылардың бірі. Оның ғылыми ізденістері мен зерттеу еңбектері тек Қазақстан аясында ғана емес, күллі Орта Азия деңгейінде жаңа бағыттың бастауына айналды.

Мәселен, ғалымның «Қазақ фольклорының типологиясы», «Қазақ фольклорының тарихилығы», «Қазақ фольклорының поэтикасы», «Қазақтың архаикалық фольклоры», «Фольклор және оның этнографиялық негіздері» атты еңбектері тұңғыш рет жарық көріп, ғылымда жаңа белес ашты. Ал оның редакторлығымен жарық көрген «Қазақ фольклористикасының тарихы» (1988) атты ұжымдық еңбек қазақ фольклор ғылымындағы ірі жаңалықтардың бірі саналады. Бұл еңбегі үшін Р.Бердібай бастаған авторлар тобына Шоқан Уәлиханов атындағы бірінші дәрежелі сыйлық берілді.

Соңғы жарты ғасырға жуық уақыт ішінде ғалым белгілі фольклоршы әрі фольклортану ғылымын ұйымдастырушы ретінде кеңінен танылды. Ұжымдық еңбектерге жетекшілік ете жүріп, ол өз қолынан көптеген маңызды ғылыми зерттеулер шығарды. «Жыршылық дәстүр», «Сарқылмас қазына», «Аңыздан романға», «Кәусар бұлақ», «Эпос мұраты» сияқты монографиялары – Рахманқұл Бердібайдың терең білімін, жүйелі ғылыми көзқарасын дәлелдейтін еңбектер.

Ғалымның эпостану саласындағы ең ірі еңбектерінің бірі – «Эпос мұраты» (1997). Бұл зерттеуінде ол көне, қаһармандық, ғашықтық және тарихи эпостардың табиғатын жан-жақты талдап, эпос жанрының шығу тегі мен көркемдік ерекшеліктерін, жыршы-жыраулардың орындаушылық дәстүрін ғылыми тұрғыдан саралады. Сондай-ақ қазақ эпосының өзге елдердің эпикалық мұраларымен, әсіресе шығыс поэзиясымен байланысын салыстыра зерттеп, терең эрудициясын көрсетті.

Рахманқұл Бердібайдың еңбегі қазақ эпосымен шектелмейді. Ол қырғыз халқының әлемге әйгілі ұлы мұрасы – «Манас» жыры мен қазақ эпикалық дәстүрінің сабақтастығын арнайы зерттеп, «Адамзаттың Манасы» атты еңбегін жазды. Бұл зерттеу Шоқан Уәлиханов, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан секілді ғұламалардың «Манас» жайлы ізденістерінің заңды жалғасы болды. Ал осы еңбегі үшін ғалым қырғыз мемлекетінің ең жоғары марапаты – «Даңқ» орденімен марапатталды.

Рахманқұл Бердібайдың мұрасы – қазақ руханиятының баға жетпес қазынасы. Оның ғылыми табандылығы мен ұлттық көзқарасы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасар биік өнеге болып қала бермек.

Ғұлама ғалым Рахманқұл Бердібай көкені еске алғанда ол кісінің ініге деген айрықша ізетін айтпай кетуге болмайды. Таң ата үйден шығып, түс ауа өзбек ағайындардың арасында жүрген ғылым жолындағы күндерді еске түсірудің өзі қиямет-қайым. Сол жылдары «Кісідегінің кілті аспанда» деген сөздің мәнін терең ұғынғандай болдым. Рухани ұстазым – ғұлама көкемнің «әбден қажыдың-ау», «титықтап біттің-ау» дейтіні де осы жылдары. Үйдемін. Діңкелеп жүрмін. Рахманқұл көкенің үйіндегі күтуші қыз келді. – Көке, – деді иіліп тұрып, – сізді атам шақырып жатыр. Ол кісіге төбе көрсетпегелі біраз болған. Алаң көңілмен жетіп бардым. Дастархан басында екен. Жеңгеміз Бибізада шай құйып отыр. Сәлемнен соң жағдай сұрасып отырмыз. Көке сұрақ қояды, тартыншақтай отырып, жауап берген болатынмын. Жұмысымның ұшы-қиыры жоқтай, бітетін түрі көрінбейді. – Шаршаулы сияқтысың. Қажыма, – деді ғұлама жүзіме тіктей қарап. – Еңбектің зейнеті болады. Алға ұмтыл, жігеріңді жасытпа. Қазағың үшін қызмет етіп жүргеніңді бір минут та есіңнен шығарма! Ғұламаның кабинетінде отырмыз. Төрт қабырға сірескен кітап. Бір шетте Шыңғыс ханның билерінің бірі болған Саңғыл бидің суретші қолынан шыққан үлкен портреті көз тартады. Ғұлама көке сөйлеп отыр. Бұрын дәл осылай ашылып, ағыл-тегіл әңгіме айтқанын естіген емес едім. Жаныма жақын, еліктірер сөз маржандары матап тастағандай. Ғұлама көке айтады: «Біз өз тұсымызда ұлтсыздармен ымырасыз күрестік. Кейде ашық күрессек, кейде жасырын күрестік. Бірақ ымыраға келген жоқпыз... Мен аз жасаған жоқпын, байқағаным, түйгенім, көріп білгенім, өзінің туған ұлтына қарсы шыққандардың көгергенін көрген емеспін. Бәрі де азаппен, ит қорлықта өлді. Өздері ғана емес, ұрпақтары да азып-тозып, иттен қадірсіз боп қаңғып кетті. ...Қазіргі күні қоғамымызды ұлтсыздық жайлап барады. Өз ұлтына, өз ұлтының тіліне, дініне қарсы шығатын көзқамандар, мәңгүрттер көбейіп жатыр. Ұлтсыздармен аянбай, аямай күресу керек! Әділет те, Аруақ та, Құдай да біздің жақта!». Ғұлама «көзқамандар, мәңгүрттер көбейіп жатыр» деп көкірегі қарс айырыла күйінеді. Кезінде қазақ қоғамының мерезіне айналған көзқаман мен мәңгүрт ұғымдарының аражігін ашып, тайға таңба басқандай етіп берген ұлт зиялысы Рахманқұл көке еді ғой (Көзқамандар кімдер? // Қазақ әдебиеті. 1996. 30 сәуір). Ғұлама мәңгүрттік пен көзқамандық құбылыстарын былайша жіктейді: Мәңгүрттер дегеніміз жау қолында тұтқын болып,қорлық-зорлық атаулының бәрін көріп, миына жазылмастай зақым келген, қай елден шыққанын, кімнен туғанын білмейтін, тек кеудесінде жаны бар, ішіп-жеуге, қарадүрсін жұмыстарды атқаруға ғана қабілетті аянышты пенделер екен. Олар – алыс пен жақынды ажырата алмайды, өз анасын дұшпан санап атып та жібере салады. Жадында ешнәрсені сақтай алмайтын мұндайлар миғұла, мәңгүрт деп аталады. «Ал көзқамандар ақыл-есі ауысқандар емес, – деп, нақтылай түседі академик. – Бұлар мектеп, университет бітірген, жоғары лауазымды қызмет атқарғандар болуы да әбден мүмкін. Кейбіреулері талай елдердің тарихы мен философиясын жатқа айтып, жаңғақша шағып беретіндер, әділдік, адам құқы, өркениет, достық, ынтымақ, бейбітшілік секілді сөздерді судай сапыратындар... Бірақ бұлардың жазылмайтын немесе ұзақ емдеуді керек ететін ауруы – туған халқының дәстүрін танып-білуге салғырттығы, сөз жүзінде отаншыл болып көрініп, былай шыға бере елдің хас жауларымен тіл тауып, халықтың түпкілікті мүддесін сатып жіберетіндігі, ең жаманы – жұртының қадір тұтқан қымбаттарын, тәуелсіздігімізді тәрк етуді көздеп отырғандармен ауыз жаласып, соларға арқа тіреп, намысымызды таптап кететіндігі. Мәңгүрттер есінен айырылған міскіндер болса, көзқамандар – елдігімізге саналы түрде қарсы шығатын қаскүнемдер...». Қазақ зиялылырының маңызды міндеттерінің бірі өз арамызда жүрген, ұлт мұратын қиып жіберетін, елге опасыздығына ұялмай, қайта өздерін озық өркениет жанашырлары деп қарайтын осындай көзқамандармен аяусыз күрес жүргізу болып табылады. Ұлт алдындағы бұл асқақ парызды кезінде жүрегі қазағым деп соққан Рахманқұл көке мүлтіксіз орындады. Бұл күнге дейін көзқамандар жалпы алғанда орыс зиялыларының, орыс шовинистерінің артына жасырынып әрекет етіп келгені қазір айқын байқалып отыр. Сонымен қатар мұндайлар өзгені былай қойып өздерінің туған әкелері мен аталарының арман-мүддесін мансұқ етуден тайынбайтындығын да айтпасқа болмайды. Кезінде Қазақ ғұламасы Рахманқұл Бердібайдың азаматтық тұрғыда пайымдауынша, егер қазір Конституция мен Тіл туралы заң талабына сәйкес мемлекеттік қызмет орындарында, жергілікті орындарда, кеңселерде істі міндетті түрде екі тілде жүргізу талабы қойылса, басшылар міндетті түрде қазақ тілін білуге тиіс болса, мұнан орыс тілді жұртшылық ешқандай зиян көре қоймайды. Өйткені, қазақ тілін білу талабы барлық азаматтарға бірдей қойылмайды. Мемлекеттік құрылымдардан тыс жерлерде – бизнесте, кәсіпкерлікте, өзге де меншік салаларында қай тілде жұмыс істеп, қай тілде өмір сүруі Конституцияда толық қамтамасыз етілген. Ал мұнан нақ осы көзқаман болып жүрген, қазақтың ат төбеліндей ана тілінен мансұқ өскен «білімпаздары» ғана зардап шегетіні өзінен-өзі түсінікті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында көзқамандар әрекеті, тіпті, Ресейдің империялық пиғылдағы саясаткерлерімен, шовинистерімен тізе қоса жымысқылық жасауға ұласып отырғанына дәлелдер жеткілікті болды. Дәл осы көзқамандар дегенің Қазақстан Республикасы мемлекетінің тәуелсіздігін тәрк етіп, қазақ жерін Ресейдің бір бөлшегіне айналдыру мақсатын көздейтіні құпия болудан қалды. Кезінде ғұлама көкеміз қазақ көзқамандарының шын бет-бейнесін осылайша әшкерелей білді. Сол күні ғұлама көкемен түн ауғанша отырдық. Ұлт мүддесі тұрғысында академиктің делебесі қозып, әй бір ағыл-тегіл ақтарылды дейсіз. Кеш бата дастархан жайылып, Бибізада жеңгеміздің палауына да бас қойғанымыз бар. – Түркістанда сұхбаттасып отыратын адамым да жоқ, – деді ғұлам қамығыңқырап. – Жиі келіп тұрсайшы. Сәл үнсіз отырдық. – Зада, Зада, – деді көкеміз дауыстап, – менің әмиянымды әкелші. Кербез жеңгеміз күлімсірей келіп, көкеге қара әмиян ұстатты. – Өзіңді шақыртқан себебім де осы еді. Ұмытып барады екенмін ғой, – деді жымиып. – Кәрілік қой. Қолыма бір уыс теңге ұстатты. Санаған да жоқ. – Оу, көке, мұныңыз не? – деп азар да безер болдым. – Енді сен мені тыңда, Жиделі Байсын! – деген ғұлама қатулана бастады. – Қаржыдан қаншалықты қиналып жүргеніңді білмейді ғой деймісің. Бір аяғың Түркістанда, бір аяғың Ташкентте. Докторлық қорғау жолында азып-тозып жүрсің. Сүйенерің де жоқ. Жалғызілікті азаматсың. Кезінде әділет жолында басшылықпен бітіспес майдан ашып, басыңды құрбандыққа да тіктің. Жаныңдағылар басшылықтың қысымынан қорқып, сатып кетсе де қайыспадың, сынбадың, әділ сотта жеңіп шықтың. ... Алланың мейірімі түскен болар, бес-алты ай қуғын көріп, әйтеуір аман қалдың. Аққа құдай да жақ қой. ...Мынаны алмасаң, мен ренжимін! Айтарға уәж қалмады. Пендешілік қой, бір жағынан шүкіршілік те еттім. Сыртқа шыққан соң қарасам, елу мың теңге! Бұл дегеніңіз тарығып жүрген мен үшін үлкен дүние болатын. ... Сонымен, араға алты жыл салып, он екінші жылдың жиырма тоғызыншы наурызында Мирзо Улугбек атындағы Өзбекстан Ұлттық университетінің филология факультеті жанындағы докторлық диссертациялық кеңесінде 10.01.10 – журналистика саласы бойынша жұмысымды сәтті қорғадым. 

Диссертациялық құжаттарды дайындау оңай шаруа емес екен. Оншақты күнде ретке келтіріп, елге жеттім. Рухани ұстазым, ғұлама көкенің шаңырағына қадам бастым. – Көкеңнен айырылып қалдық қой, сақтай алмадым ғой, – деген Бибізада жеңгеміз мені құшақтап, ұзақ егілді. Не дейін. Егіліп отырмыз. – Бір күн бұрын сенің авторефератың қолынан түскен жоқ, – деді Зада ана сырын ақтарып. – Соңғы кезде дәл соншалықты қуанғанын көрген емеспін. Сені аузынан тастамай қайта-қайта айтумен болды. Соңғы демін алғанда сенің авторефератың жанында жатты... Ғұлама көкем-ай! Қуанышпен көз жұмған екенсің-ау! Өзіңді ақырет сапары алдында осыншалықты шаттыққа бөлеген мен сірә да бақытты шығармын!... 

Артыңызда қалған сөз-мұра: 50 кітапта, 1500-ден астам мақалада ұлттық сананы жаңғыртар ұлы мұрат бар екені енді мойындалды. Тыңдап көрелік: «Тағдыр оған өзгеше ұлтшылдық мінез, қажымас қайрат, өжеттік, кең дарын дарытқан. Ол сыншылдық, ғалымдық, ұстаздық, публицистік еңбектерінің бәрінде де ұлтына, қазағына қызмет етті. Өткен ғасырдың 50-жылдары «жылымық» саясатын пайдаланып, «Қазақ әдебиетінің» бетінде ойын кернеп жүрген ұлт дәстүрі мен оны жаңғырту жөніндегі идеяларын ашық айтқан сол еді. Ол біздің дәуіріміздің бірінші ұлтшылы атанды. Біреулер оны «Ахмет идеяларын жаңғыртушы» деп жазды. Сол үшін таяқ та жеді. Бірақ, ол бұл ойларынан ешқашан бас тартқан емес». 

Өмірзақ Айтбаев, академик: «Рахманқұл Бердібаев. ... Бұл есім берісі қазаққа, арысы Алаш пен Түркі әлеміне кеңінен мәлім. Ол, шынында бір дәуірдің ұмытылмас тұлғаларының біріне айналған ерекше жан еді. Оның әдебиетшілдігін былай қойғанда, ұлт мәдениетінің күмбезін көтеріскен ерен еңбегі өз алдына бір дастан. Халқының қамын жеген, жоғын іздескен заңғарлардың үйірінен болатын. Рахманқұл Бердібаев ізденген сайын туған халқының тарихына тереңдеп, түп тамырына ойлап, ой әлемін шарлайтын. Қазақ халқының көне дәуірден келе жатқан мәдениеті, жазу-сызуы болған ел екенін өмір бойы дәлелдеумен өтті. Рахаңның жасы ұлғайған шағында Алматыдағы жайлы қонысын тастап, бүкіл түркі әлемінің мәдени, рухани астанасы іспетті киелі Түркістанға қоныс аударуының өзінде осындай текті сезім мен ұлы тарихқа деген сенім қуаты жатқандай еді». Дулат Исабеков, Қазақстанның Халық жазушысы: Өзіңізбен бір сәт дидарласып отырудың өзі қандай ғанибет еді! Дастархан басында өзімізді аузы дуалы, батагөй әулиенің жанында отырғандай сезінетінбіз. Ашаң жүзіңізден мейірім төгіліп, жаймашуақ жаныңыз нұр шашып тұрар еді. Кей-кейде әлдекімнің шалағайлығына жаныңызды қоярға жер таппай, шарт кетер сәттеріңіз де болатын. Шамалы жетістігіміздің өзіне шын қуана білетінсіз. Балаша қуанатынсыз. Мұны өз басымыздан өткізіп, өз көзімізбен көрдік те... «Рахманқұл Бердібаев тек қазақ халқына ғана емес, жалпы түркі әлеміне ортақ ғұлама ғалымдардың бірі еді. ... Қазақ ауыз әдебиетін жалпы түркілік негізде зерттей отырып, түркі әлеміне ортақ қазына саналатын ұшан-теңіз мол мұраның түпқазығы қазақ елі екенін бар әлемге танытып кетті. Өзінің мінез-құлқы қандай сырбаз болса, зерттеу еңбектері де табиғатына сай жоғары мәдениеттілікті баршамызға мәлімдете білді. Ұлылардың соңғы бәйтерегі құлады». 

Сейдулла Садықов,

ҚР Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының кеңесшісі, профессор